Қайролла Ғабжәлелов: Теңге 100 есе құнсызданды

Жарас КЕМЕЛЖАН

14.12.2021, 08:35

2161

Қазақ үшін ең қасиетті құндылығымыз тәуелсіздік болу керек. Ата-бабамыз аңсаған бойтұмардай егемендігімізді қаншалық қастерлеп жүрміз? Тіпті бүгінгі жас ұрпақ егемендіктің қандай қиындықпен орнағанын, тәуелсіздіктің іргесі қалай қаланғанын біле бермейді. Өйткені оның өзі қазір тарихқа айналып бара жатыр. Бүгінгі кейіпкеріміз – қазақтың алғашқы төл теңгесінің авторы, белгілі сәулетші, суретші, қоғам қайраткері Қайролла Ғабжәлелов.     

– Қайролла аға, сіз тұңғыш төл теңгенің авторысыз. Қазір ақша күн сайын құнсызданып барады. Ол кездегі теңгенің құны қалай еді?

– Әңгімені арыдан бастасақ қайтеді? Бұл өзі ұзақ әңгіме ғой.

–Қалауыңыз білсін.

–1991 жылы Кеңес Одағы тарады. Алдымен Балтық елдері кетті, одан кейін 15 республика бірінен соң бірі тарады. Қарашаның соңына қарай біздің Қазақстан ғана қалды. Құдды қарашаңырақ отауларын бөліп тастаған соң, еншісін алғысы келмей, бөлінгісі келмей отырып алатын кенже бала құсап біз ғана қалдық. Тіпті Ресей өзіне-өзі тәуелсіздік жариялады. Олар кімнен тәуелсіздік алғаны түсініксіз. Әлі есімде, сол кезде біздің президенттің телеарнадан «Амал жоқ, бәрі кетті, біз ғана қалдық» дегенін әлі ұмытпаймын. Қазір Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсан деп жүр ғой. Анығында, олай емес. Біз қарашаның соңына қарай егемендік алдық. Бірақ билік Желтоқсан қасіретін ұмыттыру үшін қасиетті күнге ауыстыра салған болу керек. Тәуелсіздік алған соң, бізге алдымен жалау, содан кейін елтаңба, әнұран қажет. Соған конкурстар жариялап жатқан. Бір айдан кейін жаңа жыл келді. Сөйтіп, 1992 жылы халық арасында өз ақшамыз болу керек деген әңгіме әр жерде айтыла бастады.

– Әрине, өз ақшамыздың болуы заңдылық қой.

–1992 жылдың наурыз айында «Қазақстан дизайн орталығы» деген мекеме құрдым. Директоры – өзім. Тимур Сүлейменовпен араласып, бірге жұмыс істеп жүргенбіз. Ол сол кездегі кездейсоқ көп депутаттың бірі болатын. Біз ол кезде көп жоспарлар құрып, үлкен шаруаларды бастағанбыз. Өз ақшамыздың жобаларын да сызып бастадық. Тәуелсіздікті жаңадан алған соң, мемлекеттік банк Ресейдің қарамағынан шығып, Ұлттық банк енді құрылып жатқан кез. Тимур екеуміз Ұлттық банк төрағасына бардық. Танысып, сөйлестік. Көп әңгімелер айтылды. Бірнеше рет кездескен соң, арақатынасымыз жақсарып, жобаларымызды талқылауға көштік.  

– Сіз жұмыс барысын айтып жатырсыз. Дегенмен теңгеге тұлғалардың суретін салу мәселесі талас-тартыс болып, қиындық тудырған жоқ па?

