Қымбатшылық қақпаны

Азық-түлік бағасының инфляциясы 12 пайызға жетті

Ерке ЖҰМАТАЙ

03.05.2022, 16:30

3197

Соңғы уақытта қымбатшылық халықты тақыр таяндырып тұр. Жыл сайын әлем елдерінде инфляциялық өсім 30 пайызды құрайды екен. Экономикасы тұрақсыз, ішіп-жемі импортқа тәуелді Қазақстанда жаһандық өсімнен бөлек, ішкі факторлар есебінен, баға үсті-үстіне қосылып жатыр. Оған онсыз да сырттан келген тауарға тасымал және өзге де қызметтер үшін делдалдар қосатын құнды қосыңыз. Соңында күн сайын емес, сағат сайын өсіп жатқан бағаға шашыңыз жетпейді. Бұл жайтты ресми статистика да жоққа шығарып отырған жоқ. Елдегі инфляция наурыз айында 2016 жылдың қыркүйегінен бастап, шарықтау шегіне жетіп, бір айда 8,7 пайыздан 12 пайызға дейін өсті.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға байланысты екенін айтады.

«Қазақстандағы инфляция 2022 жылдың наурызында 2016 жылдың қыркүйегінен бастап, шарықтау шегіне жетіп, бір айда 8,7 пайыздан 12 пайызға дейін өсті. Инфляцияға ең көп үлес қосқан азық-түлік тауарлары, олардың бағасының өсуі 10 пайыздан 15,4 пайызға дейін жеделдеді, бір айда инфляция 5,8 пайызға өсті», – деді Ұлттық банк басшысы. Бағаның өсуіне Ресейге қарсы санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар әсер етіп отыр. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс аясында экспорттық жеткізілімдердің азаюының әсерінен, өсімдік майының бағасы бір айда 23,2 пайызға және дәнді дақылдар 17,1 пайызға өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы наурызда 2021 жылғы наурызбен салыстырғанда, баға азық-түлік тауарларына 15,4% қымбаттаған. Оның ішінде, бағаның өсуі құмшекерге 51,5%, жаңа жиналған көкөністерге 44%, картопқа 37,8%, құс етіне 25,5%, күнбағыс майына  23,8%, жармаларға  22,2%, макарон өнімдеріне 17,7%, қой етіне 16,7%, жылқы етіне 15,1%, ұнға 15 пайыз үстеме қосылыпты. Жыл басынан бері – азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%, азық-түлік емес тауарлар 30,2%, ақылы қызметтер 29,1 пайызды құрады.

Бағаның ғарыштап өсуіне қатысты Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов түсініктеме берді. Оның сөзінше, геосаяси жағдайға байланысты әлемде бағаның жаппай өсуі бізге де кері ықпал етіп отыр. Әлемде жыл сайын 20 пайызға азық-түлік бағасы өсті. Еуропада да 5-7 пайызға дейін инфляция тіркелді. Көршілес елдерде де бағаның өсуі 15 пайызға жетіп отыр. Бұған қоса, теңгенің 18 пайызға құлдырауы бағаның қымбаттауына әсер еткен.  

Экономист Ілияс Исаев халық, бірінші кезекте, тұтынатын себетке қатысты статистиканың дұрыс есептелмейтінін айтады.

«Статистика себеттегі азық-түлік бағасы қанша есе өсті, инфляциялық деңгей қандай межеде болды соны есептеп шығарады. Бізде осы себетке кіретін тауарлардың құрамы әлі дұрыс есептелмеген. Оны үнемі жаңартып отыру керек. Себебі тұтыну нарығында да, көтерме саудада да, жекелеген тауарлар үнемі өзгеріп отырады. Оған халықтың талғамы әсер етеді. Тұтыну себетінде 1500-дей тауар болу керек. Оның ішінде, ішіп-жем тамақ, киім-кешек, коммуналдық қызметтің бағасын қоса есептегенде, елдегі инфляцияның деңгейі әлдеқайда жоғары. Меніңше, киім-кешекке соншалықты сұраныс тумайды. Сәйкесінше, баға да тұрақты болады. Қазір халық үшін «арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» демекші, қарны аш жұртқа жылтыраған киімнің қажеті болмай тұр», – дейді сарапшы.

