Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

25.05.2022, 07:47

3735

 Өткен аптада үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғыртуды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ұсақ өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды байланыстыратын дайындаушы ұйымдар желісін құруға ынталандыруды тапсырды.

 Өз кезегінде үкімет басшысының алдында есеп берген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, елімізде өткен жылдың өзінде ғана мал шаруашылығында жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық 53 инвестициялық жоба іске асырылыпты. Ал биыл жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын, 2,8 мың жұмыс орнын құрумен 62 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

      Министр «өстік» дейді, ал шаруалар…

Жалпы, министрдің есебінше, соңғы жылдары мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті де айтарлықтай өскен. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен асыл тұқымды малдың барлық түрі бойынша үлес салмағы артқан. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара малдың (ІҚМ) үлес салмағы ІҚМ жалпы басына шаққанда 7 пайыздан 13 пайызға дейін өскен.  Сондай-ақ селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстармен айналысатын фермерлік шаруашылықтардың саны 2021 жылы 6 мыңнан 30 мыңға дейін ұлғайған.  Мал азығы базасының проблемасын шешу мақсатында – өткен жылы министрлік «Жем-шөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған» жол картасын әзірлеген.

Алайда, шаруалардың дәлелінше, жергілікті жерлерде жем-шөп базасы дамымақ түгілі, жыл сайын мал азығының бағасы аспандап, елді абдыратып отыр. Қазір ауылдағы ағайынға мал ұстаудың өзі сары уайымға айналған. Тіпті ауылдағы шаруалардың дені қарызға батып, оны төлеу қабілетінен де айырыла бастаған. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, бүгінде елдеауыл шаруашылығы ісін жандандыру мақсатында – несие алып, оны уақтылы төлей алмаған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің пайыздық көрсеткіші 86 пайызға дейін жетіпті. Бұл көрсеткішке алаңдап отырған мамандар «Құр қиял, бос есепті қойып, басқа шаруадан бөлек министрлік жедел арада ең алдымен  ауылды қаржыландыру ісін бір жүйеге бейімдеу қажет» деседі.

  «Қаражаты жоқ шаруа қайдан оңалады»

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Серікбай Ембердиевтің айтуынша, қазіргі уақытта ең алдымен шаруалардың қолына қаражат беру маңызды.

– Ауылға арзан несие апару, субсидия, дотация беру мамандар тарапынан да, шенеуніктер пікірімен де бірнеше мәрте айтылды. Қайсыбір сарапшыларымыз ауылға сауатты несие жүйесін апару үшін арнайы салалық банктер жұмысын тетікке қосуды ұсынған болатын. Десек те, бізде агро секторды қаржымен қамтитын салалық банктер құру жүйесі де әзірге іске асырылмады. Қазір жайылымдық жердің 65 пайызы, егістік жердің 72 пайызы жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ мал азығын дайындайтын техникалардың 80 пайызы іске жарамсыз. Мұның барлығын реттейміз деп шаруалар бұған дейін несие алды. Енді оны төлей алмай отыр. Министрлік бөлетін субсидиялардың нақты қажетті жеріне жетіп жатқанына да күмән көп. Сондықтан болашақта осы саланы басқарып отырған министр мырза мұның барлығын қатаң бақылауға алуы тиіс. Бөлінген жеңілдіктерді нағыз шаруалардың ала алмай, мың сан құжат жинап сансырап жүргені жасырын емес, қиялдауды қойып, нақыт іске кіріскен абзал, – дейді ғалым Серікбай Ембердиев.

      Субсидия байдың асы ма?!

Маман айтса айтқандай былтыр еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияның басқа мақсаттарға жұмсалып келгенін анықтаған болатын.  Агенттіктің мәліметінше, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге еш қатысы жоқ сән салондары, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру агенттіктері, автокөлік жөндеу орталықтары ауыл шаруашылығына тиесілі мемлекеттік субсидияны алып келген.Дерек бойынша жалпы жиыны 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Бірақ агросаясатты жандандыруға бөлінген осы қаржы біреудің сүйкімдісіне, біреудің элиталы бизнесін жандандыруға бөлініп кете барған.  Экономист ғалым Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, субсидия бар жерде әу бастан, ұрлық бар. Ол коррупцияға жол ашады.

      – Бүгінде министрліктің «дамып жатырмыз» деген есебі шаруалардың шамына тиіп отырғаны рас. Себебі нағыз іспен айналысатындарға қаражат жетпейді. Субсидия тамыр танысқа беріліп жатады. Санамалап қарасақ, осы уақытқа дейін ауылды дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар да жетерлік, сол бағдарламаларды орындау аясында бөлінген қаражат та есепсіз. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстан агроөнім өндіруде, оны экспортқа шығаруда тек бидай, аздаған ұн және ет шикізатымен ғана мақтана алады. Қазір ауыл шаруашылығы саясатын сауатты ұстанған өзге елдер ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеуді әбден меңгеріп алған. Ал біз ауылға бөлінген қаражатты тамыр-танысымызға бөліп, бергенімізге мәзбіз, – дейді экономист ғалым Жұмаділда Баяхметов.

