Қазақстанға АЭС қажет пе?

Совет ТАТАМБАЕВ

18.06.2021, 08:54

2864

        Қазіргі заманда атом энергиясын құбыжық, керемет жынның күші етіп көрсетуге тырысатын «білімділер» көбейіп кетті. Әрине, Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен адамдардың жағдайларымен санаспасқа болмайды. Мені таңғалдыратын бір мәселе – осы зардапты басынан   өткізбеген, осы салада ешқандай білімі жоқ  өтірікшілердің аса қорқыныш тудыратын тақырыпты  пайдаланып, елді дүрліктіретіні. Мен  өзім бұрынғы Семей облысының тумасымын, 1962-66 жылдары Семей қаласында тұрып,  ауадағы ядролық жарылыстарды өз көзіммен көргенмін, қызым сонда туған. 1980-89 жылдары Шевченко (қазіргі Ақтау ) қаласының халық депутаттары кеңесі  атқару комитетінің  төрағасы, казіргі сөзбен  айтсақ әкімі,  1992-2008 жылдары ҚР Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің бас директорының орынбасары, КАТЭП ұлттық компаниясының арнаулы жұмыстарының директоры, президентінің кеңесшісі қызметін арқарғанмын. Менің танысуым мен талдауымнан көптеген бұрынғы кеңес заманында өте құпия жұмыстар  атқарған Минсредмаштың   құжаттары өтті. Англияда  ядролық  қауіпсіздік  туралы  арнаулы дайындықтан өттім. Орысшасы «Радиоактивное наследие Атомной империи» (2006), қазақшасы «Атом империясының радиоактивті мұрасы немесе радиациялық экология» (2008) атты кітаптар жаздым. Оларда атом энергиясы туралы бүкіл дүниежүзінің мағлұматтары бар.

     Осы салада тікелей еңбек  еткен Қазақ елінің азаматтарына осы мақаланы арнап отырмын. Оған Қарағанды облысының тумасы, Чернобыль АЭС-інде 1986 жылы  26 сәуірде болған ядролық  апаттың қызу ортасында болған, 1965 жылы туған Құрманғазы Нұрпеисов  атты азаматпен осы жылдың сәуірінде Ақсу-Жабағылы курортында болған кездесуім басты себеп болды. Кеңес Одағының академиктері И.В.Курчатов, Қ.И.Сәтбаевтың бастамасымен 1957 жылы Алматының жанындағы Алатау  қалашығындағы ядролық физика  ғылыми-зерттеу институтында кішігірім ВВР–К (водо – водяной реактор) атом реакторы іске қосылады. Осының арқасында   ядролық  физика саласындағы  академиктер Ж.Тәңкібаев, А.Жетібаев,   ғалымдар  Тимур Жантикин, Ерғали Баядилов, Ирина Тәжібаева  т.б. көптеген ұлттық мамандар даярланған болатын. Қазақстан егемендікке ие болғаннан кейін Жантикин мен Баядилов  ҚР Атом энергетикасы жөніндегі агенттікті басқарды. Ал Достай Раманқұлов, осы агенттіктің бұрынғы қызметкері, 2005 жылы сол кездегі МАГАТЭ-нің бас директоры Әль Барадей бастаған бір топ қызметкерлерімен Нобель сыйлығымен марапатталған бірінші қазағымыз болды. Бұл Нобель сыйлығы атом қуатын бейбіт мақсатқа  пайдалануда сіңірген еңбектері  үшін берілген еді.

