Қазақстанда АЭС қажет пе?!

Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ

18.02.2022, 15:40

2553

Әлемдегі қолданыста 200-дей атом электр стансасы бар. Көпшілігі АҚШ-та, электр қуатының 20 пайызын өндіреді. Тек Америкада 1979 жылғы «Три-Майл-Айленд» атом стансасындағы апаттан кейін АЭС салынған жоқ.

Францияда 58 ядро реакторлары елдегі қуаттың 78 пайызын өндіреді, электр тогын Еуропа елдеріне жібереді. Жапон, Алманияда өндірілетін қуаттың 30 пайызы атом стансаларына тиесілі. АЭС салуда белсенді Ресей Федерациясы. «Росатомның» жобаларымен атом реакторлары Түркия, Беларусь, Индия, Венгрия, Бангладеш, Египет, Қытай және Финляндияда салынуда.

АЭС салуға ниет білдірген Иран, Өзбекстанда дайындық жұмыстары жүргізілуде. АЭС салудағы мақсаттың бірі, бейбіт атом деген желеумен ядролық қаруларды жетілдіруге зерттеулер жүргізу немесе сондай қаруға ие болу (Иран). Атом қаруы бар мемлекетпен әлем санасуға мәжбүр.

Бүгінде АЭС-ты пайдаланатындардан, атом қуатынан бас тартқандардың саны әлдеқайда басым. Егер 1996 жылы АЭС-та өндірілген электр тогының әлемдегі үлес салмағы 17,6 пайыз болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін төмендеген. Италия алғашқылардың бірі болып 1990 жылы жерлеріндегі барлық АЭС-ты жапты. Бельгия, 2022-2025 жылдары соңғы 7 реакторды мәңгілікке тоқтатпақшы. Австралияда 1978 жылы өткізілген референдумда халықтың басым бөлігінің қарсылығымен атом қуатын пайдалануға және өзге елдердегі АЭС-та өндірілген электр тогын жерлеріне енгізуге тыйым салынған.

2011 жылғы Жапониядағы «Фукусима-1» атом электр стансасындағы апаттан соң, Алманиядағы 17 реактордың 8-і қызметін аяқтаса, ағымдағы жылдың аяғына қарай қалған реакторлардың барлығы жабылуға тиіс. 1986 жылы Чернобыль (Украина) атом стансасындағы жарылыс Дюссельдорф қаласында берілуге дайын тұрған АЭС-тың жабылуының себепкері болды. Қазір онда ойын-сауық алаңы.

Уран кені қорының көлемі жағынан әлемдегі ең бай Австралияда АЭС салуға заңмен тиым салынған. Атом электр стансаларының тарихында, 31 елде 150-ден астам апат  болып, ауаға көп мөлшерде радиоактивті қалдықтар тараған. Соңғысы 2022 жылы Оңтүстік Кореяда ядролық реактор апатты жағдайда жұмысын тежеді. Қоршаған ортаға орасан зор залал келтіргендері Чернобыль және «Фукусима-1».

Чернобыль. Ресейлік ғалымдардың пікірінше, АЭС-те бүгінге дейін себебі анықталмаған, күтілмеген технологиялық жарылыс болған.

Нәтижесі – Украинаның 12 облысында радиоактивті қалдықтар жайылған 50 мың шаршы шақырым жер ауданы, Ресейдің 19 облысында 60 мың шаршы шақырым жер ауданы, Беларусь жерінің 23 пайызы мәңгілік радиоактивті алаңдарға айналды. Кәрі құрлық Еуропаның төсінде қара дақ пайда болды. Апат Припять және Чернобыль қалаларының, станса маңындағы көптеген елді мекендердің өмірін қиды. Радиоактивті бұлттар жер шарын екі рет айналып, Польша, Австрия, Алмания, Великобритания елдерін үрей биледі.

