Қарашөкеев мырза, шаруалар қайыршы болуға шақ қалды

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

30.09.2021, 09:04

1738

       Биыл елдегі шаруалар қатты қиналып отыр. Ірі шаруа қожалықтарын қойып, жекелеген үй шаруашылығында мал өсіретіндердің де жағдайы мүшкіл. Мал азығы қымбат. Жаз бойғы қуаңшылықтың салдарынан шабындық жерлерде шөп жоқ. Қазір қарапайым шаруалар қолындағы азын-аулақ малын сатуға шығара бастады. Сарапшылар бұл жағдай елдегі мал өсіміне тікелей әсер етіп, «Малым – жанымның садағасы» деп күн кешетін қазақ шаруаларына соққы болып тиетінін айтып отыр. «Қарапайым халық алдындағы малынан айырылса, қайтіп күн көреді?» деп  алаңдайтындар да баршылық. Қалыптасқан жағдайға баға беріп отырғандардың басым бөлігі «ауылдағы шаруалар қайыршы болуға шақ қалды» дегенді айтып ашынады. 

        Бұл ретте ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аманкелді Жаппаровтың айтуынша, егер болашақта ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығына қатысты салмақты бір шешім қабылдамаса, республика бойынша мал өсімі қатты төмендеп кетуі әбден мүмкін.  

– Әсіресе жері сортаңданып, қуаңшылық орын алған аймақтардағы шаруаларға өте қиын. Есепке алсақ, бір ғана Маңғыстау облысы бойынша егістік және жайылымдық жерлердің 80 пайызы жарамсыз болып қалған. Қолында қарақұрым малы бар ауылдағы ағайын үшін мал азығын даярлау қазір үлкен ауыртпалық тудырып отыр, – дейді профессор.

    Алайда осы саланы басқарып отырған, ауыл шаруашылығының су жаңа министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша,  жағдай реттеліп, мәселелер шешіліп келеді. Министрдің дерегіне сүйенсек, биыл малға беретін екпе шөп алқабы 3,2 млн гектарды құрапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Бұдан бөлек, малға жем ретінде берілетін дақылдардың егіс алқабы – 2,6 млн гектар. Бұл көрсеткіштер мал азығын даярлау жоспары елде  98 пайызға орындалғанын көрсетеді. «Мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері министрлік пен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында», – дейді министр.

      Ал сонда Қарашөкеев айтқандай, жоспар 98 пайызға орындалған болса,  ауылдағы ел мұны неге көрмейді?! Қарапайым халық мемлекеттің көмегін қашан сезінеді?! Әлде әдеттегідей мұндай көмек түрі министрге сүйкімді, жоғарыда тамыр-танысы барларға ғана тиесілі ме?!

      Тамыр-таныс демекші, бұған дейін үкімет агросаясатты дамыту мақсатында қаншама жеңілдіктер бөлді. Ауылға арзан несие апару, субсидия, дотация беру, ауыл бизнесін 2020 жылға дейін жандандыру, агроөнімдерді экспорттауды оңтайландыру дейсіз бе – толып жатқан жаңашылдықтарға жол бердік. Мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлінді. Бірақ бұдан ауыл жанданған жоқ. Ауылға арзан несие бармады. Дотация, субсидия дегенді нағыз мұқтаждар алмады. Тіпті жуырда ғана ауылға бөлінген субсидия агросаясатты дамытуға емес, біреудің сән салонын өркендетуге, фармацевтикалық компанияларын қаржыландыруға, жылжымайтын мүлік агенттіктері мен автокөлік жөндеу орталықтарын ашуға жұмсалғаны әшкере болды.  

