Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

03.06.2021, 12:06

2776

        Қиырдағы қазақ ауылдарында мемлекеттен көк тиын алмай,  таза маңдай терімен мыңғыртып мал өсіріп отырған қарапайым  қара нардай қандастар бар. Олар төрт түліктен жиған несібесін айналасындағы көмекке зәру жерлестеріне қол ұшын созып, әлеуметтік саланың кем-кетігін толықтыруға сеп тигізіп отыр. Қырда отырып-ақ  қазақтың құрт-майын, қымызы мен шұбатын, мамық жүнін сыртқы нарыққа шығаруға бейілді. Кәсіппен көркейгендердің  заман талабына сай  икемделуге   ерік-күштері де ерен. Ниет болса, ендігі  не кедергі дерсіз. Төтесінен қайырсақ,  қолдан жасалған кедергілер  шаруақор қауымның жолын кес-кестеп тұр.   Алайда жұрттың аузындағы бөгесінді   білек сыбанып шешуге жергілікті билік дәрменсіздік танытуда. Осындай сылбырлықтың кесірі  нардай қожалықтардың  келешегіне көп кедергі келтіруде.   

                      «Қой жүнімен қораның тесігін қымтаймыз»

Нұра ауданының Амантау ауылындағы «Қаби» шаруа қожалығы өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі. Қожалықтың құрылтайшысы Мұстафиндер әулеті сайын далада мыңғыртып мал өсіріп  келе жатқанына жарты ғасыр  болған. Отбасының атакәсібі әлі де өркен жайып тұр. Әулеттің әкесі кеңес кезеңінде  кеңшардың даңқты шопаны болған. Атакәсіппен 40 жыл шұғылданған. Жекешелендіру реформасы басталған бетте шаңырақ иесі үкімет малын кері қайтарып, азын-аулақ  қойымен қожалық ашып алған-ды. Ақылы асқан ақсақал қыстағымен қоса, 22 мың гектар жайылымдық жерді де меншігіне аударыпты.  Енді, міне, әке шарапатын  еңбекқор перзенттері көріп отыр.  

Мұстафиндердің өрісінде осы күні отар-отар қой, 300 бас жылқы, 70 сиыр өріп жүр. Шаруашылық бертіннен бері бұрын бұл өңірге таңсық түйе өсіруді қол алған. Бір қарағанда  бәрі жақсы. Бірақ  мал өнімін өткізуде кездесіп отырған  қиындықтар ауыл шаруасының  ішкі және сыртқы нарыққа шығуына үлкен кедергі туғызуда. Оспадар проблеманың олқылығы – қой жүнінің  көптің кәдесіне жарамауында болып тұр. Қазір шаруалар  шопан ата  төлінен алатын қылшықты пайдаға асырмай, далаға тастауда.  Күнкөрісін төрт түліктен айырып отырған шаруагерлер мұндай қадамға  асқандықтан емес, амалсыздан барып отыр. Себебі бүгінде қойдың жүнінен шұлық тоқу да ұмыт қалды.

– Қой жүніне сұраныс болмағандықтан,  үлкен байлықты ысырап қылып отырған жайымыз бар. Далаға тастауға ішіміз ашиды. Жинай беріп, одан не өндіреміз?  Бұрын қырқым кезінде жүнге субсидия берілетін, енді ол мүлдем жоқ. Қойды қырықпасқа және болмайды. Бағалаған елдерге ол  орасан зор пайда әкелуде.  Қой жылына екі рет қырқылады, әр бастан кемі  екі келі жүн алуға болады. Өкінішке қарай, сырттан  өтініш түспегендіктен, қойдың жүнін біз қора-қопсыдағы тесіктерге тығындап, іске жаратып жатырмыз. Мал терісі мүлдем қажет болмай қалды. Еріккеннен емес, еріксізден оны  қоқысқа тастап жатырмыз, – дейді кейіген шаруа қожалығының мүшесі Сұлтан Мұстафин.

Жеке шаруашылық өкілінің көңілін көптен алаңдатып жүрген осы мәселені естігенде, көкейге Ыстамбұлда болғанымызда, портты шаhарда тұратын қандасымыз Дервиш Қылыштың  атажұрттағы мал терісіне қол жеткізе алмай, зарығып отырған күйі еске түсті. Айтып-айтпай не керек,  қолда бар алтынның қадірін келтіріп ұқсатпай отырған өзге емес, өзіміз. Бүгінде Қарағанды облысында қой жүнін кәдеге асыратын бұрынғы кәсіпорындар түбімен құрып кеткен.  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сырым Бошпановтың мәлімдеуінше, Орталық Қазақстандағы қой жүні қылшық талшықты болғандықтан, нарықта сұраныс аз. Дегенмен, оның айтуынша, еліміздің оңтүстігіндегі бірен-саран кәсіпкерлер арасында біздің қойлардың қылшығына құда түсушілер бар көрінеді. Демек, іскер жандар қажеттіліктің көзін тапқан.