     Есепсіз қаржы, ескексіз қайық…

Мамандар айтса айтқандай, деректерге жүгінсек, бүгінде біз ауыл шаруашылығын қаржыландыруда  рекордтық көрсеткішке жетіппіз. Аталмыш саланы дамытуға соңғы бес жылда бюджеттен 2 триллион теңге жұмсалған. Ал ақиқатында, сол триллиондар құмға сіңгендей күйдеміз. Есепсіз қаржы бөлінгенмен, агро сектор ескексіз қайық тәрізді еркін жүзе алмай отыр. Қиындықта құтқарар деген бұл саламыздың кетеуі кетіп, тоқырап барады. Бұлай деуімізге себеп: Қазақстан әлі күнге дейін ауыл шаруашылық өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алған жоқ. Мысалы, былтыр жазда сәбіз, картоп, көкөніс бағасы елде қатты қымбаттады. Картоптың бағасы – 500, сәбіздің бағасы 700 теңге болғанда, сол кездегі министр болған қазір елдің «Азық-түлік келісімшарт корпорациясын» АҚ басқарып отырған Сапархан Омаров «халық ажиотажды қолдан жасап, «свежий» картоп жегісі келіп отыр» деп, «сасқан үйрек артымен жүзедінің» уәжін айтты. Биыл да агро өнімдердің, бағасы елде шарықтап тұр. Бұған қатысты агро министр Қарашөкеев мырза азық-түліктің қымбаттауын әлемдік нарықтағы жағдаймен байланыстырып әлек. Ал негізінде, елімізде жылыжай өндірісін дамытуға, көкөніс өсіруге миллиардтап субсидия бөлініп, мемлекет тарапынан қаншама дотация берілген. Осындайда еріксіз «бес жылдың ішінде бөлінген 2 трлн теңге сауатты әрі мақсатты түрде жұмсалғанда, біз көрші елден азық-түлік сұрап, солардың импортына тәуелді болып отырар ма едік» деген сауал туындайды.

        Ауыл индустриясы қашан дамиды?!

  Сөйтіп, триллиондар бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы саласының әлі де тоқыраудан шыға алмай отырғаны анық. Шаруалар бүгінде «итшілеп қайыршы болуға шақ қалдық», деп ашынуда. Өйткені мал өсірейін десе, оны әрі қарай өрбітетін жағдай жоқ, мал азығын дайындау да қазір оңайға соқпай отыр. Молынан өнім алып, егін шаруашылығымен айналысайын десе, оны тамыр-таныс болмаса, ішкі нарыққа өткізу де оңай емес. Сыртқы нарықты жаулайын десе, оған тағы да әлеует жоқ. Осылайша, шаруалар агро саясаттағы олқылықтан опық жеп жүр. Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков біз көтерген мәселеге қатысты «Елдегі әрбір екінші адам ауыл тұрғыны болғандықтан, адам капиталын дамытуда урбанизацияны сауатты жүргізу, тұрғындардың білімге және кәсіпкерлікке араласуына жағдай жасау керек. Егер біз болашақта ауылдың акционерлік қабілетін арттырар болсақ, бұл ауыл индустриясының дамуына оң ықпал етпек», – дейді.

  Алайда біздің үкімет ауыл индустриясын дамытуға асығар емес. Ауылдағы шаруалар әлі сол 90-жылдардан қалған тозығы жеткен техникамен жұмыс істеп жүр. Мал бордақылау, мал азығын дайындау, тозығы жеткен жерлерді тыңайту, егістіктерді қалпына келтіру, ауылға қатысты индустриалды-инновациялық жаңашылдықтар елде атымен жоқ. Ауылдағы ағайын өркениетке жетер күнді әлі күнге дейін тек аңсаумен келеді. Ал бұл саланы басқарған министрлер «ауыл дамып келеді» деп қиялдаудан жаңылмайды.  Бұл әрекеттер шаруалардың шамына тиіп бүгінде мал баққан қазақ баласы ішіндегі шерін кімге айтарын білмей булығып жүр. Мұндайда еріксіз атқарушы билік бір сәт шындыққа тура қарап үйренсе дейсің...

 

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 24.06.2022, 15:08
Арылу амалы: Үкімет артық рубльді шетел асырмақ
Сайт әкімшілігі 21.06.2022, 12:34
Еуроодақ санкцияларының қазақстандық компанияларға әсерін болдырмау жолдары талқыланды
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 15:30
Өңірлерге бөлінген қаражаттың 59 млрд теңгесі игерілмеген
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 11:06
Қарағандыда тағы бір қаржы пирамидасының жолы кесілді
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 17.06.2022, 08:20
Үкіметтің ісі неге өнбейді?!
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 16.06.2022, 11:20
Монополист тұтынушыларға 2,3 млрд теңге қарыз

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33