«Қаңбақ» құрылыстардың қаптап кетуіне кім жауапты?

Павлодарда салынып жатқан жаңа үйдің қабырғасы опырылып ортасына түсті

Мариям МАҚСАТ

22.06.2021, 07:51

2636

Қас-қағым сәтте қабаттар арасындағы плита құлап, екі қабат жермен-жексен болды. Бұл оқиға облыстағы құрылыс саласының жарымжан жағдайда екенін көрсетіп, біршама былықтың бетін ашып берді.

Бұған дейін Торайғыров көшесі, 75/3 мекенжайында осы аумақтағы тұрғындар өз көліктерін қоятын автотұрақ болған еді. Бұл жер Қарағанды облысының тұрғынына тиесілі болған екен. Ал өткен жылдың қазан айында павлодарлық тұрғын оны көршілес өңір азаматынан сатып алып, жерді пайдалану мақсатын өзгертіпті. Автотұрақтың орнына бірнеше қабатты баспана салуға бел буды. «Мурза Строй» ЖШС үйдің жобасын жасады. Соған сәйкес, төрт қабатты баспананың әр қабатында үш пәтер, аулада ойын, спорт алаңдары болуы тиіс еді. Қысқасы, бұл Павлодардағы элиталық үйлердің біріне айналуы керек-тін. Павлодар қаласының әкімдігі автотұрақтың орнына үй салу жобасына қолдау білдірді. Сөйтіп, осы жылдың наурыз айында «Элит Сервис Плюс» ЖШС құрылысқа кірісті.

Бірақ осыдан бірнеше күн бұрын салынып жатқан баспананың жартысы құлады. 17 маусым күні сағат 19:39-да төтенше жағдайлар қызметіне оқыс оқиға туралы хабар келіп түсті. Аталған мекенжайға жеткен 12 құтқарушы құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген үш адамды аман алып қалды. Олардың барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары. Кейін белгілі болғандай, ешқайсысында тиісті құжаттар мен рұқсат қағаздар болмай шықты. Қазіргі уақытта 25, 28 және 34 жастағы ер адамдар №1 қалалық ауруханада ем қабылдауда. Олардың жағдайы орташа ауыр деп белгіленіп отыр.

Алдын ала болжам бойынша қабырғалардың құлауына қабаттар арасындағы плиталардың қалай болса солай салынғаны себеп болуы мүмкін. Оқыс оқиғаның анық-қанығын құзырлы органдар тексереді. Бүгінде облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Бұл жағдайдан соң, жергілікті билікке қоғам тарапынан сан сауал туындады. «Құрылыс барысын кім және қалай бақылауы тиіс еді?», «Өзбекстан азаматтары неге рұқсат қағаздарсыз жұмыс істеп жүр?», «Құрылыс материалдарының сапасына кім жауап береді?» деген сынды сұрақтар қарша борады. Атқамінерлер әдеттегідей сасып-пісіп, нақты жауап беруден қашқақтады. «Жеке құрылыс компаниясының ісіне жауап бермейміз» деген сыңай да танытты.

– Жобаны жасаушылар, құрылыс компаниясы, авторлық және техникалық бақылау жүргізетін мекемелердің тиісті лицензиялары мен рұқсат қағаздары болғандықтан, құрылысты мақұлдадық. Бірақ оның барысын тексеруге құқығымыз жоқ. Себебі 2023 жылға дейін кәсіпкерлік нысандарын негізсіз тексеруге мораторий жарияланған. Ал техникалық, авторлық бақылау нарыққа берілген. Яғни бұл жерде де мемлекеттік бақылау жүргізілмейді, – дейді Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нариман Қайырленов.

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дәл осы бөлім аумақтың егжей-тегжейлі жобалау жоспары болмағанына қарамастан, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге бастапқы рұқсат құжаттарды негізсіз берген деп пайымдайды. Павлодар облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы осы объектіге тиісті түрде камералдық бақылау жүргізбеген. Оған қоса, техникалық қадағалауды жүзеге асыратын мекеме құрылыс барысы туралы ай сайынғы есептерін ұсынбаған. Тексеріс жүргізуге рұқсат беретін аккредитацияның мерзімі наурыз айында өтіп кеткен. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мониторингі осы фактілерді анықтап, құрылысты тоқтату бойынша тиісті шаралар қабылдауы керек еді. Бірақ мұндай шаралар атқарылмағандықтан, соңы үйдің опырылып түсуіне әкеліп отыр. Айта кетейік, құрылысты жүргізген «Элит Строй Плюс» компаниясы бұған дейін бірде-бір нысанды тұрғызбаған. Яғни бұл салада тәжірибесі жоқ.

Жалпы, Павлодар облысында құрылыс, авторлық және техникалық бақылау компанияларының жағдайы мәз емес. Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, өңірде тіркелген 958 құрылыс компаниясының тек 17 пайызы жұмыс істейді. Оның небары 3 пайызы білікті мамандармен, техникалармен қамтылған. Қалған 14 пайызының аты бар, бірақ заты жоқ.

Сол сияқты өңірдегі 283 жобалаушы ұйымның 6 пайызы ғана толыққанды мекеме болып саналады.

Саны бар, сапасы жоқ мұндай мекемелердің ісі шала болатынын жеке тұрғын үйдің құрылысы айғақтап берді. Абырой болғанда, төрт қабатты баспана қолданысқа тапсырылған соң құлаған жоқ. Әйтпегенде зардап шеккендер саны бұдан да көп болар ма еді, кім білсін?! Ал бұл жағдай шенеуніктер мен құрылыс компанияларына сабақ болса, игі.

Тегтер: құрылыс компания ереже заң айыппұл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31