«ҚазМұнайГаз» IPO-сы. Мұнай тамшысындағы акциялар

Сайт әкімшілігі

24.11.2022, 13:24

1781

Қазақтың мұнайы халыққа қашан да қызмет етіп келеді. Біле білсеңіз, бюджет кірісінің тең жартысы – мұнай компаниялары төлеген салық. Одан бөлек, Ұлттық қор мен одан бюджетке алынатын трансферттердің барлығы мұнайды сатудан келеді. Сондықтан «мұнай халыққа жетпей жатыр» деген қауесет әңгіменің еш негізі жоқ.

Онымен бірге, мемлекет өзінің экономикадағы үлесін азайтудың кешенді жоспары аясында, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты ұлттық компаниялардың акцияларын халыққа сату үрдісін бастады. «Халықтық IPO» жобасы аясында, алғашқылардың бірі болып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары қалың көпшілікке сатылатын болады. Одан бізге қандай пайда бар? «Жас Алаш» осы сұрақтың жауабын іздеп, «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Әдиходжаев және «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және қаржылық директоры Дәурен Қарабаевпен кездесті.

Қазіргі таңда биржаларға «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) акцияларының 5 пайызы ғана шықпақ. Басында көкейімізге, бұл аз болмай ма деген сұрақ ұялаған еді. «Жоқ, аз емес», – деп сендірді Дастан Әдиходжаев.

Оның айтуынша, ҚМГ осы IPO шеңберінде 30 505 974 жай акцияларды сатуға шығаруды көздеп отыр. Бұл шығарылған және орналастырылған ҚМГ акцияларының жалпы санының шамамен 5%-ын құрайды. Сонда ҚМГ барлық акцияларының ортақ саны – 610 119 493 дана.

«Аталған мәмілені жүзеге асырғаннан кейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында шығарылған және орналастырылған ҚМГ акцияларының жалпы санының кемінде 85%-ы сақталады деп күтілуде. Сонымен бірге, жергілікті инвестициялық банктердің алдын ала талдауы бойынша, жергілікті инвесторлардың, халықтың сұранысы шамамен 190-400 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл деректерге сай, ҚМГ акцияларының 5%-ы жергілікті және шетелдік инвесторлардың қатысу мүмкіндігін ескере отырып, мәміленің оңтайлы сомасы болып табылады деп есептейміз», – дейді, Дастан Әдиходжаев.

ҚМГ бір акциясы биржаларға 8 406 теңге бағамен шығып отыр. Бірінші кезекте Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі.

ҚМГ акцияларын сатып алсам, одан маған пайда түсе ме?

Халықтың көкейінде жүргені – осы сұрақ. Депозитте ақша ұстап отырғандар, акция сатып алуға кет әрі емес. Тек акция депозиттен көбірек кіріс әкеле ме? Осыны білмей отыр.

Шынымызды айтсақ, акциялар нарығында ешкім сізге кепілдік бере алмайды. Ол – облигация емес. Сондықтан бағасы құбылып тұрады. Тіпті Google, Meta сынды алпауыттардың биржада өз котировкаларын жоғалтып, инвесторларын мазалайтын сәттер аз емес. Бірақ ҚМГ бойынша болжам өте жақсы. Дастан Әдиходжаевтың айтуынша, ҚМГ акциясының бағасын айқындау процесі барынша ашық өткен. Барлық тараптар, оның ішінде инвестициялық банктер, брокерлер, маркет-мейкерлер, биржа мамандарымен талқыланып, қазіргі бағасы – 8 406 теңге деңгейі анықталған. Ал бір акцияның баланстық құны одан жоғары. Ол 2022 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ҚМГ шығарған аудиттелген қаржылық есептілікке сәйкес 14 325 теңгені құрайды. Демек, ҚМГ-ның әлеуеті әлдеқайда биік. Тәуелсіз сарапшылар да осы пікірмен келісіп отыр. 

