Рейдерлік тендерге де жеткен бе?

Шымкентте мемлекеттік сатып алуға қатысты  дау сотқа жетті

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

02.06.2021, 09:02

1536

Үшінші мегаполис атанған Шымкентте күннің райы күрт ыси бастады. Енді бірер күнде температура 36-37 градусқа жетсе, шілдеге қарай 40 градусыңыз  қалыпты жағдайға айналады.

«Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла» демекші, Шымкент шіліңгір шілдеге арнайы дайындықпен кіреді. Аптап ыстықта қаланың жасыл желегін қуратып алмау мәселесіне көп мән беріледі. Бірақ биылғы қалыптасқан жағдай басқаша сияқты. Мегаполисте қазірдің өзінде саябақтардағы жасыл желектердің суарылмай жатқаны, субұрқақтардың әлі іске қосылмағаны әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында жиі айтыла бастады. Өткен аптаның соңында «Жас Алаштың» тұрақты оқырмандарының бірі, шымкенттік Әбілқайыр Қосуақов хабарласты.

– Сіз орталық саябаққа бардыңыз ба? Барсаңыз, сол жердегі субұрқақ әлі іске қосылмай тұр. Он жылдан бері қаланың саябақтарына күтім жасаумен айналысып жүрген компанияның жылда алып жүрген тендері әлдебіреулерге беріліп кетіпті деп жатыр. Сонда рейдерлік тендерге жеткен бе? – деді Қосуақов.

Шымкентте қаланың саябақтарын, гүлзарларын, субұрқақтарын күтімге алумен айналысып жүрген компанияның биыл  тендерден шеттетіліп, ақыр аяғында 500 адамның жұмыссыз қалғаны, ал тендерді ұтып алған мекемелердің жұмысты жөнге қоя алмағаны, расында да, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін «Шымкент жасыл қала» серіктестігінің директоры Ұланбек Алдабергеновпен хабарласқан болатынбыз.

Директор алдымен компанияның 2006 жылы құрылғанын, содан бергі аралықта саябақтар, гүлзарлар, субұрқақтарды күтіп ұстауда өте көп тәжірибе жинағандарын алға тартты.

– Компания былтыр шымкенттіктердің ең сүйікті орнына айналған Арбат пен Әл-Фараби алаңын абаттандырды. Осы Арбаттағы тұрғын үйлердің шатырларын ауыстыру, қасбеттерін әрлеу жұмыстарын өз есебімізден жүргіздік.  «Шәмші әлемін», Чернобыль апатында қаза болғандарға арналған аллеяны, атшабардағы Наурыз алаңын, Қонаев–Түркістан, Қонаев–Иляев көшелерінің қиылысындағы және сегіз мөлтекаудандағы гүлзарларды, Балалар теміржолы, жалпы, бас-аяғы сегіз нысанды қайта жаңғыртыппыз. Күннен-күнге түрленіп жатқан Түркістанда да қолтаңбамыз бар. Киелі қалада  30 гектар жерге дендробақ салдық. Осындай әлеуеті, жинаған тәжірибесі жоғары компания биыл тендерден шеттетілді, – деді директор.

Әңгімемізді одан әрі  Шымкент қаласы прокурорының  орынбасары Б.Мұхамеджановтың  Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Е.Марайымовқа 12 мамыр күні жолдаған хатымен сабақтайық.

Хатта жазылғандай, конкурсты  2021 жылдың 22 қаңтарында  қалалық мемлекеттік сатып алулар басқармасы  жариялаған. Саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстауға бөлінген қаржының сомасы 1 376 488 095 теңгені құраған. Конкурсқа  төрт мердігер – «Шымкент жасыл қала», «Сарыағаш Аман», «Build Stroi» және «ЛТД Тұрмыс»  серіктестіктері қатысқан. Конкурстың нәтижесі бойынша жоғарыдағы қызметтерге 1 369 605 654 теңге баға ұсынысын берген «Build Stroi» компаниясы жеңімпаз деп танылады. Ал осы жұмыстарды 1 348 958 333 теңге, яғни жоғарыдағы қатысушыдан 20 647 321 теңге арзанға орындап беруге ұсыныс берген «Шымкент жасыл қала» ЖШС тендерден  «біліктілік талаптары сәйкес келмейді» деген негізбен шеттетілген.  Конкурстық комиссияның  ұйғарымында серіктестіктің 5 тонналық автопогрузчигі, 30 тонналық катогы, бір техник-механик маманы жоқ деп көрсетілген.   

– Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Себебі серіктестіктің конкурсқа тапсырған  өтінімін зерделеу барысында  5 тонналық автопогрузчиктің, 30 тонналық катоктың бары құжаттармен расталып,  тіркелген. Яғни комиссия бұрмалаушылыққа барды ма деген күдігіміз бар.  Екіншіден, серіктестіктің біліктілігі туралы мәліметтерде Ә.Мырзатайдың мамандығы қате жазылып кеткен. Ол   техник-механик деп емес, техник-электрик деп көрсетілген. Заң бойынша өтінімде түзетуге келетін грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келуі тиіс. Осыларға қарамастан, конкурстық комиссия серіктестіктің өтінімінен негізсіз себептермен бас тартты, – дейді Ұ.Алдабергенов.

Тендерді өткізу барысында күдікті жайттар да кездескен. Жоғарыда аталған жұмыстарға тапсырысты  Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасы берген. Осы себепті конкурстық комиссияның төрағалығына аталған басқарманың басшысы Ахмет Татыбаев бекітілген.

«Татыбаев 2021 жылғы 18 наурыздағы қорытындылар туралы хаттамаға өзінің орнына басқа адам дауыс бергенін көрсетіп департаментке (ішкі мемлекеттік аудит департаментіне – Б.Ә.) өтініш жазған», – делінген прокуратураның хатында.  Төрағаның өзі басын алып қашса, мұның артында бір кілтипан болуы әбден мүмкін.

Субұрқақтарды күтіп ұстау бойынша өткізілген екінші тендерді де қалалық мемлекеттік сатып алулар басқармасы ұйымдастырған. Төрт компания: «Шымкент жасыл қала», «Айдынбек», «Строительная компания «AAAtyrauGroup» және «ЛТД Тұрмыс» серіктестіктері өтінім берген. Алғашқыда жеңімпаз болып  «Шымкент жасыл қала» ЖШС танылған. Алайда «AAAtyrauGroup» ЖШС  мұнымен келіспей, ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданады.  Нәтижесінде «AAAtyrauGroup» ЖШС кемшіліктерінің болуына қарамастан, конкурстың жеңімпазы деп танылған. «Шымкент жасыл қала» тағы да  тендерден шеттетілген. Бұл жолы компанияның  4 квт жылжымалы электр станциясының орнына 12-15 квт жылжымалы электр станциясын ұсынғаны, электрик-механик У.Аманбаевтың жеке куәлігі мерзімінің  өтіп кеткені себеп болыпты.  

– Интернеттегі ашық дерек көздерінен алынған ақпараттарға қарағанда,  «Строительная компания «AAAtyrauGroup» ЖШС-іне  2019 жылы екі жұмысшы, 2020 жылы 0 жұмысшы, 2021 жылы бір жұмысшы тіркелген. «Сонда компания тендер талабындағы  95 жұмысшыны басқа мекемеден уақытша жалға алған ба?» деген сұрақ туындайды. Жұмысшысы жоқ мекеменің тендердің талабында көрсетілгендей,  соңғы он жылда субұрқақтарды күтіп ұстау қызметтерімен айналысқаны, жұмыс тәжірибесінің болғаны күмән туғызады. «AAAtyrauGroup» ЖШС-інің бюджетімізге төлеген салық ауыртпалықтары  20,96 пайызды құрапты. Бұл да күдікті. Себебі мұндай көрсеткішпен ол республика деңгейінде  «үздік салық төлеуші» мекемелердің қатарына енгізілген болар еді. Бірде-бір жұмысшысы, не жұмыс тәжірибесі жоқ, бюджетке төлеген салықтары күмәнді серіктестіктің жеңімпаз атануы қисынға келе ме? Егер компаниялар тендерді әділ бәсекелестік жағдайында жеңіп алса, дау айтпас едік. Бізге ашық қиянат жасалып отыр, – дейді директор.

Біз осы мәселеге орай, Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаевпен хабарласып, мән-жайды сұрамақ болғанбыз. Алайда басшымен байланысу мүмкін болмады.

Қазіргі уақытта «Шымкент жасыл қала» компаниясының 50-ден астам техникасы қаңтарылып тұр. 500-ден астам адам жұмыссыз қалды. Олардың алды енді басқа компанияларға ауысып жатыр. Ал тендерді ұтып алған компаниялардың жұмыстарын толық жүргізе алмай жатқаны жоғарыда айтылды. Мұның соңы немен аяқталады? 

Айтпақшы, прокуратура жоғарыдағы хатында қалалық мемлекеттік ішкі аудит департаментіне біраз ұсыныстар берген. Алайда ұсыныстар орындалмай қалған. Енді «Шымкент жасыл қала» компаниясы сотқа талап арыз беріп отыр. Сот бұған қандай төрелік айтар екен?

Тегтер: тендер мемлекеттік сатып алу мәселе жемқорлық рейдерлік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 08:40
Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.06.2021, 10:38
Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.06.2021, 12:06
Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02