"Пандемия мен жаһандық дағдарыс кезінде, ішкі капитал тартуға ынта қойған жөн"

Қарлығаш Зарыққанқызы

30.12.2020, 10:47

2051

      «Жас Алаштың» жылды қорытындылау санында біз ұлттық экономика министрлігінің жыл бойғы тындырған істерін талдамақ болғанбыз. Осы мақсатта ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің атына арнайы сауалдар да жолдадық. Бірақ Дәленов мырза «уақытының тығыздығы мен жұмысының көптігіне» байланысты өзіне қойылған сауалдарға жауап беруді орынбасары Мейіржан Юсуповке жүктепті. Сонымен, вице-министрмен сұхбатымыз төмендегідей  өрбіді.

­­– Мейіржан Бақытұлы, қазір Қазақстан экономикасына, оның ішінде ұлттық экономика министрлігіне қатысты сын айтатындар жетіп-артылады. Жалпы, ұлттық экономика саласының вице-министрі ретінде  бұл тұрғыда не айтасыз? Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге келіп жатқан инвестициялар ауқымы көп болса да, кей салаларда әлі де даму жағы неге кемшін?

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 120-дан астам елден 350 млрд доллар  шетелдік инвестиция әкелінді. Инвестицияның негізгі, 50 пайыздан астам бөлігі Еуроодақ елдеріне, шетелдік тікелей инвестицияның 15 пайызы Америка Құрама Штаттарына тиесілі болса, шамамен 5 пайызы Ұлыбритания мен Қытайдың еншісінде. Бізге келген шетелдік инвестор үшін ең тартымды сала тау-кен, өңдеу, сауда мен көлік өнеркәсібі болып отыр. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі бойынша шетелдік тікелей инвестиция тартуға баса назар аударылғанымен, пандемия мен жаһандық дағдарыс жағдайын ескере отырып, ішкі капитал тартуға ынта қойған жөн. Бүгінгі таңда Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы аясында жергілікті және шетелдік инвесторлар арасында ешқандай айырмашылық жоқ, яғни құқықтарды толық қорғау инвесторлардың барлық санаты үшін тең. Алайда қосымша артықшылық жоқ болғандықтан, бұл жергілікті инвестиция деңгейін арттыруға мүмкіндік бермеуде.

      Дүниежүзілік экономикалық форумның 2019 жылғы дерегіне сәйкес, көліктің негізгі түрлерін қамтитын «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі рейтингі әлемнің 140 елінің арасында 67-орында. Ал «Жолдардың сапасы» (93), «Әуе тасымалдарының тиімділігі» (89) және «Теңіз тасымалдарының тиімділігі» (99) индикаторы бойынша анағұрлым артта.

Көлік инфрақұрылымын дамытудың бір шарасы ретінде 2025 жылға дейін барлық республикалық немесе 24 мың шақырым жол қайта жаңартылып, сервиспен қамтамасыз етіледі. Үкіметтің міндеті серпінді инфрақұрылымдық жобалар, жаңа елдер мен компанияларды тарту, сервис деңгейін және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.

– Өзіңіз айтып отырсыз, біздегі инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ, тау-кен, сауда, көлік саласына салынады. Болашақта инвестициялық портфельді әртараптандыру жоспарларыңызда бар ма?

– Мәселен, бүгінде стратегиялық инвестициялық келісімдерді енгізу мәселесі пысықталуда. Келісімдер жеке қолдау шараларын, инвестициялық преференциялардың түрлерін, капитал салымдарының көлеміне (инвестициялар көлемі кемінде 7,5 млн еселенген АЕК ($50 млн) және жобаның басымдығына, сондай-ақ тараптардың міндеттемелеріне байланысты оларды беру шарттары мен тәртібін қамтитын болады. Бұл келісімдер мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды бекітуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан заңнамасы өзгерген кезде қосымша кепілдіктер береді.

      Инвестициялардың өсуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың бірінші басшылары 2020-24 жылдарға арналған негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша меморандумдар жасады. Нысаналы индикаторға қол жеткізу үшін жалпы сомасы 44 трлн теңге болатын 2000-ға жуық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Жобалардың басым бөлігі құрылыс, химия өнеркәсібі өнімін, шикі мұнай, газ, металл кенін өндіру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында жоспарлануда.

