Соғымнан қағылғанымыз аздай, құрыққа сүйеніп қалмасақ етті...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

22.12.2021, 09:28

3171

Қыс басталса «соғым» деп бір қараны жығып алатын қазақтың қалыпты өмір сүру салты жоғалып барады. Шектен тыс шарықтаған ет бағасы еттің талай адамның тісіне емес, түсіне кіретін жағдайға жеткізді. Сондықтан соғым маусымында тауық етін талғажау ететіндер көбейіп барады.

        Мамандар ет қымбаттауы алдағы бес жылда да толастамайтынын айтады. Себебі бағаны тұрақтандыру амалдары жасалып жатқан жоқ.

Жайылымдық жерлердің сатылуы салдарынан қазір ауылдағы ағайынның да мал ұстауы күннен-күнге қиындап барады. Ауыл қазағы ұлан-байтақ осынау кең дархан даладан жайылымдық жер таппай отыр. Жаздайлыққа шаруа үшін жайылымдық жер мұң болса, қыс түсе сала қолға қарап қалған малға жемшөп табу мәселеге айналады. Оның үстіне биыл бірнеше облысымыз қуаңшылықтан зардап шегіп, енді қолдағы барын қыстан қалай аман алып шығу уайым болып отыр. Айналып келгенде, биылғы қыс талай шаруаны састырып тұр. Тұяқты мал жылда тұяғымен түртіп жейтін шөбін қар астынан тауып жесе, биыл қыс түгіл, жазда даладан шөп таппағандықтан, бәрі қолға қарап қалған.

        Осы орайда айта кетер жайт, ауылда тұрған соң, кез келген қазақ мал ұстағысы келеді. Бірақ бір кездері ауыл қазағы бір сиырдың сүтімен бес баласын асыраса, қазір бір сиырды бағу бес баланы бағудан да ауыр болып бара жатыр. Өйткені ауылда шөптің бір арбасы 50-60 мың теңге. Жемнің қабы – 1500-2000 теңге. Ал ауылда әр түліктің түрінен санаулы түрде ұстағанның өзінде, 4-5 айда 300-400 мыңдай шығын кетеді екен. Ауылда тұрған соң, мал ұстамай тағы отыра алмайсың. Яғни ауылдағы санаулы малы бар кез келген үй малды қыстан алып шығу үшін осынша шығын шығаруы керек.

        Қазір, шыны керек, ауылда мал ұстайтындар сиреп барады. Өйткені малдың өзінен шығыны қымбатқа шығып тұр. Мұндай жағдайда қалай ақ адал малыңды арзанға бересің?! Сондықтан бейнеті мен шығынынан қашып малын сойып, сатып жатқандар көп. Ауылда соғымды сатып алушылар мамыр айының зейнетақысына, маусым айының жалақысына жаздырып алып жатады. Өйткені оған дейінгі зейнетақы мен жалақысын қолындағы азын-аулақ малының шығынына, отын-суына тақтап, қарызға төлеуге арнап қойған. Яғни ауылдағы ағайынның мал ұстауы тым қымбатқа түсуде.

       Мал басын көбейткен сайын, шығыны да ұлғая бермек. Сондықтан игере алатын, жемшөбін көтере алатындай шамада ғана ұстауға мәжбүр. Ал шаруаның жағдайынан бейхабар ауыл шаруашылығы министрлігі мал басын ұстауды шектеу туралы бастама көтеруде. Шыны керек, атакәсіпті ұстау қазаққа оңай тимей тұр. Соның салдарынан қазір соғым алуға шамасы жоқ, тауық етімен қысты шығарып, ауылда тұрса да, дүкеннің сүтін пайдаланатындар көп. Бүгінгі ауылдың шынайы келбеті осы болып отыр.

