Қазақ-өзбек қатынасы жаңа белеске көтерілді

Түркістан облысында халықаралық  сауда орталығының құрылысы басталды

Б.ЕРНАЗАР

15.04.2021, 13:19

1859

Түркістан облысында халықаралық  сауда орталығының құрылысы басталды

Кейінгі кездері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс тереңдеп келеді. Соның ішінде өз-ағамдардың «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан Түркістан облысымен арадағы іскерлік байланысы күшейді. Оңтүстікке өзбек кәсіпкерлерінің салған инвестициясының көлемі айтарлықтай   көбейді. Түркістанда Өзбекстан сый ретінде  зәулім мешіт салып жатыр. Түркістаннан Шымкент арқылы Ташкентке тікелей қатынайтын теміржол құрылысы қолға алынуда. Өткен аптада екі елдің шекарасындағы Сарыағаш ауданында халықаралық сауда орталығының құрылысы басталды.

Жалпы, қазақ-өзбек шекарасында сауда орталығының салынатыны Жансейіт Түймебаевтың кезінде айтылған болатын. Биыл ақпан айында халыққа берген есебінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталық құрылысының биыл басталатынын мәлім еткен еді. Міне, өткен аптада Қазақстан  премьер-министрі А.Мамин мен Өзбекстан премьер-министрі А.Арипов «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының жобасын іске қосты

Екі елдің үкімет жетекшілері  «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының  құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне қатысты. Тараптар сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, туристік, ғарыш салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудағы, сондай-ақ аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді талқылады. Автомобиль жасауда, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде, сондай-ақ жоғары жылдамдықты «Түркістан–Шымкент–Ташкент» теміржол магистралын салуда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Келіссөз қорытындысы бойынша А.Мамин мен А.Арипов «Орталық Азия» орталығы қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ теміржол көлігін дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы екі ел шекарасындағы «Жібек жолы» және «Гишт Куприк»  өткізу пункті ауданында орналасатын болады. Орталықтың жалпы аумағы 400 гектарды, өткізу мүмкіндігі 35 мың адамды және екі бағытта тәулігіне 5000  жүк көлігін құрайды. Орталық Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру үшін ірі өнеркәсіптік және сауда-логистикалық алаңға айналуға арналған.

– Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері өзара сауда-саттық деңгейін10 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті бойынша жұмыс істеуде. Іске қосылатын жоба осы мақсатқа қол жеткізуге қызмет етеді және екі мемлекеттің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады, – деді А.Мамин.

Қазақстан тарапы Өзбекстанның Сухандария және Ферғана облыстарында үш көтерме-тарату орталығын ашу арқылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірыңғай тауар өткізу жүйесін құруға қызығушылық білдірді, оның жалпы инвестиция көлемі 22,5 миллион долларды және ауыстырып тиеу қуаты жылына 67 мың тоннаны құрайтын болады.

Жұмыс сапары аясында Асқар Мамин  Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртылған «Б.Қонысбаев» өткізу пунктіне барды. 2019 жылғы шілдеден 2020 жылғы желтоқсан аралығында жүргізілген реконструкциядан кейін оның құрылыс алаңы екі есеге – 6 гектарға дейін, қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін, паспорттық бақылау кабиналарының саны 6-дан 16-ға дейін ұлғайды. Заманауи инспекциялық-тексеріп қарау кешендері орнатылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде пункттің өткізу мүмкіндігі екі бағытта тәулігіне 150-ден 1000 автомобильге дейін, алты еседен астамға өсті, өту уақыты 60 минуттан 25 минутқа дейін, яғни екі есеге қысқарды.

Премьер-министрдің өңірге жасаған сапары барысында Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің ашылу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаны Turkistan Tourism City компаниясы іске асырды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақта орналасқан. Мұнда 4000-нан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «Қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.

Үкімет жетекшісі осы сапар барысында Түркістандағы қазақ музыкалық драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың жұмысымен танысты. Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы, сирек кездесетін кітаптар мен көне заманғы қолжазбаларды сақтауға арналған бөлім, құжаттарды, кітаптарды цифрландыру және консервациялау цехтары, оның ішінде Орталық Азиядағы тотығуға қарсы жабдықпен жабдықталған бірден-бір цех бар. Жұмыс сапары аясында премьер-министр сондай-ақ Түркістан қаласында басқа да инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 09:39
Оңтүстіктен солтүстікке инвестиция бара жатыр
Еркежан Арын 11.05.2021, 10:19
Отандық автомобильдер экспорты дамып келеді
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 11.05.2021, 09:15
Экономиканы дел-сал ғып, Ұлттық қорға қол салдық
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 09:33
Қазақстандықтардың банктерге қарызы 7 трлн теңгеге жетті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08.05.2021, 09:27
«Барлығы майдан үшін»: Қазақтардың тылдағы еңбегі соғыстағы ерліктен кем болған жоқ
Есбол ҮСЕНҮЛЫ 05.05.2021, 08:58
Каспи банктің миллиардер қожайындары мен «Миллион» борышкері

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06