Сайлаудан кейінгі экономика сырқаты

Шыңғыс АТАЙ

28.01.2021, 15:24

3185

2,6 пайыз. Бұл – ішкі жалпы өнімнің құлдырау көрсеткіші. Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша бұрынғы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өндіруші емес секторлардағы инвестициялық белсенділік пен нақты секторлардың өсуі байқалды дейді. Ал есесіне сауда жойылып кеткен.

                    Індет құлатқанды үкімет көтере алмады

 Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, қараша айында 49,4 болған іскерлік белсенділік индексі желтоқсан айында 49 пунктке дейін төмендеген. Карантиндік шектеулер жеңілдесе, белсенділік индексі оң нәтиже береді деп күтілген. Алайда көрсеткіш үміт ақтамады.

Бұл туралы экономист Жаннұр Әлібекқызы 2021 жылы да қазақстандық өндірушілерге оптимизмнің оралмайтынын айтады. Сөзіне сәйкес, коронавирус салдарынан жоғалтқанымызды тек 2022 жылы қалпына келтіруіміз мүмкін. «Ресми мәлімдемеге сәйкес, 2020 жылы экономиканы нақты секторлар алға сүйреді делінген. Нақты секторларға пайдалы қазбалар, оның ішінде металл өндірісі мен өңдеу салалары кіреді. Ал бұл салада жұмыс істейтін адамдардың саны 500 мыңнан аспайтынын ескерсек, өткен жылы аз адам қызмет ететін салалар ғана дамып, көптеген азаматтар қызмет ететін салалар құлдыраған. Сол себептен 2020 жылы халықтың жағдайы өте нашар болды деуге негіз бар. Ағымдағы жылы да ел экономикасы қалпына келіп, қарқынды дамиды деу қиын. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақстан экономикасының биылғы өсімі 2,5 пайызды ғана көрсетуі мүмкін делінген. Егер осы тренд орындалатын болса, онда биыл экономикамыздың жыртығын жамай алмаймыз», – дейді экономист.

Пандемия салдарынан сұйылған сауда мен транспорт, көлік, байланыс салаларында 5 миллионнан аса адам қызмет ететінін есепке алсақ, экономикалық белсенді халықтың жартысы табыс көзінен айырылды деуге болады. Бар үміт биылдың еншісінде болып отыр. Карантин кезінде күйреген транспорт пен сауда салалары экономикалық өсім үшін кем дегенде 50 пайыздық көрсеткішті көздеуі керек. Бүгінде оқушылар мен студенттердің қашықтан білім алып және қызметкерлердің жұмыссыз немесе онлайн қызмет етіп жатқанын алға тартсақ, аталған салалардың қарыштап өсуі қапыда қалады деген сөз.

                  Жаңа үкімет экономикаға үміт бере ме?

Сайлау нәтижесі бойынша «Nur Otan» партиясы басым дауыспен жеңіске жеткені белгілі. Енді жеңімпаз партия сайлауалды платформасын жүзеге асыруы тиіс. «Nur Otan-ның» саяси дода алдындағы уәделері әлеуметтік жағдайдың жақсаруына бағытталғанын ескерсек, экономикалық дағдарыс картинасында үлкен сұрақ туындамақ. Партия платформасына сәйкес, мұғалімдердің жалақысы екі есе, дәрігерлер еңбекақысы 2,5 есе артады делінген. Демек, 2-3 жылдан кейін мұғалімдер орта есеппен 330 мың, дәрігерлер 550 мың, орта медициналық қызметкерлер 190 мың теңге жалақы алады деген сөз. Елде шамамен 500 мың оқытушы, 190 мың медицина саласында қызмет ететін азаматтар бар деп есептесек, олардың еңбекақысын үйлестіру үшін мемлекеттік бюджеттен бір жылда 2,7 трлн теңге қаражат жұмсалады екен. Ал биыл Қазақстандағы барлық мұнай компанияларынан Ұлттық қорға құйылатын қаржы небәрі 1,9 трлн теңгені көрсетпек. Қалған қаржы қайдан келмек? Бұл – бір қадам алға, екі қадам артқа басып отырмыз деген сөз.

Осы тұрғыда экономист Серікқазы Бейсен сайлауалды уәделер біздің ертегі экономикамызға мүлдем сәйкес келмейді дейді. Айтуынша, үкімет бәрібір көрпемізге қарап көсілуге мәжбүр. «Nur Otan-ның» платформасы ұран ретінде мықты. Бірақ бұл экономикалық коллапс тудыруы мүмкін. Себебі партия «әлеуметтік, медициналық сақтандыру қорлары мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты ескерілетін «кеңейтілген бюджет» енгіземіз деп жазған. Алайда аталған қорға жинақталған қаржыны қазіргі керегімізге жұмсау экономикалық құлдырауға әкелуі мүмкін. Сондықтан жаңа үкімет те экономикалық өсімге үміт бермейді және платформалары толық жүзеге асады деу мүмкін емес. Билік не дегенмен «Аяз би, әліңді білге» салады. Себебі қалтамыз жұтаң. Бұл – сол баяғы ескі модель іске аса береді деген сөз», – дейді экономист.

Тегтер: экономика инвестиция қаражат қаржы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 08:40
Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.06.2021, 10:38
Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.06.2021, 12:06
Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02