        Сала мамандарының пайымдауынша, болашақта мемлекет тек ірі қожалықтары бар шаруаларға дотация, субсидия бөліп қана қоймай, үй шаруасында мал ұстайтын шаруаларға да септігін тигізуі қажет. Бұл ретте редакциямызға хабарласқанауыл шаруасы, агроном, жер қатынастары бөлімінің маманы Серікжан Рымбеков:

      – Ауылда тек ірі қара мал ұстап, күн көріп отырғандар жетіп-артылады. Олар үшін мал – киетін киім, ішетін тамақ, жаратса пұл. Қолында санаулы ғана малы бар, жалғыз зейнетақымен күнелтіп отырғандарға шөптің бір маясын 500-600 мың теңгеге сатып алу өте ауыр. Ауылдағы шаруалар қазір қайыршы болуға айналды. Ауылда жұмыс жоқ, қыстық отын қымбат, малдың қысқы азығы удай. Біздің елде алты ай арқыраған қыс болатын аймақтар аз емес. Осыған орай айтарым, қолда бар мал басын сақтап, өсіріп-өндіреміз, мал шаруашылығы саласын өркендетеміз десек, мал азығын дайындауға қатысты, оның белгіленген бағасына байланысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажет, – дейді.

       Рас, осы уақытқа дейін біздің елде мал азығының қорын дайындауға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласқан жоқ. Елімізде мал басының 90 пайызы жекенің қолына өтіп кеткендіктен, мал азығын даярлап, өздігімен қысқа қам жасау әр шаруаның өзінің жеке мәселесі болған-ды.  Тіпті бұл жағдайдан мемлекеттің алшақтап кеткені сонша – биыл жұт болып, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында қуаңшылықтан мал қырылғанда да министрліктер аса былқ етпеді. Тіпті қуаңшылық болып жатқан аймақтарда  төтенше жағдай жариялауға да асықпады. Сол тұста ауыл шаруашылығы министрі болған Сапархан Омаров  кінәратты жергілікті әкімдіктерден іздесе, жергілікті әкімдер бар жауапкершілікті халыққа арта салды. Нәтижесінде халық ел болып жұмылып, жұтап жатқан елге, ашыққан малға азықты вагон-вагонмен, қолда бар көлікпен өзі таси бастады.     Артынша бұл жағдай ауыл шаруашылығы министрлігіне де тиімді болса керек, аталмыш министрлік Маңғыстауға көмектесу үшін есепшот жариялап, қызды-қыздымен  ашықтан-ашық халықтан жылу  жинауға кірісті.   

       Осы  жағдайды бақылап отырып, мәселені сонша ушықтырып алған министрлер мен әкімдер жазаланар деп үміттенгенбіз. Ең қызығы, «қуаңшылықты алдын ала болжай алмады, жұмысты үйлестірмеді» деп, орынтағынан алынған экс-министр Сапархан Омаров бүгінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы  болып шыға келді. Ал өзі басқарған облысында малы қырылып, елі есеңгіреп жатса да, «төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ» деген Маңғыстау облысының экс-әкімі Серікбай Трұмов бүгінде сенат депутаты мандатына ие болды. Сөйтіп, «елдегі жалпы жағдайды реттейді» деген үмітпен ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығына Ербол Қарашөкеев тағайындалған  еді.

        Бірақ  кезінде «ҚазАгро» ұлттық холдингін басқарған бұл шенеунікке әзірге сенім аздау болып тұр. Себебі  Қарашөкеевтің кезінде  «ҚазАгроның» шығыны 399,1 млрд теңгені құраған болатын. Сол тұста оның «бұл  шығындардың жартысы девальвациядан болған шығындар, жартысы екінші деңгейдегі дефолт банктеріндегі шығындар» деген уәж айтқаны біздің есімізде. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 450 миллиард теңгесі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингіне инвестиция ретінде салынған болатын. Сарапшылардың дені шығынға батқан компанияға қарыз берудің орынсыз екенін айтып дабыл қаққан еді. Қазір «ҚазАгро» жоқ, ол «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингіне қосылып кетті. Ал Қарашөкеевке еліміздің агросаясатын ретке келтіріп, мал шаруашылығы саласын  қиындықтан алып шығу жүктеліп отыр. Бұл азамат сынға шыдай ма, әлде сыр бере ме, мұны алдағы уақыт көрсетер. Тек  болашақта министр әр мәселеге шынайы көзбен қарап, шаруалардың басында ауыртпалықтың, қиындықтың бар екенін ұғынып, қордаланып қалған мәселелерді жеңілдетуге асықса дейміз.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 12.10.2021, 09:12
Ау, үкімет! Енді нан таппай қалмаймыз ба?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.10.2021, 17:08
Қарағандыдағы квазимемлекеттік сектор сыбайлас жемқорлықты алдын алуға кірісті

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29