Құрдымнан шығар күн туа ма?

Жадыра МҮСІЛІМ

07.04.2022, 05:30

3894

Жоғары пайызбен несие алудың қауіптілігін білсе де жұрттың көбісі, банктің бергенін тегін көретін сыңайлы. Мәселен, биыл бір айда ғана азаматтар екінші деңгейлі банктерден 600 млрд теңгеден астам кредит рәсімдеген. Ұлттық банк кредит рәсімдеушілердің қатары 66 пайызға артып, екі есеге көбейгенін алға тартады. Демек, банкке берешектердің саны жылдан-жылға артқан. Енді қарызға белшеден батқан екі миллион қазақстандықтың саны бұдан да өсе түсері анық.

Есесіне, он жылдан бері азаматтардың банк алдындағы берешегін кешіру мәселесі әлі кешеуілдеп келеді. 2015 жылы президенттің Халыққа жолдауынан соң, іле-шала депутаттар тиісті заң жобасын әзірледі. Алайда сол кездегі үкімет дайын құжаттың соңын сиырқұйымшақтатып жіберді. Сөйтіп, 2017-2018 жылдары «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру туралы» заң жобасын әзірлеу қайта қолға алынды. Министрлер кабинеті де заң жобасын Қаржы министрлігі дүниежүзілік банкпен бірлесіп, дайындап жатқанын және 2017 жылы қабылданатынына уәде берген. Дегенмен атқамінерлер қаржылық топтардың мүддесін көбірек ойлады ма, халық күткен құжатты тағы кешеуілдетті. Сол жылы сарапшылар тобы «Мұндай заңды қабылдау қарыз алушылардың арасында масылдық көңіл күйді ушықтырып, ипотекалық несиелендірудің жаңа тетігін тоқырауға ұшыратады», деп үкіметке есеп берген. Осылайша, ұмытыла бастаған құжат 2020 жылы қайта қаузалды. Мемлекет басшысы банк алдындағы қарызын қаржы жағдайына байланысты қайтара алмағандарға қатысты «Азаматтардың банкроттығы туралы» заң қабылдау керектігін тапсырды. Президент пәрменінен кейін үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындаған. Берешектің батпағына батқандар ұзақ күткен заң қабылданса, қалтасы жұқарған халықтың мойнына ілінген берешектері кешіріледі ме? Бұл орайда, елдегі экономистер мен қаржы сарапшыларының да пікірі екіге жарылды. 

Әлемдік формула бізге жүрмейді

Әлгінде айтқандай, қазір мойнына несиенің қамыты ілінбегендер некен саяқ. Өйткені, екінің бірі банктен қарыз алады. Әлемдік тәжірибеде халықтың көбірек несие алуы экономиканың қозғаушы күші ретінде қарастырылады. Өркениетті ел осы арқылы экономисын алға жылжытады. Азаматтар алған несиесімен кәсібін дөңгелетеді, енді бірі көбірек тауар сатып алады. Бұл ақша айналымының жылдамдығын арттырады. Тауарын өткізген компания жаңа өнім шығара бастайды. Кәсіп иелері жаңа зауыт, фабрика салса, жұмысшы күші көбірек қажет болады. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік тәжірибедегі несиелендірудің экономикалық өсімге қолдау беретін тұсы осылай жүзеге асады екен. Әйткенмен Ұлттық банктің әлемдік формулаға негіздеген саясаты бізге неге жүрмейді? Себебі бізде азаматтар несиені аларда қаржыны жұмсаудың мақсатын қарастырмайды. Мәселен, қазір құдалық өткізу үшін қарыз алатын, жаңа телефон ұстағысы келсе, не болмаса, көңілі қалайтын көйлегін де кредитке алатындар көп. Пайыз мөлшері үлкен. Бірақ халықтың табысы төмен. Банктің несие пайызын жоғары ұстауына себеп – теңгеміздің тұрақсыздығы. Соның салдарынан, инфляция жоғары, теңге тез құнсызданады. Мұндай жағдайда банктер де тәуекелге барудан қорқады. Сол үшін олар да ұзақмерзімді несие рәсімдеген кезде пайызды төмендетуге құлықты емес. Тағы бір себебі қажет кезде қарыз алып, қайтаруға келгенде құлықсыздық танытқандар көп. Мысалы, қаржы ұйымдарынан несие алған әрбір үш адамның біреуі несиесін қайтармайды. Яғни проблемалық несиелердің артуы несиенің пайызын өсіруге ықпал етеді. Қайтпайтын несиелердің қаржысын қарызын қайтарып жүрген азаматтардың қалтасынан алынады.