 Оның айтуынша, қазір бағаның шарықтап өсуі халықтың ішіп-жеміне байланысты. Мысалы, қант, сары май, сұйық май, ұн, нан, ет, сүт сияқты күнде тұтынатын тауарлардың бағасы күнде өсіп жатыр.

«Біздің елде кенже қалған салалардың бірі – ауыл шаруашылығы дер едім. Мысалы, жылыжай шаруашылығы жүйелі дамымаған. Ал халық көктем мезгілінде көкөніс жегісі келеді. Бұл жеміс-жидектің басым бөлігі бізге Ираннан, Әжірбайжан мен Өзбекстаннан келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, тұтыну тауарларының 70 пайызын импорттаймыз. Осыдан кейін, әрине, баға шарықтап өседі. Оның үстіне, енді ұн бағасы қамбаттауы мүмкін. Себебі бидайдан ұн тартатын зауыттар тапшы. Ертеден өнеркәсіп, қайта өңдеу салалары жолға қойылмағандықтан, сыртқа тәуелді болып, қымбатшылыққа ұрындық. Елдегі макроэкономикалық жағдай белгілі бір топтың мүддесіне қарай құлдырап кетті», – дейді І.Исаев.

Осы ретте, сарапшылар инфляцияны ресми және бейресми деп бөліп қарайды. Биыл Ұлттық банк инфляцияны бұрынғы 6-8%-дық межеге қайтарамыз деген жоспар қойған болатын-ды. Кейін бұл дәлізге орала алмайтындарын мойындады. Яғни биыл да инфляция жоғары болады деген сөз. Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, бағаның қымбаттауына өткен жылғы қуаңшылықтың әсері бар. Кейбір өңірлерде мал қырылып, дәнді-дақылдар дұрыс шыққан жоқ. Белгілі болғандай, жоспардан 20 пайызға кем астық жиналды.

«Осы тұрғыда жем-жөптің қымбатшылығы орын алды. Қазір жұмыртқа да, құс еті де қымбаттап жатыр. Оның үстіне, Ресей көптеген тауарларын сыртқа шығаруға тыйым салды. Нәтижесінде, қант пен бидайдың да айтарлықтай, қымбаттап жатқанын көріп отырмыз. Осыдан түйгеніміз, Қазақстан халықты қантпен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Тек 50 пайызы өзімізде шығады, қалғанын сырт мемлекеттен алуға мәжбүрміз. Әлем елдерінде де инфляция орын алған. Себебі Ресей мен Украина әлемдік астық өндіру көлемінің 30 пайызын қамтамасыз ететін-ді. Дәл қазір Ресей шекарасын жапса, Украина астық егетін жағдайда емес екенін көріп отырмыз», – дейді экономист.

Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын 59 пайыз.  Негізі, бұл көрсеткіш 50 пайыздан асса, халық кедейлік шегінде деген сөз. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде, 10-12 пайызын ғана құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш 8 пайыз. Қалған ақшасын жинайды, білімін арттыруға және демалуға жұмсайды. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың төмендігін көруге болады.

Жер қозғалса да қозғалмайтын Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың қоры 1 млн-ды құрайтынын, екі-үш жыл ішінде сырттан импортталатын 6 тауарды өзімізде шығаратынымызды айтып, жарияға жар салды. Халық тұтынатын 1500-ге жуық тауардың (азық-түлік емес тауарлар да бар) небәрі 6 түрін шығару қаншалықты экономиканы «жарылқайды», одан қымбатшылық тоқтай ма деген терең ойға қаламыз.

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01