Қандай тиімді ипотекалық бағдарламалар бар?

Әлеуметтің ахуалын түзейтін бағдарламаларды жетілдіру маңызды

Ерке ЖҰМАТАЙ

11.03.2022, 09:37

3387

Қазақстанда тұрғын үй нарығы айтарлықтай қымбаттады. Өткен жылы жаңа тұрғын үй құны 15,2 пайызға, ал екінші тұрғын үй құны 23,1 пайызға өсті. Биыл да геосаяси жағдайдың салдарынан қымбаттаған доллар, қаңтардағы оқиға елдегі баспана бағасының өсуіне әсер ететіні түсінікті. Айта кетерлігі биыл ресми статистикадан тұрғын үй қорының тапшылығын байқаймыз. Республикада тұрғын үй қорының жалпы ауданы 373 млн шаршы метрді құрайды. Оның жартысы қалаларда шоғырланған, бұл ретте қалалық жылжымайтын мүліктің 40 пайызға жуығы Астана, Алматы және Шымкент сынды үш мегаполиске тиесілі. Өңірлерде салынып жатқан жаңа үйлер жоқтың қасы.

Банктер ұсынатын 50/50 бағдарламасы жайында не білеміз?

Бағаның қымбаттағанына қарамастан ипотекалық бағдарламаларға сұраныс жоғары. Нарықтан үй алу бойынша 50/50 бағдарламасы көп банкте бар. Айталық, «Отбасы» банкінде пәтер ақысының жартысын жинап, ең төменгі 5 пайызбен табысын растамай, ипотека алуға болады. Мысалы, екі бөлмелі пәтердің құны 20 млн теңге десек, бастапқы жарна ретінде сол қаражаттың 10 млн теңгесін салу шарт. Бұған қоса банктің  міндетті түрде депозит ашу, онда кемі үш жылда ақшаның 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткіші 16-ға толу, ол үшін үш жыл бойы ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша салып отыру қажет.

Айта кетерлігі, көптеген екінші деңгейлі банктерде пәтер ақысының 50 пайызын құйып, табысты растамай пәтер алуға болады. Мысалы, «Алтын банк», «Сбербанк», «Halyk» банкте стандарт ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан жоғары болады. Ал табыс растамаған жағдайда 18 пайызға бірден көтеріледі.

«Нұрлы жер» мен «Бақытты отбасы» бағдарламасы

«Нұрлы жер» бағдарламасы 2020-2025 жылдарға арналған. Оған әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдар қатыса алады. Ол бойынша пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі – 5 пайыз. Бұл бағдарлама бойынша қайталама нарықтан үй ала алмайсың, тек сатылымға жаңадан қойылған немесе салынып жатқан үйлерді алуға болады. Табысты міндетті түрде растау керек. Қазіргі уақытта адам басына табыс 133 мың теңгеден аспауы керек. Мысалы отбасында төрт адам болса, отбасы табысы 532 мыңнан аспауы тиіс деген шарт бар.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған адамдар үй ала алады, олар: көпбалалы отбасы (кем дегенде 4 бала), толық емес отбасы (ажырасқанына 3 жылдан асуы керек), мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы (мүгедектіктің кез келген тобы). Бұл бағдарламада жаңа салынған үйден жаңа пәтер, қолданыста болған пәтер мен жер үй сатып алуға болады. Отбасының әрбір мүшесіне келетін соңғы алты айдағы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс, яғни қазір отбасылық табыс мөлшері адам басына шаққанда 111 655 теңгеден аспауы керек.

«Ұмай» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары

«Ұмай» ипотекасын тек әйелдер ала алады. Бұл ипотеканың негізі шарттары: Отбасы табысы 320 мыңнан аспауы керек. Алғашқы жарна 0-ден 20 пайызға дейін, ол табыс көзі мен таңдалған үйдің бағалануына байланысты. Заем 13 жылға дейін беріледі. Екі нарықтан да үй қарастыруға болады. Табыс көзі соңғы 6 айға расталуы керек. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 12 пайыздан басталады.

    «7-20-25» бағдарламасының несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі – 7,2 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20 пайызы және одан жоғары мөлшерінде белгіленеді. Бағдарламамен Астана, Алматы (шекаралас аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеге дейін тұрғын үй қарастыруға болады, ал Қарағанды қаласы үшін 20 миллион теңге және басқа өңірлер үшін 15 миллион теңге. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылды. Қарыз алушыдан қарызды беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды. Бұл бағдарлама арқылы қарыз алу үшін бекітілген талаптардың ішінде меншік құқығында тұрғын үй және ипотекалық кредит болмауы керек.

«Алматы жастары», «Елорда жастары»және «Әскери баспана»

Жас маман санатына жататын 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Алматы жастары» және «Елорда жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламалары биыл жұмыс істейді. Конкурс арқылы өтетін бұл бағдарламалардың әзірге талаптары белгісіз. Биыл 1000-нан аса алматылық жастардың пәтер алуына мүмкіндік бар. «Елорда жастары» бағдарламасының талаптары бойынша бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5 пайыз, қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 млн теңге.

«Әскери баспана» бағдарламасы бюджеттен ақша бөлінгеніне қарай жылына 1-2 рет өтеді. Бұл бағдарлама бойынша жылдық 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен займ беріледі. Шарт бойынша баспана құнының жартысын жинау керек.

Әлеуметтік осал топтарға көмек

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтіндей көмек тетігін әзірледі. Яғни, жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлейді. Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға беру ұсынылды. Бұл тізімге көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Бұл бағдарламаның басты артықшылығы жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді. Бағдарлама 2022 жылдың мамырынан бастап жүзеге асады. Оператор – «Отбасы банк».

Ипотекалық бағдарламалардың барлығында дерлік алғашқы жарна төлеу міндеттелген. Егер бастапқы қаражатты салуға қаражат табылмаса, өз үйін қосымша кепілге қойып, ипотека алуға мүмкіндік беретін бірнеше банк бар. Мысалы, Halyk банкінде мүлкіңізді кепілге қойып 13 пайызбен жаңа және қайталама нарықтан үй ала аласыз. Бірақ табыс көзін міндетті түрде растау керек. Сосын табыстың шамамен 40 пайызы ғана ипотека жабуға арналуы керек.

Тегтер: ипотека банк несие

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01