Сұлтанов ет сатады, қазақ сүйек-саяқ мүжиді

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

20.07.2021, 09:21

1859

Еліміздің батыс өңіріндегі қуаңшылық салдарынан мыңдаған  мал басы қырылып жатса да, Қазақстан ет экспортына шектеу қоймайды. Мұндай мәлімдемені сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жасады. Министрдің айтуынша, жыл басынан бергі төрт айда ет экспортының көлемі 9,4 млн долларды құрап, 2,6 мың тонна ет сыртқа жөнелтілді. Импорт көлемі биыл 21 млн долларды құраған, былтырғымен салыстырғанда, импорт 41 пайызға төмендеген. «Бұл көрсеткіштер экспорт көлемі артып, импорт көлемі азайып жатқанын көрсетеді», – деді сауда министрі.

       Сұлтановтың пайымдауынша, әзірге Қазақстан етті сыртқа саудалай береді. «Елде қуаңшылық» деп, етті экспорттауға тыйым салуға еш негіз жоқ.

Ал сарапшылар министрдің бұл пікірімен келіспейді. Сала мамандарының пайымына жүгінсек, нақ қазір біраз аймақтарда төрт түлік қырылып, жемшөп тапшылығы орын жатқанын ескерсек, алдағы уақытта ішкі нарықта ет және ет өнімдерінің жетіспеушілігі қатты сезілетін болады. Мұның арты өнім бағасын шарықтатып, картоп пен сәбіздің бағасын түсіре алмай жанталасып жүрген үкіметке енді еттің бағасымен арпалысуға тура келеді.

        Деректерге жүгінсек,  экспорттан бөлек, ішкі тапшылықты жою үшін  Қазақстанға Парагвайдан, Бельгиядан, Австриядан ет әкелінетіні белгілі. Тіпті ет және ет өнімдері саласындағы сұранысты толық қамту үшін Еуропа, Австралия, АҚШ, Канада сияқты ет индустриясы дамыған елдерден 72 мыңға жуық асылтұқымды мал басын сатып алуды да жоспарладық. Сол асылтұқымды мал басының тұяғын жерге тигізбей, үкілеп, ұшақпен әкеліп елге қоныстандырдық. Десек те, мамандар «бұл жобалардың бірде-бірі ішкі нарықты толықтай ет және ет өнімдерімен қамтыған жоқ» деседі.

        Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Жангелді Мырзахановтың айтуынша, қаншама бағдарламалар, асылтұқымды мал өсіру жобалары жасалғанымен, үкіметтің ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен толыққанды қамтимыз деген жоспары орындалмады. Негізінде, асылтұқымды мал өсіретіндердің дені – олигархтар, бай-манаптар. Олардың малы күйлі. Экспортқа етті жіберетіндер де осылар. Олар жеке өз мүдделері үшін кәсібін дөңгелетіп отыр.

   – Ал, ақиқатында, қарапайым халық  ет асып жеуден қалды. Өйткені қазірдің өзінде өнім бағасы шарықтап тұр. Күзге қарай еттің бағасы тіптен қымбаттауы мүмкін. Сонда «ет экспортына тыйым жоқ» деп, элиталы-бизнестің қалтасын ойлап, майлы еттің барлығын сыртқа жіберіп отырғанда, халық тарығып қалмай ма?! Министрлік осы жағын ойластыруы тиіс, – дейді профессор.

        Маман айтса айтқандай, өткенде  «Аналитик» әлеуметтік-экономикалық зертеу орталығы республика халқының бір жылда қанша азық-түлік тұтынғанын санамалап көрген болатын. Орталықтың  экономист-сарапшысы Олег Лурьевтің айтуынша,  Қазақстан халқы қазірде жыл сайын, жан басына шаққанда 40-45 келі ғана ет тұтынатын болған. 

       – Қазір әлем жұртшылығы азық-түлік дағдарысына ұшыраудың алдында тұрғанда, Үкіметтің күнде бас ауыртып ойланатын өзекті жайттарының бірі осы болуы қажет.  Мысалы, 1960-1970 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 60 келі ет жепті. Ал 1990 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Ал қазір «қазақтың саны өсіп жатыр» дейміз, адам басына шаққанда, бір жылда орташа жейтініміз – 40-45 келі ет. Бағамдасақ, 1960 жылғы көрсеткіштен де төмендеп кеткенбіз. Сонда біздің дамығанымыз қайсы?! 30 жылда өркендегеніміз қане?! Сондықтан нақ қазір бізге азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде, экспорт мәселесін қайта қарау қажет, – дейді сарапшы. 

         Міне, арнайы зерттеу орталықтары жүргізіп отырған деректер ет өнімі бұрынғы молшылықтағыдай, қазақтардың тісіне емес, түсіне кіріп жүргенін дәлелдеп отыр. Бірақ мұны  министрлер мойындай қойсын ба?!

      Негізінде, миллиондап жалақы алатын біздің шенеуніктер соңғы кезде жиі-жиі езу тартқызатын болып жүр. Олардың тіпті елдегі ет бағасының қанша екенін білетініне күмәніміз бар. Мысалы, өткенде азық-түлік қымбаттағанда білдей бір облыс әкімі «мен үйден тамақтанбаймын, картоптың бағасын білмеймін» деп бір күлдірсе, енді бір әкім «нанның бағасын білмеймін, нан жемеймін» деп  бір мырс еткізген болатын. Қайтсін енді,  елдің, халықтың жайын ойлап, «толарсақтан су кешіп» жұмыс істеп жүргендіктен, олардың  үйлерінен тамақтануға да қолдары тимей жүрген болар.  Мүмкін, олар ет те жемейтін шығар. Сондықтан да «майлы етті өзге елге жіберіп, өзімізге сүйек-саяқ та жетеді» деп пайымдайтын болар.

       Әйтеуір, болашақта біздің күлдіргіш те бүлдіргіш, реформашыл министрлердің кесірінен сүйек-саяқ кеміріп, сорпа-су сораптап қалмасақ болғаны. Мұндайда «бізге ет  жеу арман, ет түгіл, оны тартатын табағымды да таппай жүрмін» деп ашынған кейіпкеріміздің сөзі еріксіз еске түседі. Біздің деликатес жеп, доллар ұстап, халықтың арқасында делебесі қозып, шалқып жүретін шенділер бір мезгіл  елдің осы бір жайын түсінер ме екен? Әй, қайдам, түсіне қоймайды-ау. Түсінсе әрбір жағдайды нақтылап, қадағалап, зерттеп алып барып халыққа жаны ашитын сауатты шешімдер әлдеқашан қабылданар еді ғой.

Тегтер: экспорт импорт экономика өсім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58