ҚазАгро+Бәйтерек қосылғыштар ауысқанмен, қосындының мәні өзгере ме?

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

08.09.2020, 10:10

478

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтерін біріктіруді тапсырды. «Квазимемлекеттік сектор еншілес компанияларын және шығындарын қысқартуды жалғастыруы тиіс. «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтерінің рөлін ерекше атап өткім келеді, осы екі ұйымды біріктіріп, үлкен қаржылық әлеуеті бар даму институтын құру қажет. Бұл ретте компаниялар портфелін екі есе, ал қызметкерлер санын 50 пайызға қысқарту керек», – деді Тоқаев.

      Қазір бірқатар мамандар ел президентінің бұл тапсырмасын қуаттап, дұрыс шешім екенін нақтылап отыр. Сала мамандарының пайымынша, аталмыш холдингтерді біріктіру, біріншіден, бюджетке үнем; екіншіден, шұбырып кеткен холдингтердің қысқарып, президентке немесе үкіметке ғана бағынатын институт болуы экономика үшін тиімді.

      Жалпы, Қазақстанда үш ұлттық басқарушы холдинг – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жұмыс істейді, олардың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Үш басқарушы холдинг активтерінің жиынтық құны 32 трлн теңгені құрайды, бұл елдің ЖІӨ-нің 51,7 пайызына тең, яғни холдингтердің Қазақстан экономикасына ықпалы зор. Ал енді осы «экономикамызға ықпалы зор» деп құрылған екі холдингтің басын біріктіріп, қысқартуға ұшырататындай не көрінді? Әлде бұл холдингтер өз жұмысын жемісті орындай алмады ма?

      Деректерге жүгінсек, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ активтері 2018 жылдың соңында 4,7 трлн теңгені құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артық (4,4 трлн теңге). Үш жыл ішінде холдинг активтері 36,4 пайызға өсті. Ал еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде қолдау көрсетумен айналысатын ҚазАгро» ҰБХ» АҚ активтері 2018 жылы 35,8 пайызға артып, 1,6 трлн теңгені құрады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтерек» ҰБХ-ның таза пайдасы 34,7 млрд теңгені құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (43,6 млрд теңге) 20,3 пайызға төмен. Холдингтің таза пайдасының азаюының негізгі себебі – шығындардың ұлғаюы. Мәселен, пайыздық шығындар 15,5 млрд теңгеге, комиссиялық шығындар 1,9 млрд теңгеге өскен. 2018 жылы «ҚазАгро» ҰБХ 117,9 млрд теңге шығынға ұшырады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 126 млрд теңге болған еді. Соған қарамастан, холдинг отандық ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға рекордтық сомадағы қаражат – 400,1 млрд теңге бөлді. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп. 2018 жылы «Самұрық-Қазына» республикалық бюджетке 190 миллиард теңге дивидендтер мен басқа да өтемақылар төлесе, «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» 2018 жылы ешқандай дивидент төлемеген.

     Былтыр «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдеріне: «ҚазАгро» ҰБХ құрылғанына 12 жыл болса, соның соңғы үш жылында шығынға ұшырап отырмыз. Оның басты себебі «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін қайта қаржыландыруымыз болып отыр. Біз қарызды шетел валютасымен алып, несиені теңгемен бердік. Қарыз көлемі – 1 млрд доллар және 700 млн евро. Шетелдік валюталар бағамының көтерілуіне орай, холдинг шығынға ұшырады. Бұл 2017 жылдан басталған жағдай.  Биыл холдингті қайта құрылымдаудан өткізіп, 2021 жылға дейін барлық шығынның орнын толтырамыз деген ойдамыз», – деп мәлімдеген болатын.

     Жалпы, «ҚазАгроның» 2011-20 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамытып, ауылға арзан несие беру, лизинг беру, несие нарығын талдау, тұтастай агрокешенді қолдауы керек болатын. Сала мамандарының пайымынша, «ҚазАгро» құрылғанда ауыл арзан несиемен қамтылады деген үміт басым болған. Өкінішке қарай, «ҚазАгро» ауыл шаруашылығы саласы бойынша үлкен жобаларды несиелендіре алмады.

      Бұл реттеқаржыгер Ербол Төлеуханов:

    – Ауылға инвестиция салудың машақаты көп. Ауылда бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік орта қалыптаспаса, шаруалардың қолына қанша жерден қаржы бергенмен, олар оны ұқсата алмайды. Сондықтан бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеу үшін қаржыны тікелей жергілікті әкімдіктер қатаң бақылауға алуы қажет. Қаржы қолдан-қолға өтпеуі тиіс. Холдингтен тікелей жергілікті әкімдік бюджетіне аударылып отыруы керек еді. Бұл ұсынысты бірнеше мәрте айттық, жаздық. Холдингтен банкке өтіп, банктен несие корпорацияларына өтіп, одан несие ұйымдарына өтсе, бұл қаржы шашырап, нақты істі жүргізетін шаруалардың қолына тимей, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер орын алып, тамыр-таныстыққа жол берілу ықтималы зор. Сондықтан келешекте құрылатын экономикалық институт осыны ескерсе, – дейді.

      Бұдан бөлек, мамандар «Бәйтеректің» де өз миссиясын толық орындай алғанына күмәнмен қарайды. «Елдегі ірі жобаларды, бизнесті, тұрғын үй саласын, жалпы алғанда, тұтастай экономиканы дамытуға септігін тигізуі тиіс холдингтің жұмысы солқылдақ болды», – деседі сарапшылар. Осы орайда, әңгімеге арқау болып отырған мәселе бойынша пікір білдірген экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:

   – Биыл мамыр айында осы «Бәйтерекке» қатысты, холдингке 197 миллион теңгені жымқырудың ықтимал фактісі бойынша тексеріс жүргізілгенін, бірақ заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеді. Ұлттық холдинг  өкілдері тексеру барысында сыбайлас жемқорлық қылмысы болмағанын мәлімдегенімен, жұрттың көңілінде күдік қалды. Мұндай холдингтің есеп-қисабы, істеген жұмысы – барлығы ашық болуы тиіс. Ал бізде, керісінше, халыққа жақын болу, ашықтық жоқтың қасы. Бұдан бөлек, осы холдингте қызмет атқаратындардың жалақысы өте жоғары. Холдинг басшылары 800 мың, 1 млн теңге көлемінде жалақы алады. Осыған қарап, екі холдинг бірігіп, жұмысшылары 50 пайызға қысқарса, бюджетке айтарлықтай үнем болатынын аңғарамын. Оның үстіне таза экономикалық білікті мамандардан құралған үлкен институт ашылса, бұл да біздегі қалыптасқан келеңсіз жайттарды азайтуға ықпал етуі керек. Жалпы, «қосылғыштар ауысқанмен, қосынды өзгермейді» деген түсінік бар. Меніңше, қазіргі кадрларды ауыстырып, әр салаға жаңа буын, жас білікті мамандарды тартқан абзал, – деп ой түйіндеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43