Қазақстанды батпақтан алып шықса болды!

Марат БАЙДІЛДӘҰЛЫ

25.11.2022, 07:18

2070

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, 20 қарашаға белгіленген президент сайлауы да өтті. Билік орындары Ақорданың саяси технологтары жасап берген сценариймен бәрін «тап-тұйнақтай» етіп орындап шықты. Тоқаев сайлаушылар дауысының қанша пайызын алатыны туралы отбасылық пікірлесуімізде менің 80-нен сәл артық пайыз алатыны туралы болжамым тура шығыпты. Қалған үміткерлердің 2-3 пайызбен шаңға ілесе алмай қалғанын көрдік.

Иә, сөйтіп, Қ.К.Тоқаев жеңді. Оның жеңетінін бал ашпай-ақ бүкіл Қазақстан біліп отырды. Өйткені нәтиже жаңалау болғанымен, пайдаланылған әдіс-тәсілдер сол ескі күйінде болатын. Тек видеоотчеттардың өзі неге тұрады?!

Тоқаевтан кейін келетін билік Қазақстандағы президенттік мерзімді төрт немесе бес жылдық екі мерзімге қайта ауыстыратыны айдан анық. Ұсынылған, тіркелген үміткерлер де Ақорданың екшеуінен шыққан адамдар екеніне еш шүбә жоқ. Бізде президенттікке лайық қаншама тұлғалар бар. Бірақ кандидаттар лайықтылығына қарап емес, сайлауға фон жасау форматында ғана іріктелген. Азды-көпті оған үйлеспейтіндері заңды-заңсыз талаптармен мүйізделіп, ықтимал бәсекелестер қатарынан ығыстырылып тасталды. Қазір бүкіл мемлекеттік аппарат ұзақ жылдардан бері қалыптасқан саяси саладағы жүйелі имитациямен «әділетті сайлауды» көрсетіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында сайлау толықтай басқарылатын құбылысқа айналған болатын-ды. Сөйтіп, саяси терминдер қатарына «жүйелі имитация» (system simulation) деген ұғым енген болатын. Өкініштісі сол, жағымсыз құбылыс – көзбояушылықтың әлі күнге сақталып отырғанында.

Енді ары қарай Қазақстан қандай бағыттарда дамымақ? Жеті жыл мерзімге сайланған президент 2030 жылға дейін Қазақстанды қай бағытта жетелейді? «Әр нәрседе қайыр бар» демекші, кешегі қаңтар ұлт-азаттық көтерілісінің жалғыз пайдасы – Тоқаевқа мемлекеттік билікті толыққанды алып бергенінде. Күштік құрылымдарды 2 жыл 10 ай бойы заңсыз уысында ұстаған Назарбаев көтерілген халық қаһарынан шошып, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Тоқаевқа өткізуге мәжбүр болды. Кешегі кезектен тыс өткен сайлаудан кейін президент Тоқаев Н.Назарбаевтың алдындағы өзін өсіргені, «тақ мұрагері» етіп тағайындағаны үшін моральдық жауапкершіліктен біржола құтылды. Халық сайлаған президент ретінде әрекет-қимылдарына толыққанды дербестік алды. Ол өте асығулы. Инагурациясы да тез, 26 қарашада өтейін деп тұр. Кезекті сайлауда бұл 50 күннен кейін жүзеге асырылса, кезектен тыс сайлауда бұған тиесілі небәрі алты-ақ күн болыпты.

Ұлықтау шараларынан кейін Тоқаевтың алдынан екі таңдау шығады. Біріншісі, өткен қателіктерді түзету бағытында қадамдар жасап, шынайы демократиялық құндылықтарды әспеттеу. Екіншісі, бұрынғысынша, экс-елбасы ұстанған авторитарлық бағытты жалғастыру.

Президент үшін де, халық үшін де маңызды екі дүние бар. Ол – саясат пен экономика. Назарбаев отыз жыл ұстанған «алдымен – экономика, одан соң – саясат» қағидасы елді тұралатқанын білеміз. Осыны көзімен көрген Қасым-Жомарт Кемелұлы құрдым жолынан бас тартатын шығар деп үміттенеміз. Демократиялық үдерістердің тың серпінінсіз алға басу мүмкін емес.

Саясат түзелмей, экономика түзелмейді. Айғайлатпай, табандылықпен ұлттық мемлекет құру бағытын ұстану қазақ халқын президент төңірегіне топтастырады. Саяси реформалар экономикалық реформаларды жетелейді. Саясат өзгерсе, кадрлар да, кадрлардың психологиясы да өзгереді. Қазір өте тапшы болып отырған мемлекетшілдік қасиет те күрт дамиды. Экономикалық реформалар халықтың қолдауына ие болады.

Жария етілген «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» бағыттары саяси мәселелердің конституциялық тұрғыдан шешілуіне тікелей тәуелді. Ол дегеніңіз – ұлттық мемлекет құру бағытын шегелеуді, демократиялық даму жолын тұрақтандыруды, сайлау туралы заңнамаларды, сот судьяларын сайлап қою, партияларды тіркеу, билік тармақтарының шынайы тежемелік-теңгермелік деңгейіне қол жеткізу, олигархтардың билікке араласуын тежеу, т.б. құбылыстарға жол ашу деген сөз.

Кәнігі дипломат қой, Тоқаев арғы-бергі жағдайды бағамдар, Қазақ мемлекеті үшін демократиялық оңтайлы жолды өзі таңдар. Еркін атқа енді мініп жатқанда, шаужайына жармасып, жіберген қателіктерін бетіне шыжғырмай тұра тұрайық. Жаңа жылға дейін-ақ ұстанар бағытымыз айқындалып қалар. Бізге қажеттісі – Қазақстанды батпақтан алып шықса болғаны!

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 14:12
Зейнетақы жинағын алу: 2023 жылға арналған жеткілікті шек жарияланды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:21
2023 жылы инфляция баяулай ма?!
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 13:59
Тауық етін тұтыну да арман болып жүрмесін...
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 09:25
Ресей мұнайының бағасы барреліне 52 долларға дейін төмендеді
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 08:52
Дәурен Сапарәліұлы: Дивиденд кепілді төлем емес екенін ескерген жөн
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.11.2022, 08:46
«Халықты байытамыз» десек, шенеуніктер тойынған жоқ...

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43