Онлайн несие опық жегізбесін

Еңлік АРЫҚБАЙ

12.11.2021, 09:04

1174

Несібесін несиеден тауып отырған жанды көрдіңіз бе?! Әй, қайдам… Бүгінде екінің біріне бауырдан банк артық болып тұр. Туғанынан қарызға ақша алуға арланып, банктен несие алады. Содан кейін қарыз «күліп барып, жылап қайтадының» күйін кештіреді. Ұғынықтысы осы. Елде несиеге сұраныстың молдығы сонша, қазір екінші деңгейлі банктерді былай қойғанда жылдам ақша беретін орталықтар, одан қалды онлайн несие ұсынатын ұйымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Иә, қате оқымадыңыз, онлайн. Ондайдан хабарыңыз бар ма?

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде қараша халықтың басында бір емес, бірнеше банктен алған «қамыты» бар. «Несие төлейтін уақыт келіп қалды, мерзімінен асып барады, ақшаны қайдан табамын?» – деген сауалмен бас қатырып әлек. Бір қарыздан құтылу үшін екіншісіне бас сұғып, одан келесісіне жалғаса береді. Осылайша қарызға белшесінен батқанын да аңғармай қалады. Осал тұс та осы шығар. Қит етсе болды банкке берешек болуға бейім тұрады. Қазір екінші деңгейлі банкті қойып, үйде отырып-ақ, ғаламтор арқылы қарыз алуды  меңгеріп үлгерді. Десе де, карточка арқылы алған несиеңіздің пайызы шарықтаған күйі көкке кетіп жатады. Ондайда барыңды салып, банк қарызынан құтылуға асығасың. Асыққаның не, жапқан соң желкемнің шұқыры көрсін деп кетіп, қайта ораласың. Өйткені, қазір үйге 30-40 мың теңгелік жиһаздың өзін қағаз ақша ұсынғанша, несиеге рәсімдей салу өте оңай.

«Ай сайынғы несиенің уақыты жақындап қалды. Айлықтың да ауылы алыс болды. Оның үстіне есептесем, шығындарым қолыма түсетін ақшадан асып кетті. Содан не керек, қаладағы «Айлыққа дейін ақша» деген бөлімшеге бардым. Содан тек төлқұжатымды сұрады. Мойнымда қарыз бар ма, жоқ па, ештеңені сұрамады. Бар-жоғы 5 минут отырып, өзіме қажетті 30 мың теңгені алып, керегіме жараттым. Бірінші қарызды пайызсыз берді. Қолыма ақша түсе салысымен, бірден жауып тастадым».

Тұрақты табысы бар Еламан есімді азамат осылай деп бізге жан сырын ақтарды. Ол алғашында кеңсеге барып немесе кассалық аппараттан ақша алып жүрді. Одан біраз уақыттан соң интернет арқылы рәсімдей бастады. Берешекті уақытылы өтеп отырған ол «онлайн банктің» сеніміне кіріп алды. Қысқаша қайырғанда, қарызды қарызбен жапты.

«Ең соңғы рет 50 мың теңге керек болды. Содан «Tengo.kz» сайтына кіріп, өтініш тастадым. Содан 10 минуттың ішінде сома карточкама түсті. Бірақ қаржыдан қысылып, айлығымның кешігуіне байланысты 5 ай онлайн несиені жабуға мүмкіндік болмады. Пайызы өсетінін іштей білсем де, 50 мың теңгені 200 мың етіп қайтарам деп ойламадым».

Әйтсе де, уақытты ұттырып алған Еламан 50 мыңның 200 мыңға дейін жететініне сенбеген. Арыз айтып, шағым түсірейін десе, қаржылық ұйым туралы толыққанды мәліметі не байланыс тетіктерін таба алмайды. Салы суға кеткен ол ақыры 200 мың теңге беріп, несиесінен құтылған. Тәубесіне келіп, замандастарын несие атаулыға жоламауға шақырады.

Тағы бір мысал. Ақшадан қысылған бойжеткен 100 мың теңге аламын деп онлайнның құрығына түседі. Бірнеше ай төлей алмайтынын айтып, хат жазса да, өсім күн сайын өсіп, 300 мыңға бір-ақ жеткен. Әрине, айыпты онлайнды алған адамның өзінен іздеуді бәрі біледі. Соның өзінде онлайн несиелер халықты сүліктей сорып жатқанын ескерген жөн.

Онлайн несие беретін орталық атаулары да қызық. «Koke.kz», «Займер.кз», «Тез кредит», «100 теңге», «Moneyman», «Kazbank», «Займер». Тізім осылай кете береді. Интернет арқылы рәсімделетін несиелер 5000 теңгеден басталып, 2 000 000 теңгеге дейін ұласады. 5 күннен 30 күн аралығында несие уақытын созуға мүмкіндік болады. Жасы 18-ден асқан кез келген азаматқа беріледі. Ол ол ма, біз тізбектеген онлайн несие ұйымдарының жеке сайттары бар. Дизайны әдемі, көздің жауын алады. Бірінші рет тіркелушіге пайыздық үстеме 0 дегенінің өзі арбап тұрғандай.

Заңгерлер онлайн кредит беретін ұйымдардың қызметі заңға қайшы емес дейді. Себебі, Қазақстанның кез келген азаматы қарыз беруге құқылы. Соның өзінде онлайн несие рәсімдейтін ұйым барлық шарттары көрсетілген келісімді беруі тиіс. Ал өсім пайыздарын тым көбейіп кеткеніне қатысты арыздармен арбитраж соттары айналысады. Бірақ «Фейсбук» желісіндегі «Заң заңғары» парақшасында онлайн несиелердің заңдылығы Азаматтық кодекстің 718, 725-1 баптарымен реттелетінін жазған. Яғни, онлайн несие алған ұйымыңыздың беталды хабарласып, мазаны алып, дөрекі сөйлеуіне жол берілмейді. Дегенмен, қарызданушылар ұйымнан хабарласып, дауыс көтеріп сөйлейтін менеджерлердің бар екенін жоққа шығармайды. Осы мәселеге қатысты DAMU Capital Management өкі­лі Мұрат Қастаев:  

– Екін­ші деңгейлі банктер мыңдаған салым­шының деректер базасын бір мезгіл­де сараптауға, ақ-қарасын анықтауға қауқарлы болса, онлайн несиеде ондай мүмкіндік жоқ. Басқаша айтқан­да, МҚҰ-ның басым көпшілігінде скорингтік және сараптамалық талдау мониторингін жасауға мүмкіндігі жоқ. Олардың алдағы бірер жылда мұндай мүмкіндікке ие болары да неғайбыл. Дәстүрлі банкингтердің қазіргі қол жеткен жетістігі – ұзақ жылғы дайындықтың жемісі. Сол себепті МҚҰ-ға қойылған талап олар­­дың ақпаратты технологиямен жа­­рақтану мүмкіндігіне қарап кезең-ке­зеңімен жүргізілуі тиіс.

Жалпы, онлайн несие ұйымдарының иесі кім деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Заңгерлер заңды дегенімен, белгілі экономистер жылдам несиенің басым бөлігі шетелдік компаниялардың атына тіркелген деуде. Мәселенің байыбына бару үшін интернетке «онлайн несие алу» деп сұрау салдық. Қазақшасынан гөрі, орысша іздегенімізде сұрағанымыз алдымыздан лезде шыға келді. Бір емес, бірнеше ұйымның «оңай әрі тез» деген көз тартатын жарнамасы ақшадан қысылған адамды қаржы қақпанына шақырып тұр. Бірақ алмақтың да салмағы бар екенін кейін басқа тигенде білетін кей азаматтар онлайннан оңбай сүрініп жүр. Бірінің жүйкесі жұқарып, енді бірінің уайымға тереңінен түсіп, ем алуына мәжбүр болғандары да бар екен. Жалпы психологтар қарызды ойлау адамның ойлау қабілетін тежейді екен. Осының байыбына бару үшін психолог маманның пікіріне жүгінген едік.

Қарызды ойлап, несиені уайымдайтын адамдарда депрессияға салынуы, болашақтан күдер үзуі, өзін-өзі жегідей жеуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әйелдер уайымға салынғыш болып келеді. Шектен тыс уайым ұйқының, тәбеттің бұзылуына алып келеді, – дейді психолог Азамат Бейсетов.

