Шенеуніктер халыққа алақан жайғанды қашан қояды?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

17.08.2021, 08:38

3833

       Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстауға көмектесу үшін ашықтан-ашық халықтан жылу жинауды бастады. Өткен аптада аталмыш министрлік құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге қолдау көрсетемін деушілерге арналған есепшот реквизиттерін жариялады.

       Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, бұл тығырықтан шығу үшін халықтың көмегі ауадай қажет. Алайда білдей бір министрліктің халыққа алақан жаюы, тіпті ашықтан-ашық елден жылу жинауы дұрыс па? Бұл арада мемлекеттен бөлінген қаражат жеткіліксіз бе? Атқарушы билік, жергілікті әкімдік, халық қалаулылары және басқа  үкімет өкілдері не істеп отыр? Маңғыстаудағы мәселенің алдын алу үшін нақты қандай іс атқарылды? Неліктен бізде онсыз да қалт-құлт етіп күн көріп отырған қарапайым халықтан көмек сұрау дағдыға айналып барады?

      Деректерге жүгінсек, осы уақытқа дейін Маңғыстауға еріктілер, қарапайым халық, яғни өзге облыстардағы ел-жұрт білек сыбана көмектесіпті. Халықтың қолдауымен аталмыш өңірге вагон-вагон жемшөп, мал азығы жеткізілген. Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен жасалған келісімшарт аясында 1200 тоннадан астам арпа әкелініп, олар фермерлерге нарықтағыдан төмен бағамен сатылды. Ал үкіметтен Маңғыстау облысында мал азығына жұмсалған шығындарды  өтеуге 1,9 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ  ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақысын Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған арнайы есепшотқа жіберді.

        Ойлап қарасақ, қазір Маңғыстауға жіберіліп жатқан көмек те, қаражат та аз емес. Қарапайым халықтың арасынан суырылып шығып, «Маңғыстауға көмек» акциясын ұйымдастырғандар да болды. Былайша айтқанда, халық министрлер айтпаса да, жұдырықтай жұмылып ұйыса алды.

       Жұмылу демекші, қазір біздің халық «өз жарасын өзі таңып», емдеп алуға әбден машықтанды. Мысалы, былтыр індет ушығып, киерге маска, ішерге дәрі таппай қиналғанда денсаулық сақтау министрлігінің көмегін күтпестен, қараша халық  тығырықтан өзі шығуға талпынды. Масканы ел өзі тігіп киді. Артылғанын көмек ретінде таратты. Дәріні де солай жасады. Қолында бары жоқтарға берді. Тіпті қызды-қыздымен жұрт  болып,  қаражат жинап, тыныс алу аппараттарын да өздері сатып алып, Алексей Цойдың жұмысын осылай жеңілдеткен еді. Ендібиыл Маңғыстаудан басталған жұттың жүгін жеңілдету үшін де халық өз бетінше тіршілік жасады. Бұл арада саланы бақылаушы министрлер мен әкімдер бірін-бірі кінәлап, мәселенің түйінін таппай жатқанда ел өздігінен кеңесіп, тағы да жұрт болып жиылып, Маңғыстауға жемшөп жеткізе бастады. Мұндайда біздің елдің дархандығына еріксіз тамсанып, министрлер мен әкімдердің бағының бес елі екеніне қызығасың.

       Маңғыстаудағы жағдайға қатысты экс-министр Сапархан Омаров өз сөзінде «жергілікті әкімдік мәселені ауыл шаруашылығы министрлігіне дер кезінде жеткізбеді» деп, бар кінәні жергілікті әкімдікке артты. Артынша жұмысты үйлестіре алмағаны үшін  Омаров орынтағымен қоштасты.

     Ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов не істер жүр? Аймақ басшысының есебінше, өңірдегі қуаңшылықтан 1103 бас мал қырылған, оның 512-сі жылқы малы. Әкімнің айтуынша, қазір облыста қуаңшылыққа байланысты арнайы штаб құрылған. Бұл штаб ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыс істеп жатыр.  Жергілікті бюджеттен де қосымша қаражат бөлінген. Әкім осылай дегенмен, қоғам белсенділері әкімнің «1000-нан астам ғана мал қырылды» дегенін жоққа шығаруда. Жергілікті қоғам белсенділерінің айтуынша, шаруалардың қырылған малы толық есепке алынбаған. Әдеттегідей әкімдік өтірік есеп берген. Бұған қатысты қоғам белсенділері «барлық ақиқат айтылып, болған жайт «жұт» деп танылып, төтенше жағдай жариялансын» деп дабыл қаққан болатын. Әйткенмен Серікбай Тұрымов басқарып отырған аймағында төтенше жағдай жарияланса «орынтағымнан айырылып қаламын» деп қорықса керек, «төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ» деп бет бақтырмады. Әйтеуір, әкімнің көзімен қарасақ, малына жемшөп түгіл, жеуге картон қағаз таппай отырған  Маңғыстауда «бәрі бақылауда».

       Бірақ Тұрымов осылай дегенмен, Маңғыстауды басқаруға келгелі бері осы әкімнің кең көсіліп, алға түскенін көрген жоқпыз. Мысалы, былтыр әкімдердің рейтингінде Серікбай Тұрымов 17 әкімнің ішінде 14-орыннан көрінді. Содан бері Маңғыстау жұртшылығы оны «аяғына тас байлап алған әкім» деп те атап кетті. Бір қарағанда Тұрымовтың жолы болмай жүргендей көрінеді. Бірақ жолы болмай жүр ме, әлде тығырықтан шығатын жолды таба алмай  жүр ме, әйтеуір, мұнайлы аймақтың тізгінін ұстаған әкімнің жүрісі тым шабан.

      Жалпы, жалғыз Тұрымов емес, біздің елде бірқатар әкімдердің жұмысы көңіл көншітпейді. Бұл ретте экономист-ғалым Меруерт Молдабаеваның айтуынша, жергілікті әкімдер үкіметке қызықты механизмдермен жұмыс істеу тәсілін ұсына алмайды. Жергілікті әкімшіліктер өз аймағының жай-жапсарын біліп отыр. 

    – Олар неге үкіметке қуаңшылық жерлерді басқару жобасын ұсынбайды? Қазақ еліндегі 99,2 пайыз жерді «емдегенде» ғана біз қуаңшылықтан, су тапшылығынан, жайылымдық жер мәселесінен, мал азығын реттеу түйткілінен ада боламыз. Біздің әкімдерде өздігімен инвестор тарту деген жоқ. Жұмысты ұйымдастыруды білмейді. Бюджеттен бөлінетін қаражатты дұрыс басқаруды да білмейтін министрлер мен әкімдер бар. Әкім, министр дегендер сауатты топ-менеджер болуы керек. Ал біздікілер кабинеттен шықпай, мәселені көрмей, білмей есеп беруге даяр тұрады, – дейді сарапшы.

        Мамандардың пайымдауынша, болашақта Қазақстанға қуаңшылықпен күреске мықтап кірісу керек. Олай етпесек, бір Маңғыстау емес, республиканың басқа да өңірлеріне жұттың қаупі төніп тұр. Сондықтан болашақта әкімдер мен министрлер жерасты суларын көбейтіп, (каналдар орнату арқылы) қуаңшылыққа ұшыраған жерлерді ылғалдандыру үрдісін бастаған жөн. Азып-тозған жерлерді бақылауға алып, қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру керек. Бұған қоса, құм басқан ауылдардың мәселесіне де бейжай қарамаған абзал. Мысалы, Маңғыстау облысына қарасты Сенек, Үштаған, Тұщықұдық ауылдары көшпелі құмдардың екпінді шабуылына ұшыраған. Бұл аймақтарда бұрынғы колхоздардың орны мен қорымдардың көміліп қалғаны соншалықты – тұрғындар тіпті ата­-бабасының бейіті қайда жатқанын таба алмайтын күйге түскен.  

        Осылай тізбелей берсек, бізде әр аймақта күрделенген мәселе шаш етектен. Бірақ мұндай жағдайларға біздің әкімдер мен министрлер еш саспайды. Тіпті шенеуніктерде «қатты қиналып бара жатса халық өзін-өзі құтқарып алады» деген түсінік қалыптасқан ба деп қаласың.

        Егер тап осындай жағдай дамыған елдерде орын алса, онда халық бірден өз наразылығын жеткізер еді. Біздің білуімізше, өркениеті дамыған елдерде әкім деген түсінік жоқ. Оларда қаланың мэрі болады. Бірақ ол мэр біздің әкімдер секілді үлкен кабинетте отырмайды, қымбат көлік мінбейді, бюджеттен бөлінген қаражатты оңды-солды шашпайды. Мысалы, Лондонда 32 аудан бар. Осы аудандардың әкіміне атшаптырым кабинет берілмейді. Олар жол жөнделсе жол жөндейтіндердің қасында жүреді, су құбыры тартылса сол жерде жүреді. Министрлері де солай. Дамыған елдердің министрлері қандай мәселе бар – соның басы-қасында жүріп, бақылап, мәселені әп-сәтте шешеді. Ал бізде халық өз қайғысымен, шенеуніктер өз жайымен шала патша болып, шікірейіп әлі жүр.

         Реті келгенде олар халыққа алақан жайып, «қиындықта жұрт бір-біріне көмектесуі керек» деп үндеу жолдауды да ұмытпайды. Сонда мәселені шешу үшін  бюджеттен бөлінетін қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Мемлекет қаржысы қашанғы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете бермек? Мұндайда «болашақта біздің шенеуніктерге «тойсаң, тоба қыл» деген қанағатшылдық берсе екен» деп, еріксіз дұға тілеуге тура келетін шығар.

Тегтер: министр әкім реформа халық пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 14.09.2021, 16:30
Сыбайластықтың сара жолы
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39