Қазақтың мақсаты орыстан озу ғана ма?

«Орасан байлығымызбен Еуропаны бағындыра алатын едік»

Қарлығаш Зарыққанқызы

17.02.2021, 09:30

1726

Өткен аптада, 7 ақпан күні экономист Иван Чакаров елді елең еткізген болжам айтты. Оның жорамалынша, Қазақстан экономиканың дамуы бойынша Ресейге жақындады және оны басып озуы да мүмкін. Мұндай талдауды сарапшы Халықаралық валюта қорына сүйеніп жасаған. Қор 1980 жылдан бастап екі елдің ЖІӨ өсу статистикасын қадағалап, 2025 жылға дейін болжам жасады. Онда Қазақстан мен Ресей жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіштері бойынша бір орында тұр. Осылайша, сарапшының есептеуінше, Қазақстан Ресейге жақындай түсті. Алдағы уақытта ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша біздің ел ТМД-ның ең бай елі болып, Ресейді басып озуы мүмкін.

  

                                       Бәсекеге бәс тігу

        Сөйтіп, орыстан озамыз ба, озбаймыз ба?! Осы сауалды біраз экономист талдады. Бірі озамыз десе, енді бірі «бұл сандырақ» деп, бәсекеге бәс тігіп әлек.  Ресейден «озамыз» дейтіндердің ойынша, 2020 жылғы деректерге қарасақ, Ресейдің жалпы экспорты 31,9 пайызға азайып, 61,6 миллиардқа шегерілген.  Сыртқы сауда көлемі де 26,4 пайызға  азайған.  Жалпы, сауда балансы 22,7 пайызға азайып, түсім 25,6 миллиард долларға төмендеген. Ресейдің ұлттық табысы өткен жылы 3,7 пайызға азайған.  Бұған АҚШ пен Ресей арасындағы салқындықты, батыс елдері тарапынан  бірнеше жылдан бері Ресейге салынып келе жатқан экономикалық санкцияларды қоссақ,  алдағы бес жылда Ресей экономикасының  кері кетуі әбден мүмкін. Міне,  осы тұста Қазақстан Ресейді басып озып, алға шығып кете алады. «Көршіміз тұқырса, біз басып озамыз» дегендердің негізгі ойы – осы.

          Ал екінші тараптағы мамандардың пайымынша, орыстан озуға ғана ұмтылу Қазақстан үшін мақсат болмауы керек.  Бұл реттеэкономист-сарапшы Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкелі бері 30 жыл болса да, біз әлі Ресейге жалтақтап, Ресеймен теңесуді ойлаймыз. Заң шығаратын болсақ та, Ресейден көшіріп аламыз. Бұл шындық. Енді келіп «2025 жылы Ресейді басып озамыз» деп болжаймыз. Жер қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар, байлыққа толы Қазақстан үшін Ресейден озуды мақтаныш көру ұят.

      – Орасан байлығымызбен Еуропаны бағындыра алатын едік. Бірақ соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Біздің жеріміздің байлығының қызығын шетелдік инвесторлар көріп жатыр. Қолдағы барымызды ұқсата алмай отырмыз. Біз үшін  «Ресейден озамыз» деп, көршімізді бәсекелес көріп, соны ғана місе тұту болмашы дүние, – дейді ашынған сарапшы.

                  Қазақ жалқау емес, үкімет самарқау

        Маманның айтуынша, нарықтық экономикаға көшкелі бері қазаққа тағылатын негізгі айыптың бірі – жұрт қазақты «жалқау халық» дейді. «Бірақ қазақтың алдына салған малы болғанымен, жерінің игерілмей, сортаңданып жатқанын ешкім есепке алмайды. Ай сайын табатын табысының тым аздығы елдің еңсесін көтертпей келеді. Шикі мұнайға тәуелділік ел экономикасын өрге шығара алмай отыр. Бұған қатысты ел үкіметі әлі ұтымды реформа енгізе алмай  келеді», – дейді Жаңабай Алдабергенов.

       Айтса айтқандай-ақ, деректерге жүгінсек, бір отбасын асырау үшін қазақ баласы батыс елдеріне қарағанда 80 есе артық күш жұмсайды екен.«Барометр» сараптау-талдау орталығының мәліметінше, қазақ жерінің ауқымы еуропалықтарға қарағанда сегіз есе үлкен. Бірақ сол жерінің құнарсыздығы, ол жерде мал өсірудің бейнеті, егін салса, егінді бітік шығарудың мехнаты еуропалықтармен салыстырғанда шаш етектен.  Бұған қатыстысарапшы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:

         – Қазақтың құнарлы жерлерінің көпшілігі кезінде Ресей империясының еншісінде кетті: 45 млн десятина жерімізді мұжықтар басып қалды. Одан кейін тың игеру кезінде 25 млн гектардан астам жерді Украина мен Белоруссия иемденіп алды. Осыдан кейін қайдан қазақта мал шаруашылығы, егін шаруашылығы дамысын? Қазір жеріміздің 67 пайызы құрғап, шөл және шөлейт аймақтарға айналған. Бұларды ғылым тілінде «адамның  өмір сүруіне қолайсыз аймақтар» дейді. Эрозияға шалдыққан жерлерді тыңайтып, қалпына келтіру жұмыстары бізде кемшін. Осының барлығы жеріміздің шөлейттеніп бара жатқанын көрсетеді. Ал мұндай аймақтар, расымен де, адамның өмір сүруіне өте қолайсыз екені айтпаса да түсінікті.  

         Мамандар болашақта Қазақстанға шөл және шөлейт аймақтарды қалыпқа келтірумен мықтап айналысу керегін алға тартып отыр. «Үкімет самарқаулықтан арылып, өмір сүруге қолайсыз аймақта тұрып жатқан халыққа мойын бұруы қажет. Дамуы артта қалған елді мекендерде өндірісті жетілдіруге назар аударатын кезең әлдеқашан жеткен. Біз ештеңе тындырмастан, жалған статистика беріп, дамып келеміз деуге бейімбіз», –  дейді Тоғжан Шаяхметова.

    

                    Біз  «А» мен «Б-ны» санап жүргенде…

        Негізінен, ел экономикасын дамытуға қатысты мамандар тарапынан үкімет қадамдарына айтылып жатқан сын көп.  Мәселен, жуырда ғана үкімет экономиканы дамытуға қатысты «Б» жоспарына енетінін мәлім етті. Ал мамандар «үкімет «А» жоспарының нәтижесін сезбей жатып, бірден екінші жоспарға кірісіп кеткені қалай» деп алаңдай бастады. Бұл ретте қаржыгерлер тарапынан «Бізде қазір инфляция деңгейі 7 пайыздан асып кетті. Ресейде бұл көрсеткіш 3 пайыздың айналасында тұр.  Қазір Ресей басы артық шығынға жол бермейді. Демек, бізге де экономикалық саясатты қаржыны үнемдеуден және экономикалық саясатқа түзету енгізуден бастау керек» деген пікірлер  айтыла бастады. Тіптен «Үкімет «А» мен «Б-ны» санап жүргенде біз тығырыққа тірелеміз.  Қазір мұнай бағамы 60  доллардан асса қуанатын болдық. Кезінде сол мұнайды ең соңғы дайын өнімге дейін өндіруді үйренгенімізде тап бүгінгідей қиналмас едік. Қарапайым халыққа салмақ түспес еді» дейтіндер де табылды.

         Жалпы, сала мамандарының ойынша, болашақта экономиканы теңселтпеу үшін мынадай ұсыныстар ескерілуі керек. Біріншіден,  бюджетке түсетін табысты әртараптандыру қажет. Мұнайға тәуелділіктен арылу үшін балама энергия көздерін өндіруді дамыту қажет. Бұл ретте алтын-күміс, руда, уран өндіру істері қарқындап дамуы қажет. Жаңа технологияға жүгіне отырып, әрбір салада жаңалық ашуға бейімделіп, нано-биотехнологиялардың тілін меңгеру қажет болады. Екіншіден,  алыпсатарлық экономикадан арылған жөн. Мұндай экономика импортқа тәуелді. Сондықтан отандық өнім өндіру жағына басты назар аударған абзал. Үшіншіден,  жерді дұрыс пайдалану жобаларын қолға алу керек. Елдегі жайылымдық жерлер, егістік жер, бос жатқан жерлерді игеру қазір өте маңызды. Жерді шаруаларға арзан несиемен беру жағы ойластырылуы тиіс. Жерсіз жүрген шаруаларды жермен қамту бүгінде өзекті болып отырған тұс. Төртіншіден, әр салаға шетелден сарапшылар тартып, оған қыруар қаржы жұмсауды шектеу керек.  Бұл арада отандық ғалымдарымыздың ойына жүгіну тиімдірек болады. Себебі шетелден келген сарапшылар Қазақстанның аурасын, экономикалық қабілетін нақты біледі деп айту қиын. Бесіншіден,  Қазақстан шетелдік инвесторлармен жұмыс істегенде өз мүддесін, өзінің талап-тілектерін қоя білуі керек.

        Міне, экономикалық дағдарыстан оңай шығып, тек орыстарды ғана емес, өзге дамыған елдермен иық теңестіру және олардан озу үшін  бірінші кезекте қарапайым ғана тәртіпке бағыну керек. Олай етпесек, бізге еңсе тіктеу қиын болады. «Бұл ұсыныстар ескерілсе,  кез келген дағдарысқа шыдас беруге мүмкіндік ашылар еді. Бірақ бізде ұсыныстарды естір құлақ жоқтың қасы» дейді мамандар.

Тегтер: экономика болжам пайым нарық халық ұлттық экономика Ұлттық банк

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15