Айта кетер жайт, мал ұстау жылдан-жылға қиындап барады. Өрістегі ұры төрт түліктің бір мәселесі болса, жайылымдық жердің тапшылығы, жемшөбінің жыл өткен сайын қымбаттауы мал басының көбеюіне кедергі болып отыр. Бұл бетімен кете берсе, ауылдағы ағайын таяғын ұстап қалмай ма?! Атакәсіп мал шаруашылығы халқымызға жақын болғанымен, ауыл шаруашылығын экономиканың күретамырына айналдырып, ауылдағы ағайынның мал ұстауынажайлы жағдай жасап, жемшөптің бағасын тұрақтандыруға тиісті орындар тарапынан көңіл бөлінбей отыр.

Негізі, жасанды жемшөппен азықтандырылатын еуропалық елдердің етіне қарағанда біздің табиғи жайылымдағы, еті дәмді малымызға экспортқа сұраныс жоғары. Ал осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?Мамандар Қазақстандағы жалпы төрт түліктің санын қазіргісінен екі есеге өсіруге мүмкіндігі бар екенін, біз сол мүмкіндігімізді пайдалана алмай келе жатқанымызды айтады. Расында да, атакәсіп мал шаруашылығы ел экономикасын алға сүйрер күшке айналса игілікті бір іс болар еді. Мал басын көбейте отырып, экспортқа шығарылар еттің де мөлшерін ұлғайтып, ішкі нарықтағы ет бағасының да төмендеуіне жол ашылар еді. Мәселен, көрші өзбек елінде мал басын көбейту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданған. Өзбек фермерлері нөлдік пайызбен мемлекеттен арзан несие алып, мал басын көбейтуге кіріскен. Осы бетімізбен кете берсек, алдағы уақытта көрші елден етті екі-үш есе қымбат бағасына саудалап отырмасымызға кім кепіл?!

Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы мал шаруашылығын дамытамын деген ағайынға арнап жеңілдетілген несие беру бағдарламалары жүзеге асқан болатын. Алайда сенатор Дана Нұржігіт «Өрлеу, «Бастау» сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алып, оны үйінің жөндеу жұмыстарына, я болмаса құдайы беріп, құда шақырып, сондай өзінің жеке басының шаруаларына ақшаны жұмсап жібереді екен. «Ал үкіметке қандай есеп бересің? Қалай есеп бересің?» десе, көршінің бұзауын әкеліп, көрсете саламын деп, ақшаны далаға шашқан болып шығады», – деп, ауылдағы мал басын көбейтуге бағытталған бағдарламалардың шын мәніндегі орындалу барысын сынға алған болатын.

Сондықтан шын мал басын көбейтеміз десек, жеңілдетілген несиемен қоса, мал азығын арзандату, мал шаруашылығымен айналысамын дегендерге кешенді жағдай жасау жұмыстарын да қолға алу қажет секілді. Онсыз ет бағасын төмендетпек түгіл, қолдағы бар малдан айырылып, құрыққа сүйеніп қалатын күніміз алыс емес. Дәл қазір министрлік мал басын шектеуден гөрі ауыл шаруашылығы саласының күретамыры – мал шаруашылығын дамытуға арнаса ұтарымыз көп болар еді...

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Оразәлі СӘБДЕН 17:41
Өзгеретін кез келді
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14:13
Сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Жалған статистика ауылдағы нақты жағдайды көрсетпей отыр»
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:50
Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
Сайт әкімшілігі 18.01.2022, 11:40
Жаңа министр Қазақстан экономикасын қалай қуаттандыратынын айтты
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.01.2022, 08:38
Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
Сайт әкімшілігі 17.01.2022, 09:49
Тимур Құлыбаев "Атамекен" ҰКП төрағасы қызметінен кетті

Аңдатпа


  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48
  • Жарылысқа жол ашқан – биліктің мақтаншақтық идеологиясы
    19.01.2022, 09:05
  • Аренадан Алаңға дейін...
    18.01.2022, 08:39
  • Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
    18.01.2022, 08:38