– Оның да әңгімесі көп. Бірінші – әл-Фараби, екінші – Сүйінбай, үшінші –Құрманғазы, төртінші – Абай, содан кейін Әбілқайырдың суретін таңдадық. 50 теңгелікте тұңғыш президенттің суреті салынған. Осылай бекітілген болатын. Сол жылы Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтіп, шетелден келген қандастарымыз ұшақтан түсе сала атажұрттың топырағын сүйіп, тебіреніп жатты. Соны көрген президентіміз де толқыса керек, өзінің портретін алдырып тастады. Оның орнына Шоқан Уәлихановтың суретін қостық. Ең соңғы эскиздерімізді президентке көрсетіп, Ұлттық банктің басқармасында бекітіп алдық. Содан кейін әркім өз ісімен тарап кетті. Ешкімнің еш нәрседе жұмысы жоқ. Біз жобаны дайындап қойдық, бірақ еңбегіміз далада қалатын болды. Тіпті басқа бір пысықтар иемденіп кетуі мүмкін. Амалсыздан өз қаражатыма Мәскеуден виза аштырып, бес адамға билет алып, бір-ақ күнде Англияға ұштық та кеттік. Бізге ол жақта валютаны қалай шығаруды оқытты.

– Англияға алып барған эскиздеріңіз кәдеге жарады ма?

– Жоқ, түкке жарамай қалды. Қоқыста қалды. Ол жақта валюта қалай жасалады, оған қандай қағаз қажет, қандай бояулар пайдалану керектігін көрсетіп, үйрете бастады. Қайтып келген соң, Сүлейменов мүлде араласқан жоқ бұл шаруаға. Бір сызық сызған жоқ. Өйткені ол депутаттығын мұндай қара жұмысқа айырбастығы келмеді. Ары қарай жұмысты мен өзім жалғыз алып кеттім. Испанияға, Германияға бардым. Ол жақтарда ақша шығаратын фабрикаларда болдым. Бұл енді бір-екі сағатта таусылатын әңгіме емес.

Сөйтіп, талас-тартыспен, үлкен әңгіме-келісулермен біз теңгені Англияда бастыра бастадық. Ол кез Одақтың тарап, тоқырап жатқан шағы ғой. Мемлекеттің барлық құрылымдары қайтадан құрылып жатты. Ресей Қазақстанға ақша бергісі келмеді. Себебі Кеңес Одағын құлатқан сыртқы күштер тез арада Ресейден республикаларды ажыратып тастауға әрекеттеніп, Қазақстанды шеттете бастады. Ресей бізге 1 сомды 65 пайызбен қарызға берді. Аптасына ұшақпен 1 млрд сом алып келсе, оның 650 млн сомы үстіндегі өсіміне ұсталып, бізден кетіп жатқан қазба байлықтар тектен-текке өсімнің есебіне ұсталды. Соның кесірінен Қазақстан экономикасы тұралады, өндіріс тоқтады, зауыттар жабылды. «Біреу қойға айналғанда біреу тойға айналыпты» дегендей, мемлекет ақшадан қысылып жатқанда банктер ашыла бастады. Менде сол кезде ашылған 260 банктің тізімі жатыр. Шымкенттің өзінде 150 банк ашылды деген әңгіме тараған. Банктер еш кепілсіз кредит беретін еді. Тек түске дейін банкирмен келіссең, түс қайта шотыңда жүздеген миллион сом жататын. Ең алғаш «шапка» туралы ұғым сол кезде пайда болды. Қазіргі парақорлықтың басы сол кезде басталды ма деген ой келеді маған...

– Ол бір аумалы-төкпелі заман ғой. Дегенмен қазіргі жастар оны білмейді. Сонымен, біздің ақшамызды ағылшындар сызып берді ме?

– Әрине, ақша сызу деген – сурет салу емес. Оған асығуға келмейді. Мысалы, Англияның фунтстерлингінде төрт банкнот бар. Соны олар алты жыл сызған. Немістер ақшасының сол кездегі маркасын екі жылда шығарған. Ал біздікі жеті банкнот. Оны бес-алты айда сызу, басып шығару физикалық, техникалық тұрғыда еш мүмкін емес. Бірақ ақылға сыймайтын таудай жұмысты атқарып шыққанымызды көпшілік біле бермейді. Ақшадағы портретті сызу үшін темірді инемен шұқылап отырып сызып шығу керек. Англияда ондай санаулы ғана маман бар екен. Бір портретті инемен шұқып сызып шығуға 4-5 ай уақыт кетеді. Жеті банкнот тұр. Желтоқсан айында Ұлттық банк төрағасымен кездесіп отырғанда, президент тікелей телефон соқты. Ол «наурыздың аяғында теңге дайын болуы керек» деп тапсырма берді. Мен сол күні Англияға ұштым. Уақыт шектеулі. Ол жаққа барған соң, бірден басқа фабрикалардағы мамандарды да жинап, жұмысты бөліп бердік. Сөйтіп, шаруаны жеделдеттік. Ал өзіміздің жұмысты күндіз фабрикада, түнде қонақүйде істедік. Оның үстіне бізбен бірге барған Тимур Сүлейменов депутаттығын жалғастыру үшін Алматыда қалып, енді бір дизайнеріміз ішкілікке салынып кеткен еді. Сөйтіп, біз екі адам ғана қалдық.

        Англиялық дизайнерлерді қызықтырған дүние – азиялықтардың портретін салу. Өмір бойы еуропалықтардың түр-тұлғасын сызып жүргендерге қазақ деген халықтың бейнесі таңсық болды. Олар сол үшін келісті. «Асыққан – сайтанның ісі» деген. Абылай ханның аузы қисайып қалыпты. Қайтадан жасауға уақыт жоқ. Тимур Сүлейменов «осымен кете берсін, қойшы, болды» деп жалынды. Сөйтсем, ағылшындар Сүлейменовті сатып алыпты ғой. Оны кейін білдім. Амал жоқ, Абылай ханның аузын түзетуге тура келді. Бір жағының штрихтарын қалыңдатып, екі жағын теңестіргендей болдық. Англиядан ақшаны алып келу туралы әңгімені бұған дейінгі сұхбаттарымда айтып жүрмін, қайталамай-ақ қояйын.    

        Тиынды қалай шығардық? Ол да үлкен әңгіме. Тиынды басуға кімнің идеясы екенін білмеймін, Өскемендегі Үлбі зауыты таңдалды. Оған Германиядан станоктар алдырды. Қомақты ақша кетті. Және оған қажетті түрлі түсті металдар берілді. Бірақ дер уақытында тиын дайын болмаған соң, біздің Англияға барып, өліп-талып шығарып келген теңгеміз айналымға енбей, наурыздан қарашаға дейін қоймада жатты. Айқай-шу басталған соң, амалсыздан екі айға жоспарлап, қағаз тиындар шығардық. Бірақ әлгі қағаз тиындарымызды екі жыл пайдаландық. Кейін инфляция басталып, вагон-вагон тиындар түкке жарамай, қоймаға тікелей кетті.

         Айтпақшы, теңге жасап жатқанда мынадай қызықтар да болды. Ағылшындар әл-Фарабидің портретін басқысы келмей, көп кедергі жасады. Оның себебін кейін түсіндім. Біз ең алғаш рет әлемдік қаржы жүйесінде теңгеге әл-Фарабиді сәлдесімен шығарып, Қазақстанның мұсылман мемлекеті екенін көрсеттік. Еуропаға сол жақпаған екен.

–Ең алғашқы төл валюта қаншалықты құнды еді? Дизайны, сапасы қалай болды?

– Соншалықты қиындықпен, машақатпен шыққан теңге, абыройымызға қарай, әлемдегі ең құнды, дизайны жағынан озық, қауіпсіздік жағынан мықты валюта болды. Англиядағы фабрика «Алтын белгі» сыйлығын ұтып алды. Шауып жүрген бізге түк те жоқ. Ең алғаш теңге айналымға енген кезде 1 доллар 4 теңге 50 тиынға бағаланған болатын. Бірақ бұл да дұрыс шешім болмады. Себебі ақшаны шығарудың алдындағы есеп бойынша 1 теңгеміз сол кездегі ең тұрақты валюта – неміс маркасымен тең деп есептелген болатын. Теңге айналымға енер кезде комиссия құрылған-ды. Сол комиссия «бізге марканың керегі жоқ, Ресейдің рублі керек» деп, құнсызданып жатқан сабан ақшаға байлады да тастады. Сөйтіп, 1 теңгеміз 500 сомға теңестірілді. Инфляцияның басы содан басталып, бүгінгі күні теңгеміз 100 есе құнсызданып кетті. Құнсыз ақша шетелден келетін инвесторларға, содан кейін үкіметке пайдалы. Ол жағын экономистер де айтып жүрген жоқ па?!    

– Тәуелсіздікке – 30 жыл. Қоғамда әртүрлі пікір бар. «Тәуелсіздік дегеніміз – теңгенің шығуы» дейді. Теңге мен тәуелсіздікті бір-бірімен қалай байланыстыруға болады?

–Ақша болмаса, тәуелсіздік болмайды. Бұл ықылым заманнан бері келе жатқан заңдылық. Біздің шынайы тәуелсіздігіміз – төл валютаның жарыққа шыққан күні еді. Өз теңгесін қолына ұстап, көзіне жас алмаған адам кемде-кем ол кезде. Теңге ұлттың рухын көтерді. Теңге шынайы тәуелсіздікті сезіндірді. Ұлттық идеологияның әліппесі болды. Кейін ақша ауысты, онымен бірге біздің егемендігіміз де есеңгіреп қалғандай. Егемендік жариялағанымызға, міне, отыз жыл толды. Қытайдың құшағына ұмсынып барамыз. Ресейсіз еш нәрсе жасай алмаймыз. Солардың қас-қабағына қараймыз да отырамыз.

        Қазіргі теңгенің авторы – Әлім Меңдібай менің атымды өшіргісі келеді. Соған тыраштанып жүр. Ұлы тұлғаларымызды түгелдей сыпырып тастады да, қайыр сұраған алақан, картаны салдырды, сондай лас жұмысты ұйымдастырды. Теңге жылдан-жылға құнсызданып барады. Бұлай кете берсе, елдігіміздің нышаны – төл ақшамыздан айырылып, тіпті егемендігімізге қауіп төнуі мүмкін.

        Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толды деп ауыз толтырып айтамыз ғой. Бірақ мақтанатын түгіміз жоқ. Егемендік алған кезде Қазақстанның жағдайы қандай еді? Колхоз-совхоздарымызда егін егіліп, мыңғырған малымыз бар еді. Білім мен медицина, ғылым – бәрі қатар жұмыс істеп тұрды. Жұмыссыз адам болмайтын. Халықтың қарны да, көңілі де тоқ еді. Егемендік алған соң, соны ары қарай жалғастырып, дамытып, халықтың тұрмысын жақсартып кету керек болатын. Себебі Қазақстан – бай ел. Әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Бірақ біздің ойлағанымыздай болмады. Егемендіктің сыйы осы ма?   

– Бұл үлкен сұрақ. Теңге деген – ақша. Ақша дегеніміз – экономика ғой. Сіз суретші ғана емес, қаржы саласының да маманысыз. Қазақтан шыққан қаржыгерлердің арасында қазіргі экономикалық дағдарыстан шығаратын, ақшаны құнсызданудан құтқаратын білікті қаржы маманы, экономистер бар ма? Мысалы, Мұхтар Әблязовтің қаржылық сауатын, экономикалық біліктілігін мойындайсыз ба?

– Мен Мұхтарды көрген адам емеспін. Бірақ кім болса да, ұлтжанды адамның бетін қайтаруға болмайды. Қазақтың білімді, білікті, іскер қаншама қыз-жігіттері шетелде жүр. Олар өте көп. Бұл жақта олардың білім-білігін ешкім бағалаған жоқ. Біздің қаржы, экономика саласында отырғандар мықты мамандар емес, олар мықты жағымпаздар. Мұхтар Әблязов – мықты бизнесмен. Ол іскер. Ақша табуды, оны қалай айналдыруды жақсы біледі. Оның артынан анау-мынау деген әңгіме айтылып, үлкен-үлкен айыптар тағылып жатыр ғой. Азаматқа жағылған жалалардың бәріне күмәнім бар.  

