Қазақстанға Ресей банктері қауіпті ме?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

15.04.2022, 05:25

1826

Бүгінде қарапайым халық және жекелеген кәсіпкерлер ресейлік банктерден ақшасын ала алмай жатқанына алаңдап, билікке шағымдануда. Егер қазақстандық банктерде ірі соманы алу үшін бір күн бұрын тапсырыс беру қажет болса, ресейлік еншілес банк бұл мерзімді бес жұмыс күніне өсірген. Осылайша, тиесілі қаражатты алу үшін бір апта күтуге тура келмек.

 Аталмыш мәселеге қатысты күні кеше еліміздің Ұлттық банкі «алдағы уақытта санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің еншілес ұйымдарына көмек көрсетеміз», деп мәлімдеді. Бас банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында: «Қазақстандағы Ресей банктері мен олардың еншілес ұйымдарына қатысты санкциялардың кеңеюі осы банктер жұмысына, атап айтқанда, доллар, еуромен аударымдарға және карточкалық операцияларға әсер етті. Ұлттық банк елдегі ресейлік банк клиенттеріне көмек көрсетеді.  Қолма-қол теңге тұрақты режимде шектеусіз беріледі», – деді.

Хош, Ұлттық банк бұл мәселені шешеді делік, бірақ  ресейлік банктерден, шынымен, біздің экономикамызға қауіп жоқ па? Қаншама капиталынан айырылып, салы суға кетіп отырған ресейлік банктермен бірлескен жобаларымыздың жайы не болмақ?!

   Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі ресейлік банктерден бүгінде қарапайым адамдар ғана емес, ірі-ірі компаниялар мен жекелеген кәсіпкерлер салымдарын әкетіп жатқан көрінеді. Деректерге жүгінсек, Қазақстандағы ресейлік үш банктен иелері жалпы сомасы 547 миллиард теңге жинағын алып кеткен. «Сбербанктен» клиенттер 327 миллиард теңгесін қазақстандық банктерге аударып алған. «ВТБ» банктен 141 миллиард теңге, ал «Альфа» банктен, кем дегенде, 78 миллиард теңге әкетілген.

  Қазақстандағы жағдайдан бөлек, Ресейдегі ахуал да оңып тұрған жоқ. Көрші елдің қаржы министрлігі қазір Ресей Орталық банкінен елдегі қаржы институттарын қолдауды, оларға қандайда бір жеңілдік қарастырып, жағдайы мүшкіл банктерді қанатының астына алуды сұрап отыр. Ресейде салалық банктердің Орталық банк алдындағы қарызы 3 трлн доллардан асқан.  Бірқатар банктер Орталық банктен алған қарыздарын жаба алмай отыр. Олардың қатарында  –  «Сбербанк», «ВТБ», «Газпромбанк», «Росселхозбанк», «Внэшэкономбанк» бар.

Қазақстан нарығында Ресей банктері жұмыс істеп жатқандықтан, «Жас Алашты» бұл мәселені де бей-жай қалдырмады. Мәселенің мән-жайын білу үшін сарапшылармен тілдестік.

Экономист-сарапшы Марал Төртенованың пайымдауынша, Ресейде банктердің дағдарысы үш жылдан бері анық байқалып келеді. Ресей үкіметі мен орталық банкі құлдырау санкцияның салдарынан болып жатқанын мойындағылары келмейді. Олар соңғы үш жылда Ресей экономикасында өсім болмағанын жақсы білді. Соған қарамастан, мемлекеттік компанияларға, банктер арқылы несие берді.

– Ал қазір мемлекеттік компаниялар елде қалыптасып отырған экономикалық қиындыққа байланысты салалық банктерден алған қарыздарын қайтара алмай отыр. Мұның арты Ресейде 200-ге тарта банктің жұмысын тоқыратты. Енді олар банкрот болуы  мүмкін, – дейді Марал Төртенова.

