Өскенбаев қиялдайды, елден неге ұялмайды?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

21.10.2022, 06:24

3325

Қазақстандағы автожолдардың 80 пайызы қалыпты жағдайда екен. Мұндай мәлімдемені еліміздің жол саласына тікелей жауапты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі  Қайырбек Өскенбаев айтып отыр.

Министрдің айтуынша, бүгінде жергілікті маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 71 мың шақырым. Бұл жолдардың 80 пайызы, яғни 56 мың шақырымы нормативтік жағдайда. Бұдан бөлек, Өскенбаев: «Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызын нормативтік жағдайға келтіруі керек», дегенді де ұмытпады.

Министрдің мұндай тұжырымдарына қарап көкейімізге «Өскенбаев шынымен Қазақстанда тұрып жатыр ма», деген де ой келді. Себебі, шын мәнінде, жағдай министр айтқандай болса, қанекей...

  Ақиқатына келсек, бүгінде Қазақстан жол сапасы жағынан, 100 елдің қатарына да кіре алмайды. Жол сапасына қатысты жаһандық рейтингтің есебінше, 137 елдің арасында біз 115  орынға табан тірейміз. Бірінші орында Біріккен Араб Әмірлігі, екінші сатыда Сингапур, үшінші орында Швейцария.  Осындайда, «әншейінде бір реформа енгізерде, Синагапурдың тәжірибесіне жиі жүгініп, Қазақстанды екінші Сингапурға теңейтін шенеуніктер тым құрығанда, жол сапасын реттеуде сол елден неге үлгі алмайды екен», деп те қынжыласың.

  Рас, біз бұған дейін жолға қатысты түрлі-түрлі бағдарламаларды қолға алдық. Шетелдік тәжірибеге де жүгіндік. Тіпті, халыққа қызмет көрсететін маңызы бар жолдарды сапалы ету үшін 2014-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдадық. Дәл осы бағдарламаға сай, 2017 жылы 926 шақырым автожол магистралінің бөлігі салынуы керек еді. Бірақ елімізде жол сапасы талапқа келмейтін өңірлер әлі де жетіп артылады.Бұған қатысты ресми деректерге жүгінсек, Шымкенттегі жолдардың 71 пайызы, Маңғыстау облысындағы жолдардың  61 пайызы Алматыда 56 пайыз; Шығыс Қазақстан облысында 49 пайыз; Батыс Қазақстан облысында 43; Түркістанда 40 пайыз жолдардың сапасы сын көтермейді. Ал мұндай көрсеткішпен біз «Нұрлы жол» –  жол құрылысын нұрландыра алды деп тағы айта алмаймыз.

Сала мамандарының айтуынша, бізде жол құрылысына бөлінетін қаражат өте көп. Бірақ оны бақылау жоқ. 

– Министр Қайырбек Өскенбаев: «ақылы жолдардан түсетін бір жылдық пайда 4 млрд теңге», – деді.  Бұдан бөлек, жолдарды жөндеуге қатысты  қаражаттың 50 пайызы республикалық бюджеттен, 50 пайызы жергілікті бюджеттен  бағытталады.  Жыл сайын бізде жергілікті жолдарды жөндеуге 400 млрд теңге қаражат бөлінеді. Ол жолдарды күтіп ұстауға 85 млрд теңге тағы қосымша беріледі. Бірақ қаражат қомақты болғанымен елдегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Министрлік осыны мойындауы керек. Түрлі бағдарламалар арқылы бөлінген жол құрылысына қатысты қаражаттар өзін-өзі ақтады деп айта алмаймыз. Бұл жерде жемқорлық, заң бұзушылық көп, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Жол саласына қатысты заң бұзушылық бар екенін министр Өскенбаевтың өзі де жоққа шығармайды. Оның айтуынша, биыл 9 айда 10 мыңға жуық жол тексеріліп, 5 мың заң бұзушылық анықталған.

– Жүргізілген сараптамалар нәтижесінде, екі жол салу және жөндеу жөніндегі мердігер ұйым лицензиясынан айырылды. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын 17 инженерлердің қызметі тоқтатылды. Техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге 29 млн теңге айыппұл салынды. Мердігерлік ұйымдар 2 млрд теңгеге жұмыстарды қайта жүргізді, – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Алайда, сала мамандарының пайымдауынша, жол құрылысын сапасыз жүргізген мердігерлерді лицензиясынан айырып қана қою — аздық етеді. Болашақта мұндай жауапсыз мердігерлерді сот алдында жауапкершілікке тартқан абзал. 

     Жауапкершілік демекші, негізі, биыл біздің елде жол салуға қатысты заңға өзгерістер енгізілген. Сол заң бойынша сапасыз жол салғандар ендігіде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек болатын. Бұған қатысты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өзі де «жолды сапасыз салатындарға қатысты әкімшілік-қылмыстық жауапкершілік жүктедік», деп мәлімдеген болатын. Бірақ әзірге, сапасыз жол салып, халықты сансыратып кетіп жүргендердің сотталғанын көрмедік. Олар жолға бөлінген қаражатты көсіп алып, жұмысын сапасыз жасап, «үріп ішіп, шайқап төгіп» жүре береді. Біздегі жолдарға төселген асфальт бір жыл болмай жатып-ақ шұрқ-тесік болып қопарылып жатқанын да көзіміз көріп жүр. Бұл ретте, елдегі автомобиль жолдарының ұлттық операторы «ҚазАвтоЖолға» да айтылар сын көп.

 Жалпы, елде жол саласына қатысты мәселелер жылдан-жылға көбейіп барады. Мысалы, біз үнемі жарнамасын асырып, насихатын келістіріп отыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің пайдалануға берілгеніне бірер жылдың ғана жүзі болды. Бірақ бүгінгі күні аталмыш жолдың ой-шұңқыры  көбейіп,  кетеуі кете бастағанын мамандар жиі айтып жүр. Бұдан бөлек, қаланың, облыстың, ауданның, ауылдың көлемінде қаншама жөндеу көрмеген, тіпті, битумның не екенін білмейтін ойдым-ойдым ойсырап жатқан жолдар қаншама?! Жолдың сапасыздығына қатысты автокөліктер де аударылып, ажалы қара жолдан болып бақилық болып жатқандар да елде жетерлік. Сонда біздің инфрақұрылымды дамытуға тиісті министрлік қалайша жұрттан ұялмай «автожолдардың 80 пайызы қалыпты жағдайда», деп есеп береді.  Онымен қоймай, «2025 жылға дейін бұл межені 95 пайызға жеткіземіз», дейді.

Жалпы, экономиканың жауы – жалған статистика. Бірақ бізде мұны құлаққа ілетін шенеунік аз. Әйтеуір, біздің шенеуніктер тым қиялдайды, есеп беруге келгенде елден ұялмайды. Әттеген-айы осы...

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:25
Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның қарызы бар
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:57
Хрущев салған үйлерді Досаев жаңғырта ала ма?!
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 14:12
Зейнетақы жинағын алу: 2023 жылға арналған жеткілікті шек жарияланды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:21
2023 жылы инфляция баяулай ма?!
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 13:59
Тауық етін тұтыну да арман болып жүрмесін...
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 09:25
Ресей мұнайының бағасы барреліне 52 долларға дейін төмендеді

Аңдатпа


  • Бүгін Екібастұз. Ертең қай қала?
    09:00
  • Хрущев салған үйлерді Досаев жаңғырта ала ма?!
    08:57
  • Қазақтың құны: тазыдан төмен, төбеттен сорлы
    08:52
  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    01.12.2022, 09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    01.12.2022, 08:59