Ендеше ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері түптеп келгенде аймақ игілігі үшін осынау мүмкіндіктің  орайын келтіруге селсоқтық танытып отыр. Бұл олақтық па, салақтық па? Ауылдың қарекетін ашып отырған қожалыққа қуат бітсе, халықтың тұрмысы оңалатынын түсінетін кез келді. Ебін тапқан ел  әсте есесін жібермейді. Есесіне оңтүстіктегі делдалдар шаруалардан көтерме бағаға сатып алып, өңдеп, шетелдік бизнесмендерге қымбатқа өткізуде. Пайдасы көл-көсір терінің қызығына қазір Түркия, Қытай, Ресей кәсіпкерлері кенеліп отыр. Мұның сыртында,  елімізде жеңіл өнеркәсіптің жеткіліксіздігі жүннің керексізденуіне түрткі болуда.

                  Жарықтан жабығып, жолдан тарығып отырмыз

Амантау – әуелден  құт дарыған мекен. Ашаршылық жылдары елді жайлаған жұттан талай жұртты осы ауыл аман сақтап қалған екен. Мұндағы шаруасы шалқыған  «Қаби» шаруа қожалығын осы күні ашаршылық емес, жол мехнаты тоздырып тұр. Амантау аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Аядай ауылдағыларға жылдың  төрт мезгілінде аудан орталығына қатынау қиынға соғып тұр.

– Есте жоқ, ертеде салынған тегіс жолға дейін көлікпен 30 шақырым жүретін едік. Ендігі тастақ жолдың быт-шыты шықты. Грейдерді көктемде қар суы шайып кетті. Кейін өз көлігімізбен салып алған жер жолдар бар-тын. Бейнетімізге қарай, енді ол жерге егін салынатын болып, әлдекімдер қоршауға алды. Жіпсіз байлану деген – осы. Күн жылы, жер қара шақта аудан орталығына жетуге зарығып отырмыз. Қақаған қыста күніміз не болады? Осыған қатты алаңдаймыз. Арамызда мүгедек жандар бар. Ауру айтып келмейтіні аян. Сырқаттансақ жедел жәрдем қалай жетеді? Қарашаның қамын күйттеуге шенеуніктердің не ойлағаны бар? – дейді Сұлтан Мұстафин.

Шаруашылықтың уайымы мұнымен шектелсе жақсы. Аңыраған мекенімізде апталап жарық болмайды. Электр қуаты  сөнген сәтте  қожалықтың бүкіл шаруасы  қожырап қалады.

– Жарты күн емес, жеті күн жарықтың болмауы малмен жан сақтап отырған қауымға өте қиын. Тоңазытқыштар тоқтап қалғанда берекеміз кетеді. Әсіресе жаздың аптап ыстық күндерінде тозақ.  Сүт ашып, ет сасиды, мал сауылмайды, тірлігіміз жабайылыққа айналады. Жарық проблемасы жақын жылдары оңалмайтынын сезіп,  ілгеріде үш  электр генераторын сатып алған едік. Оның екеуі баздағы төрт түлік малдың өнімін ұқсатуға жеткіліксіз. Біреуімен үйдің жанынан қазып алған құдықтың суын сорып алуға жұмсаймыз. Тіршілік нәріне 15 метр тереңдіктен осы генератордың күші арқылы қол жеткізіп отырмыз.  Барлық генераторды бір мезетте қосқан кезде электр құралына  күш түсіп, істен шығады. Мұндай жайттар жиі орын алады. Ал генераторды жөндеуге кем дегенде бір ай уақыт кетеді. Оған қажетті қосалқы бөлшектерді шетелден тапсырыс беріп аламыз. Қазіргі пандемия кезінде тауардың сырттан келуі кідіріске ұшырауда. Қысқасы, жылдар бойы жарықтың сөнуі жүйкемізді діңкелетіп, жұмысымызды тұралатып тұр, – дейді шаруа қожалығының құрылтайшылары.

Он бес жыл бұрын  жекеменшік қожалық құрған азаматтар мемлекетке ешқашан иек артып көрмеген. Мұндай әдемі әдетті әкелері бойға сіңірген екен. Құт дарыған әулет маңайындағы жоқ-жітікке қарайласуды қадетке айналдырған. Әлеуметтік жағдайы әлжуаз жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп тұрады. Ауыл мектебінің керек-жарағын толықтыруға атсалысады. Құрбан айтта имандылық үйіне шапағат етеді. Діни мерекеде ауыл мен аудандық мешітке  жылда бір малын арнайды. Осылай дәулеті шалқыған шаруашылық қадау-қадау қиындықтарға күрмеліп, күй кешіп келеді. Жоғарыдағы сіресі қатқан проблема осы күні сіңірден шығып тұр. Соған қарағанда «Қаби» шаруа қожалығының тірлігі ауыл, аудан, одан қалды,  облыстағы басшыларға бек беймәлім. Тым құрығанда аудандағы атқамінерлер аймақтағыларға мұндағылардың базынасын оқтын-оқтын айтып жеткізгенде, жарыққа жарытпаса да, жол төсеп бермес пе, еді?   

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 08:40
Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.06.2021, 10:38
Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Еркежан АРЫН 02.06.2021, 09:06
Аймақтық құқықтық актілерді шығаруды жетілдіру мәселелері

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02