Министр Омаров шошқаның айналасынан шықпай жүр

Қазақты дағдарыстан доңыз құтқара ма?

Қарлығаш Зарыққанқызы

15.12.2020, 09:47

4768

      Күні кеше халықаралық сарапшылар «агросаясаты мығым елдер пандемия жағдайында да, қара алтынның құны түсіп жатқан сәтте де мызғымайды» деген байлам айтты.  Білікті сарапшылардың бұлай деп сөз саптағанына біз қуандық. Өйткені Қазақстан аграрлы мемлекет емес пе?!

    Жалпы, біз осы уақытқа дейін агросаясатымызда экспорт көлемін ұлғайтып, одан пайда көру мақсатында бірқатар шараларды атқардық. Агроөндірісті қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылдадық, жобаларды жасадық, «ауылдың экономикалық әлеуетін арттырамыз» деп, «Ауыл жылын» жарияладық. Ауыл шаруаларына субсидия, дотация бөлу  жағын халықаралық талапқа сай еттік. Не керек, үкімет агроөнімдерімізді бәсекеге қабілетті етудің барлық шараларын қарастырып-ақ жатыр. Бірақ, сала мамандарының байыптауынша, біздің осы бағытта ұстанған  агросаясатымызда кемшін тұстар жетіп-артылады. Ал мұндай кемшіліктермен біз тығырықтан шыға аламыз ба?!  Қазіргі ұстанған бағытпен бізді дағдарыстан ауыл шаруашылығы саласы алып шыға ала ма?!

                         Дүбәра саясатты халық ұқпай жүр

      Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов бізге берген сұхбатында былай деген болатын:

— Бізде әр министр келген сайын бір реформа ұсынып, ауыл халқын дүбәра етті. Мысалы, Асылжан Мамытбековтің кезінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы қолға алынды. Қазір ол бағдарламаның өзі қайда, нәтижесі қайда?! Бұдан соң жайылымдық жер мәселесі көтерілді. Мал шаруашылығын, оның ішінде мал суғаруды жетілдіру үшін 4000-ға жуық құдық қазу қолға алынды. Нәтижесінде құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдық қазғызып, ақыры мемлекеттен оның қайтарымды ақшасын ала алмай зар болды. Бұдан соң министр Асқар Мырзахметов келгенде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басын біріктіру саясатын ұстанды. Жақсы ұстаным болатын. Республика бойынша 467 кооператив құрылып, олар 220 сүт қабылдау  және  103 мал сою пункттерінің, оған қоса, 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңдарының басын қоспақшы болды. Оның қорытындысы бойынша 135 мың жеке үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтары жұмыспен қамтылатын болған. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Осындай реформалардың ауыса беретіні ауыл халқын әрі-сәрі етті. Шындап келгенде, ауылдағы жұртшылық біздің агросаясатты ұқпай жүр.

                           Омаров  олқылығын біле ме?

       Ал енді қазіргі министр Сапархан Омаровтың ұстанған бағыты көңіл көншіте ме? Бұған қатыстымамандар алға тартып отырғандай, біздің қазіргі агросаясаттағы басты ұстаным ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеу болуы керек еді.  Ол үшін экспортқа ұн, ет, құс етін, көкөністерді ғана шығара бермеуіміз керек. Бұл арада бұқтырылған ет, кепкен шұжық, қазы-қарта, консервіленген сиыр еті, қаймақ, айран, құрт, ірімшік тәрізді өнімдерді экспорттауды үйренетін кез жетті. Өкінішке қарай, Омаров бастаған министрлік бұл істі толық оңтайлы жолға қойды деп айта алмаймыз.

      «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Меруерт Молдабаева бұл мәселе төңірегінде былай дейді:

     – Біз экспортқа агроөнім түрлерінен ұн, ет, союға жарамды мал басын көптеп шығарамыз. Қатық, құрт, қазы, қарта, қымыз, айран, шұбат деген өнімдерді молынан экспортқа шығара алмай жүрміз. Бұған себеп – мемлекеттік қолдау кем. Мысалы, жылқы өнімдерін өндіретін мемлекеттік шағын кластерлер құрылса, ол жерде жылқының еті мен қымызынан бастап, қазы-қарта, жал-жаясына дейін өңделіп, содан кейін ол өнімдер экспортқа жол тартса жақсы емес пе?!  Жылқы шаруашылығы аса бап тал­­ға­май­ды. Қысы-жазы бірдей үйірімен жайылады. Әри­­не, се­лек­циялық жұмыстар жүргізілуі қажет, қосымша жем керек. Бір­ақ қай кезде болсын адам денсаулы­ғына жылқы еті сиыр етінен екі есе пайдалы. Оның үстіне біздегі жыл­қы етінің сапасы әлемдік тұрғыда жоғары екені ғы­лыми дәлелденген. Сөйте тұра, бізде жылқы шар­уа­шылығына назар аударыл­май­ды. Елімізде ірі қара ма­лына, тіпті шошқа өсіруге де көмек бөлініп жатыр, ал жылқы шаруашы­лығы кенжелеп тұр. Сондық­тан қарап отыр­май, жылқы шаруашылығын же­дел­детіп дамыту бағ­дар­ламасын жасау қажет. Бұл мүмкіндікті орынды пайда­лануға қол ұшын тигізеді.

