Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

21.07.2021, 08:43

4925

Қазақтың түп-тамыры ауылмен біте қайнасқан. Урбанизация үрдісі қанша қарқын алса да, қандастарымыз ауылды біржолата тастап кете алмайды. Қазіргі статистикаға сүйенсек, ел халқының 80 пайызы қырда шоғырланған. Қолда бар бірлі-жарым  малымен күнелтіп отыр. Демек, негізгі кәсібінен қол үзіп, нарықтың қатаң заңы орныққан қалаға көшпейтіні анық.  Келер күнге үміт артқан ауылдағы  жұрттың  тұрмысын көтеріп, шаруасын шалқытудың  жолы қандай? Міне, осы мәселенің түйіні ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келеді. Жекешелендіру тұсында қысқартуға ұшыраған ветеринарлардың, яғни мал дәрігерлерінің тапшылығы қазіргі таңда ауылдық жерлерде қатты сезіледі. Ендігі жерде әр ауылға қат болып тұрған мамандарды қалай жасақтауға болады деген күрделі сұрақ өздігінен туындайды. Осы орайда, ауыл шаруашылығы  саласының үздік қызметкері, кезінде Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарын, ілгеріде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған тәжірибелі маман Ниқанбай Омархановтың  қарымды ойлары  күрделі түйінді шешуге жол көрсетеді.  

Ветеринарлық қадағалау агенттігін құру – заман сұранысы

Азық-түлік қауіпсіздігі қашанда ел  денсаулығы үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. «Осы орайда, республикамызда президентке тікелей бағынатын ветеринарлық қадағалау агенттігін құру абзал», – дейді қоғам қайраткері. Оның мәлімдеуінше, агенттік елімізде қалыптасқан санитарлық- эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмауға ықпал ететін орган болмақ.

– Агенттіктің  облыстық, аудандық құрылымдары  жасақталуы тиіс.  Бұдан бөлек, облыстық полиция департаментінің жанынан ветеринарлық полиция бөлімшесі ашылса, ойға алған жұмыс жүйелі жүрмек. Мұнымен қоса, төрт түлікте кездесетін түрлі мал ауруларын болдырмау және мал тұқымын асылдандыру бағытындағы «Азық-түлік» АҚ РМТАО өкілеттігін қайта көтеретін сәт туындады. Сонымен қатар саны көп, сапасы жоқ, ұзын- ырғасы 80-нен асып жығылатын РМК, РМКК,  ҒЗИ және ЕМК секілді  ауыл шаруашылығына қатысты мардымсыз ұйымдарды тарататын кез келді. Задында,  бұл ұйымдар  мемлекет есебінен қаржыландырылатын болғандықтан, фермерлерге ақысыз ғылыми-тәжірибелік көмек көрсетуге міндетті. Өкінішке қарай, олар өз міндеттерін толық орындамай отыр. Бұдан кейін де үкіметтің қаржысын ақтамайтыны белгілі.  Осындай кері тартатын факторлардың  салдарынан аграрлық сала пұшайман күйге жетті. Ал отандық мамандар дамудың көшінен көп кенже қалды, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.   

Ауыл ғылымға зәру

Ғылымсыз даму жоқ. Ауылды дамытудың бұдан әрі  тек ғылыми жолмен жүзеге асатынын түйсінетін кез келді.Спикер, бұл орайда, бұған дейін қызмет етіп келген аграрлық саладағы ғылыми орталықтарды іріктеудің кезі келді деген ұсынысты алға тартуда.

– Аталған орталықтар ауылға  көк тиын пайда әкелмеді, ауылмен ешқандай байланыс орнатпады. Әуелден басы дау-дамайдан арылмаған НАНОЦ әлдеқашан жабылуы қажет еді.  Өйткені ауыл шаруашылығын ілгерілету амалын зерттеп-зерделеп, ғылыми тұрғыда тұжырым жасайтын, бағыт-бағдар көрсететін ғылыми орталықтар осы күнге дейін не тындырды? Атқарылған жұмыстың нәтижесі қайсы? Әлбетте, маңдытарлық дәлел жоқ,  ауызды құр шөппен сүртеміз. Сондықтан төл саланың ғылыми өндірістік базасын зерттеу институты ретінде құрылған ҚазАТУ, ҚазНАУ-ды және осы санаттағы  өзге орталықтарды қосып, төрт аймақтық ғылыми-зерттеу орталығын ашқан дұрыс. Бұлай болмаған жағдайда бұрнағы Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылым академиясын қайта әкелу қажеттігі туындап тұр, – дейді ойын түйіндеген ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкері.

         Еліміз аграрлы мемлекет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын тоқыраудан біржолата алып шығу үшін салаға бүтіндей реформа  жасау қажеттігін үнемі ескертіп келеді. Осыны басшылыққа алсақ, өмірлік тәжірибесін  жаhан талабымен ұштастырған  мамандардың мәмілесіне  құлақ аспасқа болмас. Олай болса, сүбелі саланың кежегесін кері тартып отырған кадрлардан арылатын кез келген сыңайлы.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 20.10.2021, 10:19
Жаңа кен орындары игерілмек
Еңлік АБАҒАН 20.10.2021, 09:12
Ауғанстанға астық беру – пиар
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 19.10.2021, 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.10.2021, 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31