Мұнай мен Құдай: Қазақ қара алтынсыз болашаққа дайын ба?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

18.02.2021, 12:16

1947

Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын Goldman Sachs банкінің сарапшылары «бүкіләлемдік тауар биржаларында мұнай енді бұрынғыдай болмайды, одан әрі арзандайды» деген қорытынды айтып отыр.   Негізі, шикізат экспортына тәуелді  елдер үшін мұнайдың арзандауы  нағыз «жұт». Өйткені көмірсутектері осы уақытқа дейінгі негізгі энергетика көзі болу мүмкіндігінен айырылса, мұнайдың арқасында күн көріп отырған елдердің кірісі азаяды, қазынасы ортаяды. Халықтың тұрмыс деңгейі төмендейді.  Мұны соңғы бес жылда мықтап сезіне бастадық.Ал осы мұнай бағасы төмендесе де, экономикасы «қисаймайтын» елдер бар ма екен?! Зерттеп көрдік.

                         Жеңіл өнеркәсіптің ауыр салмағы

       Goldman Sachs банкінің сарапшылары «мұнай бағасы 30 долларға дейін төмендесе де, жалпы ішкі өнімі артатын елдер баршылық» деп отыр. Аталмыш банк сарапшыларының мәлімдеуінше, мұндайда жеңіл өнеркәсібін дамытып алған елдердің «қылшығы қисаймайды». Керісінше, бұл елдердің табысты дәурені орнайды. Мұндай елдердің санатында Қытай, Үндістан, Түркия, Бразилия, АҚШ, Италия, Индонезия көш бастап тұр. Сарапшылар мұнайдың арзандауы алдағы уақытта осы елдерге тиімді бола бастайтынын алға тартуда.  Мұндай пікірді отандық мамандар да жоққа шығармайды.

      – Арзан мұнай көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, қазір киім тігетін жіптен бастап, матаға дейін мұнайдан алуға болады. Мұндай технологияны алпауыт елдер – Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ әбден меңгеріп алды. Қазір көптеген елдерді модернизация, инновация сақтап қалып отыр. Заман талабына ілесіп, әр саланы дер кезінде жаңғыртып алған мемлекеттердің табысы да еселенетін шақ. Мысалы, Қытай жеңіл өнеркәсібі арқылы бүкіл әлемді киіндіріп отыр. Ал сол жеңіл өнеркәсіпке қажетті талшықтардың барлығы мұнайды химиялық синтездеу арқылы алынады. Кір жуғыш заттардан бастап, киім-кешекке қажетті сапалы талшықтар, киімнің сапасын бұзбай, ұзақ сақталуына мүмкіндік беретін талшықтар, шифондар, атластарға қосылатын заттар, тізе берсек көп. Міне, мұнай арзандаған соң, мұндай материалдарды алу да арзанға түседі. Сондықтан бұл арада мұнайдың арзандағаны біреуге зиян болғанымен, біреуге пайда әкеледі, – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

         Маманның айтуынша, мұнай бағасы арзандап жатқанымен, қазір Үндістанның, Италияның, Малайзияның, іргедегі Түркия мен Қытайдың жалпы ішкі өнімі аса түсіп жатқан жоқ.

                      Мұнайға байланғандар  не істейді?

        Мамандардың пайымдауынша, әлемде экономикасы мұнайдан түскен түсімге байланған елдердің бірі – Венесуэла. Венесуэла өкіметі бюджетіне түсетін түсімді мұнай бағамы «70 доллар болады» деп, осы бағамға сәйкестендіріп жоспарлапты. Қазір бұл ел дағдарыста. Сол тәрізді Дания экономикасы да қазір үлкен күйзелісте. Мұнай бағамының түсуінен Данияның ұлттық валютасы 40 пайызға құнсызданып кеткен. Ал Норвегия кешелі бері ұлттық валютасын 20 пайызға құнсыздандырды. Бұл елдерден бөлек, АҚШ-тың алпауыт мұнай өндіруші компаниялары мұнайдан түскен түсімнің 40 пайызынан қағылған. «Қазақстанға да мұнай бағамының мың құбылуы анық сезіледі. Еліміз нақты сауатты шараларды қолға алмаса, болашақта үлкен қиындық туындайды» дейді мамандар.Бұл  ретте мамандардың айтар ойы – Қазақстан үшін әрбір саланы нақты реформалау қажет. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп саласына жаңаша серпін қажет. Олай етпесек, біз бұл саладағы 92,7 пайыз өнімді сырттан аламыз да, 7,3 пайыз өнімді ғана өзімізде өндіреміз. Қазақстанда отандық мақта-матадан киім тігу, теріден, былғарыдан аяқкиім тігу саласы кемшін қалып жатыр. Алдағы уақытта тиісті ведомостволар осы жайттарды ескеріп, аталмыш салаларды тәжірибе жүзінде дамытуға күш салғаны дұрыс.

