Пайдасынан зияны көп одақ қажет пе?!

Ерке ЖҰМАТАЙ

04.03.2022, 06:30

3047

Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың экономикалық салдары орасан. Ұрыстың алғашқы күнінде-ақ рубль «құбылмалы» валюталар қатарында 1-орынға шығып, доллар мен еуроның қасында 30 пайыз құнын жоғалтты. Ресей Орталық банкі валютасын «құтқару» үшін базалық мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтерді, интервенция жасады. Бірақ ЕуроОдақ Ресей Орталық банкінің активтерін бұғаттау туралы шешім қабылдап, Мәскеуді интервенциямен рубльді күшейту мүмкіндігінен айырды. Бұған қоса, Ресейдің бірнеше банкін SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату туралы шешім қабылданды. Батыстың бұл қадамынан Ресей банктерінің 70 пайызы зардап шегіп, олардың шетелден валюта аудару операциясы тежелді. Батыстың Ресейге жасалған қаржылық қысымы мұнымен біткен жоқ. ЕуроОдақ Ресейдің 26 тұлғасына санкция енгізді. Тіпті, 200 жылдан астам уақыт бойы сыртқы саясатта бейтараптық сақтап келген Швейцария да Ресейдің Украинадағы әрекетіне қарсы санкция жариялаған елдердің қатарын толықтырды. Тізімде Ресей президенті Владимир Путин, премьер-министрі Михаил Мишустин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавров бар. Сонымен бірге, Путинге жақын бес олигархтарға Швейцарияға кіруге тыйым салынды.

Ресейдің SWIFT халықаралық төлемдер жүйесінен ажыратылуына қатысты Қазақстанның ұлттық банкі «елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейді», деп мәлімдеме жасады. Десе де тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Ресейдің SWIFT жүйесінен ажырауы біздің мемлекетімізге де айтарлықтай әсерін тигізетінін айтты. Себебі көрші елден келетін импорт өте көлемді.

— Қазіргі курс экономиканың емес, саясаттың «жемісі». Оған не болатыны қақтығыстың және зымырандарды ұшырудың қаншалықты тез тоқтайтынына байланысты. Өкінішке қарай, теңге рубльдің тұзағына түсті – Қазақстанға әкелінетін әрбір екінші тауар Ресейден келеді. Әрбір екінші осындай өнім үшін біз Ресеймен рубльмен есептесеміз. Бұл экономикамызды импортқа, ал валюта бағамын рубльге тәуелді етеді. Орыс ақшасының тұзағынан шығу үшін бір ғана қарапайым әрекетті орындау жеткілікті, ол – Ресейден тауар сатып алуды тоқтату. Айтуға оңай, бірақ мұны іске асыру қиынның қиыны – бұл нақты  экономиканы әртараптандыруды қажет етеді, – дейді экономист.

Осы аптада Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде Қазақстан импортының 42 пайызы Ресейге тиесілі екенін айтты. Осыған байланысты геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі біздің экономикамызға да кері ықпал етеді. Одақ аясында ЖІӨ былтыр 4,5 пайыз болса, биыл 3,1 пайыз межесінде сақталады деген ресми мәлімет бар. Бұл Еуразиялық одаққа мүше елдердің жағдайы қиындайды дегенді білдіреді. Артынша, бұл одаққа мүше боларда Қазақстанның есебі түгел болды ма деген сауал туындайды.  

Еуразиялық экономикалық одақ Ресейдің мүддесін қорғайды

Экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, шын мәнінде, сол кездегі Еуразиялық экономикалық одақ туралы экс-президенттің қиялына, ғажайып ертегісіне ешкім сенген жоқ.

— Алдымен, біртұтас Кедендік одақ болды. Оның жоспарында әр жылда әр мемлекеттің табыс көлемі белгілі бір межеде өсетіні тайға таңба басқандай, анық жазылған. Бірақ ол іске аспаған соң, үкімет бұл жоспарды жылы жауып қоя салды. Одақ интеграция негізінде құрылуы тиіс еді. Осы жерде интеграция деп бір экономиканың екінші бір экономиканы толықтыруын айтамыз. Мысалы, Қазақстан мен Беларуссия елі немесе Жапония, шын мәнінде, интеграция жасай алады. Себебі бізде бар мұнай, көмір, темір, мырыш сынды шикізат Жапонияда жоқ. Бірақ оларда барлық жаңа технология, ғылыми жетістіктер бар. Осындай жағдайда экономика бір-бірін толықтырады, – дейді экономист.

Ресеймен интеграция жасау экономикалық тұрғыдан ақылға қонымсыз екенін сарапшы былай түсіндіреді. Ресейдегі мұнай-газ, бидай, ет, сүт сынды тауарлар Қазақстанда да бар. Сондықтан Қазақстан мен Ресей бір-бірін толықтырмайды, керісінше, бәсекелес болады.