Чернобыльдағы жарылыс болған төртінші реактор бетон саркофагымен қымтай жабылғанымен, радиоактивті қалдықтардың бөлінуі тоқтаған жоқ. Қызудан пайда болған жарықшақтардан қалдықтарды ауаға таратпау үшін, саркофагты ұдайы бетонның жаңа қабаттарымен жабуға тура келеді. Мәңгілік үрдіс өсімді шығын.

Кезінде КССРО-да атом өнеркәсібін дамытуға үлкен саяси мән берілді. Қуаты Чернобылдан екі жарым есе көп болатын РБМК-2400 реакторы жобаланып, құрылысы Сібірде басталуы керек болатын. Одақтағы көптеген қалаларды жылытуға атом қуатын пайдалану жоспарланған, Горький, Одесса қалаларында стансалар салынған. Мақсат – бейбіт атомды игеріп, есесіне сыртқы саудадағы мұнайдың көлемін ұлғайтып табысқа кенелу.

Саясаткерлердің пікірінше, Чернобыль апаты Одақты ыдыратуды жеделдету себептерінің бірі. Апаттан кейін, Украина, Беларусь, Прибалтика елдерінде халыққа жасалған ядролық геноцид туралы мәселелер көтеріліп, ұлттық-патриоттық қозғалыстар басталды.

«Фукусима-1». Америкалық жобалармен 40 жыл бұрын салынған АЭС, күші 7 балл болатын зілзалаға есептелген. Жобада үнемділік жағына басымдылық беріліп, қауіпсіздігі, оның ішінде 1923 жылы болған қуаты – 8,2 балл жер сілкінісінен Токио қаласының қирап қалғаны ескерілмеген.

Жапондар «Чернобылдағы апат бізде болуы мүкін емес» – деп барша әлемге жар салды. Адамзаттың табиғи күштердің алдында дәрменсіз екендігі ескерілмеді. Чернобылда апат бір реакторда болса, «Фукусима-1»-де үш реакторда, төрт ядролық отын қалдықтарын сақтайтын қоймада орын алып, ауаға тараған радиация Чернобылден 20 есе көп болды. АЭС мұхит жағалауына орналасқан, желдің және судың қозғалыс бағыттарымен, радиацияның 80 пайызы мұхитқа түсті, ондағы тіршілік иелері күйзеліске ұшырады. «Фукусима-1»-де болған апаттың салдары толық ашылған жоқ. Жапонияда қателікті мойындау деген ұғым жоқ. Белгілісі – өмірге қауіпті аймақтың белсызығы Чернобылге теңелді, көшірілген халықтың саны әлдеқайда көп. Апаттың салдарын залалсыздандыру шығыны жыл сайын өсіп келеді. АЭС жылжымайтын атом бомбасы, әскери қақтығыстарда, террористік әрекеттерде шабуыл нысаны.

Ғылыми-инженерлік есептемелер бойынша, құрылысы күрделі, бағасы қымбат, 9 балл зілзалаға төтеп беретін АЭС салу мүмкін емес. Сонымен бірге, атом қуатын игерудегі күрделі мәселе су. Реактордың жұмыс істеуіне  сағатына – 40000 тонна су жұмсалса, сақтау қоймаларындағы радиоактивті қалдықтарды суытуға аса көп мөлшерде су қажет. АҚШ-та бұл мақсатқа жерасты су өзендері, Жапонияда теңіз суы пайдаланылады.

Су мәселесін оңтайлы шешу, стансаның қауіпсіздігін жоғарылату үшін АҚШ-та отын ретінде реакторда торий-232 элементін пайдалану көзделіп, негізді ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына біраз уақыт болды.

