Тендер төңірегіндегі текетірес

Шымкенттік мердігер қайтыс болған азаматты жұмысшы ретінде тіркеген

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

15.07.2021, 14:44

1698

 «Рейдерлік тендерге де жеткен бе?» «Жас Алаштың» өткен нөмірлерінің бірінде біз осындай тақырыппен мемлекеттік сатып алудан жөн-жосықсыз шеттетілген «Шымкент жасыл қала» компаниясының директоры Ұланбек Алдабергеновтің пікірін берген болатынбыз.  Осы аптада ол газеттің Шымкенттегі қосынына қайта хабарласты.

Серіктестіктің жылда алып жүрген тендерінен негізсіз шеттетілуінен компания мен оның 500-ден астам жұмысшысы ғана емес, жалпы, үшінші мегаполис зарда шегіп отыр десек, қателеспейміз. Алдымен кішкене кері шегініп, өткен-кеткен жайттарды еске түсіріп көрсек.

 Шымкентте көгалдандыру мен абаттандыру, саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар компания биыл Шымкент қалалық әкімдігі өткізген тендерге қатысады. Алайда тендерде бірінші орынға  жоғарыдағы қызметтерге 1 369 605 654 теңге баға ұсынысын берген Build Stroi компаниясы жеңімпаз деп танылады. Ал осы жұмыстарды 1 348 958 333 теңге, яғни жоғарыдағы қатысушыдан 20 647 321 теңге арзанға орындап беруге ұсыныс берген «Шымкент жасыл қала» ЖШС  «біліктілік талаптары сәйкес келмейді» деген негізбен конкурстан шеттетілген.  Конкурстық комиссияның  ұйғарымында серіктестіктің 5 тонналық автопогрузчигі, 30 тонналық катогының жоқ екені көрсетілген.  Алайда кейінірек компанияның басшылары шын мәнінде аталған техникалардың құжаттары тендерге ұсынылғанын дәлелдейді. Құзырлы органдарға шағымданады. Шымкент қалалық прокуратурасы көптеген кемшіліктерді анықтап, Build Stroi компаниясының заңсыз жеңімпаз деп танылғаны жөнінде Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арнайы ұсыныс хат береді. Алайда ұсыныс хат ескерусіз қалған.

Тендерді ұйымдастырған Шымкент қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы әдейі бұра тартқан ба деген күдік бар.  Ұланбек Алдабергенов бізді «Build Stroi» ЖШС-іне қатысты анықталған таңғаларлық фактілермен таныстырды. Компания тендерге ұсынған құжаттарында Санат Сейдулла деген дәнекерлеушінің 11 жыл еңбек өтілі бар деп көрсеткен. Алайда жеке куәлігіне қарағанда, бұл азамат 2000 жылы дүниеге келген. Жасы 21-де. Сонда қалай, ол дәнекерлеушілікпен 10 жасынан бастап айналысқан ба? Бұл кезде 3-4 сыныптың оқушысы емес пе? Ерболат Смақұлов деген дәнекерлеуші 1998 жылы туған. Оның да еңбек өтілі 11 жыл деп көрсетілген. Яғни тендерге тапсырылған ресми құжаттағы мәліметке сенсек, ол дәнекерлеуші болып 12 жасынан бастап жұмыс істеген. Компания басшылары бұл кезде оның әлі мектеп партасындағы оқушы екенін білмегені ме?

Компанияның тендерге өткізген құжаттарына 1954 жылы туған, былтыр ақпанда қайтыс болған азамат та жұмысшы ретінде еніп кеткен. Компания мектеп оқушыларын былай қойып, енді марқұмдардың аруағын да жұмыспен қамтуға көшкен бе? Астапыралла! Build stroi компаниясының жұмысшысы деген бірқатар азаматтардың басқа мекемеде жұмыс істейтіні анықталып отыр. Мәселен, Е.Бекназаров деген азамат қазіргі уақытта Жетісай ауданында балабақшада еңбек етеді. Батырханов деген азамат Шымкенттегі мектепте жұмыс істейді. Құжаттарға тіркелген бірнеше жігіттің  әскери борыштарын өтеп жатқаны белгілі болған. Тағы бірнешеуі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, енді бірі балалар көркемсурет мектебінде еңбек етеді. Сонда бұл неғылған сорақылық, неғылған көзжұмбайлық?  

Build Stroi компаниясының еңбек өтіліне қарағанда, ол  бұған дейін Мақтаарал ауданында су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына атсалысқан, емхана құрылысын жүргізген, «Адия» деп аталатын көпқабатты тұрғын үйдің, Созақ ауданында насостық стансаның құрылысына қатысқан. Сол жақта вахтамен жұмыс істейтін жұмысшылардың поселкесін салып берген. Отырар ауданында су жүйесін жөндеген. Шымкенттегі «Азат» шағынауданында балабақша тұрғызған.

– Бұл мәліметтерден компанияның бұған дейін саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау, абаттандыру жұмыстарымен айналыспағаны аңғарылады. Тендердің талабы бойынша әлеуетті өтінім берушінің осы салада тәжірибесі болуы шарт еді. Біліктілік талаптарында көрсетілген шарттарға сай келмейтін компанияның қалайша жеңімпаз деп танылғаны түсініксіз. Біз осы фактілерді алға тартып, Шымкент қаласының экономикалық сотына талап арыз бердік. Алайда  сот біздің ұсынған фактілерімізді елеусіз қалдырды. Ақыр аяғында «Шымкент жасыл қаланың»  5 тонналық автопогрузчигі «вилочный болмаған» деген негізбен талап арызды қанағаттандырмай тастады. Ал тендер құжаттарында  «5 тонналық автопогрузчик» деп жазылған. Оның қандай болу керектігі көрсетілмеген, – дейді директор.

 Арызданушы жақтың енді Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасына шағымдануына құқығы бар. Апелляциялық саты әділ төрелігін айта ма, әлде «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» керін келтіре ме? Мұны уақыттың төрелігіне тапсырдық.

 Build Stroi компаниясының өзіне тиесілі міндетті орындай алмай отырғаны жуырда қалалық әкімдікте өткен жиында да айтылған. Мамандардың айтуынша, саябақтарды суару, көшеттерге күтім жасау өз деңгейінде емес. Қанша дегенмен тәжірибе жеткіліксіз. Ал осы саланың кәсіби шеберіне айналған «Шымкент жасыл қала» серіктестігі биыл жұмыссыз, техника қаңтарылып тұр. Кейбір ресми емес дереккөздеріне қарағанда, тендерде ойда-жоқта жеңімпаз атанған компанияның қожайыны сол қалалық әкімдікте отырған көрінеді. Кім біледі, тендерге қатысты мәселенің беталысына қарағанда, бәлкім, ол рас та шығар.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, 24 маусымда 103 нөміріне 17 мөлтекауданда ағаш кесу жұмыстарын жүргізген Build Stroi мердігерлік компаниясының қызметкерлері тұрған кран құлап  кетіп,  оқиға орнында 1995 жылы туған азаматтың қайтыс болғаны жөнінде ақпарат түскен. Бір азамат ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеріп жатыр. Бұл жай ғана аяқастынан болған бақытсыз жағдай ма?  Build Stroi компаниясының техникасы талапқа қаншалықты сай екені осыдан кейін түсінікті емес пе? Қураған көшеттерді қоя беріңіз, қапияда көз жұмған жұмысшының өліміне кім жауап береді?

Тегтер: тендер мемлекеттік сатып алу мәселе жемқорлық рейдерлік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58