Минусқа кеттік: Досаев пен Дәленов сауатты жоспар құра ала ма?

Қарлығаш Зарыққанқызы

08.12.2020, 09:14

2384

      Экономист-сарапшылардың пайымдауынша, келер жыл Қазақстан үшін күтпеген экономикалық сценарийлерге толы болады. Алдағы уақытта Ұлттық банкке және ұлттық экономика министрлігіне экономиканы тұйықтан шығару үшін тың идеялармен жұмыс істеуге тура келеді. Сала мамандарының айтуынша, тіпті биылдың  өзінде экономикамыз деміге бастаған.  Мысалы, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша сауда балансының профициті 7,8 миллиард доллар болды. Ал былтыр дәл осы көрсеткіш 14,1 миллиард доллар болғанын ұмытпауымыз керек. Бір жылдың ішінде оң баланс екі есе азайған.  Соңғы төрт айдың өзінде ғана  сауда балансы 2,1 миллиард доллар минусқа кетті. Бұдан бөлек, биыл жылдық инфляция көрсеткіші 7 пайыз болды. Ресми статистика солай дегенімен, сарапшылар «шындап келгенде инфляция 15 пайыздан асып кетті» дейді. ЖІӨ биыл 3 пайызға азайды. Келер жылы да жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызға төмендейтіні болжанып отыр. Осындай деректерді алға тартқан мамандар «бізге нақ қазір экономиканы тығырықтан шығару үшін Ұлттық банкті басқарып отырған Досаев пен ұлттық экономика министрі  Дәленовке үлкен жауапкершілік жүктелуі керек» дейді.

      

                     Неге екеуі, қалғандары не істейді?!

       Негізінен, экономист-сарапшылардың пайымынша, дамушы елдерде нақ осы екі саланың басында отырған менеджерлер өте сауатты болып келеді. Армения, Албания, Үндістан тәрізді мемлекеттерде орталық банктер мен ұлттық экономика саласын басқаратын азаматтар әбден електен өткізіліп, олардың сауаттылығы, стратегиялық жоспар құрудағы ой-өрісінің кеңдігі, логикасы, жағдайды алдын ала болжай алуы қатты тексеріледі. Ал біздегі жағдайға қатысты пікір білдіргенэкономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, біз осы уақытқа дейін «Қазақстандағы банк жүйесі ТМД көлеміндегі ең озық жүйемен дамып келеді» дегенге сеніп келіппіз. Айналып келгенде, жағдай тіптен басқаша екен. Қазақстанда әлі де болса сауатты банк секторы қалыптаспаған. Әу бастан банк жүйесін ұлттық экономикаға бейімдеп барып құруымыз керек еді. Біздің ұлттық экономиканың негізі мұнай мен газдан бөлек, агросектор екенін үнемі айтып жүрміз. Бірақ нақ осы агросаланы дамытуға келгенде, ауылға қаржы бөлуге келгенде асықпаймыз. 

    – Егер біз осы уақытқа дейін банктер арқылы ауылға арзан несие апарып, ауылдың экономикалық әлеуетін көтеріп алғанымызда сырттан келетін қарызға тәуелді болып отырмас едік. Елдегі банк жүйесі шетелдің арзан несиесімен қоректенуге тым бейім болып алды. Ескергенге бұл өте қауіпті дүние. Банк жүйесін өркендету үшін біз алдымен осы қауіптен арылғанымыз жөн. Ұлттық банк, яғни елдегі бас банк  осы жағдайды ұғынуы керек еді, – дейді.

                                      Неден қателестік?

       Ал қаржыгер Арман Мусиннің байыптауынша, Ұлттық банк пен ұлттық экономика министрлігі бірлесіп экономиканы зерттеп, зерделеп, жұмыс істеуі қажет. Өкінішке қарай, бізде банк пен өндіріс арасында байланыс жоқ. Банктер отандық өндіріске дем беруді, оларға арзан несиемен қаржы бөлуді дұрыс жүйеге қоя алған жоқ.

      – Негізінде, Ұлттық банк саласы, ұлттық экономика министрлігі экономиканың «күретамыры» болуы керек. Бұл салада отырған мамандар жанығып, жанталасып, үкіметке тың идеялар ұсынып, тығырықтан шығудың барлық амалдарын қарастыруы тиіс. Ұлттық банкке кейде тіпті екінші деңгейлі банктердің өздері бағынбай кетеді. Кезінде банктерді жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Жіберген негізгі қателіктің бірі осы болды. Тәуелсіздік алған тұстары  банк жүйесін жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойлану керек еді. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Біз осы қаржылық құралды тым еркінсітіп жібердік. Мемлекеттік бақылауды азайтып алдық. Мұндайда екінші деңгейлі банктер Ұлттық банкті тыңдай ма?! Сондықтан болашақта осы мәселелерді бірінші реттеу керек. Банктерге мемлекеттік бақылауды күшейту қажет, – дейді Арман Мусин.

                              «Дядя Джо» бізге неге қауіпті?

       Жалпы, мамандар болжап отырғандай, келер жылы банктердің бабы келіспей бір қинаса,  мұнайдың арзандауы, қытайвирустың салдары да бізді біраз абдыратады.  Бұдан бөлек, Джо Байденнің АҚШ-тың 46-шы президенті болуы да Қазақстанға жақсы ықпал етпей қоймайды.  

