Қарашөкеевтің ұлттық жобасы ауылды есек арбадан құтқара ма?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

21.12.2021, 08:51

2318

Біздің ауыл шаруашылығы саласы енді «Агроөнеркәсіпті дамыту» деп аталатын арнайы ұлттық жобамен өркендемек. Жуырда еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев аталмыш жобаның мақсаттары мен міндеттерін таныстырды.

        Министрдің айтуынша, бұл ұлттық жобаны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары, салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылыпты.  Жобаның мақсаты – ауылдағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты ету. Жобаны орындау барысында  бес жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осылайша министр Қарашөкеев болашақта ауылды ұлттық жоба аясында дамытпақ.

                          Өзгелерде – техника, бізде – есек арба

        Жалпы, қазір біз білетін дамыған елдердің дені ауыл шаруашылығы саласын иннова­ция­лауға қатты мән беруде. Батыс елдерін­де ауыл шаруашылығын механикаландыру және машина жасау жақсы жетілген. Соған сәйкес, олардың техникамен қамтылуы да жоғары. Мысалы, ауыл шаруашылығы­ның техникамен қамтылу деңгейі әр 1000 гек­тар егістік жерге шаққанда Германияда – 124, Голландияда – 91, Ұлыбританияда – 86, Францияда – 85, Бельгияда – 82, АҚШ-та 35 трактордан тура келсе, бұл көрсеткіш ТМД-ға кіретін Өзбекстанда – 26, Ук­раинада – 12, Ресейде төрт дананы құрайды. Ал астық жинау ком­байндары әр 1000 гектарға шаққанда Швецияда – 32, Голландия­да – 22, Данияда – 21, Бельгияда – 20, Фран­ция мен АҚШ-та – 19,  Өзбекстанда – 7, Ресейде бес дананы құрайды. Ең күлкілісі сол – өзге елдер техникалық әлеуе­тін нықтап, ауыл шаруашылығы тех­никасын шығаруда жаңашыл бағытты ұстанып жатқан тұста біздің ауылдағы аға­йын шабындық, егістік жұмыстарына әлі күнге дейін есек арба, ат арба жегіп әлек.

       Ал енді Қарашөкеев басқаратын министрлік ұсынып отырған ұлттық жоба осы мәселелерді шеше ала ма?! Дамыған мемлекеттерде техникамен толық қамтамасыз етілуі нәтижесінде ас­тықты 5-10 күнде толық жиып-теріп ала­ды, бізде бұл үрдіс ала жаздай үш айға  со­зылады. Біз неліктен заманға сай агротехника жасап шығаруда самарқау­мыз? Бұл жерде идея жоқ па, болмаса сол идеяның өсіп-өнуі кемшін бе? Бұған қатысты экономист-ғалым Жандос АЙТБЕКОВ:        – Бізде ауыл шаруа­шылығы техни­ка­сын жасау және оны сату жүйесі қалыптаспаған. «Бүгінгі күні ауылшаруа­шылық машина­ларын кім жасайды, кім құрастырады, қай зауытта жасап шыға­ры­лады, оны сы­нақтан кім өткізеді» де­ген сауалдарға жауап жоқ. Машина жасауға деген ғалым­дар тарапынан ұсыныстар мен идеялар бар. Бірақ сол идеяны одан әрі пісіріп жетілдіру жоқ. Үйлестіру ұйымының жоқтығынан бұл сала құл­ды­рау жағда­йында тұр. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі болашақта осы жайтқа қатты назар аударып, расымен де, елді есек арбаның тәуелділігінен құтқаруы керек. Шаруаларды техникамен қамту жағынан мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылғаны жөн, – дейді.

            Белорус пен орыстың саудасын жүргізіп тұрмыз        Деректерге жүгінсек, бүгінде біздің егіс алқабымызда жүрген техникалардың дені белорустар мен орыстардың техникасы.  Жыл сайын ауылшаруашылық өнімін өндірушілер осы екі елдің техникасы, басқасы бар – 1 млрд доллардан астам қаражатқа 2-3 мың бірлік әртүрлі техника сатып алады. Бұл ретте техникаға деген жыл сайынғы қажеттілік 4-4,5 мың бірлікті құрайтынын айта кету керек. Бұған қоса,  ауылшаруашылық техникаларын кепілді түрде өткізу, яғни лизинг  құралын жұмыл­дыру арқылы да сатып аламыз. Жыл са­йын  ауылшаруашылық техникалары сатып алынады. Мамандар осы лизингтік қызмет түрін жетілдіру үрдісін әлі де жетілдіру қажеттігін алға тартуда. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Жангелді Жұмабековтің айтуынша, шаруалар мен біріккен кәсіпо­рын­дарға лизинг беру арқылы олар­ды техникамен қамту үрдісін жетілдірсек өте дұрыс болар еді.