— Бәсекеде озық технологиясы, экономикалық жетістіктері бар ел жеңуге тиіс. Алайда, бұрыннан қалыптасып қалған баса-көктеу, күш көрсету сияқты әдеттер үстемдік етеді. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Ресейдің байырғы қатынасы қандай? Тарихтан білеміз, Ресей «ойына» келгенді істеп үйреніп қалған ел. Біз оларға бұрыннан бағыныштымыз. Сондықтан екі ел арасында бәсеке деген құбылыс атымен жоқ, болмайды да. Кедендік одақ құрылғаннан бері қазақстандық алкогольдік ішімдіктерді Ресей тарапы өз аумағына өткізбей отыр. Ал Қазақстанның етін Ресейдің тексеру органдары әртүрлі себеппен алуға құлықты емес. Бұған қоса, Ресейдің Қазақстанға жіберетін еті «бірден мұздатылған» деп аталады. Бұл дегеніміз минус температурадан өткен деген сөз. Оны қайта жібіткен кезде еттің қажетті дәрумені жойылады. Ал біздің ет «тоңазытқан» яғни, минус температураға түспеген күйінде жіберіледі. Бұл да түптеп келгенде, әділетсіздік. Осындай фактілер көп. Бұрыннан Кеңес үкіметінен қалыптасып қалған психология сақталып қалған, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, біз кірген одақта батыстың интеграциясындай теңдік жоқ. Оларда жағдай басқа. Мысалы, кішкентай ғана Бельгия өзінен үлкен Германия және Франциямен бірдей құқыққа ие. Ешкімді бөліп жармайды.

— Еуразиялық экономикалық одақтың Ресейдің мүддесін қорғайтын ұйым екенін кезінде талай мәрте айтқан едік. Еш күмәнсіз Ресей Қазақстанның импортын ұлғайтады, экспортты тежейді. Экономикада кімде-кім дайын өнімін ұсынса, ұтады, ал шикізат өндіретіндер ешқашан ұтысқа шықпайды. Экспорт пен импорттың айырмашылығы кімнің-кімге тәуелді екенін көрсетеді. Джо Байден Ресейге салынған санкциялар үшінші дүниежүзілік соғыстың салдарымен бірдей екенін айтты. Бұл жолы Ресей экономикасы ауыр соққының астында қалайын деп тұр, – дейді сөзін түйіндеген Ж.Шымшықов.  

Тамыры рубльмен байланған теңгенің жағдайы мәз емес

Еуразиялық одақтың пайдасын сезінбесе де үкімет одан бас тартпайды. Таяуда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Қазақстанға келген Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин одақтың экономикалық-қаржылық көрсеткіштеріне Ресей Президенті өз бағасын бергенін және одақтың дамуына қатысты атқарылуы тиіс тапсырмалар жүктегенін айтты. Ол аз десеңіз, «геосаяси жағдайға, санкцияға қарамастан, одақтастар бірге болуымыз керек», деген үндеу тастады.

Батыс санкциясынан, алдымен, Ресейдің қаржы саласына айтарлықтай, қысым түсті. Оның салдары рубльмен «тамыры» байланған теңгенің де құрдымға кеткенін көзіміз көрді. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет ретінде Ресейдегі ахуал бізге жанама да, тікелей де әсер етеді. «Санкциялардың нәтижесінде, Ресей акцияларының құны құлдырап, 50-60 пайызға төмендеді. Соның әсерінен, Ресейдің құнды қағаздарына сұраныс жоғалды. Олар қазір бар акцияларын сатып жатыр. Валюталық түсімнің аз болуына байланысты рубль құлдырады. Артынша, теңгенің де долларға шаққандағы бағамы түсті. Бұл жерде теңгені күшпен ұстап тұрудың қажеті жоқ. 2015 жылы қолымыздан келмесе де 1 долларды 180 теңге межесінде ұстап тұрдық. Сол кезде 1 рубль 3 теңгеге дейін, екі есе құнсызданған-ды. Сөйтіп, Солтүстіктегі халық Ресейден жаппай көлік, үй, жер сатып алуға көшті. Сонда Қазақстан аумағынан Ресейге 26 млрд теңге шықты. Тіпті, сол жылы 20 мың көлік Ресейден сатып алынғандықтан, қазақстандық автопромның жұмысы тоқтап қалған еді», – дейді  С.Жобаев.