       Ал Семей  ядролық полигоны туралы сөзді дүниежүзіндегі ең алпауыт сынақ полигонында  өзінің  әскери  міндеттерін атқарған екі қарапайым қазақ жігітіне арнаймын. Тілеубаев Нүсіпжан –  ШҚО Үржар ауданы Бахты кентінің 1941 жылғы тумасы, 1963-66 жылдары Семей полигонының ең басты нысаны – Дегелең тауының Д-2  секторында әскери қызметін атқарады. Майор Приходьконың басшылығымен ядролық жарылыстар үшін штольняларды (үңгірлерді)   қазатын, оған ядролық қондырғыларды, құрал-жабдықтарды, зерттеу, өлшеу приборларын орналастыратын мамандарға керекті көмек көрсету қызметтерін атқарған. Сайдың екі жағындағы тау тастарды ойып салынатын штольнялардың ұзындығы 600-800 метр  болғанда таудың ең биік, салмағы ауыр жеріне  жетеді екен. Өйткені таудың  салмағы ауырлаған сайын жердің қысымы артып, ядролық жарылыстың жойқын күші өсе  түседі. Тура  салынған штольняларға көлденең крест тәрізді штольня қазылып, олардың қиылысқан жеріне атом бомбасы қойылып, оның айналасына сынаққа түсетін материалдар, кабельдер, өлшеу приборлары орналастырылып болған соң,  штольнялар жарқаш тастармен тығындалып, алайда осы тығындардың  жоғарғы жағында аздап газ шығатын қуыстар қалдырылады да, штольнялардың ашық қалған аумағына сынау үшін  жан-жануарлар мен құстарды кіргізіп қоятын болған.  

        Ал екінші қазақ жігітінің аты – Төлеген, тау қазатын ең қиын проходчиктер отрядында әскери қызметін атқарады. Бұл жігіттеріміздің көргендері мен жұмыстары жан түршіктіреді. Ядролық қондырғылардың  жарылысы әр айдың 15, 16, 17 күндері дәл  күндізгі сағат 15:00-де жүргізіледі. Алып тас таулары тербеледі, сілкінеді, қозғалады. Жарылыстан кейін біраз уақыт өткен соң, штольнялардың тығындары алынады. Әрине, көптеген техника мен адам күштерін пайдалану арқылы. Көбіне өлім жазасына кесілген адамдар салынады. Олардан ақшаны да, спиртті де аямайды екен. Кейде қаржыны үнемдеу, аса ауыр жұмыстарды азайту  үшін ескі, бұрын сынақ жасалған, күшті радиацияға  уланған штольняларды қайта  пайдаланатын болған.

       Құдайға шүкір дейік, бүгіндері Нүсіпжан  ақсақал сексен жасқа келді, балаларымен бірігіп, Алматы қаласына жақын жерде орналасқан «Тілек» атты мал фермасы бар. Төлеген аман-сау болса, алда өзі хабарласар деген үмітпен Семей полигоны хикаясын  осымен жабайық. Алайда  полигонды  шынайы  жабу үшін қажырлы күресті бастаған Семей облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың және Қазақстанның белгілі композиторы, 1989 жылғы Кеңестер Одағының  халық депутаты Еркеғали  Рахмадиевтың аттарын атамасқа болмас.

        Украинадағы Чернобыль АЭС-інде 1986 жылдың  26 сәуірінде болған ядролық апатты өз көзімен көрген, барлық қиындықтарын басынан өткізген азаматымыз Құрманғазы Нұрпеисовқа сөз берейік. Оған менің де қосарым бар. 1954 жылы Семей полигонында аса қуатты сутегі ядролық  бомбасын сынақтан өткізуден бір жыл бұрын Орынбор облысында  орналасқан  Тоцк әскери полигонында Варшава келісіміне кіретін елдердің әскерилерінің қатысуымен  өткен жаттығуларда  ядролық авиабомба қолданылады. Оған балама қуаты 40 килотонна болатын, АҚШ-тың 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына тастаған бомбадан қуаты екі есе артық, осындай  бомба Семей полигонында алдын ала сынақтан өткен. Отты шар жерге тимеу үшін жарылыстың биіктігі 450 метр болды. Осы қалыпта бомбаның ұрымтал толқынының әсерінен қирату ең жоғарғы деңгейде де, ал радиоактивті уландыруы және оның бағытталған әсері  төменгі деңгейде болады екен. Бомбаның осындай параметрлері әскерлерді радиоактивтік сәулелердің әсерінен сақтауға бағытталған еді. Қандай ғылым мен білім десеңізші!  Осы оқиға туралы академик Л.П.Феоктистов өзінің «Лев и Атом» атты кітабында былай деп жазады: «Сейчас распространилось много версий и откровенных домыслов о том, как проходили учения, какая обстановка была в так называемом эпицентре взрыва и кто там оказался первым… А вот в тот самой точке, которая предположительно находилась под центром огненного шара, первыми были только Малышев, Щелкин и я (рассказывает Алферов Владимир Иванович – один из руководителей Минсредмаша), да еще экипаж танка, переоборудованного под дозиметический пост. Я помню, как выбрался на броню, но на землю спускаться не стал, подумал: нацеплю на сапоги радиоактивной пыли, а они у меня одни… Малышев спешился, походил около танка – видимо, у него было во что переобуться… Мы вернулись через несколько минут, разведчики доложили радиационную обстановку, и только после этого двинулись войска». Алпысыншы жылдары В.И.Алферов Минсредмашта министр Е.П.Славскийдің орынбасары болып қызмет атқарған, 1967 жылы өткір лейкоздан (сәуле ауруынан) қаза тапты. К.И.Щелкин ВНИИП-тің атом қару- жарағын жасаудағы ғылыми басшысы болды, КСРО-ның үш дүркін Еңбек Ері, ұзақ өмір сүрді.