–Сіз бизнесменсіз. Бірақ қаншама жыл уақытыңызды, ақшаңызды өзіңізге түк пайдасыз іске жаратып алған жоқсыз ба? Мысалы, Исламтану институтын құрдыңыз, содан кейін «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын құрып, он шақты тарихшыға жұмыс беріп, журнал шығарып, бір институт істейтін шаруа жасадыңыз. Кейде осы ісіңізге өкінбейсіз бе?

–Өкінемін. Бүгінгі көзқараспен қарасам, өзімді ақымақ адамдай сезінетінім рас. Екі мешіт салдым, оған 600 мың доллар ақша кетті. Әкімі – бір, құрылысшылары екі ұрлап жырымдады. Құранды тәпсірлеп шығардық. Одан да таяқ жеп жүрмін қазір. Құранды тәпсірлейтін болып, қазір діни басқармада жұмыс істейтін бір жігітті жұмысқа шақырғанмын. Ол келді. 1000 доллар айлық қойдым. Бір күні қарасам, әлгі батырым докторлық диссертациясын жазып отыр. Менің жұмысым жайына қалған. Кабинетіне қыздарды шақырып алатын болыпты. Сөйтіп, менен кетіп қалды. Құранның тәпсірін 7-8 жыл айналысып жүріп әрең шығардық. Машақаты көп жұмыс екен. Айта берсек, әңгімесі көп.

       Кейін дінмен адамның отаншылдық сезімін көтере алмайтыныма көзім жеткен соң, тарихпен айналысуға бет бұрдым. Өйткені адам патриот болу үшін өз тарихын білуі керек. Тарихты білмеген адамның табаны тайғақ, көкірегі бос болады. Соны түсіндім.

       Қазақ ру мен тайпадан құралады. Ру-тайпаның жері: қыстау, жайлауы, көктеуі мен күздеуі бар. Сан ғасырдан бері солай. Содан қазақ тарихын зерттеу үшін ру-тайпадан бастау керек екенін түсіндім. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын құрып, жұмысты бастап кеттік. Қазақта негізгі 43 ру бар, оған қожа, төре, сунақтарды қосқанда, 46 ру болады. Осыны жазып шықсам, қазақ тарихының картасы ашылатындай көрінді.

       Жұмысты бастау үшін тарихшыларды тарту керек. Аты озған тарихшының бірнешеуіне кіріп шықтым. Кейін біраз тарихшыны шақырып, жұмысқа алдым. Жоғары жалақы қойдым. Дүниежүзінің архивтерінен сирек қолжазбалар мен кітаптар жинадық. Осындағы кітапхана қызметкерлерімен кездесіп, оларды Ресейдің сирек қолжазба қорына жібердім. Төрт адамды қаражат беріп аттандырдым.  Олар Петербургқа барып, 300-ге жуық сирек қолжазба алып қайтты. Осылай жыл сайын жіберіп отырдым. Бірнеше мың қолжазба жиналды. Ташкенттен, Моңғолиядан, Қытайдан, Әзірбайжаннан да құнды кітаптар сатып алдым. Бірақ соның көбі қолды болып кеткеніне қазір ішім ашиды. Осындай күрескерлікпен жүріп 40 кітап шығарыппын. Тұсаукесерін Нью-Йоркте, БҰҰ-да, ЮНЕСКО-да жасадым. Тағы 40 кітап жазылып, дайын тұр. Қазақ тарихының бастауы – ру-тайпа шежіреміз осылай жазылды. Айтуға оңай, бірақ соның бәрін ойлап отырсам, өзіңіз айтқандай, бір ғылыми институт атқаратын жұмысты көтерген екенмін.

Тегтер: теңге экономика инфлияция ұлттық валюта

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.01.2022, 14:00
"Қазақстан халқына" қорына ең ірі сома түсті
Оразәлі СӘБДЕН 20.01.2022, 17:41
Өзгеретін кез келді
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 20.01.2022, 14:13
Сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Жалған статистика ауылдағы нақты жағдайды көрсетпей отыр»
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 20.01.2022, 08:50
Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
Сайт әкімшілігі 18.01.2022, 11:40
Жаңа министр Қазақстан экономикасын қалай қуаттандыратынын айтты
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.01.2022, 08:38
Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48