Монополист тұтынушыларға 2,3 млрд теңге қарыз

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

16.06.2022, 11:20

2115

Қара халықты теспей сорып отырған «ҚазТрансГазАймақтың» жергілікті филиалы бір жарым жылда бұқарадан негізсіз 2,3 млрд теңге жинап алыпты. Енді халықтан жиған сол қаржыны қайтарғысы жоқ. Көмейі кең монополистің қымбатшылықтың зардабын тартып отырған жергілікті жұрттың күйіне марғау қарайтыны осыдан-ақ белгілі болды.

Мәселенің мәнісін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Мирас Зеріпбаев былайша тарқатады.

–  2019 жылы «ҚазТрансГазАймақ» газ тасымалдау үшін жаңа тарифті бекітуге өтінім берді. Олар тарифті алдыңғы тарифтен 2,5 есеге артық бекітуді сұрады. Яғни газ тасымалдау құнын 1000 текше метр газ үшін 9 мың теңгеден 22,6 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Осыған байланысты қоғамдық тыңдаулар өтті. Нәтижесінде, мүдделі тараптардың айтылған пікірлерін ескере отырып, газшылар берген құжаттарды талдағаннан кейін 2020-2025 жылдарға арналған жаңа тарифті бекіту туралы шешім қабылдадық, онда 1000 текше метр газды тасымалдау үшін 5,9 мың теңге, сол кездегі қолданыстағы тарифтен 34,6%-ке төмен түсірдік. Олар департаменттің бұйрығымен келіспей сотқа жүгінді, алайда барлық инстанцияларда жеңіліп қалды, – деді М.Зеріпбаев.

Алайда былтырғы жылдық тексеру барысында газшылар тұрғындардан 9 мың теңгеден, ескі тариф бойынша ақша жинағаны анықталды. Осылайша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін «ҚазТрансГазАймақтың» филиалы 1,4 млрд теңге тұрғындардан артық қаржы жинап алған.

«Былтыр ТМРД прокуратурамен бірлесіп, ҚТГА филиалына тексеру жүргізді. Біздің мамандар 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бекітілген тарифтердің қолданылмағанын анықтады. Газшылардың негізсіз табысының сомасы 902,6 млн теңгені құрады. Осылайша, алдыңғы жылғысымен филиал бір жарым жыл ішінде халықтан 2,3 млрд теңге жинаған», – деді департамент басшысы.

2020 жылғы 1,4 млрд теңге заңсыз жиналған қаржыны Табиғи монополияларды реттеу департаменті газ саласы өкілдеріне тарифті төмендетіп, тұтынушыларға негізсіз жиналған кірісті қайтару үшін уақытша өтемдік тариф енгізу туралы бұйрық шығарады. Алайда газ таратушылар ақшаны қайтармаудың амалымен бұйрықты жою үшін қайтадан сотқа жүгінеді.

«Біз алғашқы екі инстанцияны жеңіп алдық. ҚТГА кассация берді. Қазір іс Жоғарғы сотта қаралуда. 902,6 млн теңгеден біз заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығардық. Газ тасымалдау тарифін ҚҚС-сыз 1000 текше үшін 3,3 мың теңгеге дейін 2021 жылғы 1 тамыздан бастап 2022 жылғы 31 шілдеге дейін 1 жыл мерзімге төмендету туралы бұйрық шығарылды. Бірақ «ҚазТрансГазАймақ» мұнда да сотқа жүгінді. Бірінші инстанцияда біз ұтылдық, екінші инстанцияны жеңдік. Енді Жоғарғы соттың шешімін күтеміз», –  дейді ТМРД басшысы.

Енді 1 шілдеден бастап газдың шекті көтерме бағасы өседі. Яғни үкіметтің 180 күндік мараторий аяқталады. Егерде газ тасымалдау құны өссе, жылу, су, электр қызметтерінің құны да қоса өспек.

– Егер Жоғарғы соттың шешімі біздің пайдамызға шешілсе, 2,3 млрд теңге газ тасымалдау тарифтерін төмендету арқылы тұтынушыларға қайтарылуы тиіс. Бірақ Энергетика министрінің 2022 жылғы 14 мамырдағы бұйрығына сәйкес – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап, Қазақстанның ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы өсетінін атап өту қажет. Қызылорда облысында 1000 текше метр газ үшін бүгінде шекті баға 9194 теңгені құрайды. Дегенмен газ бағасы өссе де, тұтынушыларға ауыр соққы болмайды. Ал біз филиалдың тұтынушылардан алған негізсіз кірісін қайтару үшін күресе береміз, – дейді М.Зеріпбаев.

Айтпақшы, бірінші кассация туралы шешім үш айдан кейін, екіншісі алты айдан кейін шығарылады. Сот ісінің қалай аяқталатыны күзге қарай белгілі болады.

Егерде Жоғары сот департаментті монополиске жығып бермесе елдегі ағайынның ықыласы ерекше болар еді. Өйткені қымбатшылықтың құрсауындағы қара халық онсыз да ілдәлдалап күн көріп жүргені белгілі ғой.

Тегтер: монополист газ тұтынушы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 24.06.2022, 15:08
Арылу амалы: Үкімет артық рубльді шетел асырмақ
Сайт әкімшілігі 21.06.2022, 12:34
Еуроодақ санкцияларының қазақстандық компанияларға әсерін болдырмау жолдары талқыланды
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 15:30
Өңірлерге бөлінген қаражаттың 59 млрд теңгесі игерілмеген
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 11:06
Қарағандыда тағы бір қаржы пирамидасының жолы кесілді
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 17.06.2022, 08:20
Үкіметтің ісі неге өнбейді?!
Сайт әкімшілігі 13.06.2022, 09:01
Электр энергиясының тарифі бір жылда 9 пайызға өскен

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33