Мұнайдың қызығын қашан көреміз?

   Қазақтың қара алтыны алпауыттарға ғана қонған бақ па?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

27.04.2021, 09:01

4081

Біз мұнай қорының молдығы жағынан әлемдегі мұнайлы деген 15 мемлекеттің қатарына енеміз. Елдегі мұнай қорының көптігіне байланысты осы уақытқа дейін кеудемізді кере мақтандық, масаттандық. Бірақ соңғы кездері «Осынша мол мұнай қорымыз бола тұра, неліктен үнемі мұнай өнімдерінің тапшылығына ұшыраймыз? Жыл сайын жанармай қымбаттап, тапшылық туындайды. Сонда қазақтың мұнайы қайда кетіп жатыр?» деген сауал бұқараны жиі-жиі толғантып-ақ жүр.

                                         Жылдағы әдет…

        Қазір еліміздің  бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АИ-92 жанармай бағасын 170 теңгеден асырмай, әрең ұстап отыр. Бұл туралы агенттік төрағасы Серік Жұманғарин айтты. «Жанар-жағармай бағасы өсімінің экономикалық негізіне қарасақ, біріншіден, былтыр акциз көтерілді, сосын, зауыттың өндіру бағалары жоғарылады. Оны былтыр ешқайсысы өнім құнына енгізбеді. Себебі тұтыну көлемі азайып, өткен жылы жанар-жағармай құны төмендеді. Осы орайда, кейінге шегерілген баға тәртібі биыл қосылды. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты тоқтап қалды. 5 сәуірде жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс еді, бірақ іске қосылмады. Енді сәуір айының аяғына дейін тұруы мүмкін. Соның салдарынан АИ-92 маркалы бензинді өндіру екі есе азайды», – деді төраға.

       Негізінде, жанармайдың қымбаттауы мұнай өңдеу зауыттары жөнделсе де, жөнделмесе де, жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бұл жайттың бір шешімі болар-болмасына ешбір инстанцияның кепілдік берер түрі көрінбейді. Ал енді қарапайым халыққа, расымен де, қайтпек керек? Болашақта мемлекеттік тұрғыда не істелінуі керек?

 

                  Химия: кірмейді неге миыңа?        Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттары, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазір мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өндірілетін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттаудамыз. Ал мамандар бұл әрекеттің кері әсері бұдан әрі тереңдей түсетінін айтуда.

Бұған қатысты химия ғылымының докторы, профессор Қорлан Апсалықова былай дейді:  – Бүгінде біз мұнай шикізатының азғана бөлігін мотор отындары және дизельді отын ретінде қолданамыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Қазір бірқатар әлем елдері моторлы отындарға қатысты Еуро-8 стандартына еніп кетті. Өкінішке қарай, шындап келгенде Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-2 стандартына иек артып отыр. Мұның өзі біздің мұнай өңдеу саласының кенжелеп қалғанын айғақтап тұр.

       Маман айтып отырғандай, негізінен, дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай-химия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұнайдан қосалқы өнім алады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарып отырғанның өзінде, халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмауда.

    – Талдап айтатын болсақ, жалпы, мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілі бар: біріншіден, айдау, крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және басқалар. Мұнайдан бізде, негізінен, бензин, керосин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да, әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бола тұра, біз бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жағармайларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра, өзгенің өніміне көз сүзіп, жалтақтаймыз. Бізге мұнай химиясына бойлап ену үшін бұл үрдісті үйренетін кезең әлдеқашан жетті, – дейді профессор Қорлан Апсалықова.

   Қазақтың мұнайы ғана емес, газы да ысырап болып жатыр        Мамандардың пайымдауынша, біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі –  оның құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда, мұндай мұнайды өңдеп, одан өнім алу күрделірек. Бұған қоса, біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде мұнаймен ілесіп шығатын осы ілеспе газды ұқсату жағы да өте төмен деңгейде. Бұған қатысты мамандар «тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр» дейді.         Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, біз кезінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұнай өндіру, мұнай өңдеу салаларын игеріп кете алмадық. Бұл түсінікті де еді. Ол кездері халықты жаппай кедейшілік жабырқатты. Білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ болатын. Осыдан барып біздегі мұнай-газ саласына шетелдіктер дендеп ене бастады.

