Ресей "қоқысқа батты" ал Қазақстанды не күтіп тұр?

Қарлығаш Зарыққанқызы

11.11.2020, 17:21

2376

      Ресейдің экономист-сарапшылары біраздан бері «Ресей экономикасы бес жылсыз есін жинай алмайды. Қазіргі ахуалдың өзі соны айқындайды. Ресейге тұс-тұстан салынған санкциялар, пандемия салдары осыған апарып тұр. Сондықтан Ресей үшін алдағы бес жыл қиыншылыққа толы болады» дей бастады.

     Жалпы, Ресей сарапшыларының пайымдауынша, алдағы бес жылда Ресейде жұмыссыздық, кәсіпорындардың жабылуы, азық-түлік тапшылығы арта түседі. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, Ресейде қазірдің өзінде азық-түліктің бағасы 10 пайыздық межеден асып қымбаттаған. Бұдан бөлек, сарапшылар 2021 жылы елдің 40 миллионнан астам тұрғынын кедейшілік күтіп тұрғанын ашып айтуда. Мәселен, елдің белгілі қаржы омбудсмені Павел Медведев: «Экономист-сарапшылар, әлеуметтанушылар бізге жуырда елдің 16 млн халқы өте кедей тұратынын, тұрмыстары тіптен төмен екенін жеткізді. Өте кедей тұрады деген 16 млн халықтың санатына ай сайын 8 мың рубль жалақы алатындар енген. Сондай-ақ елде қазір 9 мың рубль кіріс алатындардың саны 25 млн-ға жеткен. Ойлап қарасақ, 9 мың рубль мен 8 мың рубльдің арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Бұл есеп арқылы сол 8 мың рубль алатын 16 млн халыққа 9 мың рубль алатын 25 млн халықты қоссаңыз, елде 41 млн адамның жағдайы өте төмен болатынын аңғарамыз»,дейді.

                            Ресей қоқысқа малтықты ма?!    

  Осылайша Ресейдің экономикалық ахуалы жуық арада оңалар түрі көрінбейді. Халықаралық рейтинг бағалау агенттіктері де мұны растап отыр. Бұл ретте Ресейдің дербес қаржы саясатын қайта қараған халықаралық агенттік соңғы он жылда оны алғаш рет инвестициялық деңгейден төмен – BB+ деңгейінен BBB- деңгейіне дейін түсірді. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл деңгейді «қоқысқа» малтыққан экономика деп атайды.      Сарапшылар алдағы уақытта да Ресейдің рейтингі төмендей беретінін алға тартып, «Ресей рейтингінің төмендеу себебі – Ресейдің ұстанған қаржы саясаты шектеулі болды. Мемлекеттік қарызы көбейіп, елден инвесторлар қашты. Осыдан барып экономикалық өсім баяулады» деп мәлімдеді.Қазір Ресейдің сыртқы қарызынан үріккен бірқатар еуропалық банктер Ресейге үлкен көлемде тауар экспорттайтын фирмаларға, кәсіпорындарға, компанияларға жеңілдікпен несие беруді тоқтатты. Ондағы себеп – Ресейдің сыртқы қарызының тым көбейіп кеткені. Қарызды қайтара алмау күдігінің қоюлануы. Мәселен, өткенде ғана Чехияның, Бельгияның, Болгарияның экспорттаушыларды қолдайтын банктері «Ресейге тауар экспорттаушыларға ірі көлемде несие бергенімен, Ресейде қалыптасып отырған ахуалға орай, оны кәсіпкерлеріміз қайтара алмауы мүмкін» деген тұжырымға келгендерін ашып айтты.

            Көршінің кедейленуі қандай қиындық туғызады?

      Ал көрші елдің  қиыншылығына қатысты отандық сарапшыларымыз бұл біз үшін  оңтайлы жағдай емес екенін алға тартуда. Себебі болашақта Ресейге батыстың несие бермеуі, тауар енгізбеуі, сауда-әріптестік қатынасты орнатпауы үдей түссе, онда Ресейдегі 170 млн халықты одақтас ел ретінде мына бізге асырауға тура келеді. Бұл ретте экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов былай дейді:

    – Болашақта біздегі сапалы тауарлардың дені арзан бағамен Ресейге кете бастайды. Себебі қазір Ресейде азық-түлік тапшылығы қатты байқалып отыр.  Келешекте Ресей бізге әлі де салмақ салады. Біздің сапалы агроөнімдеріміз, азық-түліктеріміз Ресей халқын асырау үшін арзан бағамен солардың нарығына қарай ағылады. Айталық, бізде Ресеймен біріккен кәсіпорындар, фирмалар, фабрикалар өте көп. Міне, болашақта осы біріккен компаниялардың аясында Ресей енді бізден барлығын алады, сұрайды. Бұған қоса,қазір тығырыққа тірелген Ресей біраз елдің өзіне деген қарызын кешіріп жатыр. Жеңілдіктер ұсынып отыр. Ресей осылайша ол елдерден өзіне қолдау таппақшы. Міне, бізге де Еуроодақ аясында осындай жеңілдіктер ұсынамыз десе, әрине,біз бұған келісеміз. Сондай жеңілдіктер ұсыну арқылы Ресей бізге одан әрі салмақ сала бастайды. Бұдан соң,нақ қазір Ресей Финляндия, Чехия, Словакия, Хорватия тәрізді біршама елдің қарызын қайтарды. Бұлай қарызды қайтарудың өзі экономикасы шатқаяқтап тұрған Ресейге ауыр тиіп отыр. Ал енді батыстың ауқымды қарызын қайтару Ресейге аса қиын. Сондықтан келешекте Ресей Қазақстанға салмақ салады. Өзінде жоқ дүниесін Қазақстан арқылы толықтыруға тырысады. Себебі болашақта Ресей біршама елдерге қарызын қайтаруға мәжбүр. Ал қайтара алмаса,дағдарыс тереңдеп, ол тіпті асқына түседі. Қайсыбір елдердің өзіне қарызын кешіруге мәжбүр. Қалай десек те, Ресейдегі жағдайдың бізге әсері болмай қоймайды. Келер жылдың орта шенінде жағдайдың ауырлағаны біліне бастайды.

                         Отандық өндіріс бізді құтқара ма? 

      Бұған қатысты мамандар «Ресейдегі жағдайға қарап тез арада қазақстандық өндіріс орындарының, отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың жұмысын жолға қою керегін баса айтып отыр. «Ол үшін бірінші кезекте кез келген ірілі-ұсақты өндіріс орындарын жаңғыртуға күш салсақ, біз еңсе тіктер едік. Мысалы, ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді», – дейді сала мамандары.

               Бюджетті түгендеп, қаржыны үнемдеу қажет

      Мамандардың пайымынша, бізге қазіргідей қиын кезеңде  бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аударған жөн. Мысалы, біз үшжылдық бюджеттің тиімділігін әлі күнге дейін сезіне алмай отырмыз. Осы жүйеге енерде белгілі азаматтар «үшжылдық бюджет жайбасарлыққа жол бермейді, қайта ол дұрыс жоспарланса, түрленуге де бейім тұрады» деген болатын. Бірақ қазіргі жағдайда біз оның мүмкіндіктерін еш көре алмай келеміз.

     «Жас Алашқа» пікір білдіргенэкономист-ғалым Меруерт Молдабаева былай деп ой түйіндейді: 

     – Мысалы, қазына қаржысы жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын халық қалаулылары тек индикативтік, яғни үлгі нобай түрінде қабылдайды. Бұдан барып келер жылдардың бюджеті бір-біріне сәйкес келмейді. Кейбір бағдарламалардың орындалуына қатысты күтпеген орынсыз, жайсыз жағдайлар орын алып жатады. Бұл бағдарламаның сапалы шегіне жетуіне кері әсер етеді. Ресейдегі ахуалды, әлемдік мұнай бағасының түсіп жатқанын, жалпы,әлемдік экономиканың құбылып тұрғанын ескерсек, бізге біржылдық бюджет жобасын қайта қарастыру қажет. Қазіргідей құбылмалы заманда үшжылдық экономиканы болжаудың өзі өте қиын. Өткенде мұнай бағасы түскенде атқарушы биліктегілердің біразы «Біз тоғыз айдың қорытындысы шыққаннан кейін ғана есептеп, мұнайды сатқан түсімнен қанша пайда, қанша шығын көретінімізді нақты айта аламыз. Бір айдың есебімен болжам жасау қиын» деді.Сондықтан үкімет осындай жайттардың барлығын шешіп, қаражатты үнемдеп, барынша түгендеп жұмсау керек.

Тегтер: Ресей Қазақстан бастама ұсыныс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 14:41
Қазақстан экономиканы сауықтыру үшін 1,5 млрд еуро қарыз алады
Сайт әкімшілігі 14:18
Зейнетақыны пайдалануда 10% салық ұстау жөніндегі заңды Мәжіліс кері қайтарды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 23.11.2020, 15:53
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасы ұшып тұр
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 10:49
Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
Қарлығаш Зарыққанқызы 20.11.2020, 09:33
Мемлекетке масыл болған банктер арқылы ДСҰ талаптарын орындай аламыз ба?!
Сайт әкімшілігі 19.11.2020, 16:09
2021 жылы жұмыссыздық дендесе 42 500 теңге төлене ме?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56