СО-2 сорымыз болып тұр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

22.11.2022, 15:05

1124

Еліміздің кен байлығын аш көздікпен сарқып жатқан шетелдік инвесторлардың қазақты ойлаған күні бар ма? Ақшада – ар, байлықта – құн жоқ, қашаннан. Мұның жолын жалғыз-ақ зайырлы заңмен кесуге болады. Қай кезде де ел мен жердің мүддесін көксеген өркениетті мемлекеттердің инвестордан именген күні жоқ. Қазынасына миллиардтаған қаржы салып жатқан магнаттардың өзін темірдей мықты заңымен тырп еткізбейді. Біздің заң ше?  Бұқараның емес, жеке бастың пайдасына қызмет етті. Сондықтан болар Теміртауға табан тіреген «АрселлорМиттал Теміртау» бүтін бір қала тұрғындардың тағдырын тәркек етіп келеді. Қоршаған ортаны ластайтын зиянды қалдықтары талай жанның ажалына себеп болды. Қолқаны қабатын улы түтіннің кесірі қанша адамды тар төсекте таңылдыруда. Ал жалғанды жалпағынан басып жүрген инвесторды тәубесіне келтіру үкіметтің еншісіндегі мәселе. «Жаңа Қазақстанды» құруға талпынған мемлекет басшысы Тоқаев,  таяуда қазақтың қазынасын сапырып отырған «АрселлорМиттал Теміртауға» шыдамның шегі, судың сұрауы барын шегелеп жеткізді. Президенттің инвесторларға қаратып айтқан қатаң ескертуінен кейін, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде сең қозғалды. Өткен аптада Брекешев бірегей мәлімдеме жасады. Онда министр «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ -на өндіріс жұмысын көмірден газ отына алмастыру жайлы талап қойылғанын айтты.

  • Келесі жылы қоршаған ортаға тарайтын зиянды газдың  мөлшерін 250 тоннадан 210 тоннаға азайтуды талап етіп отырмыз. Алайда инвестор экологияға келтірген шығын берешегін толық өтемей отыр. Жақында инвесторға 5,8 миллиард теңге айыппұл төлеттіру жөнінде сотқа шағым жолдадық, – деді Брекешев.

          Осы мәлімдемеден кейін, күн құрғатпай энергетика вице- министрі Жұмабай Қарағаев, «Қаз ТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Сүлейманов, сондай-ақ «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Бижу Наир металлургиялық кәсіпорынға газ жеткізу жөніндегі меморандумға отырды. Міндеттемеге сай 15 жыл аралығында комбинатқа жылына 300-ден 600 млн текше метрге дейін тауарлық газ тасымалданбақ.  Мамандардың болжауына қарағанда, бұл зауыттың қоршаған ортаға тарататын зиянды қалдықтардың мөлшерін көп тежейді. Таратып айтсақ, ауаға жайылатын эмиссиялар жылына 49230 тоннадан 6640  тоннаға дейін төмендейді. Алайда, теміртаулықтарды қазіргі ахуал қатты алаңдатып отыр.

— Экологияның зардабын Теміртау мен Қарағанды қаласының тұрғындары тарту үстінде. Қос шаhардың халқы 250 тонна улы газбен тыныс алып келеді. Егер зауыт келешекте біржола газдық жүйеге көшсе, қазір қоршаған жайылатын 49 мың тонна улы газдың мөлшері 7 есеге төмендейді. Бірақ ол әзірге құжат жүзіндегі уәде. Істің немен тынатынын уақыт көрсетеді, – дейді Теміртау қаласының тұрғыны Ерлан Аманат.

 Аймақтағы сарапшылар экологияға тарап жатқан эмиссия әр адамға шаққанда жылына 273,5 келі зиянды қалдықтан келетінін айтуда.

Осы орайда, әлемдегі жағдайды біздегі ахуалмен салыстыра кеткен жөн болар. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, бүгінде Қазақстандық өндірістердің қоршаған ортаға көмірқышқыл газын тарату деңгейі бойынша 202 елдің ішінде 19-шы орында тұр. Бұл  халықаралық СО-2 шығындарын әр адам басына есептеудегі   рейтингтің қорытындысы. Демек, ел тұрғындардың қауіпті газдан зардап шегу мөлшері 2,6  есе жоғары болып отыр. Сонымен,  металлургиялық комбинат газға қай жылы біржола көшеді? Оны ешкім ашып айтпады. Сонда, жеті құлыптың арғы жағындағы құпия шетелдік инвесторға аян ба? Әлде тәуелсіздік алған 30 жыл бойы тәтті арманға алданып келгеніміздей, «АрселлорМиттал Теміртаудың» «жасыл экологияға» қадамын тағы осыншама жыл сарылып күтеміз ме? 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 14:12
Зейнетақы жинағын алу: 2023 жылға арналған жеткілікті шек жарияланды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:21
2023 жылы инфляция баяулай ма?!
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 13:59
Тауық етін тұтыну да арман болып жүрмесін...
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 09:25
Ресей мұнайының бағасы барреліне 52 долларға дейін төмендеді
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 08:52
Дәурен Сапарәліұлы: Дивиденд кепілді төлем емес екенін ескерген жөн
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.11.2022, 08:46
«Халықты байытамыз» десек, шенеуніктер тойынған жоқ...

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43