Банкроттық бізге не береді?

Бұған дейін «банкроттық» термині банк пен кәсіпорынның қаржылық күйреуіне қатысты айтылатын. Соңғы жылдары «жеке тұлғаның банкроттығы» деген мәселе жиі көтерілетін болды. Бұл қарызын өтеудің ешбір мүмкіндігі қалмаған жеке тұлғалар өздерін «банкрот» деп жариялауы. Құжат қабылданса, жеке тұлғалардың қарыздары кешіріле бастайды. Әлбетте, мұндай құжаттың қабылдануы коллекторлық және сақтандыру компаниялары үшін жағымсыз жаңалық. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаментінің Берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаеваның айтуынша, «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, премьер-министрдің кеңсесіне енгізілген. Құжат 20 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасында жеке тұлға банкроттығының екі нұсқасы қарастырылған – сот және соттан тыс. Ал қайсы процедураны қолдану қарыз сомасына байланысты.

Заңның артықшылығы – азаматтардың жалғыз баспанасы болса, егер ол қарыздар бойынша кепілде тұрмаса, оған тимеуге, өзінде қалдыруға мүмкіндік беріледі. Мәселен, басында қарызы бар адам банктер мен микроқаржылық ұйымдардың алдында 4 900 800 теңгеге дейін қарызы болса, бірақ бұл бір жылдың көлемінде өтелмесе, борышкердің төлем мүмкіндігі, сатып орнын толтыра алатын өзге мүлкі болмаса, алдын ала банктермен қарыздарын реттеу шаралары жүргізілсе, өзін «соттан тыс банкротпын» деп жариялай алады. Тағы да осындай соттан тыс банкроттық рәсімін борышкер қарыз сомасына қарамастан, 5 жыл ішінде өтелмеген берешегі болса, қолдануына болады.

 «Жеке тұлғалар өздерін соттан тыс «банкротпын» деп жариялауды «Электрондық үкімет» веб-порталы немесе «Е-салық азамат» қосымшасы арқылы жүзеге асырады. Бұл рәсімді банктік қарыз, микронесие беру туралы шарт, сондай-ақ коллекторлық шарт бойынша міндеттемелері бар адамдар ғана қолдана алады», – дейді Меруерт Қабдырашитқызы.

Соттан тыс банкроттықты өткізудің мерзімі 6 ай. Жарты жыл ішінде борышкердің қаржылық жағдайы жақсарып, не қайырымды жандар көмектесіп, өз қарызын өтей алатын жағдайға жетсе, иелігіне қымбат мүлік түссе, ол соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға мін-детті. Егер 6 айда жағдайы жақсармаса, борышкер «банкрот» деп жарияланады.

Ал 5 миллион теңгеден жоғары сомадағы кез келген қарызы болса, ол сот арқылы жүреді.

«Егер борыш 4,9 млн теңгеден асқан жағдайда азаматтарға сот банкроттығы рәсімін қолдану қажет. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлігі сатылуға жатады. Алайда сотпен алынатын мүлікке атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сәйкес, өндіріп алуға болмайтын мүлік, кепілде тұрмаған жалғыз тұрғын үйі кірмейді. Егер барлық міндеттемелердің мөлшері мүліктің құнынан аспаған жағдайда, онда 5 жылдан аспайтын мерзіммен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылады», – дейді министрлік өкілі.

Заң жобасымен көзделіп отырған рәсімдер барысында алимент төлеу, өзгенің өміріне немесе денсаулығына келтірген зиянын өтеу міндеттемелерін қоспағанда, басқа барлық қарыздарынан босатылады. Бірақ «банкрот» болғандарға шетелге шығуға 3 жылға дейін, қайтадан несие алуға 5 жылға дейін тыйым салынады. Одан кейін жағдайы жақсарса, қайта несие алуына болады. Және жағдай тағы қайталанса өзін «банкротпын» деп жариялауға құқы бар. Бірақ ол 7 жылдан кейін болуы керек.