Элемент торий-232-нің радиоактивті көрсеткіші ураннан төмен, табиғатта уранға қарағанда көп кездеседі. Бір тонна торий – 232, қуаты жағынан 200 тонна уранды, 3,2 млн тонна көмірді алмастыра алады. Мәліметтерге сенсек, Америкада таяу болашақта алғашқы торий реакторының құрылысы басталады. АЭС-ке байланысты су мәселесі Қазақстанды да айналып өтпейді. Көршіміз Өзбекстанда «Росатомның» жобасымен үстіміздегі жылы атом стансасын салу жұмыстары басталуы мүмкін. Бастапқыда, АЭС-ты Тудакөл (Навои облысы) жағалауына салу көзделген. Алайда, Ресей және Өзбекстан президенттерінің қатынасуымен құрылыстың ашу ырымына өткізуге аз уақыт қалғанда, онда күші 4 балл болатын зілзала болды. Жедел АЭС салуға жаңа орын іздестірілгенде, көршілеріміздің тапқаны Арнасай көлдері жүйесіне енген, шекарамызға таяу Тузкан көлі. Таяқ тастам жерде Түркістан облысын тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған Шардара су қоймасы. Жыл сайын күшейіп келе жатқан жаһандық жылыну, жер қыртысының, ауа қызуының жоғарылауы, тұщы су жетіспеушілігі жағдайында, суды аса көп тұтынатын АЭС салудың қаншалықты қажет болғанын түсіну қиын.

Жуықтағы жылдары Орта Азияда, АЭС-ты есепке алмағанда, бір адамға жылдық қажетті судың мөлшері 1700 литрге дейін төмендемекші. Тіршілікке қажетті, санитарлық қалыптан әлдеқайда төмен. Қуаңшылық жағдайында алдағы 5-7 жыл аралығында жеріміздегі көптеген өзендер, көлдердің жер бетінен жоғалуы ықтимал. Елімізде АЭС салынса, оның Балқаш көлінің жағасына орналасуы мүмкін деген жорамалдар бар. Көл суының 80 пайызы құрайтын Іле өзеніне Қытай 130 гидроқұрылыс, 13 ірі су қоймаларын салып, өзен суының тартылып бара жатқаны белгілі.

Соңғы 15-20 жылда жер бетіндегі өзендерінің 60 пайызы жоғалтқан аспан асты елі, Іленің суын Қазақстанмен бөлісуге ынталы емес.

Жерімізде АЭС салуды қолдайтындардың дәлелі, Қазақстан уран кен қоры жағынан әлемде екінші орында. Тек алмақтың да салмағы бар екені ескерілмейді. Уран кен қоры жерасты су қабаттарына орналасқан. Оны өндіру үшін, үлкен қысыммен жер қойнауына жіберілген күкірт қышқылының ерітіндісі, тереңдегі су арналары, жарықшақтары, кеңістіктер арқылы жүздеген, мыңдаған шақырымға тарайды, жерасты су жүйелерін ластап істен шығарады. Күкірт қышқылы ерітіндісінің бір бағыты Сырдария арнасы, ары қарай, өзен сақталса Арал теңізі.

Өзбекстан өткен ғасырдың 80-жылдары уранды күкірт қышқылы ерітіндісімен алатын технологиядан бас тартқан. Өзбектердің ендігі уайымы, бізден жіберілген қатерлі ерітіндінің олардың жеріне жету мүмкіншілігі. Қазақстанға АЭС қажет пе. Жылу және атом стансаларының жұмыс тәртібі біреу. Мұнай, газ, көмірді өртеп, уранды ыдыратқаннан шығатын соңғы өнім  кернеулі бу жылу және атом стансаларының турбинасын айналдырады, электр тогы пайда болады.

Жеріміздегі кернеулі буға айналуын табиғаттың өзі дайындаған, жерасты ыстық су көздерінің (геотерма) 3500м тереңдікке дейінгі  анықталған қазандықтардағы қоры, біздегі мұнай және газ қорларының қосындысынан он есе артық. Егер зерттеу аймақтарын кеңейтіп, тереңдетсек, қор еселей ұлғаюы мүмкін. Табиғи ыстық су қазандықтардың басым бөлігі Батыс Қазақстанда (75%), Оңтүстікте (15,6%) және Орталық Қазақстанда.

