Субсидия зары

Бифат ЕЛТАЕВА

04.05.2021, 11:22

2680

«Шүкейт Ата» шаруа қожалығының жетекшісі,  фермер   Ақыновтың  әділдік іздеп  жүргеніне   біраз  болды.  Неге? Әңгіменің тоқетерін айтар  болсақ,  жағдай  былай  болған.

   «Даудың басы  – Дайрабайдың  көк  сиыры»  демекші, әңгіменің  әлқиссасы  былай:  «Шүкейт Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұқтар Ақынов 2015 жылы «Алтын асық», «Құлан»,  «Сыбаға» бағдарламасы  арқылы шаруаларға жеңілдетілген несие берілу жөніндегі жаңалықты ести сала, 14 пайызбен 6 миллион теңге несие алады. Ол несиеге ордабасы тұқымынан 220 бас қой мен 10 асылтұқымды қошқар сатып алған. Сондай-ақ шаруашылығын кеңінен дөңгелету мақсатымен «Алтын асық» бағдарламасына сәйкес, қора салуға тағы да банктен 1,5 миллион теңге несие алып, дереу іске кірісіп кетеді.

    Дегенмен шаруаның қуанышы ұзаққа бармайды. Себебі еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытып, етті экспортқа жеткізетіндей бағытта ашылған бағдарламаның соңы жыл өтпей сұйыла бастайды. Фермер Мұқтар Ақыновтың мемлекеттің келісімшартқа сай жұмыс жасамай, уәдесінде тұрмауы шаруалардың жұмысын кейінге тартып жатқанына көңілі толмайды.

— 2015 жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша несие алдым. Содан екі айдың ішінде қой алу керек болған соң, Шымкентке барып, арнайы ордабасы қойларын алып келдім. Өйткені өзіміз бағып жүрген ақ қойлар пайдаға алғысыз болып қалды. Оның еті түлкінің еті сияқты дымға алғысыз, құнарсыз. Сол себепті жаңалықтарда ордабасы қойын көп жарнамалаған соң, 220 бас қой мен 10 қошқар сатып алдым. Яғни субсидияның берген несиесіне. Содан 2015 жылы есеп беруге барғанымда, субсидия берушілер «2016 жылы бірінші төлемді төлесеңіз, өзіміз сіздерге субсидияға сұраныс береміз және 10 пайызын қайтарып береміз» деді. Сондағысы 14 пайыздың 4 пайызын төлейді екенбіз. Бірақ бұның бәрі оңай шаруа болған жоқ. Оған үйімізді кепілдікке қойып, 90 қойымды саттым. Содан несиемнің бәрін ерте жауып, көктемдік сыйақымды күттім. Бірақ олар уәде еткен ақшаларын бермеді. Кейінірек бұл мәселе көтерілген соң, Астанада субсидия берушілер арнайы жиын жасады. Сол жиында мен трибунаға шығып: «Сендердікі бекер сөз екен. Біз сіздерге сеніп, «Алтын асықпен» несие алдық. Бірақ соның 10 пайыз субсидиясын ала алмай отырмыз», – дедім. Жиындағы жігіттер аты-жөнімді жазып алған болатын. Кейінірек қой төлдеп, жайлауда жүргенімізде уақыт өтіп кетті. Содан 2018 жылы субсидия берушілерге барсақ, «сендерді 2017 жылы№50 бұйрықпен субсидиядан шығарып жібердік» деп отыр. Неге десек, «сіздер несие төлеуден 90 күн асып кеттіңіздер» дейді. Оның үстіне бізді субсидиядан ешқандай ескертусіз шығарып жіберіп отыр. Қандай бұйрық шығарса да, не себепті екенін хабарлап, хат жазып айтпайды. Ақшасын төлетіп алады да, артынша осындай қитұрқы заңдары мен бұйрықтарын шығарып, шаруаларды дәрменсіз етіп қояды. Әрі субисидия бермеуінің себебін мемлекетте ақша жоқ деулерімен жалтарды. Сол үшін екі рет соттасып, бір рет жеңіп, екінші рет жеңіліп қалдым. Бізде ешқандай да тәуелсіз, әділ сот жоқ, ешқашан қарапайым халықтың сөзін сөйлемейді. Сол үшін әлі субсидияның жырымен жүгіріп, 2,5 миллион теңгемді ала алмай отырмын, – дейді «Шүкейт Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұқтар Ақынов.

     Дәл осындай жағдаймен 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен «Нұрқанат» шаруа қожалығының жетекшісі Кеңесбек Молдабаев те несие алып, алданып қалған көрінеді.