     – Басында олар табалдырығымыздан имене аттаса, қазір тіптен билеп-төстеуге айналды. Бұған дәлел – қазір сол шетелдік мұнай өңдеуші компаниялар еліміздің экологиялық заңнамаларын өрескел бұзып отырғаны өз алдына, қазақтың құқын бұзып, қол астындағы жұмысшыларының еңбегін қанауға дейін барып жатыр. Әлбетте, оларға қазақтың мұнай химиясының өркендегені қажет емес. Олар шикі мұнайды экспорттау арқылы байлыққа кенеліп жатыр. Сөз жоқ, мұнай қазынасын армансыз ақтарып-қопарып жатқан шетелдіктер мұнай химиясына инвестиция салуы керек. Егер елде мұнай химиясы өркендейтін болса, онда тұрмысқа қажетті заттарымыз түгел өзімізден өндіріледі, – дейді ғалым.

       Үкіметтің құлағына «алтын сырға» деп қоялық. Мамандардың айтуынша,  бұл тараптан арнайы заңдар шығарылып, қаулы-қарарлар қабылданса, жөн болар еді. Бірақ көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай, жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыда өте зиянды.

     – Осы ретте айтарым, бұл мәселеге қатысты салмағын бойына жиған шешімдер қабылдануы керек. Бұл саладағы бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, жіліктің майлы басы біздікі болуы керек, – дейді сарапшы.

                   Шетел бізге жақсы ісін үйретпейді

        Негізінде, мұнайымызды шетелге шикі күйінде ғана экспорттап отырған шетелдік компаниялар мұнай химиясын жетік біледі. Бірақ оны қазаққа үйреткісі келмейді. Олардың бір саусағы бүгулі. Қазақтың мұнайын игеріп жүрген алпауыттар бұл жерде өз қалталарын ғана ойлап отыр.

     – Олар қазір біздің мұнайымыздың арқасында байып, шекелері шылқып қалды.  Сондықтан бұл жерде шетелдік инвесторларға осындай мүмкіндік берген билік мәселені төтесінен қою керек. Шикі мұнайды ғана ұңғып алып отырмыз. Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясының ескіргені сонша – біз 1 тонна мұнайдан 300-350 келі жанармай алсақ, Ресей зауыттары 1 тоннадан 600-700 келі жанармай шығарады. Ал Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 800-870 келіні құрайды. Мұндай техникалық әлеуетімізбен жанармай тапшылығымен әлі де бетпе-бет келеміз. Сырттан келетін өнімге әлі де тәуелді боламыз. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы құбылмалы болатыны айтпаса да түсінікті, – дейді Жаңабай Алдабергенов.  

Тақырыпқа тұздық

                 Мұнай көп, байитын түріміз жоқ

       Жалпы, мұнай-газ саласын дамытуға, мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израиль, Жапония тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ көрші Ресейді мысалға алайық. Ресейде тек қана осы мұнай химиясы өнеркәсібіне қажетті мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Ең қызығы, біз соншалықты мұнай қорымыз мол бола тұра, осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай химиясын тереңдетіп оқытпайды. Бізде мұнай көп, бірақ байитын түріміз жоқ. Ал енді осы  мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін мамандар айтып отырған мынадай жайттарға назар аударған жөн.

      Мамандардың біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегідей арнайы мұнай химиясы өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындарын ашу керек. Технологиялық базамызды қуатты ету қажет. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығын да арттырған жөн.

     Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алу қажет. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «жаман үйді қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр.

      Бұдан соң, қандай шешім қабылданса да, жергілікті халықтың мүддесі ескерілуі тиіс. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында абырой-беделіміздің төменшіктеп қалатыны хақ.

     Заң қатайтылуы керек.Мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бұл да мұнай химиясы өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.

      Міне, үкімет осы аталған жайттарға сәл де болса мән берсе, қазақтың мұнайы тек алпауыттардың ғана асыраушысы болмас па еді?! Егер мұнай-газ саласына қатысты реформалар сауатты ұйымдастырылған болса, қара халық  осы саланың қызығын әлдеқашан  көріп, жарлы-жақыбайдың тірлігін кешпес пе еді?!

Тегтер: мұнай экономика инвестиция биржа баға құлдырау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58