16.01.2018, 16:58
533
Енді, міне, жыл аяқталды, жаңа жылдың алғашқы айының ортасынан ауды. Барлық сала өз жұмыстарын қорытындылап, басшы атаулы нәтижелерін жариялап жатыр. Қайбір күнгі үкімет жиналысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасады. Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлеріне келсек, олар алдын ала деректер бойынша орындалған. Кірістер бойынша жылдық жоспар да барлық бюджеттерде асыра орындалған. Дегенмен қаржы игеруде әлі де «әттеген-айлар» бар. Бақыт Сұлтанов негізінен үш сала бойынша қаржының игерілмей жатқанын тілге тиек етті. Соның үшеуінде де Қарағанды облысының аты жақсы аталмады. Былайша айтқанда, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қаржы игеру мәселесінде ширақтық таныта алмай отыр. Бұл жиында тек Қарағанды облысы ғана емес, өткен жылдың наурыз айында тағайындалған төрт әкімнің де басқарып отырған аймақтарының аттары жақсы аталмады.
Жергілікті бюджетті игеру бойынша кассада 123,8 млрд теңге қалып қойған. Ең көп қаржы Алматы қаласы мен Алматы облысының еншісінде, сосын Қарағанды облысы. Көмірлі аймақта 10,5 млрд теңге игерілмей, көрсеткішін төменге ұрып тұр.
Сондай-ақ аймақтарға бөлінген мақсатты трансферттердің 4 млрд теңгесі игерілмей қалған. Бұл Павлодар, Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының еншісінде. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаржылар үш облыста толық игерілмеген. Тағы да Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары. Теміртау қаласында 300 млн теңгеге 600 орындық мектеп салу жоспарланған еді. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының кеш өтуіне байланысты бұл қаржылар қозғаусыз қалды. Ал Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында 244,3 млн теңгеге екі нысан салынуы керек еді. Жұмыстың сылбыр жүруі салдарынан екеуінің де пайдалануға беру мерзімі кейінге қалды.
Елімізде 16 аймақ бар болса, соның 15-інде жергілікті бюджеттің кірістері артығымен орындалды. Тек бір облыста ғана орындалмай қалды. Ол – Маңғыстау облысы. Мұнай саласында қызмет көрсететін компаниялардан түсетін түрлі салықтардың азайып кетуінен мұнайлы өлке бұл жағынан ұятты боп қалды.
Міне, өткен жылдың көктемінде жұмыстарын наурызкөже ішуден бастап, жыл басы Наурызбен бірге аймақтың тыныс-тіршілігіне жаңа леп, жаңа тыныс алып келеді, төбедегіні әпереді деген төрт әкімнің әуселесі ә дегеннен белгілі боп қалды. Білек түріп, белсеніп жұмыс істеймін деген әкімге арадағы 10 ай аз уақыт емес еді ғой. Былтыр ғана премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үлкен бір жиында «бөлінген қаржыны игере алмаған әкімдерге енді қаржы бермеңдер» деп зілденген болатын. Шынында, әкімдердің ақша игере алмауы, қолындағы бар дүниені ұқсата алмауы олардың қаншалықты іскер екендіктерінен хабар берсе керек. Сонымен, Қарағандыда кеншілермен алысқан Ерлан Қошановтың да, солтүстіктің шенеуніктерін хоккей ойнауға еріксіз «құмар» қып қойған Құмар Ақсақалов, сұлу Көкшеге демалуға келген көп қонақтарды күтуден қолы тимей жүрген Мәлік Мұрзалин мен Маңғыстаудың маң даласына барып, мүлдем көрінбей кеткен Ералы Тоғжановтың да жұмыстарынан ерекше бір сілкініс байқалмай тұр.
Оралхан ДӘУІТ
Астана
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР