Субсидияның сарсаңы

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

31.01.2023, 12:02

2469

Ауыл шаруашылығы министрлігінің «қаңтарда іске қосылады» деген gosagro.kz порталы әлі сынақ нұсқасында тұр, яғни жұмыс істемейді. Ал qoldau.kz жұмысын тоқтатқан. Осының кесірінен ауыл шаруашылығы саласындағы 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің субсидиясын ала алмай отыр.

Ашып айтсақ, осыған дейін «Сыбаға», «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге шамамен 20 пайызбен несие берілген. Оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, қалған пайызын мемлекет субсидиялайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген gosagro.kz порталының әлі күнге іске қосылмауынан фермерлер қаңтар-ақпан айларына арналған субсидияны ала алмай, несиені толығымен төлеуге мәжбүр.

— Ақпанда төлеуіміз керек, төлемесек «қара тізімге» енеміз. Жоғары пайыздың ақшасын қайдан табамыз? Өзі қыстан әрең шыққан арық малды қалай сатамыз? Шаруаны да ойлау керек шығар?! Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған біз ғой, – дейді «Сыр сыйы» ШҚ төрағасы Нұрлан Биманов.

Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің мәселесінен жауапты мамандар хабардар. «Былтырдан бері министрлікке отыздан астам ұсынысымызды бердік» деп отыр.

– Проблема бар. Бағдарламаны әзірлеушілерге де, министрлікке де мәселені айттық. Біз жаңа ақпараттық жүйе толық іске қосылып кеткенше qoldau.kz-пен жұмыс істеуді ұсынып жатырмыз, бірақ әзірге мәселе шешілген жоқ, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетов. 

«Шаруалар алдарына қойған міндетін адал атқарып отыр, мемлекет те міндеттемесін толық орындаса» деген несие серіктестіктерінің басшылары,  проблеманы қазір шешпесе фермерлерге салмақ түсетінін айтады.

– Бұл қолдан жасалған проблема. Жұмыс істеп тұрған платформаның күшін жойып, шикі, іске қосылмаған, әлі зерттелмеген бағдарламаны заңға енгізіп жіберді. Болар іс болды ғой. Біз шаруаларға «қорларыңызды мына уақытқа дейін дайындай беріңіздер» деп айтайын десек порталдың қашан ашылатыны белгісіз. Оған ешкім нақты жауап бере алмай отыр. Біздің несие серіктестігі арқылы биылға 186 қарыз алушыға 300 млн теңге субсидия қажет. Портал іске қосылмаса бұл қаржыны фермерлер өз қалталарынан шығару қажет деген сөз, – деді «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы Алмат Абдуллаев.

А.Абдуллаев шаруаларға тығырықтан шығудың жолы ретінде өтінімдерді уақытша қағазбен тапсыруды ұсынды.

– Бізде бар мәлімет бойынша республика көлемінде тек қана қаңтарда кәсіпкерлер миллиард теңгеге жуық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия ала алмай отыр. Сыйақы мөлшеріне берілетін субсидия өзге субсидиялармен салыстырғанда нақты өтінім беру мерзімі нақтыланбайды, демек өтінімдер жыл бойы қарыз бойынша төлемнің келу уақытына қарай жүзеге асырылады. Осындай проблема орын алып жатқанын айтып, үкіметке хат жолдадық, –деді отырысқа онлайн қосылған «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова.

Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті директорының орынбасары Әлем Жұмабеков: «портал 1 ақпаннан бастап іске қосылады» дегеннен артық жауап бере алмады.

Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, тіршілігін дөңгелетіп отырған шаруаларда субсидияға қатысты дау жиі шығады. Қалай болғанда да, мемлекеттік субсидияға үміт артқан шаруалардың тауы кедергілерден шағылмауы керек. Сондықтан министрліктен бастап жергілікті әкімдікке дейін субсидиялау мәселесіне аса сергектікпен қарағандары лазым.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:23
Кәсіпкерлерге техникалық шарттар беруден негізсіз бас тартылды
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 28.03.2023, 05:57
Ильин апатты болжайды да... шығынын есептей бастайды
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 05:51
Қазақстанда бензин мен дизельдің көтерме саудасына шекті баға белгіленуі мүмкін
Сайт әкімшілігі 24.03.2023, 10:11
ЕО Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін дайындап жатыр
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 11:30
Тоқаев Салық кодексіне өзгеріс енгізетін заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 11:06
20 наурызда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44