     – Саясат әлемінде «Дядя Джо» атанып кеткен Байден төрт жылдың ішінде жасыл энергетикаға 2 триллион доллар жұмсамақ. Бұл, жалпы, мұнай индустриясына соққы болып тиеді, онымен бірге жел энергетикасы екпінді дамуға көшеді. АҚШ осылайша мұнайлы экономикадан кеткелі отыр.  Егер АҚШ мұнай  нарығынан кете бастаса, әлемдегі мұнай нарығында тағы да бағалар құлдырауы басталуы мүмкін. Бұл пандемия салдарынан локдаунға ұшырап, есеңгіреп отырған елдерге, соның ішінде Қазақстанға да ауыр соққы болып тиеді. Сондықтан болашақта үкіметтегілер, әсіресе Дәленов бастаған ұлттық экономика министрлігі осы жайтқа байланысты тың реформаға кірісуі керек, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

    

                  Ресейдің жайы да көңіл күйімізді бұзады

       АҚШ-тан бөлек, Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты  болғаннан кейін теріскейдегі көрші валютасының арзандауы да бізге өз әсерін тигізбей қоймайды.  Ресейде қазір рубль де, мемлекеттік облигациялар да құнсызданып бара жатыр. Бюджет шығынын жабу үшін және түрлі ірі жобаларды қаржыландыру үшін шығарылатындықтан, мұндай облигациялардың құнсыздануы Ресейге оңай болмайды. Аталмыш құнды қағаздардың, акциялардың құнсыздануын сақтап тұру үшін Ресей болашақта алтын-валюта қорынан қосымша қаржы ала бастайды. Ал алтын-валюта қорынан қаржы алу рубльдің құнын түсіреді. Ал рубльдің құнсыздануы Қазақстан үшін жақсы нышан емес.

 

                                 Қытай ол ойландырып тұр…

       Негізінен, Қытайдың ұлттық валютасы да биыл пандемия басталғалы бері 3,3 пайызға дейін құнын жоғалтты. Бұдан бөлек, кезінде АҚШ-тың экс-президенті Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы теңгерімін қалыптастыру үшін Америкаға енетін Қытай тауарларына ауыр салық салуды  жөн көрген-ді. Міне, осыдан бастап юань әлсірей бастады.  Ал мұндай жағдайда «бұл экономикалық соғыстың бізге әсері тимейді» деуге тағы болмайды.  Болашақта АҚШ Қытайға деген экономикалық көзқарасын өзгерте қоймаса, Қытайдың ұлттық валютасы тәжтажалдың алқымнан алуы мен АҚШ көрсетіп отырған экономикалық қысымнан құнсыздана береді. Бұл жағдай да ұлттық экономика министрлігін, үкіметті  ойлантуы тиіс. Өйткені Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс күннен-күнге нығайып келеді. Қытай елінен Қазақстанға күнделікті қаншама тауар импортталады, Қазақстан да тауар экспорттап отыр. Біздің нарықтың басым бөлігін Қытай тауарлары алып жатыр. «Мұндай жағдайда бұл қаржылық ахуалдың бізге тікелей әсері болады» дейді қаржыгерлер.

           Түйін

     Міне, осындай жайттарды тізбелеген сала мамандары алдағы уақытта үкіметтің барлық мүшелері әбжіл қимылдауы керегін алға тартты. Ал бірі экономиканы, енді біреуі бас банкті ұстап отырған Дәленов пен Досаевқа қатысты айтар болсақ, былай қарасаң, екеуі де тығырықтан «сытылып» шығудың жолын білетін менеджерлер. Мысалы, Досаев кезінде денсаулық, энергетика, қаржы, сауда, ұлттық экономика министрліктерін басқарды. Бейне бір барлық салаға жүйрік «сегіз қырлы, бір сырлы», ысылған дерсің.   Бірақ сол ұлттық экономика министрі болған тұста Жер кодексіне енгізілген төрт тармақты (оның бірі: жерді жалға беру – авт.)  халыққа дұрыс түсіндіре алмай, мұның арты үлкен шуға ұласып, халықтың наразылығы күшейіп, ізінше Досаев орынтағымен қоштасқан болатын. Ал ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің мінез-құлқы мен ісіне қатысты халық оны «базарком» және «жылыжай министрі» деп атап кетті. Себебі министр міндетіне кіріскелі бері Дәленов астаналық базарлардағы қияр мен қызанақтың, азық-түліктің бағасын тепе-тең ұстаумен қатты әуестеніп жүр. Бірақ оған көне қоятын баға қайда?! Базардағы баға министр келгенде түседі, ол базардан шыққаннан кейін көтеріліп сала береді. Экономика да солай –  бірде түседі, бірде көтеріледі. Бірақ экономикаға келгенде базардағы  саясатты емес, сауатты бағыттарды ерекше назарда ұстану керек екені даусыз.

Тегтер: экономика болжам пайым нарық халық ұлттық экономика Ұлттық банк

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:05
Үкіметке реформа ұсыну – бюджеттен ақша «сындыру»
Сайт әкімшілігі 25.10.2021, 15:45
Қазақстанда базалық мөлшерлеме бір жылда үшінші мәрте өсті
Нұрай РАХЫМ 20.10.2021, 10:19
Жаңа кен орындары игерілмек
Еңлік АБАҒАН 20.10.2021, 09:12
Ауғанстанға астық беру – пиар
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 19.10.2021, 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.10.2021, 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01