— 2015 жылы бағдарлама шығысымен несие алдық. Оның үстіне «үкімет 14 пайыздың 10 пайызын төлеп береді» деген соң ғана тәуекел етіп алған болатынбыз. Бірақ 2016 жылы бізге субсидиямызды бермеді. Ақыр соңында бізге ескертпестен әрі «несие төлемегендеріңе 90 күн асып кетті» деген желеумен 2017 жылы бұйрықпен субсидиядан шығарып тастапты. Бұл әділетсіздік емес пе? Бізге сол үшін үлкен көмек керек. Биліктегілер бұны естуі тиіс. Біздің еңбегіміз таза әрі адал. Шаруа болсақ та, көзіміз ашық, бәрін жақсы түсінеміз. Сол себепті үкімет итке нан тастағандай қылмай, уәде еткен, шығарған бағдарламалары бойынша жұмыс істеулері қажет. Біздің  жанайқайымызды биліктегілер естиді деген үміттемін, – дейді Кеңесбек Молдабаев.

  Бұл мәселе тек жоғарыда аталған екі шаруаның ғана емес, 2017 жылғы бұйрықпен субсидиядан шығып қалған 27 шаруаның жанайқайы десек болады. Бірақ басқа шаруалардың Мұқтар Ақынов пен Кеңесбек Молдабаев секілді жанайқайларын шығармауының екі себебі бар секілді. Оны фермер Мұқтар Ақынов шаруалардың кейбіреулері субсидияның талабын түсінбеуі мүмкін. Ал екінші жағынан, арасында жалған фермерлер де болып, ақшаны шаруашылыққа емес, өзге кәсіпке салып, қарық болып жүргендерін айтып күйінді. Егер өзге шаруалар нақты таза шаруамен айналысса, өздері секілді шырылдап жүгіріп, үнсіз қалмайтынын жеткізді. Осындай жемқорлықтың қарапайым шаруалардың адал еңбегіне кесірін тигізіп жатқанын  айтады.

    Осыған байланысты заңгерлерімізден де кеңес алуды жөн көрдік. Бұл жөнінде белгілі заңгер Мадияр Аймырзаұлы:

— Бұл   жалғыз «Шүкейт Ата» шаруа қожалығына қатысты емес, көптеген шаруа қожалықтарына да қатысты. Бірақ субсидияға қатысты  мәселелердің көбісі соттардың қолдауымен ауыл шаруашылығы басқармасының үлесіне шешімдер шығып жатыр.  Ал «Шүкейт Ата» шаруа қожалығын айтатын болсақ, 2020 жылы 15 мамырда шыққан судья Қасымбаеваның шешімі өте сауатты және заңды, әрі оны дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ 2016 жылғы 600 мың теңгені өндіру туралы шешім шығарған және 2018, 2019 жылдардағы берілмеген субсидияны төлеуге міндеттеуді қанағаттандырған.  Бірақ, өкінішке қарай, тағы да мемлекеттік органның шешімін қолдау мақсатымен Алматы облыстық апелляциялық соты бұл шешімді өзгерткен. Сондықтан бүгінгі таңда «Шүкейт Ата» шаруа қожалығының басшыларына кеңесіміз – осы өтелмеген уақытқа субсидияны өндіру туралы талап арызбен қайтадан сотқа жүгінуге болады. Сондай-ақ соңғы уақыттарда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да сот әділ өтуі жайлы, соттар құрамының сапалы болуы жайлы көптеген пікірлер айтылып жатыр.  Осы орайда, қазір сот жүйесінде біраз реформа жүрейін деп жатқандықтан, жаңа талап арыз әділ шешімге ұласады деген сенімдемін, – дейді.

  Заңгер айтқандай, егер шағымданушының жолы болып, әділ сотқа кезіксе, шешімі оңынан табылар деп сенеміз. Сол себепті шаруаның ендігі бар үміті биліктегілердің қолдауында емес, әділ сотта болып отыр.  Өйткені осы уақытқа дейін шаруа облысқа да, министрлікке де том-том хаттарын жолдаған. Алайда басшылықтар субсидияға Мемлекетте ақша мүлде жоқ дейді, не болмаса күнделікті үйреншікті бір хаттарын жауап ретінде қайта-қайта жіберіп отыратын көрінеді. Сондай-ақ фермер Мұқтар Ақынов осы уақытқа дейін облыс әкімі А.Баталовқа да, сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке де шағымын жеткізген. Қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен де онлайн сөйлесіп, субсидия жайын шешіп беруді сұраған. Алайда министр Омаров өз міндетін субсидияға жауап беруші Жанар Мақановаға тапсырып құтылған. Бірақ фермер субсидия бастығы Жанар Мақанова мүлде жауап бермей қойғанын айтады. Әбден тағаты таусылған шаруа ешқандай жерден нәтиже шықпаған соң, жанайқайын республикалық газеттер мен телеарналар арқылы да бірнеше рет жеткізген. Сонда шаруаның мәселесі әлі күнге шешілмеуінің себебі неде? Біздің үкіметтің газет, телеарналарды оқып,қарамауында ма, әлде халықтың мұң-мұқтаждығына мүлдем бас ауыртпайды деген сөз бе?

Тегтер: субсидия дотация мемлекеттік көмек үстеме пайыз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58