      – Жалпы ал­­­ған­да, қазіргі ауылшаруашылық тех­ника­ларының дені тозған. Астық жинайтын комбайндар мен трактор­лар­дың 80 пайыздан  ас­­тамының орта­ша қолда­нылу мерзімі  – 8-10 жыл. Ди­қан­дары­мыз бен шаруа­ла­рымыз мұндай қолда­ну мерзімінен асып кетсе де, тозған техникаларды қолдануға мәжбүр. Шалғай ауыл­да­ғы шаруа­лар дамыған техникалық әлеуеті көтерілген заманда қол күшіне жүгініп, тырма, есек арбамен егіс науқанын атқаруға мүдделі екені рас.  Сондықтан болашақта отандық агротехникаларды шығаруға мән беруіміз керек. Министрлік осы мәселеге үлкен мән беруі қажет.  Бұл кезек күттірмейтін дүние. Сондықтан осы тұрғыда ішкі сұранысты тым құры­ғанда 5 пайызға межелеуді ойластыр­ған жөн, – дейді экономист-ғалым.              Миллиардтарды өзгенің қалтасына салып беріппіз...

      Мамандар айтып отырғандай, біз 2011-19 жылдары ауылшаруашылық техникаларын сатып алу саны мен көлемі бойынша 158 млрд теңгеге 18 673 бірлік сатып алыппыз. Сонда өзгенің қалтасына осынша қаржыны салып беріп отырмыз. Ал болашақта астықты Қазақстан өзіне бұйырған несібе­сін өз техникасымен орып алатын күн туар ма екен?!

       Негізінде, халықаралық сарап­шылардың болжамы бойынша 2025 жылға қарай жаппай негізді ғылыми жа­ңалықтардың өмірге енуі мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Ал мұндай жағдайда бізге де көш соңында қалмау үшін жаңашыл­дық­тар мен ізденістерге үнемі ден қойып отыруымыз керек.Жасыратыны жоқ, зерттеу институты мамандарының есеп-қисабына жүгінсек, жыл сайын диқандарымыз­дың еккен егінінің белгілі бір бөлігі ит-құсқа жем болады неме­се су тапшылығына ұшырайды. «Егер техникалық тұрғыда әлеуетіміз мықты болғанда мұндай проблемалармен бетпе-бет келмейтін едік» деседі мамандар.

       Ендеше ауыл шаруашылығы министрлігі бірінші кезекте осы мәселелерді шешуі қажет тәрізді. Ауылдағы ағайын мал азығын қашанғы есек арбамен, ат арбамен тасуы керек? Сондықтан ұлттық жобаның бір пунктіне ауылды техникаландыру жайын да қоса кеткен жөн тәрізді. Олай етпесек, биылғы  қуаңшылық кезінде Маңғыстауға өз еркімен шөп тасыған ел техника таппай да қиналды емес пе?  Өзгелер дамып жатқан кезде біздің тырма, орақ, есек арба  деген сөздерді қолдануымыздың өзі министрлікке сын ғой.

       Біз болашақта Қарашөкеевтің «агросаланы дамытады» деп жарнамасын асырып отырған ұлттық жобасы ауылды шынымен де өркениетке жетелейтініне сенгіміз келеді.  Бұл жоба да өзге жобалар мен бағдарламалар тәрізді құмға сіңгендей нәтижесіз болмайтын шығар деп үміттенеміз.   Өкініштісі, бұған дейін де ауылды дамытуға қатысты мың-сан реформалар қолға алынды. Бірақ одан ауыл өркендей қойған жоқ, керісінше, ел түсінбейтін, ауылға мүлде сіңбейтін агросаясатты ұстанып келдік. Кім білсін,  мүмкін, осы жоба аясында ауылдың бағы жанып, елдегі ағайынның дәулеті тасыр. Оны да уақыт таразысына салып көрейік.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:21
Елімізде орташа айлық жалақы қалай есептеледі?
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:57
Үй сатып алу биыл 35 пайызға төмендеген
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:12
Кәсіпкерлер мобильді аударымдардан жаппай бас тартып жатыр
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 11:37
Қазақстан табиғи апаттардан жылына 477 млн доллар шығынға ұшырайды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09.08.2022, 09:18
«Жасыл Қазақстан» – елдің экологиялық мәдениетін көтереді
Сайт әкімшілігі 09.08.2022, 08:57
"Қазақстан экономикасы сыртқы күйзелістерге ұшырып отыр" - Ұлттық банк

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49