Халықтың екінші деңгейлі банктерді қойып, онлайн несиелерді жағалауы заңдылық дейді мамандар. Себебі, жылдам несиелер қаптаған құжатты талап етпейді. Бар болғаны жеке куәлік пен банктегі есепшотыңыз болса жеткілікті. Бірақ онлайн несиелердің көбісінің жеке кеңселерінің болмауынан ақшаны рәсімдеу интернет арқылы жүргізіледі. Яғни, қарыз алушы адам мен банктің онлайн операторы арасындағы визуалды қарым-қатынас тұрғындарды түсінбестікке алып келеді. Алайда экономист Мақсат Сералы мұндай компаниялардандан несие алу халық үшін аса тиімді емес екенін айтады.

– Компаниялардың ұсынатын пайыздық үстемақысы халық үшін  өте жоғары.  Ол жерде банктердегідей жылдық үстемақы емес, күндік, апталық үстемақы: ең төменгісі 30 пайыздан басталады. Қазақстандық банктерде үстемақы мөлшері 15-20 пайыздан басталса, мұндай компанияларда оның көлемі жоғары болып келеді. Бұл – микрокредиттік компаниялардың негізгі тиімсіз жағы. Несие алушының табыс көзі, басқа да мәліметтер қаралмайды, жеке куәлік немесе төлқұжат көрсетсеңіз болғаны. 30 күн ішінде қарызды төлеп үлгермесеңіз, сәйкесінше, өсім жүреді. Пайыздың үстемақысы жоғары болғанықтан өсімнің көлемі артып, қарапайым халық көп жағдайда қарызды қайтара алмай жатады. Мәселен, клиент 100000 теңге алған болса, 2-3 айдың ішінде оның өсімі 200-300 мыңға дейін артуы мүмкін. Ал бұл нәрсе компаниялар үшін өте тиімді, яғни осы арқылы жақсы табыс табады, – деген экономистің айтуынша, Қазақстан территориясындағы онлайн кредит алу мәселесі туралы нақты заң қарастырылмаған, заңнамалық тұрғыдан реттелмеген.  

– Осы орайда бұл компаниялар жұмысы жоғарыдан бақыланбайды, қадағаланбайды. Демек компания қызметін қолданушылар несиені төлей алмай қалған жағдайда немесе қандай да бір проблемалар туындаған кезде өз құқықтарын қорғай алмай жатады. Келісімшарт негізінде алынған кредит бойынша сотқа жүгінген уақытта микрокредиттік компания ұтып тұрады. Яғни тұтынушы  позициясы онша қарастырылмаған. Осындай компаниялардың тіркелу жағын нығайту керек. Ұлттық банк тарапынан осындай коммерциялық ұйымдарға белгіленген пайыздық үстемақы бекітілуі тиіс. Мысалы, екінші деңгейлі банктердегі сияқты жылдық пайыздық мөлшерлемеайталық 57 пайыз етіп бекітілуі керек. Бұл компаниялар шағын несиелендіру орталықтары болғандықтан бұларға да сәйкесінше заңнама болуы керек, 60-70 пайыздан аспайтын жылдық мөлшерлеме енгізілуі қажет, – дейді маман.

