Ресейдегі 1,5 млн мигрант Қазақстанды басады

Сайт әкімшілігі

03.09.2020, 16:07

325

                          

      Қазір Ресейде қалыптасқан ауыр экономикалық ахуал салдарынан осы  елге нәпақа іздеп баратын мигранттар кері қайтарылып жатыр. Жалпыресейлік «Тәжік еңбек мигранттары» қоғамдық қозғалысының таратып отырған мәліметтеріне сүйенсек, келер 2021 жылдың көктемінде-ақ Ресейдегі 1,5 млн мигрант атаулы елдің еңбек нарығын біржолата тастай қашуы әбден мүмкін. Бұған қатысты аталмыш қозғалыстың мамандары «Ресейдегі ахуал қазір тіптен ушығып тұр. Рубль бағамының күн сайын құлдырауы қара жұмысқа жегілген мигранттардың табысын тіптен төмендетіп жіберді. Осыдан барып Ресейдегі мигранттар бұл елді тастап, өз Отандарына оралуға мәжбүр. Қазір олар үшін Ресейде қалудың еш мағынасы жоқ. Өйткені елде табыс көзі жоқ» деп отыр.     Осылайша бірқатар қоғамдық қозғалыстар мигранттардың Ресейден пана таппай жатқанын, қазір елде мигранттардың жалпы саны шамамен 11 млн-ға жеткенін, ал келер 2021 жылы елдегі сол 11 млн мигранттың 1,5 млн-ға жуығы көрші Қазақстанды сағалауы әбден мүмкін екенін алға тартып отыр. Жалпы, бұл мәселеге қатысты «Жас Алашқа»  пікір білдірген мамандардың пайымдауынша, былтырғы есепке сәйкес, Қазақстанда жарты миллионнан астам мигрант жан бағып жүр. Олардың үштен екісі Өзбекстаннан; 25 пайызы Қырғызстаннан; ал қалған мигранттар Тәжікстан және ТМД-ның тағы басқа елдерінен келген. Сөйтіп, былайша айтсақ, біз мигрант атаулыға жұмыс беруде ТМД бойынша алдыңғы орында тұрған елміз. Тіптен ТМД елдерінен келетін мигрант атаулы өздері үшін Ресейден гөрі Қазақстанның жайлы екенін, олар үшін мәдениеті мен діні ұқсас Қазақ елінің аумағында жұмыс істеу қауіпсіз екенін қазір де ашып айтуда.

      Негізінен, елдегі экономикалық ахуал өз алдына, Ресей мигранттарға деген заң талаптарын тіптен күшейтіп жіберді. Қазір Ресей үкіметі мигранттардан істеген жұмысына қарай арнайы табыс салығын жинап, еліне енетін келімсектерді санитарлық қадағалауға алуға, заңсыз, тіркелмей келіп жұмыс істеуге мүлдем тыйым салуға барынша мән беруде. Сондай-ақ көрші ел еңбек мигранттарына кепілдік депозит ашуды да міндеттеп тастаған. Міне, Ресейдегі осындай қатал талаптардан, расизмнен және құлдыраған экономикадан әбден қыспаққа түскен мигранттар енді өздері үшін «Қазақстанның еңбек нарығы жайлы» десіп отыр. Ал отандық мамандар «елге бұлайша мигранттардың көптеп енуі ел экономикасына аса қауіпті» екенін баса айтуда.

Тақырыпқа тұздық

                           Мигрантты мүсіркеу қажет емес

       Экономист-сарапшы Дәурен АРЫН бұл ретте былай дейді:

– Жалпы, біздің елімізде мигранттарға қатысты «арзан жұмыс күші» деген ұғым бар. Бірақ мұнымен келісуге болмайды. Себебі елге енетін мигранттардың саны күн санап өсіп отыр. Жұмыстары арзан болса, олар несіне біздің елді жағалайды? Тиісті орындар елде қанша мигрант барын нақты айта алмайды да. Олардың есепке алынбағаны «заңсыз» немесе «тұрақсыз жұмыс күші» деп айтыла салады, болды. Бір ғана сауда-саттық саласында емес, құрылыс секторында, тағы басқа салаларда да мигранттар жетіп-артылады. Білікті маман легін жасақтаудың орнына құрылыстарымызды сырттан келетін сауатсыз жұмыс күшіне салғызып отырмыз. Сол мигранттар қалталарына қыруар қаржыны басып алып, елдеріне кетеді. Олардың елімізге келіп, тауып жатқан табысы да қомақты. Сондықтан заңды қатайту керек. Қолданыстағы заңды қатайтпасақ, біз мигранттардан тазара алмаймыз. Ақиқатында, мигрант атаулының ел экономикасына тигізіп жатқан септігі, қазынаға төлеп жатқан салығы жоқ, отандық өнім үлесін еселеуге деген ынта-пейілі де шамалы екені белгілі. Олардың елімізге келгендегі бар мақсаты – қалтасына қаржы басу, өзінің жанын бағу.

       Негізінен, мигранттар мәселесін сөз еткенде құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, республика көлемінде жасалатын қылмыс атаулының 45 пайызы осы сырттан келетін жұмыс күшінің ықпалымен орын алатын көрінеді. Әсіресе Қазақстан территориясы арқылы өтетін транзиттік мигранттар көбіне заңсыз есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, жөнелтумен айналысады және улы заттарды тасымалдайды. Бұдан соң, сауда мигранттары әртүрлі заттарды, бұйымдарды, киім-кешекті, тағам өнімдерін және заңмен тыйым салған дискілер және басқа заттарды әкеліп саудаға салуда. Абзалында, мигранттардың жағдайы жоқ, күнін көре алмай жүрген қауым деп мүсіркеу қажет емес. Дегенмен қалай десек те, біз мигранттар мәселесіне бейтарап қарай алмасымыз анық. Болашақта елімізде кәсіпорындар мен өндіріс орындарының саны артатынын ескерсек, біз сырттан келетін жұмыс күшіне әлі де тәуелді бола түсеміз. Демек, сырттан жұмыс күші әлі де ағылып келе береді.

      Мамандардың Ресейдегі мигранттар енді Қазақстанға келе бастайды деуінде негіз бар. Олар, расымен де, келер жылы бізге көптеп келе бастайды. Себебі Ресей экономикасының жағдайы қазір тым ауыр. Ресейден нан табу, табыс табу олар үшін үлкен проблемаға айналады. Ал бұл екі арада Қазақстанның түрлі құрылыс секторларын сала бастайтынын білетін олар заңды-заңсыз жолмен бізге ене бастайды. Себебі қазір Қазақстан пандемияға қарамастан, құрылыс секторының жұмысын тоқтатпады. Өйткені құрылыс – экономикаға дем беруші салалардың бірі. Сондықтан елімізге енетін мигранттардың тым еркінсіп кетпеуі үшін оларға арнайы міндеттемелер жүктеудің артықтығы жоқ. Бұл ретте заң аясында талап қоя білу, міндет арту ұлттық қауіпсіздігімізге де, тыныштығымызға да сызат түспеуі үшін керек дүние. Ендеше, біз үшін болашақта заңды қатайту өзекті болмақ.

Тегтер: мигрант келімсек экономика нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43