                 Министрліктің жылқыға көңілі ауа ма?

       Абзалында, «бағдарлама өз алдына, алдымен асылтұқымды жылқы малын өсірушілерге жағдай жасау қажет» дескен мамандар біздің елімізде  дүниежүзінде жоқ етті, қымызды мұғалжар тұқымы бар екенін, Алтай өңірінде, Өскемен жақта қабы жылқысы барын, министрлікке болашақта  осы мүмкіндіктерді толық пайдалану қажеттігін алға тартты.  Бұл ретте мал шаруашылығы ғылымының докторы Жангелді Мақұлжанов: «Адай жылқысы – түрікмен жыл­қы­сының айғырын қазақ биелеріне сала отырып шығарылған мықты жылқы. Оның атап өтетін ерекше қасиеті – теңіз суын іше­тіні. Жер жүзінде тұзды суды ішетін бірде-бір мал жоқ. Ал бізде бар. Олардың тұқым беру ерекшелігі ескерусіз қалмауы керек. Егер біз елімізде асылтұқымды жылқы өсіруге мән берсек, шеттен мал етін тасып әуре болмайтын едік. Сондай-ақ отандық кәсіп иелерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгені жөн», – деді.

                   Жылқыда жоқ, ал  шошқада мәртебе күшті

       Елімізде жылқы шаруашылығына қатысты соңғы кездері шешілмей жүрген тағы бір өзекті мәселенің бірі – бұл осы саланы зерттеуге қатысты жеке институттардың болмауы екенін мамандар ашық айтып отыр.

    – Елімізде жемшөп институты, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы институттары бар. Бірақ жылқы шаруашылығын зерттеуге қатысты жекелеген институт бұйырмаған. Жылқы шаруашылығын зерттеу сол мал шаруа­шылығы институттарының еншісінде бол­ғанымен, бүгінде бұл саланың кө­леңкеде қалып қойғаны рас. Жылқы шаруашылығымен жекелеген кәсіп иелері айналысып, өздігімен бұл салаға жан бітірген болып жүр. Бірақ бұл сала мем­лекеттік қолдауды қажетсінеді. Сондықтан жылқы шаруашы­лығын зерттейтін арнайы орталықтар ашылуы керек. Қазір әлемдік тұрғыда жылқы етіне сұраныс артып барады. Ал біз ішкі сұранысты толық қамти алмай отырмыз. Сондықтан тиісті орындар осы мәселеге назар аударса… – дейді ғалым Жанкелді Мақұлжанов.

       Мамандар осылай дегенімен, биыл жазда еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің «доңыз өсірген озар» дегендей, Айды аспанға шығарған қадамға барғанын біз білеміз. Бұл бастама қоғамда қызу талқыланған болатын. Мысалы, «Субсидиялау бағыттары мен нормативтері» деген құжатта 2020 жылы асылтұқымды бір шошқаның субсидия құны 140 мың теңге екен. Шошқаларды селекциялауға 40 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, ақпан айында  ауыл шаруашылығы министрлігі  «алдағы алты жылда 26 шошқа шаруашылығы ашылады, жылына 50 мың тоннаға дейін ет беретін кешендердің жанынан доңыз тұқымын асылдандыру мен сұрыптайтын арнайы орталықтар құрылады» деген деректі де келтірген. Жалпы, шошқаны өсіруге қатысты әңгіме мұнымен бітпейді. Мәжіліс депутаттары агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-21 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын сынға алған. Сондағы дерек бойынша  құжатта асылтұқымды шошқа сатып алуды субсидиялауды 16,5 миллион теңгеден 315 миллион теңгеге дейін көбейткені, ал асылтұқымды  жылқы сатып алуды субсидиялауды 387 миллион теңгеден 126 миллион теңгеге дейін азайтқаны айтылған.

       Негізінен, ойлап қарасақ, халқымыздың 43 пайызы ауылдық жерлерде, нағыз қазақи ортада тұрады.  Ал сол қазақы ортаға барып, қазақ баласы дәмін де татпайтын, тіпті жағымсыз иісінен жиіркенетін «талпақ танауды өсір» деп идея тастау дәстүр, дінімізге де жат нәрсе емес пе?! Осыны ойламастан біздің министрлік біраздан бері шошқаның айналасынан шыға алмай жүр. Тіпті министрлік 2018-27 жылдарға арналған даму жоспарын да  құрып тастады.  Онда шошқа өсіру технологиясын екі есе көбейту көзделген.  Бұған қоса, министр Сапархан Омаров 2025 жылы шошқа етінің экспортын 43 пайызға арттыру жоспарда барын да мәлімдеді. Сонда, бұл министрлік бізді дағдарыстан доңыз құтқарады деп ойлап жүр ме?! Неге министр ауыл шаруашылығына қатысты ең соңғы дайын өнім өндіру, шағын кластерлер құру, асылтұқымды қазақи мал өсіру, ежелгі қазақы мал басын сақтап қалу тәрізді жайттарға жақсылап басын ауыртпайды? Әлде Омаров «Шошқаға ерген балшыққа аунар» деген қазақтың сөзін естімеді ме екен?!

Тегтер: ауыл жоба жоспар бағыт бағдарлама маман кадр

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31