        Ал енді өз тақырыбымыз бен осы тарихи оқиғалардың тығыз байланыстылығына көшейік.  Құрманғазы Нұрпеисов әскери оқуын Эстонияда бітірген соң, 1985  жылы осы Тоцк полигонында орналасқан әскери ұйымға жіберіледі (В/ч 75257). Осы жерде сонау 1954 жылы  атом бомбасын қолданып өткізілген әскери жаттығулардың басшыларына қойылған ескерткішті, арнаулы жасалған бақылау пункттерін өз көзімен көреді.  Сол кезде полигондағы радиацияның фоны екі миллирентген немесе нормадан алпыс есе артық екен. Бірақ кешікпей  одан да сұмдық оқиғаларды  басынан өткізеді. Ол – Чернобыль АЭС-і  төртінші блогында болған жойқын апат еді.

          Өзінің әскери мамандығы броньдалған соғыс машиналарының  жүргізушісі болғандықтан, мамыр айында Чернобыль АЭС-інде болған апаттың  тура қайнаған ортасынан бір-ақ шығады. Әскери взводты басқарады. Танкі базасында жасалған бульдозерлерді пайдаланып, жолда шашылып жатқан аса жоғары мөлшердегі радиация шашатын реактордың  сынықтарын сүріп, теміржол рельстерін төсеуге керекті жол ашып беруге қатысады. Әрбір екі сағат сайын мойнына ілінген дозиметрдің көрсеткіштері журналға жазылып, ол бес миллирентгенге жетсе жұмысы тоқтатылып, жуындырылып, таза киім беріледі. Берілген инструкция бойынша алғашында бойына 50 рентген радиация дозасы  жиналғанша қызмет атқару керек болса, кейін оның шектеу мөлшері 25 рентгенге азайтылады.  Басқаша айтқанда, АЭС мамандарымен теңестіріледі. Шектеу дозасы нормадын асып кеткен әскери техникалар радиоактивті қоқыс  қоймасына апарылып тасталады екен. Өзінің тікелей қатынасуымен ашылған алаң арқылы теміржол салынып, сонымен теміржол платформаларына тиелген, радиацияны өткізбейтін материалдармен толтырылған  кубиктер  шашылып жатқан (190 тонна плутоний) реакторды жабатын саркофагтың  қабырғаларын  жасауға пайдаланылады.  