      Осылайша мемлекеттен кешенді қолдауды қамтамасыз ете отырып, біз инвестициялық портфельді әртараптандыруды және 2024 жылдың соңына дейін ЖІӨ-нің жалпы көлемінде негізгі капиталға инвестициялар үлесін 30 пайызға ұлғайтудың бастапқы нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.

– Жалпы, өзіңіз де білесіз, біз соңғы кездері шетелдің дайын инвестициясына, мамандарына, технологиясына көбірек иек артып кеттік. Осы үрдіс өзіндік қарым-қабілетімізді дамытуға кері әсерін тигізбей ме?

Экономикасына шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тарту біздің үкіметтің ғана емес, әлемнің кез келген басқа дамушы елдерінің де басым міндетінің бірі болып табылады. Біздің еліміз жақсы географиялық жағдайға, бизнес үшін қолайлы ортаға, инвесторлар мен инвестициялық ынталандыру құқығын қорғауға ие. Алайда пандемияға, шикізат бағасының төмендеуіне және әлемдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты елімізге енетін шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 2020 жылғы 1-жартыжылдық қорытындысы бойынша 35 пайызға, 8,1 млрд долларға дейін төмендеді.

       Біздің экономикамыз «шетелдік кадрларға көбірек тәуелді» дегенмен келіспеймін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  деректері бойынша ағымдағы жылғы 1 қарашада Қазақстанда барлығы 15 832 шетелдік жұмыс істеуде. Бұл елдегі жұмыспен қамтылған барлық халықтың 0,18 пайызын құрайды. Бұдан басқа, жергілікті кадрлармен қамту талабын қатаңдату бойынша биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота саны 49-дан 29,3 мыңға дейін, яғни 40 пайызға төмендеді.

– Қайсыбір сарапшылар Орталық Азия елдері қазіргі дағдарысты еңсереді деген болжам жасауда. Мұндай оптимистік болжамдарға сенуге бола ма?

– Жалпы, көптеген болжам бар. ХВҚ (2020 жылғы қазан) және ЭЫДҰ (2020 жылғы желтоқсан) жаңартылған болжамдарына сәйкес, биыл әлемдік экономиканың төмендеуі 4,2-4,4 пайызды құрайды. Орталық Азия елдерінде өсу минус 12 пайыздан плюс 1,8 пайызға дейінгі шекте бағаланады.

       Пандемияның теріс әсерін жеңілдету үшін Орталық Азияның барлық елдері нақты шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Қазақстанда салықтық ынталандыру, кредиттік төлемдер бойынша кейінге қалдыру ұсынылып, ШОБ-қа жеңілдікпен кредит беру арттырылды. Нәтижесінде соңғы айларда экономикада оң үрдістер байқалады. Нақты сектордың өсуі қаңтар-қарашада қаңтар-қазанмен (қаңтар-қазан 1,9 пайыз) салыстырғанда 2 пайызға дейін жеделдеді. Көрсетілетін қызметтер өндірісінің өсу серпіні минус 6,1 пайыздан 5,9 пайызға дейін жақсарды.

       ХВҚ болжамы бойынша келесі жылы әлемдік экономиканың өсуі 5,2 пайыз деңгейінде күтілуде, Орталық Азия елдеріндегі өсу 3 пайыздан 9,8 пайызға дейін бағаланады. ӘЭДБ-ға сәйкес, 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 2,8 пайыз деңгейінде болуы ықтимал. Тауар өндірудің өсуі 2,9 пайызды құрайды, көрсетілетін қызмет өндірісі 2,7 пайызға артады.

      Барлық базалық салаларда оң өсу күтілуде. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының өсуі – 5, сауда – 4,9, өңдеу өнеркәсібі – 4,1, құрылыс – 3,8, көлік – 3, тау-кен өнеркәсібі 0,6 пайызды құрайды. Бұл әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына, сондай-ақ вакциналарды әзірлеу мен сынау саласындағы оң нәтижелерге байланысты. Кейбір елдерде оны әзірлеу процесі қазірдің өзінде соңғы сатыда.