«ҚМГ акцияларын сатып алуды ұсынатын Қазақстандағы жетекші инвестициялық банктердің пікірлерін алға тарта аламыз. Мысалы, Halyk Finance сарапшылары ҚМГ акцияларының өсу әлеуеті 32% деп болжайды. Ал «Фридом Финанс» талдау департаментіндегі әріптестері бұл акциялардың өсу әлеуеті 52% деп есептейді. Оның үстіне, Skybridge Invest сарапшылары +35%, ал BCC Invest +40% деген болжам жасап отыр. Осы мәміле бойынша букраннерлердің қатарына кірмейтін инвестициялық банктердің ұстанымын бөлек атап өткім келеді. Jusan Invest сарапшылары ҚМГ акциясының өсу әлеуеті 36% деп есептесе, Centras Securities-тегі әріптестері компания акциялары 25%-ға көтерілуі мүмкін деп есептейді. Көріп отырғаныңыздай, Қазақстанның жетекші инвестициялық банктерінің кәсіби сарапшылары арасында консенсус бар», – дейді, Дастан Әдиходжаев.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және қаржылық директоры Дәурен Қарабаев компания IPO-сы табысты өтеді деген пікірде. Әлеуетті инвесторлар, оның ішінде ең алдымен халық тарапынан қызығушылық артып келеді. Оның басты себебі – «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚМГ бірлесіп, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Биыл қыркүйек айында Қор мен ҚМГ биржалар мен брокерлердің өкілдерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын бастады. Оның шеңберінде облыс орталықтарының, қалалардың, шалғай елдімекендердің тұрғындарымен, кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының қызметкерлерімен  150-ден астам кездесу өткізіліп, 130 мыңнан астам адам қамтылды», – дейді Дәурен Қарабаев.

Оның сөзінше, осы кездесулер барысында халыққа «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жекешелендіру жоспарлары, оның ішінде ұлттық компаниялардың IPO-сы, IPO-ға қатысу тәсілдері, акцияларға салынатын инвестициялардың артықшылықтары мен кемшіліктері, акцияларды сатып алу туралы шешім қабылдау қағидаттары және басқа да қажетті ақпарат берілген.

«Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX) және Қазақстан қор биржасына (KASE) жүретін ҚМГ IPO-сын жан-жақты және кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған роудшоу шеңберінде жеке инвесторлармен кездесулер өткізудеміз. Оған спикерлер ретінде «Самұрық-Қазына» қоры, ҚМГ және компанияның қаржылық кеңесшілері қатысуда.

Роудшоу барысында халыққа ҚМГ қызметі, инвестициялық тартымдылық факторлары және компанияның дивиденд бойынша саясаты туралы толық ақпарат, сондай-ақ IPO шеңберінде акцияларды ұсыну шарттары мен оларды сатып алуға өтінім беру рәсімі туралы мәлімет беріп жатырмыз», – деп түсіндірді Дәурен Қарабаев.

ҚМГ қаржы директорының мәліметінше, 14-ші қарашада басталған роудшоу 25-ші қараша күні аяқталады. Кездесулер – Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қонаев, Петропавл, Талдықорған, Тараз, Өскемен, Орал, Семей, Ақтау, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалаларында ұйымдастырылды.

«Біз барлық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осы іс-шараларды белсенді түрде жариялап отырмыз. Бұл IPO-ға барынша көп азаматты тартуға мүмкіндік береді. 2-ші желтоқсанда өтінімдерді қабылдау мерзімі және 5-ші желтоқсанда осы өтінімдерді қанағаттандыру процесі аяқталғаннан кейін осы жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы қорытынды жасауға болады деп санаймыз», – деп түйіндеді Дәурен Қарабаев,

ҚМГ IPO-сы сәтті өтті ме? Бұл сұрақтың жауабын 5-ші желтоқсаннан кейін білеміз. Қазақстанда бұған дейін де «халықтық IPO» ұйымдастырылған еді. Бірақ дәл осы ҚМГ IPO-сы барынша тыңғылықты дайындалғаны, ақпараттық қамтудың барлық құралдарын іске қосқаны байқалады. Осыған қарап, оның нәтижелері оңды болады деп болжаймыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 06.06.2023, 09:00
Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 09:14
ОПЕК+ мұнай өндіруді азайту келісімін 2024 жылдың соңына дейін ұзартты
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 09:00
1 шілдеден бастап газ қымбаттайды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 01.06.2023, 10:11
Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
Сайт әкімшілігі 29.05.2023, 10:01
Зейнетақы қоры қазақстандықтарға үндеу жолдады
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 06:23
Электромобильді кедендік бажсыз ресімдеу тәртібі туралы

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11