Сіз қандай су ішіп жүрсіз?

Әділ КЕМЕҢГЕР

06.08.2021, 15:03

2020

        Қазақстанның шалғайдағы ауылдарын ауызсумен қамтамасыз етуге тырысып келе жатқанына 20 жылдан асты. Алайда түрлі бағдарламалар арқылы триллиондаған теңге шығындалса да, ресми статистикаға сай, су құбырын қазір ауыл тұрғындарының 35 пайызы ғана пайдаланып отыр. Гидролог маман, швециялық Лунд университетінің PhD-докторы Кәмшат Түсіпова Қазақстан ауызсумен қамтамасыз ету әдістерін қайта қарау керек деген пікірде. Маман «Ведомости Казахстана» басылымына берген сұхбатында былай деген екен:

     – Жалпы, Қазақстан су ресурстарынан кенде мемлекет емес. Су стресінің индексін есептеу классификациясы бойынша ағын суы адам басына жылына 1700 текше метрден асса, ол мемлекетте су стресі жоқ деп саналады. Бізде бұл көрсеткіш жылына адам басына шаққанда шамамен – 6000 текше метр. Бірақ, әрине, Қазақстанның кейбір ерекшеліктері бар. Біріншіден, Қазақстанның маусымдылығы мен ағын судың әр уақытта бірдей болмайтыны. Судың көбі көктемде келеді. Бұл күніне екі литр су ішетін адамға бір күнде 300 литр су ішіп алып, сосын, төрт ай су ішпей отыр дегенмен бірдей. Екіншіден, әр аймақтың өзіне тән факторлар бар. Бір өңірде су жеткілікті болса, екінші өңірде су жетіспеушігі бар. Бірақ жалпы Қазақстанда су тапшылығы, әрине, байқалып отыр: біз су тұтынуын барған сайын арттырып отырған көршілес елдерге тәуелдіміз. Бізге соған дайын болып, әлден-ақ бейімделе беруіміз керек.

        Біз ең алдымен өзіміздің өңірлік мәселелерімізді шешуіміз керек: маусымдық ағын суды жинау мен оны сулы аймақтардан суы тапшы аймақтарға тарту жағын ұйымдастыру қажет. Бірақ бұл енді агроөнеркәсіп кешені мен өнеркәсіп саласы айналысатын мәселе. Адамдардың өзі суды аз тұтанады, мәселен, Қазақстанда ел бойынша пайдаланылатын барлық судың 5 пайызын ғана адам тұтынады. Бұл жердегі мәселе – ауыл шаруашылығы мен индустрияға сулардың көпшілігі жарай береді, ал адамға тек қана тазартылған су керек. Міне, ауылдық жерлердегі елді мекендерді орталықтандырылған су құбырымен қамту деген өте күрделі міндет екенін сонда байқаймыз. Сумен қамту және суға қол жеткізу деген екі бөлек дүние. Қазақстанда, өкінішке қарай, мемлекет ең бастысы елді мекенге құбыр тартып, су жіберсек болды дейді. Оны тұрғындар іше ме, құбырмен қандай су келіп жатыр дегенге мән берілмейді. Суға қол жеткізу дегеніміз – халықтың өз денсаулығына қауіпсіз су ішуінің қамын ойлау.

        Қалалық жерлерде құбырларда су тұрып қалмайды, өйткені ол үнемі пайдаланылады. Ал енді, мысалы, 100 үйі бар ауылды алайық. Ондай жерлерде бір-екі сағат бойы суды ешкім тұтынбай қалатын кездер болады. Сол уақытта құбырларда су сапасына зиянын тигізетін биофильмдер пайда болуы мүмкін. Біраз уақыт судың қысымы болмағандықтан, ол тұрып қалып, құбырдан құрттаған, көгерген су аққан кездер де болған. Ондай жағдайда суды тоқтатып, құбырларды тазалауға уақыт кетеді, тұрғындар бірнеше ай сусыз қалуы мүмкін. Сол себепті ауылына құбырмен су келіп тұрса да, әлі күнге дейін құдықтың суын пайдаланатындар бар. Тіпті ашық көлдер мен өзен суын ішетін жағдайлар да болуы мүмкін. Швецияда, мысалы, 680 мың үй құдық суын ішеді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы – су қауіпсіз болуы керек, ал ол құбырмен келіп жатыр ма, ауладан өзің қазып алған құдықтан шыға ма, ол жағы түк маңызды емес.

        Ресми статистикаға сай, ауыл тұрғындарының 48 пайызына құбырмен су келеді, 40 пайызы колонкадан су алады, тек 12 пайызы ғана құдық суын ішеді. Біз су құбыры тартылған 10 ауыл тұрғындарының арасында сауалнама жүргіздік. Оған сәйкес, 13 пайызының кранынан су ағып тұр, 21 пайызы колонкадан су алады, 37 пайызының жеке құдығы бар, 10 пайызы ортақ құдықтан су алады. Тағы біраз адамдар суды қайнардан тасып әкеп ішеді екен. Проблема осы жерден бұрқ ете қалуы мүмкін. Біз халықтың қай жерден су алып ішіп отырғанын білмесек, ендеше ауызсудың қауіпсіздігі туралы қалайша айта аламыз?

       Бізде құдық қазуға рұқсатты бір ұйым береді, судың сапасын екінші бір ұйым тексереді, құдықтың жағдайына мониторингті үшінші бір ұйым жүргізеді.

        Біздің сауалнамамызға сәйкес, 12,5 пайызға жуық үй қалдығын септикке құятын унитаздарды пайдаланады екен. Ал бізде септик пайдалану стандарттары бар ма? Дұрыс айтасыз, жоқ! Оларды жекеменшік біреулер сорып алады да, бір жерге апарып төгіп келеді. Олар белгілі бір ережелерге сай утилизация жасайды дегенге менің күмәнім көп. Ауыл сыртына апарып төге салса  қайтесіз? Біз енді жаңағы 10 ауыл мысалы мен септик суы қайда кетіп жатқанын, оны тазартудың ең тиімді жолы қандай болатынын  зерттемекпіз, – дейді ғалым.

Тегтер: ауыз су мәселе әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 14.09.2021, 16:30
Сыбайластықтың сара жолы
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39