Құжат қаржылық жүйеге қауіпті

«Банкроттың» соңы жақсылық әкелмеуі де мүмкін. Сол үшін экономист Мақсат Серәлі борышкерді бірден «банкрот» деп тануға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, эксперттік топ құрып, 3 не 6 ай ішінде азаматтың жағдайын жіті бақылау маңызды. Ал экономист Сапарбай Жобаев несиесін өтей алмағандар қарызынан құтылғанымен, жауапкершіліктен қаша алмайтынын жеткізеді. Өйткені «банкрот» болғандар жеке кәсіп аша алмайды. Мемлекеттік қызметке тұруы қиындайды екен. Сол үшін «банкрот болсақ, қарыздан толық құтылдық» деген жеңіл түсінікке алданбау қажет. Сондай-ақ экономист Арман Байғанов ешқандай жағдайда несиелік рақымшылық жариялауға болмайтынын айтып отандық масс-медиаға пікірін берген. Оның пайымынша, кредиттік рақымшылық жасауды жүйелі түрде жасау экономиканың қаржылық жағдайын нашарлатады. Мерзімі өткен берешектің көлемі ұлғая береді, ал адамдар «рақымшылық жасалады» деген түсінікпен өмір сүре бастайды. Оның соңы жеке тұлғалардың өз міндеттемелерін орындау мүмкіндігі болса да берешекті өтемеуге жол ашады. «Бірінші жартыжылдықтың соңында барлық жеке тұлғалар бойынша мерзімі өткен берешек сомасы 305 миллиард теңгені құрайды, бұл аз емес. Оның ішінде тек тұтынушылық қарыздар бойынша 200 миллиардқа жуық мерзімі өткен берешек бар. Бұлай болатын болса, банк жүйесінің қаржылық жағдайы күрт нашарлайды. Екіншіден, мемлекетке мерзімі өткен берешектерді өтеу үшін жүйелі түрде қомақты қаражат бөлу қажет. Бірде-бір ел жүйелі түрде қысқа уақыт аралығында кредиттік рақымшылық жасауды жүзеге асырмайды», – деп есептейді экономист Арман Байғанов. 

Жалған борышкерлерге жаза қарастырылады

Бізде қарапайым халық үшін қарастырылатын құжат қабылдана қалса, жағдайы жақсылардың айы оңынан туатын әдет бар. Бұл жолы да шынайы борышкерлерден бұрын байлардың «банкрот» болмауына қандай кепілдік бар? Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаментінің Берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева «Миллиондаған қарызы бар, бірақ қосымша жер телімі, пәтерін бауырларына сыйға беріп не солардың атына тіркеп, «менде ешқандай мүлік жоқ, жалғыз баспанамен отырмын, мені банкрот деп таны» деп алаяқтық жасағандарға айыппұл салынып, жаза тағайындалады» деп отыр.  Айтуынша, өзіне және жұбайына тіркелген, тіпті банктегі депозиттер, ақшалар, ай сайын түсетін қаражат та тексеріледі. Әдейі, жалған түрде банкрот болуға ниеттенген адамның қарызы кешірілмейді, тіпті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Өткен жолы мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев біздегі банктер мен қаржы ұйымдары тұрмысы төмен халықты теспей сорып жатқанын айтқанды. Сорақысы, соңғы жылдары берешекті өтету үшін банктер коллекторлармен бірге әлеуметтік көмек пен зейнетақыға да қол сұғатын жағдайға жеткен. Қылмыскерлерге рақымшылық жасайтын біздің елде айлығы шайлыққа жетпей отырған халыққа қамқорлық таныту кемшін екенін айтқан ол берешекке белшеден батқан борышкерлер тығырықтан шығар жол таппай өз-өзіне қол салудан басқа амалдары қалмағанын жеткізген. Әйтсе де амалсыз жасалатын банкроттықты қарыздан құтылудың жолы деп қарастыратындар азаймаса, құжаттан келер пайда жоқ.

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01