      – Мұнайдан алынатын синтетикалық талшықтарды қосу арқылы Италия былғары етіктерін әлемдік бренд қылды. Түркияның киім-кешегі, тондары жалпы ішкі өнімін еселеп отыр. Қытайда 1 тонна жүнге 100 грамм мұнай-химиялық талшығын қосу арқылы қаншама мата алынады. Мұнайдан қазір барлығын алып жатыр. Бізде шикі мұнай көп, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты шикізат та баршылық. Бірақ біз сол тері-жүнді ұқсата алмай, өртеп жібереміз. Қазір біздің дизайнерлеріміз сапалы киім тігу үшін шетелден мата тасып, жіп тасып әлек. Сапалы киім тігу үшін шұға жіпті біз Италиядан алдырамыз. Ал сол шұға жіпті өндіруге қажетті жүн де, қылшық та өзімізде бар. Бірақ оны өндіру мүмкіндігі жоқ. Мен «мұнай арзандаса да, жеңіл өнеркәсібін жолға қойған елдердің экономикасы өркендей береді» дегенмен келісемін.  Себебі киім-кешек өндірісі қай кезде де адамға қажетті дүние. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп экономиканың салмақты кіріс кіргізетін саласы екенін мойындау керек, – дейді экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева.

                             Министрліктерге сын

       Мамандардың пайымдауынша, болашақта Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласын жетілдіру үшін ұлттық экономика министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс. Ол үшін алдымен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақталуы тиіс.

       – Шағын кластерлер арқылы жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін жеңілдетуге болатын еді. Кластерлерді заңдық ұйымдастыру тіптен қиын емес. Мұндай жүйені жасақтау, мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру  және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы  шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің  бірігуіне жол ашатын еді. Өкініштісі, бізде осындай ұсыныстарға мән берілмейді. Атқарушы билік тек шетелге экспорттауды ғана ұсынып отыр, – дейді экономика ғылымының докторы М.Молдабаева.

       Мамандар алға тартып отырғандай, біз мұнайды тек қана шикізат ретінде алып, сата берудің салдарын қазіргі уақытта көріп отырмыз. Бүгінде әлем даурығып кетті. Биржада шикі мұнай қорының көбейіп кеткені соншалық –  тіпті оны сатып алатын да адам болмай тұр. Қара алтынның бағасы әлемдік биржада 60 долларға көтерілсе, әсіресе біз мәз боламыз. Ал бұл бізді ұзаққа апара ма?!

       Бұл арада «болашақта мұнай химиясына мән берілуі керек, тіпті қара алтынсыз болашаққа дайын болу қажет» деген пікірлер орынды. Ол үшін, әрине, жеңіл өнеркәсіп саласы қоса дамуы тиіс. Мұнайдан ең соңғы дайын өнімге дейін алып, оны жеңіл өнеркәсіпке пайдалануға инвестиция салу керек. Егер елде мұнай химиясы өркендейтін болса, онда тұрмысқа қажетті заттар түгел өзімізде өндірілер еді. Мамандардың айтуынша, қазір бұл бағытта үшжылдық межеде нақты жобалармен жұмыс істеу аса қажет болып отыр. Бірақ 30 жыл бойы осы салаларды дамытуға мән бермеген үкімет ендігі үш жылда шапшаң қимылдап, ұтымды шешімдер қабылдай алар ма екен?! Құдайдан тілейік...

Тегтер: экономика инвестиция қаражат қаржы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08.05.2021, 09:27
«Барлығы майдан үшін»: Қазақтардың тылдағы еңбегі соғыстағы ерліктен кем болған жоқ
Есбол ҮСЕНҮЛЫ 05.05.2021, 08:58
Каспи банктің миллиардер қожайындары мен «Миллион» борышкері
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 04.05.2021, 14:52
Қолда бар санаулы қаржыны қалай жұмыс істетуге болады?
Бифат ЕЛТАЕВА 04.05.2021, 11:22
Субсидия зары
Қамал СӘТТІЛІК 30.04.2021, 08:56
Бұл жолғы қымбатшылық алдыңғыларынан өзгерек
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.04.2021, 08:56
Орыс қазақтың ішер асына дейін жармасқалы отыр

Аңдатпа


  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06
  • Орыс қазақтың ішер асына дейін жармасқалы отыр
    29.04.2021, 08:56