«Қой терісін жамылған тендерлер»

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

09.11.2021, 09:04

1412

Былтыр ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында түрлі форумдар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий енгізуге ұсыныс жасаған болатын. «Қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек. Барлық шығындар ақталуы тиіс. Бөлінетін қаражат халық игілігі үшін жұмсалуы шарт», – деген болатын. Бірақ биыл індетті толық жеңіп үлгермесек те, еліміздің экономикалық жағдайы мәз болмаса да, қымбатшылық жағадан алып, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетсе де, карантин шаралары жеңілдей салысымен елімізде өткізілетін форумдар қаптап кетті.

Әсіресе жыл аяғында бюджетте ауысып қалған «қаржыны игерудің бірден-бір жолы – форум өткізу» деп тапты ма екен, еліміздің түкпір-түкпірінен жарияланған мемлекеттік сатып алу сайтындағы форумдардың көптігінен көз сүрінеді. Бұл мемлекет басшысының форумдарға ұзақ мерзімді мораторий жариялау туралы ұсынысын елемеу ме, жоқ әлде «қолда барда қонышынан басып қалуға» тырысушылық па?

Шыны керек, конференция, форумдарсыз-ақ бір-бір жарым жыл өмір сүрдік. Сол шараларсыз да мемлекеттік органдар жұмыс істеді. «Күлтөбенің басында күнде жиын» жасамай, бюджеттің талай қаржысы үнемделді. Тіпті карантин шаралары енді жеңілдей бастағанда форумдардың «арқасында» індетті қайта өршітіп алмасымызға кім кепіл?! Бірақ ақшаны игеріп қалудан жарыс ештеңеге қаратпай жатқандай.

Мемлекеттік сатып алу сайтын ақтарып отырып, басқалармен салыстырғанда бюджеті қомақтылау кезекті бір форум назарымызды аударды. Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының атынан жарияланған 39171005-ОК1, 39051548-ОК1, 45616684-ОК1 лоттары бойынша ашық конкурс жарияланып, конкурстық құжаттама жобасын алдын ала талқылау кезеңі 2021 жылдың 29 қазаны мен 13 қараша аралығына бекітіліпті. «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңына сәйкес, конкурстық құжаттама жобасына ескертулер болмаған кезде оны бекіту туралы шешім қабылданады. Одан кейін әлеуетті өнім берушілердің құжаттарын қарап, жеңімпаздың анықталуына тағы біраз уақыт кетпек. Заңдағы өзге де мерзімдік талаптарды толық ескерген жағдайда келісімшартқа қол қойылғанша желтоқсан айына да ілігеріміз анық. Сонда жыл аяғына дейін қалған бір айдың ішінде бір лоттың өзінен 31 млн-нан астам қаржыны асығыс игеруге не себеп? Ең қызығы, сатып алынатын қызметтердің техникалық ерекшелігіндегі «Қызметтерді көрсету мерзімі» деген пунктке неліктен «қазан – желтоқсан» деп жазып қойғаны түсініксіз. Әлде байқауды ұйымдастырушылар 333,333.33 шаршы см-ді де, осы көлемге қарастырылған 71 428 571.45 теңгені де бір басылымның бір айда игере алмасын түсініп, қулыққа барып отыр ма? Әйтпесе келісімшарт жасалмай тұрып, қазан мен қараша өтіп кеткен соң, желтоқсан айында ғана көрсетілген қызметті басқарма қалай қабылдамақ? Өйткені қызмет көрсету мерзіміне «Қазан-желтоқсан» деп көрсетілгенімен, байқау аяқталғанша желтоқсан болады. Демек, мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, қаржы тек бір айға, желтоқсанға ғана қарастырылуы керек еді ғой. Ал Түркістанның қоғамдық даму басқармасы оған бас қатырмай, үш айдың атын жамылып, ал үш айдың қаржысын бір-ақ айда игеріп қалуға тырысуда.

 Аталмыш лоттың «қызығы» мұнымен таусылмайды. Лот атауында конференция, форумдар өткізуге бағытталғаны көрсетілген. Ал техникалық ерекшелігінде газеттің тақырыптық бағыты, форматы, жазылатын материалдар көлемі деп, қаржының газетке арналғанын көрсетеді. Ал семинар, конференциялар мен мерекелік шаралардың техникалық сипаттамасы мүлдем жоқ. Яғни әу баста қаржыны форумның атын жамылып бөлгізіп, жеме-жемге келгенде газет арқылы игеру көзделген секілді.

Атап өтер жайт, мемлекеттік сатып алу сайтында қаржыны сан түрлі қитұрқылықпен, ізін жасырып игеріп қалуға тырысқандардың қулығына құрық бойламайды. Бірақ арты ашылып қалған жағдайда өтірік «аңқаудың» кейпіне еніп, «қателік кетіпті» дей салады. Өкініштісі сол – мұндай қателескіштерге «сот жоқ». Яғни жауапкершілік көзделмеген, қателестік деп, жуып-шая салады. Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы аты форумға арналған, қызметі газетке бағытталған, бір айдың ішінде мақсаты белгісіз 70 млн-нан астам қаржыны қайда бағыттағандарын түсіндіріп бермесе, біздің түсінуіміз қиындау болып отыр.  

Жалпы, форумқұмарлық тек Түркістан облысына ғана қатысты емес. Министрліктен бастап, облыстар арасында форум өткізуден жарыс жүріп жатқандай. Қымбат фо­румдар мен конференциялардың орнына те­ле­­коммуни­кация режиміндегі кез­десу­лер арқылы бюджеттің талай қаржысын үнемдедік.  Егер осы дәстүр тағы жалғасса, әлі де талай қаржы үнемдер едік. Форумдарға ат арылтып келетін қатысушылардың да іссапарларға бөлінетін қаржысы үнемделер еді. Қысқасы, бүкіл ел онлайн режимге ауысып, алыста отырып-ақ талай мәселесін шешіп жатқанда біздің форумды сылтауратып, талай қаржыны шашып, әлі күнге далақтап жүруіміз күлкілі.

Бір анығы – біздің шенеу­нік­терімізді пандемия да, қаржылық дағдарыс та, халықтың әл-ауқатының төмендеуі де үнемділікке үйретпейтін секілді. Тіпті мемлекет басшысының сөзін де елеместен мемлекет қаржысын жаудың ақшасындай шашып қалуға құмар. Форумқұмар шенділерді не істесек екен?!

Тегтер: тендер мемлекеттік сатып алу мәселе жемқорлық рейдерлік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:00
Доллар қайта қымбаттады
Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30