Орташа жалақы: бүгінгі статистика нақты мәліметтер бере алмайды

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

14.04.2021, 09:13

1569

Қазіргідей азық-түліктің, тауарлардың, қызмет көрсету түрлері бағасының шарықтауы, оған қоса, 1 сәуірден бастап электр энергиясының қымбаттайтыны қарапайым халықты алқымнан алып отырғаны рас. Жүгенсіз нарықтағы қымбатшылық қысып, ковид пандемиясының салдары біраз отбасы мүшелерінің қалтасын жұқартып тұрған шақта еліміздегі орташа жалақы мөлшеріне үңіліп, зерделеуіміз де заңды. Биылғы ақпан айындағы өлшем бойынша бір жұмысшының орташа айлық атаулы жалақы мөлшері 223 213 теңге болған. Алайда таңнан кешке дейін уақыты мен күш-жігерін, ресурсын жұмсап, айдың соңында еңбекақысына 200 мың емес, 100-150 мың теңге алатындар мен 60-70 мыңға күнелтіп жүргендер аз емес. Ал, негізінен, мұндай соманың ауылы алыста қалып кеткен еді. Себебі 90 мың теңге осыдан 10 жыл бұрынғы, яғни 2011 жылдың орташа жалақысы болып есептелген. Жалпы, орташа жалақы мөлшері қаншалықты дұрыс есептеледі?

         Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясының баптарына сәйкес, ел үкіметтері ең төменгі жалақыны айқындау кезінде еңбекшілер мен олардың отбасыларының қажеттіліктерін, өмір сүру құнын, әлеуметтік жәрдемақыларды, кірістердің жалпы деңгейін ескеруге тиіс. Мәселен, тауарлардың тұтас бір қатары бойынша импортқа тәуелді елімізде ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы біраз құнсызданды. Валюта айырбастау пункттерінде АҚШ-тың 1 доллары қазір 433,11 теңгеге сатылып жатыр. Былтыр пандемия және сондағы  шектеулерге байланысты мұнай бағасының төмендеуі теңге бағамының айтарлықтай әлсіреуіне алып келіп, наурыз кезінде доллар құны 450 теңгеге дейін көтеріліп кеткен болатын. Жалпы, 10 жылдың ішінде теңге екі-үш есе әлсіреді. Мәселен, 2011 жылы 1 доллардың бағамы 146,14 теңге болса, содан бері 400-дің үстінен бір-ақ шыққанын көріп отырмыз. Ал 2015 жылдың тамызында теңге еркін айналымға шығарылып, оның бағамы 180 теңгеден бірден 250 теңгеге дейін құнсызданды.

Алайда экономист Ілияс Исаев орташа жалақы долларға байланысты емес екенін айтады. «Кейбірі доллардың қымбаттауы жалақыға әсер ететінін айтады, мен мұнымен келіспеймін. Себебі, біріншіден, доллар біздің ұлттық валюта емес. Екіншіден, кәсіпорындарда, зауыт-фабрикаларда шығарған өнімнің өзіндік құнын доллармен емес, теңгемен есептейміз. Ал айтып отырған жалақымыз сол зауытта шыққан өнімнің, белгілі бір қызметтің, тауардың құнының құрамдас бөлігі. Яғни жалақы міндетті түрде белгілі бір өнімнің өзіндік құнының құрамынан тұрады. Бұл «еңбек шығыны» деген жолақта жазылады. Ал шикізаттар, жартылай дайын өнімдер т.б. – материалды шығындар. Сондықтан кез келген тауар немесе қызмет түрі болсын оның өзіндік құны еңбек шығындары және материалды шығындар деген екі бөліктен тұрады.

Біз жалақыны дұрыс есептеуіміз қажет. Мысалы, бір мұнай компаниясының бастығы айына 100 мың доллар алады делік, ал таңсәріден тынбай еңбектеніп жүрген екінші жұмысшы бар болғаны айына 55 мың теңгені қанағат қылып жүр делік, сонда әлгі 100 мың доллар мен 55 мың теңгені екіге бөлсең, орташа жалақың шығады. Айталық, сенатор айына 1 млн теңге алады, ал зауытта жұмыс істейтін немесе өзінің кәсібімен айналысып жүрген, ауыл шаруашылығында дән егіп, соның өнімін маңдай терімен сатып жүрген адамның қолына айына 70 мың теңге тиеді. Енді осы 1 млн теңге мен 70 мың теңгені қосып, оны екіге бөлсек, орташа жалақымыз шыға келеді. Демек, бүгінгі статистика өте нақты мәліметтер бере алмайды.

Орташа жалақы мөлшерін бұлай шығаруға болмайды. Бұл – бір. Екіншіден, бізде мемлекеттік сектор – квазимемлекеттік компаниялар бар. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорының құрамында «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы», «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) – KEGOC және т.б. қаншама компаниялар бар. Мәселен, ол жердегі жалақы мөлшері кем дегенде миллион теңге. Бұл дегеніміз – салықтан жиналған мемлекеттік бюджет табысынан келіп отырған ақша. Осы тұрғыда бізде үлкен теориялық қателік бар. Еңбек өнімділігі мен жалақының өсуі бір-біріне сәйкес келмейді. Экономика жақсы дамуы үшін еңбек өнімділігінің өсімі еңбекақы өсімінен алға шығуы тиіс.

Қазіргі таңда жекеменшік және мемлекеттік сектордағы орташа жалақыны есептеу әдістемесі жалған ақпарат береді. Сондықтан бүгінгі орташа жалақы халықтың әлеуметтік жағдайынан ешқандай ақпарат бере алмайды. Мұның себебі – фундаменталды теориялық қателіктен. Біздің о бастан экономикалық модельді дұрыс таңдамауымыздан. Саналы түрде дайын болмай жатып капитализм құруға жанталастық. Капитализмнің қыр-сырын, идеологиясын, психологиясын түсінбей жатып феодализмнен бірден социализмге аттап кеткен мемлекет 30 жылдың ішінде капитализм құрамыз дейміз. Америка 300 жылдан артық уақыт капитализм құру жолында, әлі құра алмай отыр. Ол үшін бізге әлі 100 жыл керек», – дейді экономист Ілияс Исаев.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58