Сыбайластықтың сара жолы

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

14.09.2021, 16:30

757

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы  заңсыздықтарды анықтады. Тергеу, тексеру амалдары әлі жүріп жатыр. Қозғалған қылмыстық істер аясында біраз шенеунік тиісті жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Онсыз да құрғақшылықтың салдарынан ауыл шаруашылығы күйзеліске ұшырап, мал баққан ағайын шарасыз жағдайға душар болып отырған кезде атқамінерлердің мұнысы тым шектен шыққандық.

Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 миллиард теңгеге жуық субсидиялар берілген. Су тегін субсидияны  сұлулық салондары, фармацевтикалық компаниялар, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу сияқты бизнес нысандары да иеленіп келген. Мұндай ақпаратты жуырда жоғарыда аталған агенттіктің төрағасы Марат Ахметжановтың өзі айтты. Субсидияны заңсыз беру фактілерінің басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі болуы мүмкін. Себебі мұның алдында  агенттік төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов   Түркістан облысында ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 203 кәсіпкерлік субъектісіне  825 миллион теңгеден астам сомаға асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау бойынша субсидиялар берілгенін мәлімдеген болатын.

Субсидияның дауы жуырда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен мәжілісінде қаралды. Осы жиында  Түркістан облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Тұршеков айтқандай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша атқарған жұмыстары тексеріліп, бірқатар күмәнді деректер анықталған. Субсидияларды төлеуде тиісті талаптарды сақтамаудың 13 фактісі анықталған. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов қызметкерлерінің «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге бармағанын, субсидияның төленуі заң аясында атқарылғанын алға тартты. Сонда кімге сенеміз? Қазір анықталған деректер процестік шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді. Субсидияларға қатысты мән-жайлар тергеу-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болмақ.

Осы фактінің ыстығы басылмай жатып, өткен аптада  Антикор Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласынан тағы да заңсыздықтардың анықталғанын жария етті. Құзырлы органның  хабарлауынша, 2021 жылдың маусым айынан бастап президенттің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенінде субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізілген.

«Осы талдау барысында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті мен оның аумақтық инспекцияларының лауазымды қызметкерлерінің әрекетінен ұйымдасқан қылмыстық топтың белгілері анықталды. Аталған топ малды шекарадан кедергісіз шығарғаны үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алудың схемасын ұйымдастырған. Жемқорлық схемасына сәйкес, комитеттің екі бас сарапшысы осы құзыретке заңсыз ие болған. Қылмыстық схемаға Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Қостанай облыстары, Алматы және Шымкент қалалары бойынша өңірлік инспекциялардың инспекторлары да тартылған. Әрбір рұқсат үшін топ қатысушыларының немесе олардың туыстарының жеке карталарына 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша аударылып отырған. Мәселен, бір ғана  Түркістан облысы бойынша комитеттің аумақтық инспекциясындағы бас маманның шотына 2020 жылдан бастап 45 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Комитеттегі  бас сарапшының әйелінің картасына 13,5 миллион теңгеден астам қаражат түскен», – делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Операцияның қорытындысы бойынша  10-нан астам лауазымды қызметкерге айып тағылды. Ұсталғандардың көбісі кінәсін  мойындады. Үш айыпталушы, оның ішінде комитеттің орталық аппараты қызметкерлері қамауға алынған. Істің мән-жайы тергеу амалдары аяқталған соң белгілі болмақ.   

Осы жерде мына бір жайт еске түседі. Былтыр Түркістан облысында  қырыққабат еккен шаруалар қиын жағдайды бастан кешірді. Карантиннің кесірінен диқандардың өнімдері шекарада тұрып қалды. Қырыққабат егіп, пайдаға қарық боламын дегендер  миллиондаған шығынға батты. Бұл мәселе үкімет отырысында  қаралды. Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ешқандай жәрдем берілген жоқ. Сол кезде министр Сапархан Омаров тым құрыса оңтүстіктегі шырылдап жатқан шаруалардың жағдайын сұрауға да уақыт таппаған еді.

Мына жақта біреу шығынға батып, жанайқайын кімге айтарын білмей отырады. Ал мына жақта  мемлекет тарапынан бөлінген қолдау қаржылар ауыл шаруашылығына қатысы жоқ кәсіпкерлерге беріледі. Шенеуніктер экспортқа кетіп жатқан әр малға ставка белгілеп, баюдың схемасын ұйымдастырады. Экономиканың қозғаушы күші деген ауыл шаруашылығындағы ахуал, міне, осындай болып тұр.

Айтпақшы, президент тапсырма бермесе, жоғарыдағы келеңсіздіктердің барлығы  «жабулы қазан» жабулы күйінде қала берер ме еді?!

Тегтер: субсидия дотация мемлекеттік көмек үстеме пайыз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.09.2021, 07:47
«Аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39