03.02.2023, 07:23
2940
Елімізде табиғи газдың қоры мол өңір екеу болса, соның бірі –Қарағанды. Мұнайдың құрамынан алынатын батыстың көгілдір отыны мұқым елге тамызық болуға қауқарлы. Әйткенмен, қысы ұзаққа созылатын Арқадағылар «Сарыарқа» магистральдық желісі арқылы Жайықтан келетін экологиялық энергияның көзін зарығып күткелі төрт жүздің жүзі болды. Турасын айтсақ, кенді аймақтың көмір қабатында метан газы тұнып жатыр. Өткен ғасырда АҚШ-тың газ технологиялары институтының ғалымдары Қарағанды көмір бассейіндегі қатты отынның құрамында 3 трлн текше метрге дейін метан қоры барын әйгіледі. Ал ендеше? Қазынаның үстінде отырып, Каспий теңізінің байлығына телміруімізге не жорық? Сонда кімнен кінә іздейміз? Қазақ кенімен шекесі шылқып отырған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының магнаттары ма, әлде үкіметке үн қатпаған әкімдердің құлықсыздығы ма?
– «Ленин» және «Қазақстан» шахталарына бұрыннан «кез келген сәтте метан газы атылу қауіпі бар» деген анықтама берілген. Ал метан газы көмірдің ішінде болады. Көмір қабатында бөгіп жатқан сұйық отынды газдан арылту үшін бұрғылау қондырғыларын забойларда көптеп орнату керек. Қанша жерден заманауи технологияларды қолданысқа енгізгенмен, газ дегализацияланбаса қауіп пен апат сейілмейді. Бірақ газды залалсыздандыру шарасына қомақты қаржы кетеді. Оны «АрселорМитталТеміртау» АҚ басшылары жақсы біледі. Кезінде Қарағандыда осы міндетпен айналысқан бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты жабылып қалды.
Бірақ ғылыми институттың барлық нұсқаулары «АрселорМиттал-Теміртау» компаниясында сақталуы тиіс, – дейді ұзақ жыл кен өнеркәсіптерінде жауапты қызметтер атқарған Қабыдғали Оспанов.
Қарағанды көмірінен метан игерудің тәсілін алғаш рет тау кен саласының бірегей білгірі Николай Дрижд қолданысқа енгізді. Оның осы жобасы аясында 2011 жылы «АрселорМитталТеміртау» компаниясына қарасты «Ленин» шахтасында қуаты 144 МВт-қа жететін газ генераторы орнатылды. Соның арқасында аталған кеніш электр энергиясына жұмсалатын 10 пайыз шығынды жауып отырған. 2021 жылы ілкімді бастаманы ілгерлеткен генератордан ақау шығып, тоқтап қалған. Ал әлемдік алпауыт құрылғыға қажетті қосалқы бөлшекті сатып алуға кежегесі кері тартып отырған сыңайлы.
– «АрселорМитталТеміртау» компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, 1 тонна көмірден 500 текше метр метан жылу энергиясына алатын мүмкіндігін ескерсек, компанияның КВТС-10 қазандығы күніне 50 тонна көмір тұтынады екен. Егер шахта көмір астындағы метанды пайдаланса, жылына бір қазандық 18 мың тоннақатты отын үнемдемек. Олай болса, метанның концентрациясы 30 пайыздан кем болмауы керек. Тек түтін шығаратын қондырғылар талапқа сай болса, метаннан қоршаған ортаға қауіп жоқ. Газдың бұл түрі сыртқа су және көмірқышқылын бөледі. Бұл қара түтінге көміліп отырған өңірдің экологиясына таптырмас мүмкіндік. Мәселен, 1 тонна көмір жанғанда, 35 келі шаң, 4 келі күкірт оксиді, 9 келі көміртегі, сондай-ақ 1,5 азот ауаға тарайды, – дейді тақырыпты зерттеген журналист Нұқанат Қанапия.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры Әсет Рақышовтың айтуынша, Қарағанды көмір бассейнінде метанның 850 млрд текше метрден 1 трлн текше метрге жуық ресурстық қоры бар. Бұл облысты толығымен газбен қамтамасыз етуге жетеді. Ғалымдар газ игеруді кен алынбаған жерден бастаған тиімді екенін айтады. Себебі, зардапқа ұшырамаған метанның пайдасы қоршаған ортаға тиімді.
Қазір «АрселорМитталТеміртау» бірді-екілі шахталарында метанды аз мөлшерде пайдаға жаратып жатыр. Атап айтқанда, «Ленин» және «Абай» шахталарындағы қазандықтар газбен қыздырылуда. Әйткенмен, бұл теңізге құйған тамшыдай ғана үлес. Аймақтағы көмір департаменті метан газын игерудің 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеген. Болашақта шахталарда 12 газ генераторын іске қосуды көздеп отыр. Солай-ақ болсын делік. Бірақ күдік туғызатыны, жеті жылдық болжамның қашан іске асатыны белгісіз. Қашанғы қияңдағы Еуропадағыдай жағдайды армандаймыз? Айтпасқа амал жоқ, халқының денсаулығы мен әлеуметтік тұрмысын жиырма жыл бұрын шешіп тастаған Франция, Германия, Польшаның тірлігі еріксіз сүйсіндіреді. Олар жаhандануға қадам баспай тұрып-ақ, қазу машақаты зор, тасымалдау құны қымбат көмір өнеркәсіптерін жауып, жылу электр станциялары мен тұрғын үй кешендерін түгелдей газдандыруға көшті. Тіпті тас жолдағы көліктеріне дейін газбен жүреді. Қарағандыдағы химия саласының ғалымдары – өлкемізде метан қоры анықталса, газды игерудің және бұрғылап шығарудың технологиясын әлемдік әдісіне сүйеніп алуға болатынын жоққа шығармайды. Жалғыз-ақ инвестиция тарту ісін жүргізу керек. Қарағандыда көмір қоры табылған уақытта газды қатар барлау жөнінде ешкім ойламайды. Ол кезде халыққа көмір жағу анағұрлым тиімді-тін. Енді жасыл энергияға көшу мен қаржы үнемдеудің заманы туды.
Бұл бастаманы дер кезінде құнттамаған әкімдерден сұрау жоқ. Түлен істі жаңа келген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев құлық қойып, қолға алса, қанеки!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР