Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

18.01.2022, 08:38

3212

11 қаңтарда Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  елдегі ең ірі ұлттық холдинг «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына тоқталды.  Бүгінде «Самұрық-Қазына» қорының активі еліміздің ЖІӨ-нің 60 пайызына жуықтайды. Бұл холдингтің қызметі бүкіл экономикамыздың өсуіне тікелей әсер етуі керек болатын-ды.  Құрамына «KEGOC», «ҚазақГаз», «Қазақстан темір жолы» және басқа алпауыт компаниялар енетін «Самұрық-Қазына» ең алғаш құрылғанда, «бұл қор — дағдарып тұрған салаға жан бітіріп, қан жүгіртеді», деп үміттенгеніміз де рас. Бірақ экономикамызға енгеніне 14 жыл болған  холдингтің  қазақты байытып, әл-ауқатымызды дамытуға пәрмені әлі де жетер емес.

    

«Бай — байға, сай — сайға құйып жатыр»...

 «Самұрық-Қазына» туралы өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Ұлттық байлықты еселей алды ма? Қордағы қомақты жалақы алатын қызметкер мен директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компаниялар және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? Осыған байланысты үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі өзгерту үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер «Самұрық-Қазынаны» реформалау мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс» деді.

     Негізінде, бір бұл емес, «Самұрық Қазынаның» жұмысына қатысты бұған дейін де қаншама сын айтылды. Әсіресе осыдан алты жыл бұрын үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев болған тұста депутаттар аталмыш холдингтің аяқ алысын  қайта-қайта сынап,  реті келген кезде «Самұрық-Қазынаға» шүйлігіп қалуға тырысатын. Сол кездің өзінде  холдингтің топ менеджерлері мен негізгі еншілес компанияларындағы басшыларының табысы жылына 200 мың АҚШ доллары болған. Жалақыдан бөлек, алатын сыйақыларын санағанда, цифрлардан басымыз айналып, көзіміз тұманданатын. Мысалы, 2016 жылы қор мен оның еншілес компанияларының басқарушы қызметкерлеріне  төленген жалпы сыйақы мөлшері 7,1 млрд теңгені құрапты. 2019 жылы тура осы сыйақының мөлшері 8,8 млрд теңгеге дейін өскен. Ал  2020 жылы «Самұрық-Қазынаның» негізгі басқарушы қызметкерлеріне төленген жалпы сыйақы сомасы бір жылда 6,2 млрд теңгені құраған.

  

Директорлар аз ақшаға неге жұмыс істемейді?!

Ал енді «Самұрық-Қазынаның» басқарушы директорлары аз ақшаға неге жұмыс істемейді? Қомақты сома ғана алатындай, олардың жұмысы соншалықты ауыр ма? Осы сауалға қатысты   кезінде Сағынтаев үкімет басқарып отырған тұсында «ақылды адам аз ақшаға жұмыс істемейтінін» алға тартатын-ды.  Осы пәлсапаға сүйеніп біз де солай ойлайтынбыз. «Самұрық-Қазынадағы» директорлар кеңесінің ақылдылығына шүбәміз болмайтын-ды.  Олардың экономиканы алға шығаратынына үмітіміз зор болатын.  Осыған орай, тізбелеп көрсек,  «Самұрық-Қазына» холдингінің директорлар кеңесі 8 адамнан тұрады. Олар: Қанат Бозымбаев, Данияр Ақышев, Әсет Ерғалиев, Алмасадам Сатқалиев, Вячеслав Ким, Дудас Джон, Онг Бун Хви және Лука Сутера.

Осы аталғандардың ішінде өзгесін айтпай-ақ қоялық, тізімнің басындағы алғашқы үшеуін ғана айтар болсақ: қордың директорлар кеңесінен бөлек, Алматы облысының әкімі  Қанат Бозымбаевтың  осы жолғы қаңтар қақтығысында халықты басудың орнына ел алдында шығып алып,  ғайбат сөз айтып, жиналған жұрттың ашуын одан әрі қоздырғаны  қазір қызу талқыланып жатыр.  Бозымбаевты «ақымақ» деуден аулақпыз, бірақ өзі арқырап,  ашуға булығып тұрған елге басу айтудың орнына басшылық қызметтегі адамға халыққа қарата бейәдеп сөз айту қаншалықты ақылды іс.  Бозымбаевтан бөлек, кезінде Ұлттық банкті басқарған Данияр Ақышевтің «Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесінен орын алуы жөн-ақ делік. Бірақ Ақышев Ұлттық банкті басқарған жылдары бизнесті қаржыландыру, инфляцияны тежеу, жағымсыз несие қоржынын азайту, БЖЗҚ-ғы қаражатты үйлестіріп, ұтымды жұмсау тәрізді жұмыстарды жүйелей алмады. Осы үшін  ол экс-президент Назарбаевтың сынына да ұшыраған болатын-ды. Директорлар кеңесінің тағы бір мүшесі ұлттық экономика министрі болған Әсет Ерғалиевтің  айына азық-түлікке қанша қаражат жұмсайтынын есептеп айта алмай, дал болғанын журналистер қауымы  әлі ұмыта қойған жоқ. «Баға тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өсіп жатыр», дегенді жиі айтатын Әсет Ерғалиев былтыр жыл соңында «отбасымызбен күніне тамаққа 50-60 мың теңге ұстаймыз» деп, артынша оны «айына 50-60 мың ұстаймыз» деп түзетуді де ұмытпаған-ды...

  

Шетелдіктер шекемізді шылқытпайды

Өзіміздің отандық мамандардан бөлек, «Самұрық-Қазынаның» айналасына шетелдік мамандар да жиналған.  Мысалы, 61 жастағы директорлар кеңесінің төрағасы Джон Дудас Ұлыбритания азаматы болса, директорлар кеңесінің тағы бір шетелдік мүшесі – сингапурлық азамат Онг Бун Хви. Өз елінде әлеуметтік ғылымдар бакалаврын аяқтаған соң, ол АҚШ-тағы қолбасшылық және бас штаб колледжін бітірген. Үшінші мүшесі — Онг Бун Хви өзінің еңбек жолын Сингапур Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінде негізгі қолбасшылық және штабтық қызметтерден бастапты. Алайда 2002 жылдан бастап, бірден бизнес саласына бет бұрады.  Шетелдік тағы бір тәуелсіз директор – Лука Сутера. 50 жастағы Италия азаматы. Италиядағы Боккони университетін іскерлік әкімшілендіру, бухгалтерия мамандығы бойынша бітірген. Лондондағы экономика және саяси ғылымдар мектебінің түлегі. Ал сонда бізге директорлар кеңесінің құрамында шетелдік менеджерлерді ұстаған қаншалықты тиімді? Біз неге үнемі шетелдіктердің ақылына, тәжірибесіне зәруміз?  Неліктен оларға қыруар қаражат төлеп, шашылып-төгіліп жатырмыз?

Осы орайда, «Жас Алаштың» сауалына жауап бергенэкономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай деді:

— Шетелдіктердің барлығы  бірдей білікті немесе өз отанында жетістікке жеткен маман деп айта алмаймыз. Керісінше, өз елінде аса қажет болмай қалғандары осы жаққа келіп, ақша тауып жүр. Шет ел бізге жақсы маманын жібермейді. Осыны ұмытпауымыз керек. Сондықтан «Самұрық-Қазынаның» кеңесіне отандық жас мамандарды тарту керек деп есептеймін. Президенттің «аталмыш ұлттық холдингті реформалау керек» дегенімен  келісемін. Қазір елге пайдасы аз, өзін-өзі ақтамайтын компанияларды қысқарту арқылы бюджетті үнемдейтін, экономиканы оңалтатын кезең.

Олар жекелеп қана баюды көздейді...

Сарапшының айтуынша,  «Самұрық-Қазына» холдингі 900 млрд теңге табысының 110 млрд теңгесін ғана бюджетке береді.

—  «Негізі, бізге мұндай холдингтің қажеті шамалы.  «Самұрық-Қазына» құрамына енетін «Қазақстан темір жолы» компаниясы инвестициялар және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне қарауы тиіс.  «ҚазақГаз» немесе «ҚазТрансгаз» энергетика министрлігінің қарамағында болса да жеткілікті.   Ешқандай холдингсіз де экономканы алға сүйреуге болады. Жекелеген адамдар басқаратын холдингтерге үкімет те, мемлекет те талап қойып, ештеңе айта алмайды. Сондықтан бұл холдингтердің акцияларына мемлекет иелік етуі тиіс, болмаса, мұндай холдингтерді тарату керек», — дейді Меруерт Молдабаева.

Мамандардың айтуынша мемлекетке бағынбайтын холдингтердің санын шектеген жөн. Сонда монополистер үстемдік ете алмайды, негізсіз бағаны өсіріп, халықты қанамайды.  

«Мысалы, елде газ бағасы неге өседі?! Себебі бізде «ҚазТрансгаз» жекелеген монополистердікі. «Самұрық-Қазынаның» құрамына енетін бұл компания, бірінші кезекте өз қалтасын ойлайды. Сол тәрізді жанар-жағармай да жекелеген монополистердің қолында. Жекенің қолындағы бизнес жекелеп баюды ғана көздейді. Бюджеттен қаражат алып отырса да бірінші өз пайдасын ойлап отырады. Сондықтан  елдің қамын емес, өзінің құлқынын ғана күйттейтін, белгілі бір тұлғалар басқаратын мұндай холдингтерсіз де жаңа Қазақстанды құруға болады. Егер үкімет президент айтқан «Жаңа Қазақстанға» жеткісі келсе, мұндай реформадан қорықпау керек» деген ой түйіндейді мамандар...

Тегтер: Самұрық-Қазына кіріс рейтинг қор

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 17.05.2022, 05:13
Халықты тонаудың бір әдісі

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20