       Сонымен, Құрманғазы Нұрпеисов екі ай ішінде денесіне  22.93 рад дозасын (норма – 25)  жинап алып, өзінің Тоцкідегі әскери ұйымына қайтарылады. Оны командирлері зор қошеметпен қарсы алып, бір айға босатып, еліне жібереді. Одан кейін  бір ай өткен соң, әскери мерзімі бітіп еліне оралады. Еш қаперсіз, дені сау болып, 1990 жылы  Әлия деген қызға үйленіп, төрт баланың әкесі болады.  Менің түсінігімше, Құрманғазының ондаған жылдар ауырмауының басты себебі – ол  қорқыныш, үрей, қайғы деген адамның жүйкесін тоздыратын жаман ойдан аулақ болуында. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін, қауіпсіздік шектеуден мыңдаған есе  артық радиацияның дозалары  денсаулыққа  өте үлкен  зиян келтіретінін білмегендіктен. Шектелген қауіпсіз нормадан аспағаны.  

       Алайда 2002 жылы  басы айналатын болып, қаны қоюланып азая бастайды. Дәрігерлерге тексеріліп, солардың көмегімен емделеді, өзіне арналған жеңілдіктердің бар екенін алғаш рет естиді. Арнаулы зейнетақы тағайындалады. Содан кейін 2010 жылы  шашы түсіп, тағы ауыра бастайды. Тағы да керекті дәрігерлік көмек көрсетіледі, жыл сайын санаторийларға тегін жолдама алып тұрады. Қазіргі жағдайын мен өз көзіммен көріп, Чернобыль АЭС-і апатын ауыздықтауға  қатысқан батыр бауырымыздың келешегі жайлы болатынына  сенімім зор. Қорыта келе, Нүсіпжан, Төлеген, Құрманғазы атты  қазақ жігіттері арқылы атом энергиясының ауыр салдарын  ауыздықтауға қатынасқан  мыңдаған  азаматымыздың тағдырын айтып отырмын десем, ешкім де қарсы болмас деп сенемін.

        Осындай тарихи оқиғаларды жария еткеннен кейін менде  мынадай ойлар туындады:  атом энергиясының пайдасын көру үшін келешекті ойлайтын болсақ,  атом энергиясын пайдалануды үйрену елімізді өркениетті елдер қатарына қосады. Ол үшін ұлттық мамандар алдын ала керекті білім, АЭС-терде  қызмет етіп, зор тәжірибе алулары керек. Керекті білімі, тәжірибелері мол және де жауапкершілігі зор  мамандары бар елде  ешқандай да қорқыныш пен үрей болмайды. Алып ұшақтар мен кемелердің, машиналар  мен әскери техникалардың  арнаулы дайындықтан өткен жүргізушілері сияқты. Өйткені олардың мойнына  миллиондаған адамдардың өмірінің қауіпсіздігі жүктелген.

         Уран кенінің көлемі жағынан дүниежүзінде екінші орын алатын елімізде АЭС болмауы халықаралық аренада  өте қолайсыз, ұят  жағдай деп  қараймын. Шындығы да  осылай шығар. АЭС салуды қолдайтын қазақтың  ядролық  ғалымдары мен мамандары аз болса да баршылық. Мысалы, Г.А.Батырбеков, У.М.Маханов, Р.А.Резниковтардың «Кейбір елдердегі қазіргі заманның атом электр станциялары мен ядролық отын айналымы жобаларының салыстырмалы жобалары»  (Алматы, 2004) атты шектеулі таралыммен шыққан кітабында алдыңғы қатардағы Франция, Германия, Канада, АҚШ, Ресей, Жапония, Корея және Қытай сияқты елдердің ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік, сенімді және экономикалық сайыс  талаптарына сай келетін жиырма шақты жоба таңдап алынған болатын. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Қазақстан қазір АЭС салатын шешімге келетін болса, қазіргі заманның  high – tech технологиясын – роботтар мен автоматтарды кеңінен пайдаланатын, ең қауіпсіз  және пайдалы да таза электр қуатын  өндірер еді. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін біржолата шешетін, мұнай, газ, көмір сияқты экологияға жаман әсер ететін ресурстарды пайдаланудан құтқаратын бірден-бір жол – осы. Ал күн, жел   энергиясына көшу өтеқымбатқа түседі,  құр далбаса дер едік.

Тегтер: АЭС электр станция мәселе түйін

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31