«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

04.06.2021, 08:48

4826

Соңғы кездері «Қазақтелеком» телебайланыс компаниясының қызметіне қатысты шағым айтушылар көп. Олар «ойда-жоқта тарифтердің бағасын ескертусіз қымбаттатып жіберіп отыр, сапа төмендеп кетті, сервис те нашар» деп шамданып отыр. Тұрғындарды телекоммуникациямен қамтамасыз ететін айналдырған үш провайдер (екеуі – Alma TV, Beeline) ғана тұрғанда, оның өзінде басқа екеуі кейбір өңірлерге жетпей жатқанда, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп, «Қазақтелеком» тайраңдамағанда қайтеді?

Өзін ұлттық бас оператор деп таныстырып жүрген «Қазақтелеком» АҚ кезінде «Алтел» мен «Теле2» байланыс компаниясын жұтып алып еді, кейін «Кселл» компаниясы да дәл осындай себеппен нарықтан кетті. 2018 жылы «Қазақтелеком» келісім бойынша Telia Company және Fintur Holdings BV компанияларынан «Кселлдің» 75 пайыз акциясын сатып алған. Тіпті 2019 жылдың қыркүйегінде Лондон арбитражды сотына қарсы тараптың келісімде көрсетілген міндеттерін орындамағанына шағымданып, «Қазақтелеком» «Кселл» компаниясынан 22 миллион доллар өтемақы өндіріп алыпты.

Дей тұрғанмен еліміздегі ірі компанияның қызмет көрсетуі клиенттердің көңілін көншітпей отыр. Тұрғындар «Теле2» алпауыт компанияға өткелі байланыс сапасы нашарлағанын айтады. Астана маңындағы Қосшы ауылының тұрғыны Дастан Құндыбаев: «Ақмола облысының Қосшы ауылында «Қазақтелеком» арқылы қосқан интернет кейде дұрыс істемей қалады, одан қалды, жылдамдығы орнатар кезінде шартта көрсетілген интернет жылдамдығынан екі есе төмен және ең өкініштісі, бұл қалыпты жағдайға айналған. Басқа балама болмағандықтан, «Қазақтелекомның» қызметін қолдануға мәжбүрміз», – дейді.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлдария Шамұратованың шағымы өзгешелеу. 

‒ «Қазақтелекомның» интернетін ақпан айының басында қостырғанбыз. Сол кезде тариф құны айына 4999 теңге болған. Бір айдан кейін интернетпен қоса жүретін тіркеменің (приставка) жалға алу құны 400 теңгені қосқанда, барлығы 5400 теңге төлегенбіз. Бірақ келесі айда тариф құны квитанцияда 6600 теңге болып келіп тұр. Шыны керек, оған аса мән бермей төледім. Алайда қымбаттау мұнымен тоқтап қалған жоқ, үшінші айда тариф бағасы 7800 теңгеге бір-ақ шықты. «Қазақтелекомға» хабарласып себебін сұрасам, мардымды жауап айтпады. Біздің үйге қосылған интернет тарифінің құнын біресе 5999 теңге, біресе 6999 теңге деп сандырақтады. Ал ең алғашында, яғни қаңтар-ақпан айларында сайттарында ілулі болған тарифтердің енді бірде-біреуі жоқ. Бізге «тарифті ауыстырғансыңдар, қосымша қызмет түрлерін қостырғансыңдар» дейді. Бірақ оны кім қостырып жүргені түсініксіз. Тағы бір байқағаным, бұлардың тарифтері бәріне бірдей емес. Мысалы, біздің тұрғын үйде ілулі тұрған бір жапырақ қағаздағы тариф құны 4999 теңгеден басталса, Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында тұратын әріптесімнің үйіндегі тарифтің ең арзаны 6999 теңгеден басталады. Өте түсініксіз жағдай», – дейді.

Тура осындай шағым айтушылардың қатары шаш етектен деуге болады. Қазір оның әрқайсысын айтып тауыспаспыз. Бірақ еліміздегі ғаламтордың жұмыс істеу жылдамдығын 5G-ге көтереміз деп сендіріп жүрген «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы Қуанышбек Есекеев жұрттың жанайқайын тудырып отырған мәселелерді шешуге асықпайтын көрінеді. Себебі осы күні компания қызметкерлері де клиенттердің шағымына нақты жауап қатпай, біраз әбігерге салған екен. Қызметті пайдаланушылардың шағымдары мен өтініштерін қабылдау үшін тегін болуы тиіс қолдау көрсету қызметі орталығына хабарласуыңның өзі ақылы, телефоныңдағы ақшаңның қалай жоқ болғанын аңғармай қаласың. «Бұл құрғырдың телебайланыс қызметтерін қосу да, үзу де жыр болды. Call-орталықтарына хабарласқан сайын бірлікті жұта салады. Бір дұрыс жауап берген қызметкер жоқ. «Қазір, қазір...» деп, тосқызып қоятынын қайтерсің», – дейді Алтынбек Қумырзақ.

         Қазақстандағы ғаламтордың сапасына қатысты бұл алғаш рет айтылып отырған сын емес. Мәселен, телебайланыс компаниясы клиентке секундына 100 мб ұсынса, көбіне іс жүзінде жылдамдық оған татымайтын болып шығады. Мысалы, биыл көктемде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Динара Сәдуақасова да соның зардабын шеккенін бәріміз білеміз. Ғаламтордың кесірінен халықаралық онлайн турнирден шығып қалғанын айтқан болатын. Провайдердің үшеуін де қолданып көргенімен, мәселе оңалмады.

Экономист Мақсат Халық бір ғана «Қазақтелеком» емес, жалпы Қазақстан экономикасы монополияланғанын айтады. «Өйткені бізде монополист компаниялар көп. Олардың саны 18 миллион ғана халқы бар мемлекетіміз үшін көп. Бізде орта және шағын бизнес көлемі аз. Негізінен, көптеген маңызды секторлар ірі компанияларға тиесілі. Оның зиянды жағына келсек, монополист компаниялар көбейген жағдайда бәсеке болмайды. Ал бәсеке болмаған жерде бағаның жоғарылайтыны, сапаның нашарлайтыны түсінікті және тұтынушылар үшін ол тиімсіз. Себебі таңдау болмайды. Сондықтан бұл жағдайды реттеу үшін былтыр ғана президенттің қарамағынан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды. Оның негізгі функциясы – квазимемлекеттік сектордың, «Самұрық-Қазына» қоры қарамағындағы ірі компанияларды қайта құрылымдау, яғни кейбір компанияларды біріктіру, енді бірін жекеменшікке шығару. Өйткені олар мемлекеттің үлес салмағы бар ірі компаниялар. Мемлекеттің үлесі көп болған сайын, ол да экономиканың тежегіші бола бермек. Еуропада, басқа да дамыған мемлекеттерде мемлекеттің ірі компаниялардағы үлес салмағы аз, 20 пайызды ғана құрайды. Қалғанының барлығы жеке сектордың меншігінде, сонда ол жерде бәсеке де, даму да болады. Сондықтан заңдылықтарға сүйенсек, нарықтағы монополияны жойған дұрыс.

Жалпы, бізде монополия және олигополия деген сөздер қолданылады. Олигополия деп отырғанымыз – бір немесе екі-үш компания ғана иелік етеді. Біздегі қызметтердің бағасының өсіп кетуі, заңсыз түрде кейбір тауарлардың қатты қымбаттап кетуі соған байланысты. Сондықтан осы жерде жеке шағын компаниялар неғұрлым көп қызмет көрсететін болса, олар, әрине, бағаны жөнсіз өсіре алмайды. Егер бағаны өсіретін болса, онда басқа бәсекелестері оларды нарықтан ығыстырып жібереді. Өйткені бәсекелестерінің бағасы әлдеқайда төмен, бұл халық үшін де тиімді болып келеді. Осыған байланысты бізде шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қатарын ұлғайту – күн тәртібінде тұрған мәселе. «Қазақтелекомға» келетін болсақ, жақында ол «Кселл» компаниясын өзіне біріктірді. Компания іріленді, бұл нарықта бәсекелестіктің дамуына қарсы келеді. Мұндай жағдайда, әрине, компания өзіне қалай ыңғайлы – сондай шешім қабылдайды. Сол үшін бұл жерде халықтық бақылау, талап күшті болғаны дұрыс. Сонда ғана компания қызметін пайдаланушылармен санасады», – дейді Мақсат Халық. 

         Сонымен қатар «Қазақтелеком» компаниясы еQoldau жобасын, медициналық teleklinika.kz интернет жобасы мен Imedicus мобильді қосымшасын іске асырған екен. Бұл да басқа бизнес компанияларын тұншықтыру, жолын бөгеу емес ме? Дегенмен экономист аталған компанияның жекеменшікке өтуі қауіп тудыруы мүмкін екенін алға тартады. 

‒ Бір жағынан, сарапшылар арасында «Қазақтелекомның» жекеменшікке өтпегені дұрыс деген пікірлер бар. Себебі ол маңызды сала, ал стратегиялық, идеологиялық тұрғыда маңызды салалардың көп бөлігі мемлекет меншігінде болғаны дұрыс деп айтады. Мәселен, «Қазақтелекомды» сатып алуға Қытай компаниялары қатты қызығушылық танытты деп естігенмін. Ондай болатын болса, бүкіл ақпараттық кеңістіктен айырылып қалуымыз мүмкін деген де қауіп бар. Негізінен, бұл экономистердің ғана ой-пікір айтатын алаңы болып қалмай, оған саясаткерлердің, сарапшылардың атсалысқаны дұрыс деп ойлаймын. Бірақ жоғарыдағы заңдылық орындалуы тиіс. Мемлекет қарамағындағы тиімсіз жұмыс істеп отырған компанияларды жабуы керек болмаса жеке секторға ауыстыруы тиіс. Нарықта бәрін зерттеп отырған ірі компаниялар отырғандықтан, балама түрде жұмыс істей алатын компанияларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалсын, мүмкіндіктер берілуі қажет деп білемін. Онсыз қазіргі нарықта басқа компаниялар шыдай алмайды, ‒ дейді экономист.                     

Жалпы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылғанға дейін мемлекетте монополияға қарсы күресетін ұйым болмады емес, ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу комитеті бар. Алайда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс нәтижесін көрсете алмаған екен. «Бұл комитеттің жұмысы көрінбей қалды. Соңғы үшжылдықта бізбен ортақ Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде келісімшарттар жасалды, көп салалар бойынша ортақ нарық құрылды. Бұл шетінде отырып бағаларды қадағалау процесін тежеді. Сондықтан да сол комитеттің күші әлсіреді. Өйткені олар өрескел заңбұзушылық болған кезде ғана араласып жатқан жағдайы бар. Әйтпесе халықаралық келісімдердің нәтижесі болса керек, көбінесе үндемей отыр», – дейді Мақсат Халық.

Тегтер: байланыс кеңістік монополия комитет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.09.2021, 09:04
Қазынада дефицит: Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» қашан ұғады?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2021, 08:22
«Уәдеге тойып біттік»
Айнұр ӘЛИ 21.09.2021, 14:50
Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39