Орта Азияға су дағдарысы төніп тұр

Қарлығаш Зарыққанқызы

10.09.2020, 03:19

1250

     Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын Goldman Sachs банкінің сарапшылары алдағы бес жылда Орталық Азияда су үшін тартыс өрши түсетінін алға тартып отыр. Аталмыш  қаржы институтының сарапшысы Олег Дмитриевтің айтуынша, 2025 жылдан бастап Орталық Азия елдеріне су дағдарысы төне түседі. Бірқатар елдерде су тапшылығы орын алып, әсіресе ауызсу мәселесін шешу қиындай түседі. 2025 жылға қарай Орталық Азия елдері бойынша өндіріс орындарының саны арта түсетінін, сол өндіріс орындарында суды пайдалану деңгейі өсе түсетінін, осыдан барып суды үнемдеп пайдалану үрдісі туындайтынын алға тартқан маман ендігі кезекте Орталық Азия елдері «судың да сұрауы барын» мықтап ұғынатынын ашып айтып отыр.

   

                                 Бағдарламаға сенген 20 жыл

      Халықаралық сарапшының бұл пікірін біздің мамандар да қуаттайды. Отандық мамандардың пайымдауынша, халықаралық ірі инвестициялық банк сарапшылары сөзінің жаны бар. Гидрогеолог Ғазиза Айдарбекованың пайымдауынша, алдағы бес жылда, расымен де, Қазақстанда су тапшылығы анық сезіле бастайды. Қазірдің өзінде елде су тапшылығын сезініп отырған ауыл-аймақтардың көлемі артпаса, кеміген жоқ.

    – Қазір бізде ауызсу мәселесі қатты өршіп тұр. Ауызсу мәселесін шешуді  2002 жылы қолға ала бастадық. Осы жылдары елдегі су тапшылығын шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылдана бастады. Алдымен біз «халықты таза ауызсумен қамтиды» деп, «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. 2002 жылдан 2010 жылға дейін созылған бағдарлама бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы керек еді. Бірақ бұл бағдарламаның нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмады. Бағдарлама аясында 350 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

      Бұдан соң, «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін бюджеттен су мәселесін шешу үшін жыл сайын 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Бірақ осы бағдарлама да айтарлықтай жетістік бере қоймады. Біздегі ауызсу мәселесі әлі де басы ашық күйінде сақталып отыр. Таза су орнына бақа-шаян араласқан өзен суын тұндырып ішіп отырған елді мекендер жайы көп айтылды. Қайсыбір деректер Қазақстанда 150-ден астам ауыл сусыз отырғанын көрсетеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан аймақтарында қаншама елді мекен сусыз отыр. Тіпті қайсыбір ауылдарда 50-100 адам тұратын аймақтар бар. Сол ауылдық аймақтардың инфрақұрылымы жайлы тіпті сөз қозғамай-ақ қойсақ болады. Жиырма жылға жуық бағдарламаларға сендік. Бірақ ол сенім ақталмады, – дейді Ғазиза Айдарбекова.

     

                                                Судың өзі – саясат

      Маманның айтуынша, халықаралық сарапшылардың су дағдарысы жайлы айта бастауында негіз бар. Қазір мұны ескерген көптеген елдер ауызсу мәселесіне қатысты сауатты шешімдер қабылдап жатыр.

  – Су мәселесіне келгенде Қазақстанның трансшекаралық аймақта жатқанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, Ертістің суы Қытаймен шекараласып жатыр. Қазір Ертістің суының тым азайып бара жатқанын Қытайдың саясатымен де байланыстырып жататындар бар. Келешекте Қытайда өндіріс орындарының көлемі артып, халқының суды тұтыну көрсеткіші де арта бастайды. Сол кезде Ертіс суының Қытай жақ бөлігінің одан әрі азая түсетіні даусыз. Орал өңіріндегі су көздері Ресей арқылы келсе, Арал өңіріне су Сырдария арқылы келеді. Бұл арада біз өзбектердің қас-қабағын бағамыз. Талас өңіріне келген су көздері қырғыздармен шекаралас екенін ұмытпаған жөн. Міне, біздегі су мәселесі трансшекаралық аймақтарда жатқаннан кейін бұл арада асқан сауаттылық керек. Дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту үшін біздің үкімет бірқатар істерді тындырар. Бірақ бұл арада қосымша сауатты бағыттарды да қарастырған жөн, – дейді маман.

 

                                    Бағыт қандай болуы қажет?

     Ал ол қандай сауатты бағыттар болуы керек? Болашақта Қазақстан ауызсу тапшылығын шешуге қалай талпынғаны жөн? Бұл ретте техника ғылымының докторы Ардақ Төлеуов Қазақстан үшін келешекте жерасты суларын шығарудың мәні зор екенін алға тартты.

   – Елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл мәселеде, әрине, ғалымдардың зерттеулеріне де назар аударған жөн. Мысалы, еліміздің Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары 2009 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кірісіп кетті. Зерттеулер нәтижесінде ғалымдар Қызылорда облысында 420-450 метрлік тереңдікте жерасты суы бар екеніне көз жеткізді. Аталмыш зерттеу жұмыстары еліміз бойынша тұңғыш рет жасалып тұр. Бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сыр суының лас екені, оның бүкіл Орталық Азия аумағын аралап өтіп, Қызылордаға енетіні бізге белгілі. Ол судың ішінде қоқыс қалдықтары да, бактериялық заттар да бар екені белгілі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл адамның ағзасына орасан зиян келтіретін у. Ғалымдардың зерттеулері «су шықпайды» деген  елді мекеннің өзін сумен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан өз басым «қандайда бір реформалық бағдарламаға ғалымдардың ұсыныстары енгізілуі керек» деп есептеймін, — деді Ардақ Төлеуов.

     Маманның байыптауынша, болашақта ауызсу мәселесін шешетін ең бірінші бағыт: бұл – жерасты суларын шығару үшін каналдар қазу керек. Сол кезде ғана Қазақстандағы ауызсу мәселесі сауатты шешіледі. «Егер 2025 жылға дейін жерасты суларын алу мәселесі оңтайлы шешілетін болса, бізге ауызсу дағдарысы төнбейді. Сондықтан осы ұсыныстар ескерілуі тиіс. Қазірден бастап жерасты суларын зерттеуге, оларды көбейтуге баса назар аударсақ, су дағдарысы бізді айналып өтетін болады», – дейді маман.

Тегтер: су дағдарысы тапшылық саясат ұсыныс назар шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58