– Рас, бізде дағдарыстан шығу шаралары, экономиканы сауықтыру жобалары қарастырылуда. Бұған дейін де қарастырылған. Дегенмен бұл шаралардың кейде өз нәтижесін бермеуі неліктен?!

– Жалпы, үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бойынша ауқымды шараларды іске асыруда. Халық пен бизнесті қолдау үшін шұғыл және жедел шаралар қабылданып, 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істейді. Министрлік бизнес қауымдастықпен және «Атамекен» ҰКП-мен үнемі байланыста. Бизнес өкілдерінен келіп түсетін барлық ұсыныстарды біз талдап, жүйелейміз, сондай-ақ экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыстарында жеделдетілген режимде қараймыз.

        Қабылданған шаралар нәтижесіз емес. Осы шаралардың арқасында, 1,2 млн жұмыс орны сақталып, құрылды, 572,3 мың адам жұмысқа орналастырылды. (2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша), 1,9 млн азамат кредит мерзімін кейінге қалдырды (268 млрд теңге сомасына), 700 мың кәсіпкерге салықтық ынталандыру арқылы қолдау көрсетілді (1 трлн теңге сомасына). 12,5 мың ШОБ субъектісі немесе зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80 пайызы кредиттер бойынша (165 млрд теңге сомасына) кейінге қалдырылды. Бұл елдегі экономикалық белсенділіктің біртіндеп жақсаруына ықпал етті.

­– Жақсы,  шаралар оң нәтиже көрсетті делік. Нақты қай салада өсім бар, қай салада кері кетіп жатыр, атап айта аласыз ба?

— ­Мәселен, қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша құрылыс индустриясы – 12,1, өңдеу өнеркәсібі – 3,3, ауыл шаруашылығы 5,3 пайызға өсті. Фармацевтика – 39,5, жеңіл өнеркәсіп – 15,5, машина жасау – 16,4, оның ішінде автомобиль жасау – 52,6, ағаш бұйымдарын өндіру – 47,3, дайын металл бұйымдарын өндіру 19,6 пайызға жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Тау-кен өндіру өнеркәсібін қоспағанда, инвестициялар 17,3 пайызға өсті. Инвестицияның едәуір көлемі тұрғын үй құрылысына, көлікке, өңдеуші өнеркәсіпке, оның ішінде азық-түлік өнімдеріне, ауыл шаруашылығына тартылды.

       Осылайша өсу факторлары жетіспейтін салаларға инвестициялар тарту, экономиканы кредиттеу, нақты сектордың өсуі және қызмет көрсету саласының жандануы, сондай-ақ экономиканы қолдау бойынша шаралар атқарылып жатыр.  Қараша айында Халықаралық валюта қорының миссиясы біздің пандемияға қарсы шараларды жоғары бағалады және тұрақты өсуді қамтамасыз ету бастамаларын қолдады. Сондықтан біз болашақта Қазақстан даму сатысынан түспейді деп үміттенеміз.

Тегтер: экономика инвестиция қаражат қаржы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:15
Зейнетақы жинағын алу: БЖЗҚ 49 миллиард теңгеге өтінім мақұлдады
Сайт әкімшілігі 12:53
Депутаттар зейнет жасын 60 жасқа төмендетуді ұсынды
Сайт әкімшілігі 10:19
Ұлттық банк ел экономикасы оңалатын кезеңді айтты
Қарлығаш Зарыққанқызы 26.01.2021, 12:37
Тұралаған банктер мен қалжыраған қорлар елді қиындықтан құтқара ма?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 25.01.2021, 13:29
Ресейдің көңіл күйі Қазақстанға қалай әсер етеді?
Еркежан АРЫН 25.01.2021, 11:00
Қазақстанда кедейлік деңгейі 1,5 миллион адамға артады – Дүниежүзілік банк

Аңдатпа


  • Кім көрінгеннің ермегіне айналған отбасы заңы
    09:28
  • Озат ойдың айбыны
    26.01.2021, 11:26
  • Өкімі өзінен бұрын жеткен Сақтағанов Семейді басқаруға тағайындалды
    26.01.2021, 10:23
  • "Вакцина жасатқандар жарты жылдан кейін жаппай өле бастайды», бұл ақиқат па?
    25.01.2021, 09:46
  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10