Оның сөзінше, қазір санкциялар салдарынан, Еуропа Ресейдің мұнайы мен газынан бас тартып отыр. Ал біз бұған дейін қалай сауда жүргізіп келдік, сол күйінде қаламыз. Себебі Қазақстандағы мұнай өндіру орындарында Еуропалық компаниялар жұмыс істейді. Олар бізде өндірген өнімін өз зауыттарына апарып береді. «Қазіргі ұрыс жағдайында бақуатты мемлекеттер қаражатты акцияларға емес, «қолға ұстайтын» тауарларға сала бастайды. Себебі соғыс кезінде акция құнсызданып кетуі мүмкін. Оның орнына мұнай, алтын сияқты шикізатқа, еуро мен долларға сұраныс артады. Себебі олар сенімді. Ал рубль, теңге, түрік лирасы сияқты ақшалар құнсыздана береді. Сондықтан Brent маркалы мұнай бағасының өсуі біздің экономикамыз үшін жақсы. Қазір Ресей мен Иран қара алтын нарығынан шығайын деп жатыр. Ал біз алдағы келісімшартта мұнайды жоғары бағамен сата аламыз.

Ресейдің біраз қаражатын Қытайда сақтауының сыры неде?

Айта кетерлігі, Ресей валютасының құнсыздануының теңгеге тікелей әсері бар. 2014-2015 жылдары рубль құнсызданып, теңге салыстырмалы түрде, құндырақ болған еді. Ұрымтал тұсты пайдаланғандар заңды, заңсыз жолмен Ресейден тауар тасыды. Бұл тізімде көліктен бастап, азық-түлікке дейінгі тауарлар бар. Өз кезегінде, қазақстандық өндірушілер өздерінің бәсекеге қабілетсіз болып қалғанын айтып, шағымданғаны есімізде. Сол жылдары 1 долларды 190 теңгенің маңайында ұстап тұру үшін  алтын валюта қорынан 35 млрд доллар жұмсалды. Сарапшылар бұл жағдай қазір қайталанатын болса, теңгені ұстап тұратын ондай қаражаттың жоқ екенін айтады. Тек Ұлттық банк теңгенің тағдырына бей-жай қарамай, оны құнсыздандырмай, иә болмаса, тым жоғары деңгейге ұстап тұрмауға тиіс. Осы екі арадағы теңгерімді бақылап отыру маңызды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші сарапшысы Зарина Скрипченко да бұл тұжырымды қолдайды. «Осы жағдайларда Ұлттық банктің негізгі міндеттері валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржылық тұрақтылықты сақтау. Бұл ретте, негізгі шара теңгелік құралдарға қызығушылықты арттыру, оның аясында базалық мөлшерлеме көтерілді (қазіргі уақытта 13,5%), депозиттер мөлшерлемесі өсті, теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы іске қосылды. Интервенция қысқа мерзімді сыртқы күйзелістерге жауап ретінде төтенше ауытқуларды тегістейтін құрал ретінде қолданылып отыр. 2021 жылы мұнай секторынан түсетін кірістер Қазақстанның шоғырландырылған бюджеті кірістерінің 40 пайызын құрады. Тиісінше, энергия ресурстарына сұраныстың артуы аясында мұнай бағасының өсуі бюджеттің кіріс бөлігінің өсуіне ықпал етеді. Экспорттық кірістердің валютамен түсетінін атап өткен жөн, тиісінше, теңге бағамының әлсіреуі де бюджетке түсетін түсімдерге оң әсерін тигізеді», − дейді З.Скрипченко.

Ресей Орталық банкінің мәліметінше, Ресей қорында 630 млрд доллар жинақталған. Оның 56 пайызы доллар және еуро валютасында сақталған. Бұл қаражат қазір бұғатталды. Ал 21 пайызы алтын күйінде Ресейде сақтаулы. Оны да валютаға айырбастау санкцияның салдарынан, мүмкін емес. Жалпы айтқанда, бұл қаражаттың 77 пайызын Ресей қолдана алмайды. Назар аударатыны, Ресей алтын валюта қорының 14,2 пайызы Қытайда сақталыпты. Бұл Ресей билігінің Батыс елдері «қол жеткізе» алмайды, деген оймен жасаған қадамы деп тұжырымдайды сарапшылар. Бүгін Ресейдің қолындағы бар ақшасы 630 млрд доллардың 8,8 пайызы. Бұл қаражаттың өзі Қазақстанның Ұлттық қорымен шамалас екен. Қалай десек те, Ресейдің өз ішінде есебі түгел. Экономист Мақсат Халық теңгенің биыл айтарлықтай, тұрақсыз балатынын айтады. Оған геосаяси жағдайдан бөлек, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеруі себеп болып отыр. Бәрімізге мәлім, «көк қағаздың» құны көтерілсе, экономикасы импортқа тәуелді Қазақстан сияқты дамушы мемлекетте баға аспандап кетеді. Онсыз да қымбатшылықтан көз ашпаған халық үшін бұл ауыр жағдай болғалы тұр.

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01