Айта кетерлігі, қысқа уақытқа несие беретін компаниялардың басты артықшылығы – өзге банктердегідей міндетті құжаттамалар тізімінің аздығы және уақытты үнемдейтіндігі. Осы артықшылықтар қоғамда онлайн несие алуға деген сұранысты арттырып отыр. Алайда ешқандай кепілсіз, маңызды құжаттарсыз, банктің келісімшартынсыз рәсімделген несиеге алданып, сан соғып қалған тұтынушы көп. Мысалы, осыдан бір-екі жыл бұрын «Жылдам ақша» шағын несие беру компаниясы тұтынушыларды біраз әбігерге салды. Алаяқ ұйым деп айыпталған компанияға көп шағым түскен болатын. Компания клиентке несие берер кезде қарызға алушы ұсынған кез келген адамды кепілгер етіп  бекітеді. Яғни несие алушы өз қарызын төлей алмаған жағдайда оған кепілгер жауап беруге тиіс. Демек егер сіз несие алатын болсаңыз кез келген жақыныңызды, туысыңызды немесе жұмыстағы әріптесіңізді кепілгер етіп бекіте аласыз. Компания кепілгердің сізге қаншалықты жақындығын егжей-тегжейлі зерттемейді де. «Жылдам ақша» қысқа уақытқа несие беру компаниясына шағымданған адамдардың жағымсыз пікірлері мен арыздарының салдарынан бүгінде ұйымның біраз бөлімшесі жабылды, сайты бұғатталды. Осындай алаяқтық фактілерінің алдын алу үшін экономист Мақсат Сералы ірі банк ұйымдарынан несие алған дұрыс дейді. 

– Мұндай жағдайда, «М Ломбард» сияқты шағын несие беру орталықтарынан (мүлкі болса), қарызға ақша алуына болады, себебі онда пайыздық үстемақы аса жоғары емес. Несиені кез келген екінші деңгейлі банктен алған дұрысырақ. Меніңше, барынша заңдық тұрғыда бекітілген ірі банктік ұйымдармен жұмыс істеген дұрыс. Пайыздық үстемақысы да аса көп емес, мәселен, қазіргі уақытта қазақстандық банктрде үстемақы көлемі жылына орташа есеппен 15 пайыз болып тұр. Тұтынушы ертең өз құқығын қорғай алатындай келісімшартқа отырып барып несие алғаны абзал, а – деп сөзін қорытындылады экономист.

Мән-жайдың анығына жету үшін несие беретін кассалық аппарат пен ұйым кеңсесіне барып көрген едік. Алдымен «Жылдам ақша», «Оңай әрі жылдам рәсімдеу» деген жазумен арбап тұрған кеңсеге бас сұқтық. Отырғанымызда төлқұжат пен қанша қаржы керегін сұрады. Бетіңе күліп қараған менеджер сені өзінің құрығына түсіргісі келетін әзәзіл іспеттес. Іші-бауырыңа кіріп, пернетақтасынан әлденені тақылдатып, мәліметтерді енгізіп жатыр. «1 айға 50 мың керек еді», – деген сұранысымның пайыздық үстемесін қоса есептегенде 84 мың болды. «Потенциалды клиенттен» айырылып қалғысы келмеді ме, білмедім: «Сіз бізден несие рәсімдемепсіз. Бірінші займ болғандықтан 52 мың қылып қайтарасыз», – деп тәтті сөздермен арбай түсті. Ақырын-ақырын «онлайн алатын халықтың қатары көп пе?» деген сауалға жауап алуға тырыстым. Әйткенмен, жауап беруден жалтарған олар адамның аз еместігіне сендіргендей болды. Соған қарағанда, қаржыдан қысылған халықтың онлайнға оп-оңай келісім беріп, үстеме пайыздарды төлеп, қаржылық ұйымдардың қазынасын қампайтып отырғаны шындыққа салды. Содан не керек, басымыз бәлеге қалмай тұрғанда бас тартып, жеке куәлігімізді қолтықтап, ат-тонын ала қаштық.

Екінші нысанам  – онлайн кассалық аппараттары болды. Сондайының бірінде 2-3 адам кезекте тұр. Барлығының жасы енді 18-ден асқан жасөспірім. Біреуі ақша алып жатса, екіншісі өтеп жатыр. Тек жеке куәліктегі ақпаратты толтырасың да бейнебақылау камерасына «естелікке» суретке түсесің. Одан бөлек, ғаламтор арқылы жоғарыда аты аталған сайттарға кіріп көрдік. «Turbomoney» дегеніне тіркеліп, 15 мың керек деп сұрау тастадық. Алғашқы несие болғандықтан пайыздық үстемесі 0 пайыз болды. Ары қарай не болар екен деген оймен несие алып, оны бірден жауып тастадық. Киви-терминал арқылы жабады екенсің. Екінші рет тағы да ниет білдіріп едік, 15 мыңымыз 30 мыңға бір-ақ өсті. Сонда білместіктен қаншама халық пайыздық үстемені мойнына «қамыт» қылып, онлайн-әзәзілдің арбауына түсіп отыр?!

