Өнертабысты өндіріске енгізбей, инновация өрге баса ма?

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

22.06.2021, 08:26

1759

Жаңалыққа жаны құштар қазақ жаңа технология дәуіріне тозығымен емес, озығымен енуге ниетті. Нанотехнологиямен нан тауып жемесек те, инновацияның иісі мұрнымызға келіп-ақ қалды. Бұған да шүкір дейік. Өндіріс тұралап, өнеркәсіптің өкпесі өшкен кезден де өттік. Кеткені кетті, қалғанына қанағат дедік. Бизнестің бағын ашуды көздеген бағдарламалар қабылдадық. Қазақстанның барлық облысында әлеуетіне қарай әр алуан жобалар жүзеге асырылуда.

Түптеп келгенде, ешбір шикізат, қазба байлығы ақыл-ой жетістігін алмастыра алмайды. Алпауыт елдер мұны баяғыда түсініп, идеяны ұлттық құндылық, мемлекет саясатының ажырамас бөлігі деп жариялап та қойды. Себебі оларға сырттан келетін үлкен қаржы арнасы – зияткерлік меншік.

Жаңашыл экономиканың өзегі – өнімнің бағасын барынша арзандату. Мәселен, инновацияға иек артқан елдерде шығарылатын тауар құны жылма-жыл 5-10 пайызға арзандай береді. Алушыға да, сатушыға да тиімді. Олай болса, өз аяғымен келіп тұрған өнертабысты кәдімгі кіріс көзіне айналдыру –  заман талабы.

Ғылым мен техниканың кез келген жетістігі басты үш қағида болғанда ғана өмір сүруге қабілетті. Біріншіден, жаңа технологияның «дүниеге» келіп, кәдеге асатын жерінің болуы. Екіншіден, өнертабысқа патентті немесе лицензияны сату арқылы өзге елдерден өндіріс ашып, пайда табу. Үшіншісі –  бірнеше ел бірігіп, жалпыға ортақ тауар шығару мүмкіндігі. Осы үш қағида төрткіл дүниеге инновацияның идеалы ретінде танылған АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдың мысалынан көрініп тұр. АҚШ инновацияға ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын жұмсаса, Қытай 0,8 – 1 пайызын арнайды.

Екінші дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген Жапония қысқа мерзімде қалай ес жиды дейсіз ғой. Әрине, инновацияға қыруар қаржы салудың арқасында көтерілді. Табиғат байлығынан жұрдай ел жыл сайын 300 млн АҚШ долларын бөлу арқылы әлемдегі озық өнертабыстарға патенттер мен лицензияларды сатып алды да, өндіріске жіберіп отырды. Нәтижесі тамаша. Кеткен шығын тез қайтты, пайда шаш етектен.

Әсіресе бұл бағытта аспанасты елінің қарқыны қатты. Мұнда ой еңбегінен бастап, көлік, қондырғы, түрлі тұрмыс құралдарына дейін, қазақша айтқанда, «ұрланып», көшіріле салады. Made in China сауда белгісі басылғасын, қалған жұрт оны қытайдыкі деп қабылдамағанда қайтсін?! Қытайлықтардың бір кереметі – осы техникаға қажетті қосалқы бөлшектердің 70 пайызын өздері өндіріп, бір оқпен екі қоянды атуды тамаша меңгерген. Әрі-беріден кейін түпнұсқа мен контрафактінің аражігін ажыратудан қаласыз.

Іргедегі Ресей де іргелі ғылымға қаржы салуда. 90-жылдардың басында АҚШ-тың «Силикон даласына» қарай аққан «миды» Сколково инновациялық орталығын құру арқылы қайтарып алуға қам жасап жатыр. Ресейдің талпынысы түсінікті. Себебі шикізатқа негізделген экономиканың болашағы жоқ. Табиғат байлығы таусылады. Тығырықтан шығар жолды жаңа технология арқылы табу керек. Ол үшін әуелі мықты мамандар қажет. Мықтылардың дені баяғыда шетел асып кеткен. Мысалы, графен деп аталатын әлемде теңдесі жоқ наноматериалды ойлап тапқан қазіргі АҚШ ғалымдары – бұрынғы ресейліктер. Графен – мүлде салмақсыз, сөйте тұра, құрыштан 200 есе (!) берік. Оның көмегімен жасалған көлік, зымыран, ұшақтардың ұлан-ғайыр мүмкіндіктері айтпаса да белгілі. «Боингтан» артық ұшақ, «Мерседестен» мықты көлік шығару қиын. Дегенмен Сколково орталығын құрудағы мақсатынан-ақ олардың іргелі ғылымға, соның ішінде кез келген материяның негізін құрайтын атом мен молекуланы меңгеруге түбегейлі кіріскенін көреміз.

Жалпы, инновация дегеніміз – қолда барды жаңғырту, жетілдіру деген сөз екен. Өзіңдікін жаман дегенде, жақсысын кім бере қояды?! Одан да ескіні есептен шығармай, ебін тауып «ғұмырын» ұзартса, бұдан ұтарымыз мол көрінеді. «Бұл жолда қияметтің қыл көпірінен өтудің қажеті жоқ» дейді мамандар. Тек жыл сайын Қазақстанда патенттелетін өнертабысты өндіріске аман-есен жеткізіп отырса болғаны. Мәселе осыған тірелгенде қуанышың су сепкендей басылады. Елімізде қазір 150 мыңға жуық өнертабыс тіркелген. Солардың ішінде бағы ашылып, өндіріске енгені бірен-саран.

Бізде өнертапқыш өз бетімен, өндіріс өз бағытымен жүргендей әсер қалдырады. Технопарктер мен инновациялық қор қолдаса, өнертабыстың тәжірибелік үлгісі жасалады, ол әрі қарай сынақтан өтпейді, өндіріске бармайды. Сонымен бәрі бітеді. Бізде бәсекеге қабілетті отандық ізденістерді заңды түрде жүзеге асыратын нақты тетіктер жоқ. 2020 жылы қазақстандық компаниялар 330 млрд теңгеден астам қаржыны инновацияға жұмсаған. Алайда қуануға асықпаңыз. Жұмсалған қаржының 80 пайызы шетелдік дайын нұсқаларды сатып алуға кетіпті. Қаржының 18 пайызы жаңа өнімдерді зерттеуге қаралса, отандық инновациялық ізденістерге бөлінгені 2-ақ пайыз.

        Шыны керек, бізде өнертабыспен жан бағу мүмкін емес. Өнертабыстан өндіріске дейінгі жол ұзақ та қиын. Тіпті енген күнде де пайда әкелеріне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан қалталы инвесторлардың көбі тез әрі мол қайтарым беретін алып-сатуға қаржы салады. Мысалы, олар Қазақстанда күн батареяларын шығаратын құны, айталық, 50 млн АҚШ доллары тұратын зауыт салғанша, Қытайдан дайын өнімді сатып әкелуге бейім. Оларды да түсінуге тиіспіз. Өйткені қашан елімізде айқын, нақты, жібі түзу заң, нағыз нарықтық ереже-тәртіп болады, сол кезде ғана жағдай түзелуі мүмкін.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15