Экономист-сарапшының сөзінше, «Газпромбанк» Ресей үкіметінен қолдауға 100 млрд рубль қаржы сұрап отырса, «Росселхозбанк» Ресей әл-ауқат қорына 40 млрд рубльге айрықша акцияларын сатып алуды ұсынған. Ресей банктері соңғы үш айда капиталын 2,4 пайыздан 1,4 пайызға дейін төмендеткен.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, қазір Ресейдің бірқатар банктері біріккен қаржы институттарына айналып жатыр. Банктерді біріктіру арқылы капиталын көбейту дағдарыс кезінде орындалатын амал. «Сондықтан бізге Ресейден келер қауіп жоқ деуге болмайды. Ішкі нарығымызда жұмыс істеп жатқан Ресей банктері бар екенін ескерсек, бірқатар проблемаларды қазірден бастап шешіп алуға тура келеді», – дейді қаржыгер.

Қазақстанда Ресейдің ең ірі банктері «ВТБ» мен «Сбербанк» және «Алфа» банкі жұмыс істейді. Қаржыгерлер «біз болашақта Ресей банктерімен ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру барысында аса сақ болғанымыз жөн», – деп отыр.  

  Тағы да сол деректерді сөйлетсек, бізде құны 25 млрд долларды құрайтын Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асыратын жобалар бар. Бұдан бөлек, біздің елде Ресей мен Қазақстанның 1000-нан астам кәсіпорны бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Олардың қаржысы еркін айналымда болуы үшін банктер үздіксіз қызмет көрсетуі қажет. Банктердің дағдаруы экономикалық байланысты тежейді. Мемлекетаралық ірі жобаларды қаржыландыру кезінде банктерге екі мемлекет бірігіп қаржы салады. Ірі жобаларды қаржыландыру барысында екінші деңгейлі банктер тәуекелге бара бермейді.

– Мұндай ірі жобаларды Қазақстанның Даму банкі мен Ресейдің «ВТБ» банкі іске асырады. Сондықтан ірі жобаларды жүзеге асыратын кезде Ресей банктері активтерінің ауқымына қарап барып, қаржы аудару керек. Егер ол банкте халықаралық банктерден алынған қарыздары көп болса, онда тәуекелге баруға болмайды. Біз үшін болашақта Ресейдегі қаржы институттарының жұмысын барынша қадағалау, бақылау, зерттеу маңызды, – деді қаржыгер.

Мамандар алға тартып отырғандай, Ресей банктерін сөз еткенде, мәселенің екінші жағын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, қазір тұс-тұстан салынған санкциялардың салдарынан, Ресейден қаржы капиталы қаша бастады. Көптеген инвесторлардың Ресей экономикасына сенімі азайып, капиталдарын Ресей банктерінде сақтаудан бас тартқанды жөн көруде.

Жалпы, мамандардың пікірінше, Қазақстандағы Ресей банктерінен қарапайым тұтынушыларға келер кедергі болмауы да мүмкін. Алайда  мемлекеттік деңгейде ірі жобаларды қаржыландыру барысында барынша, сауатты және талапшыл болған абзал.– Біз қанша жерден одақтас болғанымызбен, Ресей банктері арқылы мемлекеттік қаржы операцияларын жасауда тиянақтылық танытқанымыз жөн. Ресей кезінде өзінің көзқарасымен келіскісі келмейтіндерді тұқыртып алу үшін, тіпті табиғи газды қару ретінде пайдаланып, біраз елдерге көгілдір отын бермей, мазасын алған кезеңдер болды. Сол сияқты күні ертең Ресей мемлекеттік банктерін де экономикалық қару ретінде пайдаланып, қаржы операцияларын шектеп тастауы да әбден мүмкін. Нәзік жіп тәрізді көрінетін осы мәселені назардан тыс қалдырмау керек, – дейді Арман Мусин.

Тегтер: банк қауесет тенге доллар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01