Айтпақшы, «Ранкинг.кз» сайты жүргізген рейтинг нәтижесіне сәйкес, ең көп несие алатын аймақтар анықталды. Тізімді Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы бастап тұр. Ал 18 миллион халықтың үштен бірі банкке қарыз. Бір адамның басында бір емес, бірнеше несие бар. Енді оған карточка арқылы оп-оңай алған берешегін қосыңыз. Қайтара алмағандардың үстінен сот алдында том-том қағаз ол жатыр. Ойлай берсең, қараша халықтың қаншалықты қарызбен өмір сүріп жатқаны жанға батпай қоймайды.

P.S:

Бүгінде несие деген сөзді естісек, төбе шашымыз тік тұрып, көзіміз атыздай болатын болды. Өйткені, уақытында төлей алмай, қарызға батқандар көп. Өмірі банк табалдырығын аттамаған жандар қандай бақытты десеңізші?! Сондай жандарға қарап отырып тамсанасың. Тапқан-таянғанын қажетіне ұқсатып отыр. Оларға онлайн несиенің қандайын әкелсең де, алмасы хақ. Өйткені несие – несібе емес, оның да сұрауы бар.

Вырезка №1

Саят АЗАМАТҰЛЫ, (аты-жөні өзгертілген), тұрғын:

Қаржыдан қатты қысылып, онлайн түрде 50 мың теңге алдым. «Быстрое одобрение» дегені сұранысыма сәйкес болып, соған кірдім. Сөйтіп, жүріп бір айдың ішінде қарызым 200 мыңның үстіне шығып кетті. Онсыз да пәтер жалдап, өзім жалданып жұмыс істеп жүргенмін. Қарызға белшеден баттым. Келіншегім болса, төркініне біржола кетті. Амал нешік?! Енді жылдам ақшадан рәсімдеуге ойланып едім, әлгі онлайн несиеден кейін жүрегім шайлығып қалды. Қарыздан құтылып, енді банкке қарай мойын бұрмаспын деп шештім. Әлбетте, келіншегім оралды, қазір жағдайымыз жақсарды. Алайда қанша цифрландыру дегенімен, онлайн несиеге сенім жоқ. Қорқыныш басым.

Вырезка №2

MoneyMan.kz – онлайн сұраным арқылы қарызға ақша беретін танымал компания. Отандық нарықта 2015 жылы пайда болған. Клиенттеріне қарызды онлайн түрде, қазпошта арқылы және банк арқылы аударатын мүмкіндігі бар. Мұнда несиені минималды 7000 теңгеден бастап 200 000 теңгеге дейін алуға болады. Несие ең көп дегенде 31 күнге, 18 жастан 65 жасқа дейінгі адамдарға беріледі.

Zing.kz компаниясы тоғыз елде екі миллион клиенттінің сұранысын қанағаттандырады. Егер сіз компанияның алғашқы клиенті болып, 50000 теңге қарызға алсаңыз, онда сіз оның үстінен  7500 теңге үстеме төлейсіз. Ал команияның қызметін екінші рет қолданғыңыз келсе, үстемеңіздің көлемі 22500 теңгеге дейін өседі.

Займер компаниясы ақшаны алдын ала төлемсіз 0,95 пайыз үстемемен алуға мүмкіндік береді. 1000 теңгеден 200000 теңгеге дейін несие алуға болады. Қазақстан мен Ресейде 268453 клиенті бар. Бұл компанияда несие тек 21 күнге ғана беріледі.

Ccloan.kz несиені алғаш рет алған тұтынушы 50 пайыз жеңілдікке ие болады. Яғни клиент 100 000 теңгеге дейінгі көлемдегі ақшаны бірінші рет алып тұрса, онда алған соманы үстемесіз төлейді. Несиелендірудің ең қысқа мерзімі – 5 күн, алайда оны бірнеше рет ұзартуға болады (5 күннен 30 күнге дейін).

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:00
Доллар қайта қымбаттады
Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30