Ендеше, арзан электр қуатын өндіру үшін табиғи мүмкіншіліктерімізді ретті пайдаланбай, жеріміздің қойнауын қопарып, жерасты су жүйелерін күйретіп, көмірсутекті қазба-байлықтарды (мұнай, газ, көмір), уранды іздестіру, өндіру жұмыстарын жүргізудің керегі бар ма. Жерасты ыстық су көздерінен электр тогын өндіру әлемнің өндірісі дамыған 85 елінде іске  асырылған. Соңғы жылдары бұл салада Қытай, Жапон, Индия елдері аса белсенді. Исландияда электр қуатының 26,5 пайызы ыстық су көздерінен алынса, Рейкьявик, Клайпеда қалалары түгелдей, Рио-де-Жанейроның басым бөлігі, жылу жүйесінде табиғи ыстық суды пайдаланады.

Батыс Еуропада тереңнен шыққан судың қызуы 20-30 градус болса, жылу жүйесіне жіберу тиімді болып саналады. АҚШ-та геотермал электр стансаларында өндірілетін қуат, бес атом стансасымен пара-пар.

Жерасты ыстық су (геотерма) қуаты – мәңгілік. Қоры, қызуы 6000 градусқа жететін жер ядросының бір миллиард жылда – 300-500 градусқа салқындауымен өлшенеді. Қуат сыйымдылығы қазба байлықтар қорынан 100000 есе, адамзаттың жылдық қуат тұтынысынан бірнеше миллион есе көп.

Қуат пайдалану көрсеткіші 90 пайыздан астам, сондықтан ыстық судан өндірілетін электр тогының бағасы, жел электр қондырғылардағы токтан 30 пайызы, атом стансасынан 60-70 пайызы күн сәулесінен он есе арзан.

Мысал. Алматы қаласының маңында судың жер бетіндегі қызуы 45-84 градус болатын, минерал қоспасы төмен Алматы артезиан бассейні бар. Қала шеңберінде сегіз ұңғы бұрғыланған. Бассейндегі суды тұйықталған сызба арқылы электр тогын өндіретін стансаларға, жылу жүйесіне жіберу, қала тіршілігіне үлкен өзгерістер енгізетіні анық. Тұтынуға қажет көмір, жанармай және газдың мөлшері төмендейді, олардан ауаға тарайтын зиянды қалдықтар азаяды, қала ауасы тазарады. Электр тогы, жылу және жылы су төлемдері бірнеше есе арзандауы мүмкін, қаладағы өндірістердің тынысы ашылады.

Арзан қуатқа жетудің екінші жолы – жерасты, жасанды жел ағыстарын пайдалану. Физикалық заңдылықтарға сәйкес, еліміздегі қаңтарылған шахталардың оқпандарында, технологиялық тәсілдермен, қысымды, тығыз жасанды жел ағыстарын тудыру қиын шаруа емес. Оқпандарға орналасқан роторлы жел қондырғылары тізбегі, ауа райы, жыл мезгілі, табиғи желдің бар-жоғына қарамастан, 365 тәулік бойы көрсеткіштері тұрақты электр тогын өндіреді. Оқпан ретінде бұрын бұрғыланған, жерімізде самсап тұрған ұңғыларды да пайдалануға болады. Жеріміздің бетінің рельефі жерасты жел қуатын игеруге аса тимді. Ыстық су көздерінен және жерасты жасанды желден өндірілетін қуаттың ерекшелігі – жергілікті қоршаған ортамен байланысы және тұтынушыларға жақын орналасуы. Әрбір мың шақырымда қуаттың 30 пайызы жоғалтатын электр желілерінің, қызмет шығыны мол аралық стансалардың қажеті болмайды.

Түйін. Жерімізде табиғи мәңгілік, қайтарымды, қалдықсыз, қауіпсіз, арзан электр тогы өндірілетін, елді мекендерді жылыту мәселесін шешетін қуат көздері тұрғанда, елімізге қатерлі атом қамытын кигізуі мүмкін АЭС  салу қажет пе?

Тегтер: АЭС электр станция мәселе түйін

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01