Оңтүстіктен солтүстікке инвестиция бара жатыр

М.СӘУЛЕБЕК

13.05.2021, 09:39

2532

Солтүстік өңірлерге халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардың тұрғындарын көшіру саясаты, мемлекеттің осы бағытта қабылдаған бағдарламасы бірте-бірте жемісін бере бастаған сияқты. Осы көшпен бірге солтүстіктегі қандастарымыздың қарасы көбейеді. Қосымша жұмыс күші келеді. Ол ғана емес, көшпен бірге инвестиция ағылады. Ал инвестицияның арғы жағында әлеуметтік-экономикалық игіліктердің жатқаны айтпаса да түсінікті.

 Сәуір айының басында үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейін даму бағдарламасы қабылданды. Енді бұл аймаққа жалпы көлемі 2 триллион теңге инвестиция салынбақ.

Ауыл шаруашылығы бойынша 52 сүт фермасы, екі тауық фабрикасы бой көтереді. «Қызылжар» транспорт хабы іске қосылады. Басқа аймақтармен байланысты арттырып, барыс-келісті барынша күшейту үшін әуе қатынасын айына 16-дан 68 рейске дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық жаңа аурухана, аудандарда 47 медициналық нысан, тұрғындар үшін 21 мың пәтер мен 16 мектеп салынады. Жоспар  бойынша 26 мың жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. Мұның бәрі де қоныс аударушылардың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізетіні анық.      

Түркістан облыстық әкімдігінің хабарлауынша, солтүстік облыстарға көш-қон бағдарламасы басталған бес жылдың ішінде 20 мыңдай адам көшіп барған. Оның 6000-ы Түркістан облысының тұрғындары. Бұл дегеніңіз –  1700 отбасы. Қоныс аударуға ниет білдірушілердің саны аз емес.

Әрине, алыстағы өңірге қоныс аударуға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Ол үшін көшіп баратын жердегі жағдайды сараптап, алдын ала мәлімет алудың, танысудың, алды-артын бағамдаудың маңызы зор. Осы мақсатта  жуырда Сайрам ауданынан солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдірген 45 отбасы  мүшелері Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жолға шықты. Олар осы сапар барысында екі облыстағы жағдайды жан-жақты сараптайды. Егер ұсыныс ұнаса, солтүстікке көшуі мүмкін. Ниет білдірушілер Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек аудандарының тұрғындары.  Шығарып салу рәсімінде түркістандықтардың солтүстік өңірлерге қоныс аударуына бірнеше жылдан бері қолдау білдіріп жүрген, танысып қайту саяхатын өз қаражатымен ұйымдастырушы «Ұлы көш» қоғамының төрағасы Жаңабай Ағабеков сапардың бағыты туралы мәлімет берді. Қоныс аударған жерлестерімізге жасалатын қолдауларды (баспана, жұмыс орны, жер) көзбен көріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытуға шақырды.

Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамту орталықтарынан алуға болады. Биыл Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар,  Солтүстік Қазақстан облыстарына көшу үшін 6039 адамға квота бөлінген.

Жуырда мемлекеттік көші-қон бағдарламасын насихаттау үшін  солтүстік облыстың әлеуметтік салаға жауапты мамандары мен басшылары оңтүстіктің аудан-қалаларын аралап, халықпен кездескен болатын. Осы жиындарда айтылған мәліметтерге қарағанда, солтүстікке қоныс аударушыларға «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде көмектер беріледі.  Отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш (102 095 теңге)  мөлшерінде материалдық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге субсидия қаралған. Қалаға қоныс аударған бір адам 20 айлық есептік көрсеткіш (58 340 теңге) көлемінде көмек алса, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 айлық есептік көрсеткіш (72 925 теңге) мөлшерінде пәтерақыға жәрдем беріледі. Ауылдық жерге қоныс аударған бір адам үшін 43 755 теңге мөлшерінде пәтерақы берілсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 52 506 теңге қолдауға ие болады. Осы кездесулердің нәтижесінде алдағы айларда аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарында «Еңбек» бағдарламасы арқылы көшкісі келетін азаматтарға кеңес беретін бөлме ашу, отбасылардың көшіп-қонуына көмектесетін демеушілер табу және отбасылардың тізімін анықтау, ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ ғаламторда Түркістан облысының көшуге ниетті тұрғындарына арналған ортақ ақпараттық кеңістік құру жөнінде ұсыныс берілді. 

Бүгінде солтүстік өңірлерге қоныстанғандар саны бойынша Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы көш бастап тұр.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 08:40
Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.06.2021, 10:38
Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.06.2021, 12:06
Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02