Мыңдаған гектар күріш сусап тұр

Сайт әкімшілігі

20.08.2020, 19:35

32

Қамбаш көлі жағалаудан 150 метрге дейін қашықтап кетті

Сырдария өзені биыл тартылып қалды деуге болады. Өйткені трансшекаралық өзенге қатысты көрші елдермен ең болмаса 1 млрд текше метр су алудың жолдары жасалынбай қалды. Қазір Шардара суқоймасынан секундына 520 текше метр су жіберілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180-ге аз. Шілденің аяғында бұл көлем тағы да қысқаруы мүмкін, өйткені Шардараның өзіне жоғарыдан су түсіп жатқан жоқ.

Демек, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарының күріш дақылдары тамызда сусыз қалуы мүмкін. Бұл аудандардың негізгі күнкөрісі  күріш пен бау-бақша өнімдері. Су жетпесе, диқандардың ала жаздай еткен еңбегі зая кетеді деген сөз.

Сырдария өзеніндегі судың азайып кетуіне байланысты қазірдің өзінде 1853 га күріш егісіне су жетіспей жатса, 405 гектар күріштіктің мүлдем сусыз қалғаны анықталған.

 Жолай судың булануы мен Түркістан облысының егіншілігіне пайдалануына орай, Жаңақорған ауданына секундына 460 текше метр су келеді екен. Сәйкесінше, бұл дария деңгейінің төмен түсіп кетуіне әкеп соқтыруда және егіс алқаптарына баратын каналдарға су аз мөлшерде құйылып жатыр.

Су мәселесіне орай, сенатор Мұрат Бақтиярұлы Жаңақорған және Шиелі аудандарында болып, күріш алқаптарына жетпей жатқан су тапшылығына байланысты диқандармен кездесулер өткізді.

– Кезінде Жаңақорған ауданының тұсында өзен суын көтеретін, құны 1 млрд теңгеден асатын қаржыға тоспа салынған болатын. Ол сапасыз салынғандықтан, небары үш жыл ғана істеп, бүгінде жұмыс істемейді. Өкінішке қарай, оған ешкім жауап бермеді. Мәселені құқық қорғау органдарының назарына саламын, – деді сенатор. 

Облыстық су шаруашылығы басшысының мәліметінше, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы егіс алқаптарында да су тапшылығы қатты сезілуде екен.

Бүгінде егістіктерге күнделікті секундына 404 текше метр су алынуда. Өткен жылмен салыстырғанда Нарын-Сырдария суқоймаларында судың көлемі 4,4 млрд текше метрге аз, ал Шардарада барлығы 2,3 млрд текше метр су бар. Бұл сан өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге аз. Бұл өз кезегінде сумен қамтамасыз ету барысына кері әсерін тигізіп, барлық аудандардың егіс алқаптарында су тапшылығы байқалып отыр, – деді «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Х.Бейімбетов.

Мамандармен, диқандармен пікір алысу барысында қалған егіс алқаптарын аман алып қалу үшін Шардарадан төмен түсіп жатқан су деңгейін 7 тамызға дейін секундына 520 текше метрден түсірмеу керек. Сонда ғана негізгі күріш алқаптары пісіру деңгейіне жете алады екен.

– Ала жаздай еңбек еткен Сыр диқандарының жанайқайын экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен оның орынбасарларына телефон арқылы жеткіздік. Қалыптасқан жағдайды сараптап, мүмкіндік болғанша су деңгейін тамыз айының 5-іне дейін ұстап тұрудың жолын қарастыруға және бұл мәселе жеке бақылауда болатынына уәде берді, – деді Мұрат Бақтиярұлы диқандарға.

Жалпы, келешекте су тапшылығы бола беретіні анық. Сондықтан суды аса көп қажет ететін күріш дақылын әртараптандырудың жолын қарастыру керек. Бұл «күріш екпеу» деген сөз емес. Биыл облыс 90 мың гектарға жуық күріш еккен. «Осынша жер көлемін үш ай бойы сумен қамтамасыз ету су тапшылығы жағдайында мүмкін емес» деген сенатор өз пайымын жеткізді.

– Сондықтан күрішпен барлық агротехникалық талаптарды мүлтіксіз сақтайтын, егіс алқаптары заманауи инженерлік жүйеге келтірілген, техникалық базалары жақсы, үнемі жоғары өнім алатын шаруашылықтар айналысса деймін. Екіншіден, су тарифтері өте төмен. Бір текше метр судың бағасы – 28 тиын. Мысалы, 1 га жерге егілген күріш піскенге дейін 24 мың текше метр суды қажет етеді. Оны қаржыға шақсақ – 6720 теңге, оның жартысын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Жыл сайын күрішті суландыруға 3 млрд текше метрге жуық су пайдаланамыз, сол судың құны 700 миллион теңгедей ғана.  Бір келі қара күріштің өзіндік құны 80 теңге болса, соның ішінде судың құны 2 теңгені құрайды. Бұл парадокс. Су –  стратегиялық тауар. Сондықтан үкімет су тарифына қатысты ұстанымын өзгертуі керек. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы аудандарында суды аз қажет ететін бау-бақша, жоңышқа,  рапс, күздік бидай, жүгері, қауын-қарбыз дақылдарын көптеп егу керек. Диқандарды  тартып, қызықтыру үшін осы дақылдарға қатысты субсидияны қайта қарау керек, – дейді халық қалаулысы.

Су тапшылығына байланыстымәселеге облыс әкімі Г.Әбдіқалықова да жіті көңіл бөліп, күрделі жағдайды күнделікті бақылауда ұстап, ұйымдастыруды сала басшыларына тапсырды.

– Орын алған жағдайды қайта болдырмау үшін алдағы жылдың егісін жоспарлағанда күріштен басқа, суды аз қажет ететін, тиімділігі жоғары дақылдарды егу жолдарын қарастырыңыздар,  – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі су тапшылығы мәселесін жедел шешу үшін үкімет пен салалық министрлікке ұсыныс жолданатынын және үкіметте өтетін мәжілісте премьер-министрдің назарына жеткізетінін айтты.

Сырдың суы, негізінен, кіші Арал теңізі үшін барынша қажет. Қазір оған су бармай жатқандықтан, теңіз деңгейінің төмен түсіп кету қаупі бар. Сырдариядан су алатын туристік аймақ – Қамбаш көлінің өзі қазір жағалаудан 150 метрге дейін қашықтап кеткен. Сондықтан да барлық тіршілігі тек Сырдария суына ғана тәуелді Қызылорда облысы үшін суды аз пайдаланатын дақылдар егіп, өнім алушыларға қатысты арнайы бағдарлама қабылдау қажет екені рас.

 Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 10:25
Сауда интеграциясы экономикаға тиімді әсер етеді
Еркежан АРЫН 10:22
Тұтынушының құқын қорғай алып жүрміз бе?
Бақытжан ТОБАЯҚ-ТЕГІ 08:59
Жекешелендіру зардаптары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 15:38
Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 12:16
Доллар бағамы 430 теңгеден асты
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 12:10
Заңды тұлғалар енді шоттан кез келген соманы шеше алмайды

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04